Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 79 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 9 сәуірде № 20345 болып тіркелді.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шара орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шараның орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 7 сәуірдегі
№ 79 Бұйрықпен бекітілген

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 10-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленді және тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану мәселелерін реттейді.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштері - Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштері мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) археология ескерткіштері;

      2) қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

      3) ансамбльдер мен кешендер;

      4) киелі объектілер;

      5) монументтік өнер құрылыстары.

2-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау

      4. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау оларды қорғау, жаңғырту, сақтау, жағдайларына мониторинг жүргізу жөніндегі шараларды қамтиды.

      5. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, жаңғырту, сақтау, жағдайларына мониторинг жүргізу жөніндегі шаралар тарих және мәдениет ескерткіштерінде және олармен байланысты элементтерді ғылыми-реставрациялау жұмыстарын, археологиялық жұмыстарды жүргізу, олардың жағдайын зерделеу арқылы жүргізіледі.

      6. Ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыстарды жүргізу кезеңінде тарих және (немесе) мәдениет ескерткіштерін қорғау олардың тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетін және оның іргелес тарихи аумағының тұтастылығын сақтай отырып қаматамасыз етіледі.

      7. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, тарих және мәдениет ескерткіштерінің құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының жобалары әзірленеді.

      8. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, тарих және мәдениет ескерткіштерінің құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының жобасында әр аймақты пайдалану режимі айқындалады.

      9. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумақтарында тарих және мәдениет ескерткішінің атауын, хронологиясын, ескерткіштің тарихи маңыздылығын қысқаша сипаттау, ескерткіштің санатын қамтитын қорғау тақтасы орнатылады.

      10. Жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және сақтауды жергілікті атқарушы органмен берілген тарих және мәдениет ескерткішін қорғау міндеттемесіне сәйкес қамтамасыз етеді.

      11. Тарих және мәдениет ескерткішінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оның орналасқан жері жергілікті жердің тарихи-сәулеттік тірек жоспарына енгізіледі.

      12. Тарих және мәдениет ескерткішінің техникалық жағдайын қадағалап отыру мақсатында оның жағдайына мониторинг жасалады және оның нәтижесі тарих және мәдениет ескерткішінің төлқұжатына енгізіледі.

3-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану

      13. Тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін қайта жаңғырту және сақтау мақсаттарында, сондай-ақ ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланылады.

      14. Тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдалану оларды визуалды шолу арқылы жүргізіледі.

      15. Тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдалану оларды сақтау, зерттеу, кеңінен таныту және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми мақсатта пайдалану археологиялық жұмыстарды жүргізу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, тарих және мәдениет ескерткішін зерделеуге, сақталу сапасын, дәрежесін бағалауға және сақтау бойынша жүзеге асырылатын қажетті жұмыстардың көлемін айқындауға бағытталған іс-шаралар кешені, оның ішінде ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында пайдалануды қамтиды.

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдалану экскурсиялар, көрмелер, ғылыми конференциялар, лекциялар, дөңгелек үстелдер, симпозиумдер және өзге әлеуметтік-маңызды шараларды, ғылыми-танымдық, ақпараттық буклеттер, анықтамалар, альбомдар әзірлеу және шығаруды, туристік маршруттар, тоқпақтар ұйымдастыруды қамтиды.

      16. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану барысында тарих және мәдениет ескерткіштерінің жағдайына қауіп тудыратын жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады