Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 29 тамызда № 19319 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Д. Абаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрінің
2019 жылғы 29 тамыздағы
№ 318 бұйрығына
қосымша

Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 27.03.2023 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жұмыс істеп жүрген жастар – отыз бес жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;

      2) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;

      3) уәкілетті орган – тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі.

      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 10-3-бабы 2-тармағының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруді жүзеге асырады.

2-тарау. Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі

      4. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудың басталу және аяқталу күнін көрсете отырып, жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыруды жариялайды.

      Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі (бұдан әрі – конкурс) мынадай кезеңдерден тұрады

      1) уәкілетті органның хабарландыруды орналастыруы;

      2) уәкілетті органның хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде өтініштерді қабылдауы;

      3) уәкілетті органның құжаттарды осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеруі;

      4) уәкілетті органның сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдауы;

      5) уәкілетті органның өтініш берушімен тұрғынжайды жалдау шартын (бұдан әрі – шарт) жасасуы.

      5. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына, сондай – ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 729 қаулысымен бекітілген "Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері" ұлттық жобасына сәйкес жұмыс істейтін жастарға беріледі.

      6. Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;

      2) білімі туралы құжаттың көшірмесі;

      3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

      4) балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);

      5) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

      6) жұмыс орнынан анықтама;

      7) өтініш берушінің кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ай сайынғы табысын растайтын соңғы 6 (алты) айдағы табыстары туралы анықтама;

      8) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;

      9) жинақ шотының болуы және нөмірі туралы анықтама және ол бойынша ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді көшірме;

      10) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса);

      11) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме (соңғы 6 ай үшін);

      12) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың бүкіл кезеңі үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);

      13) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы кірістер бойынша салық декларациясы;

      14) өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 (үш) жылдан кем емес осы елді мекенде тұрақты тіркелуі (электронды форматта);

      15) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің осы елді мекенде тұрақты тіркелуі (электронды форматта).

      Өтініш, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген құжаттар уәкілетті органға мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы арқылы не уәкілетті орган құрған платформа арқылы беріледі.

      7. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 15 (он бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толық болуын және олардың осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкестігін тексереді.

      Өтініш беруші осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, өтініш берушіге жоқ құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі.

      Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде толықтырылған құжаттар топтамасын ұсынады.

      Хабарламада көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган өтінішті қайтарады.

      Өтініш беруші осы Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беруден жазбаша түрде бас тартады.

      Өтініш берушіге сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден бас тарту туралы алдын ала хат қоса беріле отырып, оған қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлама жіберіледі.

      Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беруден бас тарту туралы алдын ала хатты алғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қарсылық береді.

      8. Уәкілетті орган 30 (отыз) жұмыс күні ішінде балдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алуға өтініш берушілердің тізімін қалыптастырады.

      Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:

      1) нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білім беру мекемелерінде кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;

      2) отбасы болған жағдайда – 5 балл;

      3) 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;

      4) кемінде 1 жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;

      5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке еңбек жетістіктері болған жағдайда – 2 балл;

      6) бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;

      7) өтініш берушінің екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарында (депозиттерінде) жинақтаған әрбір жыл үшін және шотында кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш қалдық болған жағдайда – 2 балл.

      Балдар тең болған жағдайда өтініш берген күннен бұрын өтініш берген және жасы үлкен өтініш берушілер басымдыққа ие болады.

      Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған балдар және өтініш берушінің балаларының саны (бар болса) негізінде жүзеге асырылады.

      Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады:

      Жалға берілетін тұрғын үйдің 60 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған өтініш берушілерге;

      Жалға берілетін тұрғын үйдің 40 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмаған өтініш берушілерге.

      9. Жалға берілетін тұрғынжайды сатып алу құқығынсыз беру туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды және оған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы қол қояды.

      Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беру туралы шешім шығарылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде іріктеу нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды, сондай-ақ өтініш берушілерге қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.

      Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған азаматтар шарт негізінде жалға берілетін тұрғын үйге жіберіледі.

      10. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарт жасалады.

      11. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай 3 (үш) жыл мерзімге беріледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады