Жамбыл ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2021 жылғы 30 наурыздағы № 3-3 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 9 сәуірде № 4933 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы №11-3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 06.12.2023 №11-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес, Жамбыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жамбыл ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Жамбыл аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың әкімшілік аумақтық құрылым, жер, халықтың денсаулығын сақтау және қоршаған ортаны қорғау, халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін, мүгедектерді, ана мен баланы қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешiм әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғаш ресми жарияланған күннен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Жамбыл аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы И. Тоғанбаева
      Жамбыл аудандық
      мәслихат хатшысы Р. Сеитов

  Жамбыл аудандық
мәслихатының 2021 жылғы
30 наурыздағы № 3-3 шешіміне
1-қосымша

Жамбыл ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      Ескерту. 1 – қосымша жаңа редакцияда – Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 30.11.2021 № 11-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен қаржылық кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар әзірлеу үшін ауылдық округ әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілгенең ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай түрде көрсетілетін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 25.11.2022 № 25-2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет, ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне:

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) 9 мамыр - Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1000000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға– 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға– 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына– 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға– 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға– 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне– 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына– 100000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар – 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына– 15000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 15000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға– 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға– 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары – 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына– 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге– 15000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге– 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде.

      3) 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күніне:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен ақталған адамдарға 150000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 25.11.2022 № 25-2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтарға (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шегінде мынадай негіздер бойынша:

      жетімдік;

      ата-ана қамқорлығының болмауы;

      кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;

      кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;

      туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі;

      дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

      әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;

      жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі бар адамдардың өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;

      баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;

      пробация қызметінің есебінде болу.

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш шегінде, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде өтінішті беру мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кем емес;

      3) өмірлік қиын жағдайдағы, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауруына шалдыққан азаматтарға (отбасыларға):

      туберкулез ауруымен амбулаториялық жағдайда ем жалғастыру мерзіміне ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінде;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауруымен есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;

      қатерлі ісік аурулары бар науқастарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;

      4) шипажайлық - курорттық емделуден өткен жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      5) жан басына шаққандағы орташа табысы 1 (бір) айлық күнкөріс деңгейінен аспайтын, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына (мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларды есепке алмай) ай сайын 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға) келесі санаттарға:

      мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға;

      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған созылмалы (вирустық гепатиттер және бауыр циррозы) аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдарға;

      жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      қандастарға;

      экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдарға;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      толық емес отбасыларға.

      6) тұрғын үйді газдандыруға бір рет әлеуметтік көмек:

      жан басына шаққандағы табысы 1,5 (бір жарым) айлық күнкөріс деңгейінен аспайтын газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі.

      Әлеуметтік көмектің көлемі 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын газ құбырын орнатуға және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 13-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтерді көрсетуге арналған шарт) және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама қоса беріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Жамбыл облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 25.11.2022 № 25-2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның, не өзге де ұйымдардың ұсынымдары бойынша Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігі бекіткен тізім бойынша көрсетіледі.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Жамбыл облысы Жамбыл ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

3-тарау. Қорытынды ереже

      12. Әлеуметт iк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзедi.

  Жамбыл аудандық
мәслихатының 2021 жылғы
30 наурыздағы № 3-3 шешіміне
2-қосымша

Жамбыл аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Жамбыл ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Жамбыл аудандық мәслихатының 2019 жылғы 20 ақпандағы № 38-3 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 4122 болып тіркелген, 2019 жылы 4 сәуірінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      2. "Жамбыл ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы" Жамбыл аудандық мәслихатының 2019 жылғы 20 ақпандағы № 38-3 шешіміне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Жамбыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 69-2 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 4738 болып тіркелген, 2020 жылы 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады