Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 22 сәуірде № 20452 болып тіркелді.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтардың және бұйрықтың құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және
спорт министрі
2020 жылғы 21 сәуірдегі
№ 99 бұйрықпен
бекітілген

Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және тарихи-мәдени сараптама жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Тарихи-мәдени сараптама – тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи-мәдени маңыздылығын және сақталу дәрежесін анықтауға бағытталған зерттеу.

      3. Мыналар тарихи-мәдени сараптама объектілері болып табылады:

      1) игеруге жататын жер учаскелері;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдеріне қосуды негіздейтін материалдар;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдерінен алып тастауды негіздейтін материалдар;

      4) тарих және мәдениет ескерткіштерін Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізіміне қосуды негіздейтін материалдар;

      5) тарих және мәдениет ескерткішінің санатын өзгертуді, тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру мен оны өзгертуді негіздейтін материалдар.

      4. Тарихи-мәдени сараптама жарияланған мақсатқа сәйкес объектінің тарихи-мәдени маңыздылығын және сақталу дәрежесін бағалау үшін материалдарды кешенді қарауды қамтиды.

      5. Тарихи-мәдени сараптаманы жүргізу кезеңінде объективтілік, ғылыми негіздемелік қамтамасыз етіледі.

2-тарау. Тарихи-мәдени сараптаманы жүргізу тәртібі

      6. Тарихи-мәдени сараптама мүдделі жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі – тапсырыс беруші) бастамасымен жүргізіледі.

      7. Тарихи-мәдени сараптаманы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын, тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиясы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар жеке және заңды тұлғалар жүргізеді (бұдан әрі – сарапшы).

      8. Тарихи-мәдени сараптама тапсырыс беруші және сарапшы арасындағы тарихи-мәдени сараптама жүргізуге келісімшарт (бұдан әрі – келісімшарт) жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      9. Тарихи-мәдени сараптама келісімшартта көзделген мерзімде, бірақ тапсырыс берушіден өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      10. Тарихи-мәдени сараптаманы жүргізу үшін тарихи-мәдени сараптама жүргізуші сарапшы тарихи-мәдени сараптама объектісін визуалды қарау және фотофиксация жүргізеді.

      11. Тарихи-мәдени сараптаманың нәтижесі бойынша негізделген қорытынды әзірлеу үшін сарапшымен тарихи-мәдени сараптама объектісіне қатысты ғылыми және өзге құжаттар мен материалдар тізбесін (библиографиясы) құрастыра отырып, жан-жақты зерделеу жүргізіледі.

      12. Тарихи-мәдени сараптама жүргізу нәтижесі бойынша қорытынды беріледі.

      13. Қорытынды қазақ және орыс тілдерінде фирмалық бланкте екі данада құрастырылады, тарихи-мәдени сараптама жүргізген заңды тұлғаның мөрімен куәләндырылып, ал тарихи-мәдени сараптама жеке тұлғамен жүргізілген жағдайда оның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) көрсетіледі және қолтаңбасымен куәландырылады.

      14. Қорытынды келесі ақпаратты қамтиды:

      1) заңды тұлғаның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);

      2) тарихи-мәдени сараптама объектісінің атауы;

      3) тарихи-мәдени сараптама тақырыбы және мақсаты;

      4) тарихи-мәдени сараптама объектісіне қатысты зерделенген ғылыми және өзге құжаттар мен материалдардың тізбесі (библиография);

      5) тарихи-мәдени сараптама объектісінің әр ракурстан фотосуреттері (оңтүстік-солтүстік-батыс-шығыс), сонымен қатар тарихи-мәдени сараптама объектісінің тарихи элементтері мен бөлшектерінің ерекшеліктерін көрсететін фотосуреттер;

      6) тарихи-мәдени сараптама объектісіне қатысты ғылыми және өзге құжаттар мен материалдарды зерделеу негізінде тарихи-мәдени сараптама объектісінің тарихи-мәдени маңыздылығы мен оның сақталу деңгейі немесе олардың жоқтығы толық баяндалған еркін нұсқадағы тарихи-мәдени сараптама қорытындысының мәтіні.

      15. Тарихи-мәдени сараптама қорытындысына уәкілетті органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және
спорт министрі
2020 жылғы 21 сәуірдегі
№ 99 бұйрығына
қосымша

Күші жойылған мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтардың және бұйрықтың құрылымдық элементінің тізбесі

      1. "Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 қарашадағы № 219 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4933 болып тіркелген, 2007 жылғы қыркүйек-қазанда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған).

      2. "Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 219 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 12 тамыздағы № 187 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8705 болып тіркелген, 2013 жылғы 2 қазанда № 224 (28163) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған).

      3. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 қыркүйектегі № 256 бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесінің 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17507 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады