"Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы № 78 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 2 наурыздағы № 64 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 6 наурызда № 32017 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы № 78 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18457 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықта бекітілген Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру қағидаларында:

      1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) өтініш беруші – фильмді ұлттық деп тануға және ұлттық фильм куәлігін алуға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;

      2) уәкілетті орган – кинематография саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) ұлттық фильмнің куәлігі – жеке немесе заңды тұлғаның осы Заңда көзделген мемлекеттік қолдау шараларына құқығын куәландыратын, белгіленген үлгідегі құжат.

      3. Фильмді ұлттық деп тану үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды қазақ немесе орыс тілдерінде ұсынады.

      1) уәкілетті органның басшысының атына фильмді ұлттық деп тануға еркін нысандағы өтініш. Өтініште міндетті түрде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      фильмнің атауы;

      фильмді шығарған ел;

      фильмді шығарушы - студия;

      фильмнің шыққан жылы;

      фильмнің форматы;

      фильмнің хронометражы;

      фильм серияларының саны;

      фильмнің жанры;

      фильмнің жас санаты;

      фильмнің авторлары (сценарий авторы, қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші, музыкалық шығарманың авторы) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесімен қоса;

      фильмнің продюсерлері;

      фильмнің тілі, фильмді дубляждау немесе субтитрлеу тілдері, немесе кадр сыртындағы аударма (олар болған жағдайда);

      өтініш берушінің деректемелері (заңды мекен-жайы, заңды тұлға үшін – бизнес-сәйкестіндіру номері, жеке тұлға, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген – жеке сәйкестендіру номері);

      өтініш берген күн және өтініш берушінің қолы;

      2) техникалық талаптарға сәйкес келетін кез келген жеткізгіштердегі фильмнің көшірмесі;

      3) продюсер – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама және оның құрылтай құжаттарының көшірмелері немесе продюсер – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      4) фильм түсіретін топтың құрамымен (режиссерлер, операторлар, дыбыс операторлары, киім суретшілері, монтаждаушылар, басты рөлдерді орындайтын – актерлер) жасасқан шарттардың көшірмелері және олардың жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелері;

      5) фильмнің сметалық құнын және оны қаржыландыру көздерін растайтын құжаттар.

      Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған фильмдер бойынша осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар, өтініш берушімен уәкілетті органға Мемлекеттік фильмдер қорына фильмді тапсырғаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде ұсынылады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттар, уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Егер құжаттар осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес келмеген жағдайда, құжаттар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қараусыз қайтарылады.

      Өтінімдер мен оған қоса берілетін құжаттар осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, өтініш беруші оларды жойған кезде қайтаруды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оларды қарау үшін құжаттарды қайта ұсынуға құқылы.

      5. Фильм мынадай негіздер жиынтығында:

      1) егер фильм Қазақстан Республикасының ұлттық тарихының, қазіргі заманғы өмірінің оқиғаларын көрсетсе, Қазақстан Республикасы үшін əлеуметтік-мəдени маңызы бар жалпыадамзаттық гуманитарлық, əлеуметтік жəне имандылық проблемаларына, əлемдік тарих оқиғаларына арналса жəне (немесе) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының имиджі мен беделін нығайтуға ықпал ете алатын болса;

      2) фильмдерді шығару, тарату жəне көрсету кезінде смета бойынша жалпы жұмыс көлемінің кемінде жетпіс пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық қызмет субъектілері жүзеге асырса;

      3) Қазақстан Республикасының азаматы және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлға фильмнің продюсерлері болса;

      4) фильм авторларының құрамына (сценарий авторы, қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші, музыкалық туындының авторы) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын тұлғалар елу пайызынан аспайтындай кірсе, ұлттық деп танылады.

      6. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сəйкес шетелдік кинематографиялық қызмет субъектілермен бірлесіп түсірілген фильм ұлттық деп танылуы мүмкін.

      7. Өтініш беруші ұсынған құжаттарды уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 6-тармағына сәйкес құрылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің (бұдан әрі – Сараптама кеңесі) қарауына енгізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Оралов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады