Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 31 наурыздағы № 12/100 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 19 сәуірде № 27614 болып тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 19 сәуірдегі 2024 жылғы № 12/76 шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 19.04.2024 № 12/76 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      ШЕШТІ:

      1. Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4501 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:

      жоғарыда көрсетілген шешіммен бекітілген, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы С. Закенов

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2022 жылғы 31 наурыздағы
  № 12/100
  шешіміне қосымша


  Маңғыстау облысы Ақтау
  қалалық мәслихатының
  2021 жылғы 16 сәуірдегі
  №2/18 шешіміне
  1 қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы", "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы", "Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" және "Ардагерлер туралы" Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Ақтау қаласы әкімінің шешімімен құрылған комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Осы Қағидаларда қолданылатын басқа да ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген мазмұнында қолданылады.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Ақтау қаласы әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай және заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Наурыз мейрамы - 21-23 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектерге, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі - 1 мамыр:

      барлық топтағы мүгедектерге, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балалар, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға, 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы (бұдан әрі- Чернобыль АЭС) апаттың салдарын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі- бұрынғы КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға және 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, атап айтқанда:  бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Заңның 46-баптарында аталған адамдардың отбасыларына; Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына; бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына; Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;  бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына; Чернобыль АЭС-сындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;  Чернобыль АЭС-сындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына, 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусым:

      жеті жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Астана күні - 6 шілде:

      барлық топтағы мүгедектерге, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Қазақстан Республикасының Конституция күні – 30 тамыз:

      барлық топтағы мүгедектерге, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен тұлғаларға, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушаларға (балдарына) 8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) Қарттар күні – 1 қазан:

      70 жастан асқан зейнеткерлерге, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектерге, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балаларға, 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) Тәуелсіздік күні - 16-желтоқсан:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      7. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың келесі жекелеген санаттарына көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларына), көрсетілген оқиғалар туындаған күннен бастап үш айдан кешіктірмей, өтініші бойынша, бір рет, табысы есебінсіз, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      2) өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің еселік шамасы бір жарымнан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар келесі негіздемелер бойынша өмірде қиын жағдайға тап болған тұлғаларға (отбасыларға): жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық, кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы, туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі, дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі, жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау, баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болу, өтініші бойынша, тұрмыстық қажеттіліктерге, бір рет, 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      3) уәкілетті ұйымнан әлеуметтік төлемдер алмайтын, әлеуметтік мәні бар аурулар болуы, атап айтқанда: туберкулез, қатерлі ісіктер және адамның иммунитет тапшылығы вирусы (бұдан әрі-ИТВ) тудыратын ауруы бар тұлғаларға, өтініші бойынша, бір рет, табысы есебінсіз, 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      4) адамның ИТВ тудыратын ауруы бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне, өтініші бойынша, табысы есебінсіз, ай сайын, Қазақстан Республикасы бойынша 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      5) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын, "бакалавр" дәрежесін бере отырып, жоғары оқу орнын төлеуге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, атап айтқанда: жетім балаларға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алатын балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйінде, балалар ауылында тәрбиеленушілерге, ата-анасының екеуі де жасы бойынша зейнеткер немесе біреуі мүгедек болып табылатын балаларға, төрт және төрттен жоғары бірге тұратын кәмелет жасқа толмаған балалары бар көп балалы отбасыдан шыққан балаларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру мекемелерінде, жоғарғы оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын кәмелет жасқа толғаннан кейін оқу орнын аяқтаған уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) балаларға өтініш берген уақыттың алдыңғы 12 айға, Маңғыстау облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар студенттерге;

      6) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын, "бакалавр" дәрежесін бере отырып, жоғары оқу орнын төлеуге, өтініш берген уақыттың алдыңғы 12 айға, Маңғыстау облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейінің еселік шамасы үштен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы және мүгедектігі бар студенттерге;

      7) "Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің келісімі бойынша жасақталған Арнайы шарт негізінде, табысы есебінсіз, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын ("Стоматология" мамандығынан басқа) интернатура студенттеріне, резидентура тыңдаушыларына;

      Студенттерге әлеуметтік көмек оқу орындары көрсететін білім беру қызметі мөлшерінде бір жолғы төлемнен, сонымен қатар 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тамақтануға және тұруға кететін шығындарды ішінара өтейтін ай сайынғы әлеуметтік көмектен тұрады.

      8) шипажайлық - курорттық емделу Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген азаматтарға, бір рет, табысы есебінсіз, шипажайлық - курорттық жолдама беру арқылы ұсынылады;

      9) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге және тұрғын үйді күтіп ұстауға, табысы есебінсіз, ай сайын, нақты шығын мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару негіздері Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей Уәкілетті ұйым не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Ақтау қаласы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетiледi.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру 451.007.015. "Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек" бюджеттік бағдарламалары бойынша Ақтау қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы алушылардың шотына аудару арқылы көрсетіледі.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      12. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды Уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайданалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады