Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 427 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 14 қаңтарда № 8009 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 2024 жылғы 4 сәуірдегі № 173 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 04.04.2024 № 173 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Қобда аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. Қобда аудандық мәслихатының 2018 жылғы 28 тамыздағы № 169 "Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3-7-178 тіркелген, 2018 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. "Қобда аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді оны ресми жариялағаннан кейін Қобда ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қобда аудандық
мәслихатының сессия төрағасы
Ж. Атамуратова
      Қобда аудандық
мәслихатының хатшысы
Ж. Ергалиев

  Қобда аудандық мәслихатының
2021 жылғы 5 қаңтардағы
№ 427 шешіміне қосымша

Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 15.06.2023 № 24 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 (бес) пайызы мөлшерінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қобда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі–уәкілетті орган) арқылы жүзеге асырылады.

      3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      4. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      5. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) аз қамтылған отбасының табысын растайтын құжат. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

      3) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      4) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;

      5) балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға арналған алименттер туралы мәліметтер;

      6) банктік шоты;

      7) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

      8) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      10) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Көрсетілген қызметті беруші өздеріне меншік құқығында тиесілі тұрғын үйдің (Қазақстан Республикасы бойынша) болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      6. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады.

      8. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган жергілікті өкілді органдар есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырылады.

      9. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 16 қазандағы № 539 "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 21500 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібінің 11-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.

      11. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсетуден тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде бас тартады.

      12. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

2. Тұрғын үй көмегiн көрсету мөлшерi

      13. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаларына сәйкес жүргізіледі:

      1) жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй көлемінің нормасы бір адамға он сегіз шаршы метрлік пайдалы алаңды құрайды, жалғыз тұратын азаматтар үшін, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерінде немесе жатақханадан бөлме;

      2) электр қуатын пайдалану нормалары 1 айға:

      1 адамға – 40 киловатт,

      2 адамға – 60 киловатт,

      3 адамға – 80 киловатт,

      4 және одан да көп адамға – 100 киловатт;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді күтіп–ұстау ай сайын:

      1 адамға – 18 шаршы метрлік пайдалы алаңы, жалғыз тұратын азаматтар үшін, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерінде немесе жатақханадан бөлме;

      4) жылумен жабдықтауға ай сайын:

      1 адамға – 18 шаршы метрлік пайдалы алаңы, жалғыз тұратын азаматтар үшін, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерінде немесе жатақханадан бөлме;

      5) тұрмыстық қалдықтарды шығару – ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      6) кәріз қызметтері – ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      7) сумен жабдықтау қызметтері – ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      8) газ пайдалану нормалары – ай сайын әр адамға тариф бойынша;

      коммуналдық қызметтерді пайдалану төлемінің нормалары мен тарифтерін қызмет көрсететіндер ұсынады;

      9) телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 33200 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 13 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 07.12.2023 № 91 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады