Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 275 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 қыркүйекте № 17446 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет Кодексінің 70-бабы 2-тармағына және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 2-тармағының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары бекітілсін.

      2. Архив ісі және құжаттама департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _____________ Ә. Смайылов

      2018 жылғы "___" ___________

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің 2018 жылғы
26 қыркүйектегі
№ 275 бұйрығымен
бекітілді

Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды,көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды,көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібін анықтайды.

2-тарау. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету тәртібі

      2. Мемлекеттік архивтер азаматтық заңнама шеңберінде ақылы қызмет көрсету туралы шарт жасасу арқылы "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-бабы 1-тармағымен қарастырылған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 26.07.2021 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлеріне:

      1) архивтік құжаттарды ретке келтіру;

      2) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың заманауи негіздерін оқыту жөніндегі курстар мен семинарлар өткізу;

      3) архив істері мен құжаттарын реставрациялау, консервациялау, түптеу, архивтік қораптарды дайындау;

      4) архивтік құжаттардың сақтандыру көшірмелерін дайындау, мәтінін қалпына келтіру;

      5) архивтік құжаттардың көшірмесін жасау;

      6) Заңның 15-1-бабының 1-тармағында көрсетілген архивтік құжаттарды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша архивтік құжаттарды электрондық нысанға аудару;

      7) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттамалық көрмелерді ұйымдастыру және өткізу;

      8) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттардағы ақпаратты анықтау;

      9) сақтау мерзімдерін көрсете отырып, құжаттар тізбесін, істер номенклатураларын әзірлеу;

      10) әдістемелік әдебиетті, архивтік құжаттардың жинақтарын, оқыту және басқа да жарияланымдарды басып шығару және өткізу;

      11) архивтік құжаттарды депозитарлық сақтау жатады.

      4. Мемлекеттік архивтер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерінің тізбесі мен өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға прейскуранты көрсетілген ақпаратты мемлекеттік архив ғимараттарының көрінетін жерінде, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдіктерінің ресми сайтында орналастырады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, қалалардың, аудандардың мемлекеттік архивтерімен өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға прейскуранты облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен бекітіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 26.07.2021 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік архивтер еркін нысандағы жазбаша өтініштің негізінде жеке және заңды тұлғаларға тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізеді.

      6. Мемлекеттік архив пен жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ақылы негізде өткізу бойынша өзара қатынастар, соның ішінде төлеу нысаны, азаматтық-құқықтық шартпен реттеледі.

      7. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі үшін ақы төлеуі:

      1) қолма-қол емес ақша түрінде мемлекеттік архивтің ақылы қызметтердің қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша қаражатын аудару жолымен;

      2) қолма-қол ақша түрінде бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдана отырып кассалық кіріс ордерлерінің негізінде мемлекеттік архивтің кассасына жүргізіледі.

3-тарау. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібі

      8. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша көрсетілетін ақылы қызмет түрлерінен түскен ақшалай қаражатты мемлекеттік архивтермен мынадай бағыттар бойынша жұмсалады:

      1) материалдық-техникалық базаны нығайту;

      2) ақылы қызмет түрлерін көрсету үшін тартылатын мамандарға еңбекақы төлеу;

      3) шаруашылық шығыстар (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көліктік қызметтерге ақы төлеу, коммуналдық төлемдер, ғимаратты ағымдағы жөңдеу, оргтехника және компьютерлерді жөндеу, қызметтік автокөліктерді жөндеу және ағымдағы мақсаттар үшін заттар мен материалдар сатып алу);

      4) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту үшін оқу құралдарын, көрнекі материалдар сатып алу, бөлмелерді жалға алу;

      5) жеке және заңды тұлғалардан архивтік құжаттарды сатып алу;

      6) архив саласы бойынша оқу-әдістемелік құжаттардың жинақтарын, архив құжаттарының жинақтарын, анықтамалықтар мен архив ісі бойынша басқа да жинақтарды басып шығару;

      7) архив істері мен құжаттарын реставрациялау, консервациялау, түптеу, архивтік картон қораптарды дайындау;

      8) ғылыми, салалық, соның ішінде мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуға байланысты шығыстар.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 26.07.2021 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарлары "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) бекітілген тәртіппен жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады