Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 254-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 маусымда № 32969 болып тіркелді

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
- Сауда және интеграция министрі
С. Жумангарин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министірлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары -
Сауда және интеграция министрі
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 254-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу шарттары мен тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) залал – өнеркәсіптік тауарды өндіру, тасымалдау, сақтау кезінде субсидия берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан осы тауарды әкелу салдарынан туындаған Қазақстан Республикасының экономика саласы жағдайының дәлелдемелермен расталған нашарлауы және ол Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас тауарды өндіру және өткізу көлемінің қысқаруынан, мұндай тауарды өндіру рентабельділігінің төмендеуінен, тауар қорларына, жұмыспен қамтуға, жалақы деңгейіне және осы салаға инвестициялар деңгейіне теріс әсер етуден байқалады;

      2) мүдделі тұлғалар – ұқсас тауар өндіруші, қатысушыларының көбі ұқсас тауар өндірушілер болып табылатын өндірушілер бірлестігі, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауар өндіруші, қатысушыларының көбі субсидияланатын тауар өндірушілер болып табылатын осындай тауар өндірушілер бірлестігі, ЕАЭО-ға мүше субсидиялаушы мемлекет және (немесе) ЕАЭО-ға мүше субсидиялаушы мемлекеттің құзыретті органы, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері (егер тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды көбінесе жеке тұлғалар тұтынатын болса), тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауарды тұтынушылар (егер олар өнім өндіру кезінде осы тауарды пайдаланған жағдайда) және осындай тұтынушылардың бірлестіктері;

      3) өзіндік ерекшелікті субсидия – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік қолдау шарасы, оның өзіндік ерекшелігі Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 қазандағы Заңымен ратификацияланған ЕАЭО туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) № 28 қосымшада бекітілген Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттамада баяндалған қағидаттардың негізінде айқындалады;

      4) өнеркәсіптік тауарлар – ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) 25-97-топтарында сыныпталатын тауарлар, сондай-ақ ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес 2905 43 000 0 және 2905 44 қосымша позицияларында, 3301, 3501 – 3505 позицияларында, 3809 10 және 3824 60 қосымша позицияларында, 4101 – 4103, 4301, 5001 00 000 0 – 5003 00 000 0, 5101 – 5103, 5201 00 – 5203 00 000 0, 5301 және 5302 позицияларында (2905 43 000 0 қосымша позициясы – маннит, 2905 44 қосымша позициясы – сорбит, 3301 позициясы – эфир майлары, 3501 – 3505 позициялары – альбуминоидтық заттар, түрлендірілген крахмалдар, желімдер, 3809 10 қосымша позициясы – сыртқы қабатты өңдеуге арналған заттар, 3824 60 қосымша позициясы – сорбитол, басқа да өнімдер, 4101 – 4103 позициялары – терілер мен былғары шикізаты, 4301 позициясы – өңделмеген аң терісі, 5001 00 000 0 – 5003 00 000 0 позициялары – жібек-тазартылмаған жібек және жібек қалдықтары, 5101 – 5103 позициялары – жүн және жануарлар қылы, 5201 00 – 5203 00 000 0 қосымша позициялары – шитті мақта, мақта қалдықтары, түтілген мақта талшықтары, 5301 позициясы – аршылмаған зығыр, 5302 позициясы – аршылмаған кендір) сыныпталатын тауарларды қоспағанда, балық және балық өнімдері (Шартқа № 28 қосымшада бекітілген Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың 2-тармағына сәйкес тауарлардың келтірілген сипаттамасы түбегейлі болып табылмайды);

      5) өтемақы шарасы – осы шараны енгізуге өтініш берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің экономикасы саласына ЕАЭО-ға мүше субсидиялаушы мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидиясының теріс әсерін бейтараптандыру жөніндегі шара;

      6) субсидияланатын тауар өндіруші – ЕАЭО-ға мүше мемлекет субсидиялайтын тауарды өндіруші;

      7) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – сауда қызметі саласында сауда саясатын қалыптастыратын және басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) ұқсас тауар – Қазақстан Республикасында өндірілген өнеркәсіптік тауар, тауарды өндіру, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан әкету немесе тасымалдау кезінде өзіндік ерекшелікті субсидия пайдаланылған тауарға толығымен сәйкес келетін тауар не мұндай тауар болмағанда тауарды өндіру, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан әкету немесе тасымалдау кезінде өзіндік ерекшелікті субсидия пайдаланылған тауардың сипаттамасына жақын сипаттамасы бар басқа тауар.

2-тарау. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізу тәртібі мен шарттары

      3. ЕАЭО мүше мемлекеттерге қатысты өтемдік шараларды қолданудың орындылығы туралы қорытындыны дайындау мақсатында тергеп-тексеру жүргізудің шарты дәлелдемелер мен мәліметтердің жеткіліктілігі мен шынайылығы болып табылады.

      4. ЕАЭО мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытындыны дайындау, сондай-ақ ерекше субсидия берген мүше мемлекеттің аумағынан субсидияланатын тауарды әкелу немесе ЕАЭО субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығынан ұқсас тауарды ығыстыру салдарынан ұлттық экономика саласына залалдың болуын анықтау мақсатында тергеп-тексеруді уәкілетті орган өтініш берушінің берген өтініші негізінде не осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жағдайда уәкілетті органның өз бастамасы бойынша жүргізеді.

      5. Өтініш берушінің осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес мәліметтер тізбесін қамтитын өтініші түскен күні уәкілетті органда тіркелуге тиіс.

      6. Уәкілетті орган тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдағанға дейін аумағында қаралатын өзіндік ерекшелікті субсидия берілетін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органын өтініштің келіп түскені туралы осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзімде жазбаша нысанда хабардар етеді.

      7. Уәкілетті орган тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдау мақсатында өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы өтініште қамтылған дәлелдемелер мен мәліметтердің жеткіліктілігін және анықтығын зерделейді. Уәкілетті орган өтініш берушіден өтемдік шараларды қолданудың орындылығы туралы қорытындыны дайындау мақсатында қосымша мәліметтер алу мақсатында көрсетілген мерзімді күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімге ұзартады.

      8. Өтінішті қарауға қабылдағаннан кейін, тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдағанға дейін және тергеп-тексеру барысында уәкілетті орган өзіндік ерекшелікті субсидия берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органына өзіндік ерекшелікті субсидиялардың бар-жоғын, мөлшерін және қолданылуын, сондай-ақ оны берудің салдарын нақтылау және өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында консультациялар жүргізуді ұсынады.

      9. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін тергеп-тексеруді бастау немесе оны жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Тергеп-тексеруді жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті орган мұндай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде өтініш берушіні тергеп-тексеруді жүргізуден бас тартудың себебі туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

      Өтініш беруші осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзімде тиісті мәліметтерді бермеген, сондай-ақ уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес ұсынылған дәлелдемелер мен мәліметтердің жеткіліксіз және жалған екендігін анықтаған жағдайда тергеп-тексеру жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті орган өтініш берушіні, өзіндік ерекшелікті субсидия берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органын, сондай-ақ өзіне белгілі басқа да мүдделі тұлғаларды қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабардар етеді және тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тергеп-тексеруді бастау туралы хабарламаны уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етеді. Тергеп-тексеруді бастау туралы хабарлама жарияланған күн тергеп-тексеру басталған күн болып танылады.

      10. Егер уәкілетті органда Шарт ережелерін бұзу фактісі және (немесе) Қазақстан Республикасының нарығына субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан немесе өзіндік ерекшелікті субсидия берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің нарығынан не ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің нарығынан субсидияланатын тауардың ұқсас тауарды ығыстыруы салдарынан Ұлттық экономика саласына залал келуінің дәлелдемелері болған жағдайда, уәкілетті орган тергеп-тексеруді (оның ішінде өз бастамасы бойынша) бастау туралы шешім қабылдайды.

      11. Тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдағаннан кейін уәкілетті орган өзіне белгілі ұқсас тауар өндірушілерге және тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауар өндірушілерге сұрақтар тізбесін жібереді, тергеп-тексеруді жүргізу мақсатында олар оған жауап қайтарады.

      Сұрақтар тізбесі ұқсас тауар өндірушінің немесе субсидияланатын тауар өндірушінің өкіліне тікелей берілген күннен бастап немесе осы тізбені поштамен жіберген күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күннен кейін алынған болып есептеледі.

      12. Сұрақтар тізбесі жолданған ұқсас тауар өндірушілер мен тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауар өндірушілер мұндай тізбені алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде көрсетілген сұрақтарға өздерінің жауаптарын уәкілетті органға береді.

      Ұқсас тауар өндірушілер мен тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауар өндірушілердің уәжді және жазбаша нысанда жазылған өтініші бойынша уәкілетті орган көрсетілген мерзімді күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімге ұзартады.

      13. Тергеп-тексеру барысында ұсынылған мәліметтерді тексеру немесе жүргізілетін тергеп-тексеруге байланысты қосымша мәліметтер алу мақсатында уәкілетті орган тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тиісті субсидияланатын тауар өндірушінің келісімі болған жағдайда, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше тиісті мемлекет үкіметінің өкілдері алдын ала хабардар етілген және ЕАЭО-ға мүше осы мемлекет тарапынан тергеп-тексеруді оның аумағында жүргізуге қатысты қарсылықтар болмаған жағдайда, өзіндік ерекшелікті субсидия берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағында тергеп-тексеруді жүргізеді.

      Тергеп-тексеру барысында ұсынылған мәліметтерді тексеру немесе жүргізілетін тергеп-тексеруге байланысты қосымша мәліметтер алу қажет болған жағдайда, уәкілетті орган мүдделі тұлғалармен консультациялар және келіссөздер жүргізу, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын субсидияланатын тауардың үлгілерімен танысу және тергеп-тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қажетті іс-қимылдар қабылдау үшін өз өкілдерін ұқсас тауар өндірушілер орналасқан жерге жібереді.

      14. Уәкілетті орган тергеп-тексеру жүргізу барысында қаралатын субсидияны берген немесе беретін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органдарына, сондай-ақ мүдделі тұлғаларға жүргізілетін тергеп-тексеруге қатысы бар ақпарат беру туралы сұрау салулар жолдайды.

      15. Мүдделі тұлғалар тергеп-тексеру жүргізу үшін қажетті мәліметтерді (оның ішінде құпия ақпаратты) хабарламада көрсетілген, бірақ күнтізбелік 15 (он бес) күннен кем емес мерзімде алу көздерін көрсете отырып, ұсынады. Көрсетілген мәліметтерді нақтылау мақсатында уәкілетті орган мүдделі тұлғалардан қосымша мәліметтер сұратады.

      16. Тергеп-тексеруге қатысы бар дәлелдемелер мен мәліметтер уәкілетті органға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады, ал шетел тілінде жасалған құжаттардың түпнұсқалары олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармаларымен қоса беріледі.

      17. Құпия ақпаратты қорғау қажеттілігін ескере отырып, уәкілетті орган тергеп-тексеру барысында мүдделі тұлғаларға олардың жазбаша нысандағы өтініші негізінде тергеп-тексеруге қатысы бар дәлелдемелер ретінде кез келген мүдделі тұлға жазбаша нысанда ұсынған мәліметтермен (құпия емес ақпаратпен) танысуға мүмкіндік береді.

      Уәкілетті орган тергеп-тексеруге қатысушыларға тергеп-тексеруге қатысы бар және тергеп-тексеру барысында өздері пайдаланатын, бірақ құпия болып табылмайтын өзге де ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.

      18. Жазбаша хабарламаларды, ақпарат беру туралы сұрау салуларды, қосымша мәліметтерге сұрау салуларды, тергеп-тексеруге қатысы бар дәлелдемелер ретінде жазбаша нысанда ұсынылған мәліметтерді және осы Қағидалардың 9, 14, 15 және 17-тармақтарында көрсетілген тергеп-тексеруге қатысы бар өзге де ақпаратты уәкілетті орган мүдделі тұлғаларға сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган арқылы жібереді.

      19. Тергеп-тексеру жүргізу мерзімі тергеп-тексеру басталған күннен бастап 6 айдан аспайды.

      Уәкілетті орган өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытындыны Қазақстан Республикасының сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – ВАК) қарауына жіберген күні тергеп-тексеру аяқталған болып есептеледі.

      20. Мүдделі тұлғалар тергеп-тексеру барысында дербес немесе нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде өздерінің өкілдері арқылы әрекет етеді.

      Егер мүдделі тұлға тергеп-тексеру барысында уәкілетті өкіл арқылы әрекет еткен жағдайда, уәкілетті орган тергеп-тексеру нысанасы туралы барлық мәліметтерді мүдделі тұлғаға осы өкіл арқылы ғана жеткізеді.

      21. Мүдделі тұлға ақпараттың ашылуы бәсекелестік жағдайларында үшінші тұлғаға басымдық беретінін не мұндай ақпаратты ұсынған тұлға үшін немесе мұндай ақпарат алынған тұлға үшін қолайсыз салдарға әкелетінін куәландыратын негіздемелерді ұсынған кезде осы тұлғаның уәкілетті органға ұсынатын ақпараты құпия ақпарат ретінде қаралады.

      Құпия ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны ұсынған мүдделі тұлғаның рұқсатынсыз жарияланбайды.

      Барлық мүдделі тұлғаларға ұсынылған құпия ақпараттың мәнін түсіну үшін жеткілікті мәліметтер беру мақсатында уәкілетті орган құпия ақпаратты ұсынушы мүдделі тұлғадан оның құпия емес нұсқасын ұсынуды талап етеді.

      Мүдделі тұлға құпия ақпараттың құпия емес нұсқасын ұсынбаған жағдайда, бұл тұлға тиісті негіздемелерді ұсынады.

      Егер уәкілетті орган мүдделі тұлға ұсынған негіздемелер ұсынылған ақпаратты құпия ақпаратқа жатқызуға мүмкіндік бермейді деп белгілесе не құпия ақпараттың құпия емес нұсқасын ұсынбаған мүдделі тұлға негіздемені ұсынбаса немесе мұндай негіздеме болып табылмайтын мәліметтерді ұсынса, уәкілетті орган бұл ақпаратты ескермейді.

      22. Уәкілетті орган құпия ақпаратты жариялағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.

3-тарау. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге қатысты өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытындыны ресімдеу

      23. Жүргізілген тергеп-тексеру қорытындылары бойынша уәкілетті орган осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген мерзімдерде өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындайды және оны ВАК-тың қарауына жібереді.

      ВАК өтемақы шарасын енгізу туралы қорытындыны мақұлдаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметіне Шарт нормаларын бұзуына және/немесе ұлттық экономика саласына залал келтіруіне байланысты Қазақстан Республикасы саласының материалдық залалын бейтараптандыру мақсатында өтемақы шарасын қолдану қажеттілігі туралы ЕАЭО-ға мүше субсидиялаушы мемлекет үкіметінің басшысына тиісті өтініштің жобасын енгізеді.

      24. Өтемақы шарасын қолданудың орындылығы туралы ВАК-тың теріс қорытындысы болған жағдайда уәкілетті орган ВАК отырысының хаттамасы уәкілетті органда тіркелген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге негізделген бас тартуды жібереді.

  Еуразиялық экономикалық
одаққа мүше мемлекеттерге
қатысты өтемақы шарасын
қолданудың орындылығы
туралы қорытынды
дайындау мақсатында тергеп-
тексеру жүргізу қағидаларына
қосымша

      Нысан

Мәліметтер тізбесі

      1. Өтініш беруші туралы ақпарат (мекенжайы, телефоны, факс, E-mail, тіркелген жері, басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса));

      2. Тауардың сипаттамасы (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды);

      3. Ерекше субсидияның болуы, сипаты мен көлемі туралы мәліметтер;

      4. Субсидияланатын тауар өндірушілер туралы мәліметтер;

      5. Ұқсас тауарды ұлттық өндірушілер туралы мәліметтер;

      6. Өтініш беру алдында 3 (үш) күнтізбелік жылдағы Қазақстан Республикасының аумағына субсидияланатын тауарды әкелу көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер;

      7. Қазақстан Республикасының аумағынан ұқсас тауарды басқа ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағына әкету көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер;

      8. Субсидияланатын тауарды әкелудің не субсидиялаушы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің нарығынан ұқсас тауарды ығыстыру салдарынан Қазақстан Республикасының экономика саласына келтірілетін залалдың бар екендігінің дәлелдемелері. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан Қазақстан Республикасының экономика саласына материалдық залал болуының субсидияланатын тауарды әкелу немесе ұқсас тауарларды субсидиялайтын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің нарығының ығыстыру салдарынан оны келтіру қатерлерінің болу дәлелдемелері ұлттық экономика саласының экономикалық ахуалын сипаттайтын және сандық көрсеткіштерде (оның ішінде тауар өндіру көлемі және оны сату көлемі, ЕАЭО-ға мүше мемлекет нарығындағы тауар үлесі, тауар өндірудің өзіндік құны, тауардың бағасы, өндіріс қуаттарының жүктемесі, еңбек өнімділігі, пайда көлемдері, өндіріс пен тауарлар сату рентабельділігі туралы, Қазақстан Республикасының ұлттық экономика саласына инвестициялар көлемі туралы деректер) көрсетілетін объективті факторларға негізделеді;

      9. Өтініш беру алдындағы 3 (үш) күнтізбелік жылдағы ЕАЭО-тың бірыңғай кедендік аумағына ұқсас тауар импорты көлемінің (сандық және құндық мәнде) өзгеруі туралы мәліметтер;

      10. Өтініш беру алдындағы 3 (үш) күнтізбелік жылдағы ЕАЭО-ның кедендік аумағынан ұқсас тауар экспорты көлемінің (сандық және құндық мәнде) өзгеруі туралы мәліметтер;

      11. Талданатын кезеңде Қазақстан Республикасының экономика саласына әсер ете алатын басқа да факторларды талдау.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады