"Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 1464 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 734 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 қыркүйекте № 29342 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 1464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17604 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысында:

      8-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "8. Палата функциялары:

      1) кәсіптік мінез-құлық қағидалары мен Кәсіптік әдеп кодексін белгілейді;

      2) палата мүшелігіне қабылдау қағидалары мен шарттарын белгілейді;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша заң көмегін көрсету стандарттарын, заң көмегі сапасының өлшемшарттарын белгілейді және палата мүшелерінің оларды орындауын қамтамасыз етеді;

      4) палата мүшелері беретін деректер негізінде, құпиялылық туралы талаптарды есепке ала отырып, палата мүшелері көрсететін заң кызметтерінің алдыңғы кезең үшін қалыптастырылатын орташа құны туралы жиынтық-талдамалық ақпарат соңғы орналастырылған күннен бастап осы ақпараттың жылына кемінде бір рет өзінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді;

      5) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібін белгілейді;

      6) палатаның бекітілген стандарттарына сәйкес өз мүшелерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

      7) заң консультанттары палатасының мүшелерін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      9) мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, оның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда өз мүшелерінің мүдделерін білдіреді;

      10) заң консультанттары палатасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      11) заң консультанттарының Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      12) "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін заң консультанттары палатасының мүшелерін жауаптылыққа тарту туралы мәселелерді қарайды;

      13) орта білімнен кейінгі, жоғары заң білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіптік практикадан өтуін ұйымдастыруға жәрдемдеседі;

      14) практиканы қорытады және заң көмегін одан әрі жетілдіру мен дамыту жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді;

      15) заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізеді;

      16) заң консультанттары үшін олардың қызметінің ерекшеліктері мен өзіндік ерекшелігін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

      17) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жыл сайын осындай ақпаратты бере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан заң консультанттарының қызметіне талдауды және мониторингті өз құзыреті шегінде жүргізеді, Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтап қорытады және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      18) "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Жарғыда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
К. Мусин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады