Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 60 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 2 шілдеде № 18957 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 225-1-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Р. Дәленов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 2 шілдедегі
№ 60 бұйрығымен
бекітілді

Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 225-1-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің экспортты қолдау бойынша кепілдік шартының талаптарына сәйкес Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі алдындағы оның сақтандыру және кепілді төлемдер бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;

      2) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы (бұдан әрі – қорытынды) – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің орындылығы (сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның оң салалық қорытындысы негізінде дайындалған, оның елдің экономикасына әсері мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі) тұрғысынан қорытындысы;

      3) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның салалық қорытындысы – сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның тиісті Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру арқылы саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысына қорытындысы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар

      3. Қорытынды Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға қосымшасымен бірге қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынған мынадай құжаттардың негізінде әзірленеді:

      1) мемлекеттік кепілдік сомасын, оның қолданылу мерзімін, мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасын (процестің барлық қатысушылары туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы) қамтитын мемлекеттік кепілдік бойынша ақпарат;

      2) құрылтай құжаттарының, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмелерін, компанияның даму стратегиясын, рейтингтік есепті қамтитын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі туралы ақпарат;

      3) Кодекстің 225-3-бабының 2) тармақшасына сәйкес сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысы.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Талаптардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қарайды.

      5. Осы Талаптардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау қорытындылары бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға оларды ұсынған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осы Талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды дайындайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Егер мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қорытындыны ұсынғаннан кейін 3 (үш) жыл ішінде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мемлекеттік кепілдік бермеген жағдайда, осы қорытынды түзетілуге тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Қорытынды түзетілген жағдайда Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы Талаптардың 3-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Экспортты қолдау бойынша
мемлекеттік кепілдіктер беру
үшін мемлекеттік жоспарлау
жөніндегі орталық уәкілетті
органның қорытындысын
әзірлеуге немесе түзетуге
қойылатын талаптарға
қосымша
  Нысан

Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қортындысы

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 29.03.2024 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1.

Мемлекеттік кепілдік бойынша жалпы ақпарат

2.

Мемлекеттік кепілдік сомасы

3.

Мемлекеттік кепілдіктің қолданылу мерзімі

4.

Мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасы (процестің барлық қатысушылары туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы)

5.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі туралы ақпарат

6.

Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптардың 3-тармағында көзделген ұсынылған құжаттаманың болуы

7.

Тиісті Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне мемлекеттік кепілдік берудің негіздемесі (сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның қорытындысына сәйкес)

8.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестікке талдау (құжаттың деректемелерін көрсету)

9.

Тұжырымдар мен ұсынымдар


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады