"Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 853 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 330 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 сәуірде № 32389 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 853 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10050 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережесінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Ереже Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші органның (бұдан әрі – консультациялық-кеңесші орган) мәртебесін және өкілеттіктерін айқындайды.".

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жанындағы консультациялық-кеңесші органның міндеттеріне:

      босатылатын сотталғандарды еңбекке және тұрмыстық орналастыруға көмек көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен өзара іс-қимыл жасасуын үйлестіру;

      қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды және зейнеткерлерді мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған үйлерге орналастыруды ұйымдастыру;

      сотталғандардың шағымдары мен өтініштерін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігінің уақтылы және дұрыс шешуіне көмек көрсету;

      жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері комиссиясының қызметіне қатысуы;

      сотталғандарды ұстаудың коммуналдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық жағдайларын жақсартуға көмек көрсету;

      қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жалпы білім беретін және кәсіптік мектептерді ұйымдастыру;

      қылмыстық жаза қолдану тәртібінде қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар үшін қоғамдық жұмыс объектілерін белгілеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру;

      қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған, сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан адамдарға еңбекке және тұрмыстық орналасуға, әлеуметтік және өзге де көмектің басқа түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсету;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсету жұмыстарын жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар бөлу бойынша көмек көрсету жөніндегі ұсыныстарды да қарау жатады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады