Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін белгілеу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі № 401 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 сәуірде № 22647 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 147-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері белгіленсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 27 сәуірдегі
№ 401 Бұйрықпен
бекітілген

Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері (бұдан әрі – Ерекшеліктер) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 147-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасаудың бірінші кезектегі тәртібін айқындайды.

      2. Ерекшеліктер дүлей зілзалалардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін қажетті тауарларға, бейбітшілікті қолдау жөніндегі акцияларды орындау үшін не оқу-жаттығулар өткізу үшін қажетті әскери мақсаттағы өнімге, тез бүлінуге ұшырайтын тауарларға, сондай-ақ жануарларға, радиоактивті материалдарға, жарылғыш заттарға, халықаралық пошта жөнелтілімдеріне, экспресс-жүктерге, халықаралық көрме іс-шараларында көрсетуге арналған тауарларға, гуманитарлық және техникалық көмекке, бұқаралық ақпарат құралдары үшін қажетті хабарлар мен материалдарға, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын жөндеу және (немесе) қауіпсіз пайдалану үшін қажетті қосалқы бөлшектерге, қозғалтқыштарға, шығыс материалдарына, жабдықтарға, құрал-саймандарға, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына, шетел валютасына, өзге де валюталық құндылықтарға, бағалы металдарға, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның филиалдары әкелетін алтынға және басқа да осыған ұқсас тауарларға қатысты қолданылады.

2-тарау. Кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері

      3. Осы Ерекшеліктердің 2-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік операциялар:

      1) "Көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) тауарларға арналған декларация ретінде өзге құжаттарды пайдалану тәртібі туралы" Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 263 шешіміне сәйкес көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) тауарларға арналған декларация ретінде өзге құжаттарды пайдалану;

      2) Кодекстің 194-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару түрінде жүргізіледі.

      4. "Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында реттелмеген бөлігінде кедендерді, кеден бекеттерін және бақылау-өткізу пункттерін құру, санатқа бөлу, сыныптау қағидаларын, сондай-ақ оларды жайластыру мен материалдық-техникалық жарақтандырудың тиесілік нормаларын және оларға қойылатын үлгілік талаптарды, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары мен мемлекеттік кірістер органдарының жүйесіне кіретін мамандандырылған мемлекеттік мекемелер орналасқан жерлерде және аумағында кедендік операциялар жасалуы және кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін өзге жерлерде кедендік инфрақұрылым элементтерін жайластыруға және техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 250 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16520 болып тіркелген) белгіленген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында техникалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері болған кезде аумақтық мемлекеттік кірістер органдары кедендік операцияларды жасаудың бірінші кезектегі тәртібін ұйымдастыру үшін:

      1) осы Ерекшеліктердің 3-тармағында көзделген операцияларды жасау үшін аумақтық мемлекеттік кірістер органдары басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен жауапты лауазымды адамдарды айқындайды;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде жекелеген қозғалыс жолақтарын көздейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады