"Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 25 маусымдағы № 188 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 3 шiлдеде № 20926 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және
спорт министрі
2020 жылғы 25 маусымдағы
№ 188 бұйрығымен
бекітілді

"Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге "электрондық үкіметтің" www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.

      Лицензияны алу немесе заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде лицензияны қайта ресімдеу үшін көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 132 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20666 болып тіркелген) Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарына сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) толтырады.

      Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар Тізбеде жазылған.

      Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган Бірыңғай байланыс орталығына, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторына, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы және осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты тиісті нормативтік құқықтық актінің әділет органында мемлекеттік тіркелгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жібереді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі құжаттар түскен күні оларды қабылдауды, тіркеуді жүзеге асырады және жауапты орындаушыны анықтау үшін көрсетілетін қызметті берушінің тиісті құрылымдық бөлімшесінің басшысына жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға портал арқылы "жеке кабинетіне" мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      Жеке басты куәландыратын құжаттар, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның төленгенін растайтын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Жауапты орындаушы құжаттар тіркелген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда жауапты орындаушы көрсетілген мерзімде көрсетілетін қызметті беруші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық құжат нысанында өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушыға порталдың жеке кабинетіне жібереді.

      6. Ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда лицензияны алу немесе заңды тұлға-лицензиат бөлініп шығу және бөліну нысандарында қайта ұйымдастырылған жағдайларда лицензияны қайта ресімдеу кезінде, жауапты орындаушы осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мерзім ішінде көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың Біліктілік талаптарына сәйкестігін қарайды.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушыға позициясын білдіру мүмкіндігі туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде жауапты орындаушы 1 (бір) жұмыс күні ішінде құжаттарды облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – келісуші органдар) келісуге жібереді.

      Келісуші органдар құжаттарды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде оларды қарайды және көрсетілетін қызметті берушіге келісу туралы жауапты не келісуден бас тарту туралы дәлелді жауапты жібереді.

      Жауапты орындаушы келісуші органның жауабын алған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны қарап, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінің жобасын қалыптастырады және көрсетілетін қызметті берушінің немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның басшысына бұрыштама қоюға (қол қоюға) жолдайды.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне бұрыштама қойылғаннан (қол қойғаннан) кейін көрсетілетін қызметті алушы порталдағы жеке кабинетте көрсетілетін қызметті беруші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында лицензияны немесе Тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер бойынша Мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуды алады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Лицензияны қайта ресімдеу кезінде, заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, жауапты орындаушы көрсетілетін қызметті алушының Біліктілік талаптарына сәйкестігін тексермейді және ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда құжаттар тіркелген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде лицензияны қайта ресімдейді.

      8. Лицензия мынадай жағдайларда қайта ресімдеуге жатады:

      1) жеке тұлға-лицензиаттың тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) өзгергенде;

      2) жеке кәсіпкер-лицензиатты қайта тіркеген, оның атауы немесе заңды мекенжайы өзгергенде;

      3) заңды тұлға-лицензиатты бірігу, қайта құру, заңды тұлға-лицензиатты басқа заңды тұлғаға қосу, бөлініп шығу және бөлу нысандарында қайта ұйымдастырылғанда;

      4) заңды тұлға-лицензиаттың атауы және (немесе) орналасқан жері өзгерген (лицензияда мекенжайы көрсетілген жағдайда).

      9. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді Заңның 5-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес қамтамасыз етеді.

      Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметті көрсету кезінде оны көрсету сатысы туралы деректер автоматты режимде мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне түседі.

      10. Берілген рұқсаттарды тіркеу және есепке алу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде автоматты режимде жүргізіледі.

3-тарау . Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      11. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған уәкілетті орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған уәкілетті орган, лауазымды адам, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы шешім қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермейді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Егер Қазақстан Республикасының заңында өзгеше көзделмесе, сотқа шағым жасауға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.

      Ескерту. Қағида 13-тармақпен толықтырылды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  "Тарих және мәдениет
ескерткіштеріндегі ғылыми-
реставрациялық жұмыстарды
және (немесе) археологиялық
жұмыстарды жүзеге асыру
жөніндегі жөніндегі қызметке
лицензия беру" мемлекеттік
қызметін көрсету Қағидаларына
қосымша

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

"Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

"Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің атауы:
1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру.
2. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру.

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті

2.

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері

www.egov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің атауы:
1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру.
2. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру.

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Көрсетілетін қызметті беруші өтінішті тіркеген сәттен бастап:лицензияны алу немесе заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде лицензияны қайта ресімдеу – 11 (он бір) жұмыс күні;
заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, лицензияны қайта ресімдеу – 3 (үш) жұмыс күні;
құжаттар толық болмаған кезде көрсетілетін қызметті берушінің дәлелді бас тартуы – 2 (екі) жұмыс күні

4.

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электронды (толық автоматтандырылған).
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің атауы:
1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру.
2. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру.

5.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия (бұдан әрі – лицензия) немесе тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жөніндегі қызметке лицензия беру қайта ресімделген лицензия (бұдан әрі – қайта ресімделген лицензия) не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет ақылы негізде көрсетіледі.
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 554-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету үшін лицензиялық алым мөлшерлемелері: тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызмет түрімен айналысу құқығы үшін – 10 (он) айлық есептік көрсеткішті (бұдан әрі – АЕК);
лицензияны қайта ресімдеу үшін – лицензия беру кезіндегі мөлшерлеменің 10 %-ын құрайды.
Лицензиялық алымды төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе ұйымдар арқылы қолма-қол немесе қолма-қол емес есеп айырысу түрінде банктік жүйелердің жекеленген түрлері арқылы жүзеге асырылады. Төлем "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

7.

Көрсетілетін қызметті берушінің, мемлекеттік корпорацияның және ақпарат объектілерінің жұмыс графигі

Көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.
Портал жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

8.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

Лицензияны алу немесе заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде лицензияны қайта ресімдеу үшін:
мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрі бойынша: тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру.
1) осы Тізбеге қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, лицензия беру үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгені туралы мәліметтер;
3) тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарына және оларға сәйкестікті растайтын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 132 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20666 болып тіркелген) бекітілген құжаттар тізбесіне сәйкестігі туралы мәліметтер нысаны (бұдан әрі – Біліктілік талаптары).
мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрі бойынша: археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру:
1) осы Тізбеге қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, лицензия беру үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгені туралы мәліметтер;
3) тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарына және оларға сәйкестікті растайтын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 132 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20666 болып тіркелген) бекітілген құжаттар тізбесіне сәйкестігі туралы мәліметтер нысаны (бұдан әрі – Біліктілік талаптары).
4) Көрсетілетін қызметті алушы археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру бойынша лицензия алу үшін көрсетілетін қызметті алушының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелуі бар археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру құқығына археология саласындағы ғылыми ұйымның ұсынымдық хатының электрондық көшірмесін қосымша ұсынады.
Заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару және бөлу нысанында қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, лицензияны қайта ресімдеу үшін:
1) осы Тізбеге қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, лицензияны қайта ресімдеу үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгені туралы мәліметтер;
3) лицензияны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын құжаттың электрондық көшірмесі.
Көрсетілетін қызметті алушы археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі лицензияны қайта ресімдеу үшін ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуі бар көрсетілетін қызметті алушының археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру құқығына археология саласындағы ғылыми ұйымның ұсынымдық хатының электрондық көшірмесін қосымша ұсынады.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіз

1) осы субъектілердің санаттары үшін қызмет түрімен айналысуға Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынуы;
2) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялық алымның енгізілмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушының Біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оған тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салатын соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы;
5) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабы 3-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға лицензия беру облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органмен келісілмеуі;
6) сот орындаушысының ұсынуы негізінде соттың көрсетілетін қызметті алушыға лицензия алуға тыйым салуы негіз болып табылады;
7) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
8) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмауы.

10.

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Мүмкіндігі шектеулі көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері:
порталда нашар көретіндерге арналған нұсқа қолжетімді.
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Министрліктің – www.msm.gov.kz интернет-ресурсында;
2) порталда.
Көрсетілетін қызметті алушы қашықтықтан қол жеткізу режимінде мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы "жеке кабинеті", сондай-ақ Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметінің байланыс телефондары көрсетілетін қызметті берушінің www.msm.gov.kz интернет-ресурсында "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" бөлімінде көрсетілген.
Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

  "Тарих және мәдениет
ескерткіштеріндегі ғылыми-
реставрациялық жұмыстарды
және (немесе) археологиялық
жұмыстарды жүзеге асыру
жөніндегі жөніндегі қызметке
лицензия беру"
мемлекеттік қызмет
көрсетуге қойылатын
негізгі талаптардың тізбесіне
қосымша
  ___________________________
(көрсетілетін қызметті
берушінің толық атауы)
кімнен _____________________
(заңды тұлғаның толық атауы,
бизнес сәйкестендіру
нөмірі/жеке тұлғаның тегі, аты,
әкесінің аты
(бар болған жағдайда),
жеке сәйкестендіру нөмірі)
Мекен жайы _________________
(индекс, қала, аудан,
облыс, көше, үйдің №)
  Нысан

      Ескерту. Қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 05.12.2022 № 352 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Өтініш

      _______________________________________________________________

      (қызметтің түрін көрсету)

      ______________________________________________________ жүзеге асыруға

      лицензияны (қайта рәсімделген лицензияны) беруді сұраймын.

      Заңды тұлғаның мекенжайы ______________________________________

      (пошталық индекс, облыс, қала, аудан,

      ____________________________________________________________________

      елді мекен, көше атауы, үй/ғимарат (стационарлық үй-жай) нөмірі)

      Электрондық поштасы ___________________________________________

      Телефондары/Факс ______________________________________________

      Банктің есеп-шоты ______________________________________________

      (шот нөмірі, банктің атауы және орналасқан жері)

      Қызметті жүзеге асыру мекенжайы(лары) ___________________________

      (пошталық индекс, облыс, қала, аудан, елді мекен,

      ____________________________________________________________________

      көше атауы, үй/ғимарат (стационарлық үй-жай) нөмірі)

      Қосымша __________ парақта

      Мыналары:

      көрсетілген барлық деректердің ресми деректер болып табылатыны және оларға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру немесе беруден бас тарту мәселелері бойынша кез келген ақпаратты жіберуге болатыны;

      көрсетілетін қызметті алушыға қызметтің лицензияланатын түрімен және (немесе) кіші түрімен айналысуға сот тыйым салмағаны;

      қоса беріліп отырған құжаттардың барлығы шындыққа сәйкес келетіні және жарамды болып табылатындығы расталады.

      Заңды тұлға басшысы/

      жеке тұлға ____________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (қолы)

      "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру" мемлекеттік қызмет Қағидаларында көзделген, ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      Толтыру күні:

      20 __ жылғы "__" __________ ______________

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және
спорт министрі
2020 жылғы 25 маусымдағы
№ 188 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің күші жойылды деп танылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 146 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11238 тіркелген, 2015 жылғы 24 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      2. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 191 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11447 болып тіркелген, 2015 жылғы 14 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 146 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 25 қаңтардағы № 12 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13186 болып тіркелген, 2016 жылғы 24 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      4. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 50 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13495 болып тіркелді, 2016 жылғы 30 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      5. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 2 наурыздағы № 53 бұйрығымен бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін мәдениет саласындағы бұйрықтар тізбесінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15223 болып тіркелген, 2017 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      6. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 21 шілдедегі № 212 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15578 болып тіркелген, 2017 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      7. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 146 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт міндетін атқарушысының 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 15 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16617 болып тіркелген, 2018 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      8. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 109 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16988 болып тіркелген, 2018 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      9. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2018 жылғы 13 қыркүйектегі № 256 бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесінің 7-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17507 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      10. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 146 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 17 мамырдағы № 139 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18693 болып тіркелген, 2019 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      11. "Мәдениет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 19 шілдедегі № 205 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19062 болып тіркелген, 2019 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады