Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Түркістан облысы Жетiсай ауданы әкiмдiгiнiң 2019 жылғы 25 ақпандағы № 198 қаулысы. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2019 жылғы 27 ақпанда № 4916 болып тiркелдi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31 бабының 2 тармағына, "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 3 бабының 2 тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Жетісай ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жетісай ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі осы қаулының 1 қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Жетісай ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға ақшалай сыйақының мөлшері осы қаулының 2 қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      3. "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы әкімдік қаулысы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жолданылуын;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін Жетісай ауданының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жолданылуын;

      4) ресми жарияланғаннан кейін осы қаулыны Жетісай ауданы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбековке жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Ж. Бейсенбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Түркістан облысы полиция

      департаментінің Жетісай аудандық

      полиция бөлімі" мемлекеттік мекемесінің

      бастығы

      _______________Е.Абдраманов

      "05" 02. 2019 жыл

  Жетісай ауданы әкімдігінің
2019 жылғы 25 ақпандағы
№ 198 қаулысына
1 - қосымша

Жетісай ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі

      1. Осы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің тәртібі Жетісай ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындайды.

      2. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2004 жылғы 27 қарашадағы № 641 бұйрығымен бекітілген Бақылау және қадағалау функцияларына байланысты емес, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тарту ережесі, олардың нысандары мен түрлерiне сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3326 тіркелген) жүзеге асырылады.

      3. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн аудан әкімдігі құратын Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi аудандық комиссия (бұдан әрi – Комиссия) қарайды.

      4. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге белсендi қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынымды Комиссияға қарауға "Түркістан облысы полиция департаментi Жетісай ауданының полиция бөлімі" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi – полиция бөлімі) енгiзедi.

      5. Комиссия қабылдайтын шешiм көтермелеу үшiн негiз болып табылады.

      6. Көтермелеу түрлерiн, соның iшiнде ақшалай сыйақы мөлшерiн, көтермеленушiнiң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн ескере отыра, Комиссия белгiлейдi.

      7. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:

      1) Жетісай ауданының Құрмет грамотасы;

      2) ақшалай сыйақы;

      3) құнды сыйлық.

      8. Ақшалай сыйақыны төлеу және құнды сыйлықты алу үшiн Комиссия қабылдайтын шешiмге сәйкес, қосымша полиция бөлімі бастығының бұйрығы шығарылады.

      9. Полиция бөлімі ақшалай сыйақыны төлеудi және бағалы сыйлықты алуды облыстық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзедi.

      10. Көтермелеулердi төлеуге қаражат облыстық бюджетте, Түркістан облысының полиция департаменті 252 003 "Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу" бюджеттiк бағдарламасымен көзделедi.

      11. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесi үшiн азаматтарға Түркістан облысы Жетісай ауданының Құрмет грамотасын, ақшалай сыйақы, бағалы сыйлықтар берудi полиция бөлімі салтанатты жағдайда жүзеге асырады.

  Жетісай ауданы әкімдігінің
2019 жылғы 25 ақпандағы
№ 198 қаулысына
2-қосымша

Жетісай ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға ақшалай сыйақының мөлшері

      1. 10 айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын мөлшердегi ақшалай сыйақы.

      2. Бағасы 10 айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын құнды сыйлық.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады