Көксу ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Алматы облысы Көксу аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 72-1 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2020 жылы 25 желтоқсанда № 5838 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, сәйкес, Көксу ауданы мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көксу ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Көксу ауданы мәслихатының "Заңдылық пен құқықтық тәртіп, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, марапаттау және депутаттардың өкілеттігі жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Көксу ауданы мәслихатының
      сессия төрағасы К. Алпысбаев
      Көксу ауданы мәслихаты
      хатшысының міндетін атқарушы Б. Оразбаева

  Көксу ауданы мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 72-1 шешіміне қосымша

Көксу ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ереже

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде Ереженің 1-тармағында көрсетілген негізгі ұғымдар пайдаланылады.

      2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      2) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегi кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшiн шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      4. Тұрғын үй көмегі шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған ай сайынғы жарналар туралы жеткізушілер ұсынған шоттар және коммуналдық қызметтерді төлеу шоттары бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Шекті жол берілетін шығыстар үлесі аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісінің он пайызы мөлшерінде.

2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      6. Тұрғын үй көмегі "Көксу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) тоқсанына бір рет көрсетіледі. Тұрғын үй көмегі өтініш берген тоқсанда құжаттарды ұсыну уақытына қарамастан ағымдағы тоқсанға тағайындалады және көрсетіледі.

      7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы (бұдан әрі - портал) Ереженің 4-тармағына сәйкес құжаттарды ұсына отырып, жүгінеді.

      8. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе порталдан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап Ережеге сәйкес мерзімдерді құрайды.

      9. Тұрғын үй көмегін алушылар уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы олар туындаған күннен бастап хабардар етеді.

      Алушылар тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған фактісі бойынша).

      Артық төленген сомалары – ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.

      10. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі "Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн бекіту туралы" 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына сәйкес есептеледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 тіркелген).

      11. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:

      1) бір отбасы мүшесіне - пайдалы алаңның 18 шаршы метрі;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын жалғыз тұратын азаматтар үшін - пайдаланатын алаңына қарамастан 30 шаршы метр, бірақ нақтыдан асырмай.

      12. Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары тиісті уәкілетті орган қолданатын коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.

      13. Коммуналдық қызметтерді тұтыну тарифтерін қызмет жеткізуші ұсынады.

      14. Тұрғын үй көмегін тағайындағанда келесі нормалар ескеріледі:

      1) газ тұтыну – жеке үйде тұратындарға тағам дайындау үшін 1 адамға табиғи газ – 12,5 текше метр, көп қабатты тұрғын үйлерде тағам дайындау үшін 1 адамға табиғи газ – 18,5 текше метр;

      тұрғын үйдің 1 шаршы метр ауданын жылытуға табиғи газ – 7 текше метр;

      тағам дайындау үшін отбасына 1 айға тұтынатын сұйық газ – 10 килограмм (1 кішкене баллон);

      2) электр энергиясын тұтыну: 1 адамға - бір айға 70 киловатт, 4 және одан да көп адамы бар отбасы үшін - бір айға 250 киловатт;

      3) сумен қамтамасыз ету нормасы - әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда - көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;

      4) кәріз - әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда - көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;

      5) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – жеткізушінің шотына сәйкес; 6) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға – жеткізушінің шотына сәйкес;

      7) қатты отынды тұтынушылар үшін: пешпен жылытатын тұрғын үйлерге – жылына 5 тонна көмір.

      Коммуналдық қызметтерді тұтыну есебіне қабылданатын шығыстар коммуналдық қызметтерді тұтынудың белгіленген нормативтерінен аспайтын, өткен тоқсандағы нақты шығындар бойынша айқындалады.

      15. Қатты отынның құнын есептегенде аймақта өткен тоқсанда қалыптасқан орташа баға ескеріледі.

3. Қаржыландыру және төлеу

      16. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру Көксу ауданының бюджетімен тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      17. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырады.

4. Қорытынды

      18. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады