Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 31 наурыздағы № 45-6/2 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/4 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 22 шілдеде № 7383 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 50 бабының 2 тармағына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 31 наурыздағы № 45-6/2 "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 6896 тіркелген, 2020 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      шешімнің тақырыбындағы "Қағидасын" сөзі "Қағидаларын" сөзіне ауыстырылсын, орыс тіліндегі шешімнің тақырыбы өзгермейді;

      шешімнің 1 тармағы келесі редакцияда жазылсын, орыс тілінде өзгермейді:

      "1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген шешіммен бекітілген тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес келесі редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Р. Кажиакберов
      Көкпекті аудандық мәслихат хатшысы Т. Сарманов

  Көкпекті
аудандық мәслихатының
2020 жылғы 3 шілдедегі
№ 48-5/4 шешіміне қосымша

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидалары

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 4, 5 тармақтарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" № 512 қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" № 2314 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.

1 Тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидаларда мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;

      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

      3) кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) уәкілетті орган - жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Көкпекті ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-уәкілетті орган);

      5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын, жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар түріндегі үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге жинақталатын ақша;

      6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар;

      7) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.

      2. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге тұрғын үй көмегі көрсетіледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Коммуналдық қызметтердi жеткiзушiлер уәкілетті органға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлген коммуналдық қызметтерге тарифтердi, олардың өзгерiстерiн ұсынады. Тұрғын үй көмегiн есептеу кезiнде қызмет көрсетушiлер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтiк нормалары шегiнде есепке алынады.

      Тас көмірдің құнын есептеу үшін аудан бойынша Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған орташа баға және тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдаймен алынған ақпарат қолданылады.

      Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй құрылыстарында қолданылатын басқа отын түрлерінің құны мен шығын нормасы, тұрғын үй көмегін есептегенде көмірдің құны мен шығын нормасына балама ретінде есептеледі.

      4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

2 Тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      6. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызметін уәкілетті орган көрсетеді.

      7. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін, Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген тұрғын үй көмегін көрсету Ережесінің 4 тармағына сәйкес құжаттардың тізімін ұсынады.

      8. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      9. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген тұрғын үй көмегін көрсету Ережесінің 4 тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      10. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      11. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      12. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      13. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      14. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.

      15. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.

      16. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.

      17. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-іне дейін қабылданады.

      18. Тұрғын үй көмегі отбасыларға (азаматтарға) көрсетілмейді:

      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;

      2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда: бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын, 18 жасқа дейінгі төрт немесе одан көп балаларды тәрбиелеумен айналысатын аналарды;

      3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;

      4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген.

      19. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.

      20. Тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, электр жүйесiмен, газбен қамтамасыз етуге арналған шығыстар өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескерiледi. Сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылу энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтерi үшiн шығыстар қызмет көрсетушiлердiң тарифтерi бойынша ескерiледi.

      21. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.

      22. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.

      23. Үйлерде орталықтандырылған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге төлем мөлшері электр энергиясына есептелген сомадан үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары және ыстық сумен қамтамасыз етуге белгіленген тарифтер шегінде есептеледі.

      24. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:

      1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен-жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;

      2) өтініш берушінің үйінде ата-ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда –баланың ата-анасының табыстары есептеледі.

      25. Тұрғын үй көмегін ұсыну үшін негіз уәкілетті органның шешімі болып табылады.

      26. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.

      Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.

      27. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.

3 Тарау. Тұрғын үй көмегінің мөлшері, тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері

      28. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      29. Отбасының шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесi отбасының жиынтық табысына қарай жиырма пайызы мөлшерiнде белгiленедi.

      30. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:

      1) алаңдар:

      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 шаршы метр;

      2 адамнан тұратын отбасы үшін – 45 шаршы метр;

      3 адамнан тұратын отбасы үшін – 55 шаршы метр;

      4 және одан артық адамдардан тұратын отбасы үшін – әрқайсысына 15 шаршы метрден, бірақ 60 шаршы метрден артық емес;

      2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға арналған шығын – 1 шаршы метрге 30 теңге;

      3) айына 1 адамға газ шығыны – 6,5 кг.;

      4) бiр айға электр энергиясын тұтыну – бір адамға 90 кВт. 1 адамнан көп адам тұрған жағдайда - әр адамға 45 кВт, барлығы 300 кВт аспау керек;

      5) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.

4 Тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу

      31. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті органымен екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

5 Тарау. Қорытынды ережелер

      32. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады