Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 86 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 сәуірде № 20395 болып тіркелді.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.09.2021 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. "Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 29 желтоқстандағы № 156 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10171 болып тіркелген, 2006 жылғы 3 мамырда "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2020 жылғы 14 сәуірдегі
№ 86 бұйрығымен бекітілген

Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын айқындау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.09.2021 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидалары "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне қорғау аймағының, құрылыс салуды реттеу аймағының және қорғалатын табиғи ландшафт аймағының шекаралары айқындалады.

2-тарау. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын айқындау тәртібі

      3. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағының, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы шекарасы (бұдан әрі – қорғау аймақтары) олардың жобасын әзірлеу жолымен айқындалады.

      Қорғау аймақтары шекараларының жобасы ғылыми деректер мен көздердің, тарихи мәліметтердің, сәулет, қала құрылысы құжаттарының, заттай зерттеулерді, табиғи-ландшафтық талдауды қамтитын ғылыми-іздестіру жұмыстарының негізінде айқындалады.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтары шекараларының жобасы жобаланатын қорғау аймақтарының сипаттамасын қамтитын мәтіндік нысандағы құжаттаманы және шекара картасын (схемасын) білдіреді.

      4. Қорғау аймақтары шекараларының жобасын әзірлеу:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты.

      5. Қорғау аймақтарының шекара жобасын жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

      6. Қорғау аймақтарының шекара жобасын бекіту процесі тарих және мәдениет ескерткіштерінің орналасуы тіркелетін тиісті жердің тарихи-сәулет тірек жоспары мен карта-схемасында қорғау аймақтарын белгілеу жөніндегі жұмысты қамтиды.

      7. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймағының шекаралары мынадай параметрлермен айқындалады:

      1) биіктігі 40 (қырық) метрге дейінгі қала құрылысы және сәулет ескерткіші, монументалды өнер құрылысы, киелі объектілер жерден оның ең жоғары нүктесіне дейінгі қашықтықтың екі шамасына тең күзет аймағымен қоршалады;

      2) биіктігі 40 (қырық) метрден қала құрылысы және сәулет ескерткіші, монументалды өнер құрылысы, киелі объектілер жерден оның ең жоғары нүктесіне дейінгі қашықтықтың бір шамасына тең күзет аймағымен қоршалады;

      3) археологиялық тарих және мәдениет ескерткішінің, киелі объектілер мәдени қабаттарын табудың шеткі шекарасынан, егер де ескерткіштер тобы кезінде-тарих және мәдениет ескерткіштерінің сыртқы шеткі шекарасынан 40 (қырық) метр қорғау аймағымен қоршалады.

      4) ансамбльдер мен кешендер, киелі объектілер тарих және мәдениет ескерткішінің шеткі объектісінің шекарасынан 20 (жиырма) метр күзет аймағымен қоршалады.

      Тарих және мәдениет ескерткіші қолданыстағы сәулет ортасында орналасқан жағдайларда қорғау аймақтары шекараларының жобасы оның қоршаған ортасы мен орналасуын ескере отырып әзірленеді. Бұл ретте қорғау аймақтары тарих және мәдениет ескерткішінің айналасындағы бос кеңістікті барынша қамтумен айқындалады.

      8. Тарих және мәдениет ескерткішін салуды реттеу аймағы қорғау аймағының бірдей шамасына тең анықталады. Тарих және мәдениет ескерткішін салуды реттеу аймағы тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағының шетінен белгіленеді.

      9. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғалатын табиғи ландшафты аймағы құрылыс салуды реттеу аймағының шамасына тең анықталады. Қорғалатын табиғи ландшафт аймағы құрылыс салуды реттеу аймағының шетінен белгіленеді.

3-тарау. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын пайдалану режимі

      10. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы үшін оның сақталуы мен тарихи тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында тарих және мәдениет ескерткішін сақтауға бағытталған арнайы шараларды қолдануды қоспағанда, шаруашылық қызметті шектейтін және құрылысқа тыйым салатын жерді пайдаланудың ерекше режимі белгіленеді. Қорғау аймағында жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілмейді.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы қорғау белгілерімен немесе жыртылған жолақпен немесе қоршаулармен немесе олардың шекараларының сызығы бойынша бұта екпелерімен белгіленеді.

      11. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын қоршайтын тарих және мәдениет ескерткішінің құрылысын реттеу аймағы тарихи жоспарлау сипатын, тарих және мәдениет ескерткішінің сәулеттік келбетін және қалыптасқан тарихи ортаны сақтау үшін қажетті аумақ.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің құрылысын реттеу аймағында құрылысты немесе шаруашылық қызметті шектейтін режим белгіленеді және қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды қайта жаңартуға қойылатын талаптар айқындалады. Тарих және мәдениет ескерткішінің құрылысын реттеу аймағында тарихи қалыптасқан ортасы бар жаңа құрылыстардың сәулеттік бірлігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс биіктігі, ені, сәулет шешімі, пайдаланылатын материалдар, түсті шешімдер, орналастыру қағидаты бойынша реттеледі.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің құрылысын реттеу аймағында жол-көлік құрылысы шектеледі, өнеркәсіптік және қойма кәсіпорындарын орналастыруға тыйым салынады.

      12. Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы мен құрылыс салуды реттеу аймағының құрамына енбеген, тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы мен құрылыс салуды реттеу аймағының құрамына кірмеген, су айдындарын, жасыл желектерді, өзендер мен рельефтерді қоса алғанда, тарих және мәдениет ескерткішімен композициялық байланысты және тарих және мәдениет ескерткішінің Тарихи бейнесінің тұтастығына әсер ететін табиғи ландшафты сақтау үшін белгіленетін аумақ.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің табиғи ландшафты қорғау аймағы тарихи, сәулет-көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар табиғи және жасанды ландшафттардың сақталуын қамтамасыз ету үшін белгіленеді.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің табиғи ландшафты қорғау аумағында ландшафт сипатының, сумен жабдықтау жүйесінің, өсімдіктердің және басқа да режимдерде көзделген элементтердің өзгеруін тудырмайтын қызметке жол беріледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады