Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 ақпанда № 31867 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Қаржы
министрінің 2023 жылғы
7 ақпандағы № 143 бұйрығына
қосымша

Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Биологиялық тәуекелдерді басқарудың әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Экспорттық бақылауға жататын өнімнің номенклатурасын (тізімін) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 ақпандағы № 104 қаулысымен бекітілген экспорттық бақылауға жататын өнім номенклатурасына (тізіміне) (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес экспорттық бақылауға жататын өнімді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) арқылы өткізу кезінде биологиялық тәуекелдерді басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Әдістемеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық тәуекел – патогенді биологиялық агенттердің адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге зиян келтіру ықтималдығы, сондай-ақ олардың табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу ықтималдығы;

      2) биологиялық тәуекелдерді бағалау – биологиялық тәуекелдерді басқару жүйесінің элементі және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қызметтің әртүрлі салаларында қауіпті биологиялық факторлардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын білдіреді;

      3) патогенді биологиялық агент – адамның, жануардың немесе өсімдіктің организмінде инфекциялық және (немесе) паразиттік процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар;

      4) өнімдер – экспорттық бақылауға жататын тауарлар, технологиялар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, ақпараттар.

2-тарау. Биологиялық тәуекелдерді басқару

      3. Мемлекеттік кірістер органдары "Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін өнімге бақылауды жүзеге асыру шеңберінде биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жүргізеді.

      4. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау құжаттамалық бақылау негізінде, олардың ұсынылуы Заңның 11, 12, 13, 16-бабтарына сәйкес өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы өткізудің шарты болып табылатын, уәкілетті мемлекеттік органдар өткізілетін өнімге берген рұқсат беру құжаттарының болуын тексеру арқылы жүзеге асырылады.

      5. Өнімдер тізбесіне кіретін патогендік биологиялық агенттерді өткізу кезінде, оның болуы Заңның 11, 12, 13, 16-бабтарына сәйкес мемлекеттік шекара арқылы өнімді өткізудің шарты болып табылатын рұқсат беру құжаттары болмаған кезде мемлекеттік кірістер органдары оларды мемлекеттік шекара арқылы өткізуге жол бермейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады