Жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 16 қарашадағы № 585 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 қарашада № 33654 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ережесінің 15-тармағының 112-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Өнеркәсіп және құрылыс

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2023 жылғы 16 қарашадағы
№ 585 бұйрығына
қосымша

Жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ережесінің 15-тармағының 112-2) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Ереже ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдарстырушылық негіздерін айқындайды.

      3. Ереженің талаптары ҒТК мүшелеріне, жер қойнауын пайдалану саласындағы салалық уәкілетті органдардың (бұдан әрі – салалық уәкілетті орган) құрылымдық бөлімшелеріне, ғылым саласындағы уәкілетті органның және салалық уәкілетті органның ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің бағынысты субъектілеріне қолданылады.

      4. ҒТК салалық уәкілетті орган жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға тиімді жәрдемдесу, сондай-ақ тиісті салада ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларын жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру мақсатында құрылады.

      5. ҒТК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК-нің негізгі міндеттері мен функциялары

      6. ҒТК қызметі келесі негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

      1) жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау;

      2) жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға жіберетін қаражатты аудару мен бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу және шараларды іске асыру.

      7. Өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес ҒТК келесі функцияларды орындайды:

      1) салалық уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларын жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастыру және оны өзектендіру;

      2) жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулер бағдарламаларын және цифрландыру жобаларын қарау және келісу;

      3) орындалған ғылыми зерттеулер мен цифрландыру жобаларының нәтижелері бойынша оларды одан әрі пайдалану жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      4) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған ғылыми зерттеулер бағдарламалары мен цифрландыру жобаларының орындалу барысы туралы аралық және/немесе қорытынды есептерді қарау және қабылдауға ұсыныс беру.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      8. ҒТК құрамы салалық уәкілетті органмен ғылыми қоғамдастықтың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ заңды тұлғалармен оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып қалыптастырады және салалық уәкілетті органның бірінші басшысымен бекітіледі.

      9. ҒТК төрағадан және тұрақты мүшелерінен тұрады. ҒТК мүшелерінің құрамына салалар бойынша жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар мен даму институттарының, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың өкілдері, сондай-ақ ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері кіреді.

      10. ҒТК құрамының талаптары ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісілген салалық уәкілетті органмен айқындалады.

      11. ҒТК төрағасы бірінші отырыста ҒТК мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы ҒТК мүшелері арасынан сайланады.

      12. ҒТК төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, отырыстарда төрағалық етеді, даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді, ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін және орнын айқындайды, ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды, ҒТК шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      13. ҒТК жанынан ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру және ҒТК отырысына шығарылатын бейіндік мәселелерді қарау үшін өз қызметін жүзеге асыратын бейіндік секциялар (бұдан әрі – Секциялар) құрылады.

      14. ҒТК құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және әрбір Секция бойынша саны 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады.

      15. ҒТК жұмысы күндізгі және сырттай отырыстар нысанында жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда ҒТК отырыстары ақпараттық коммуникациялық технологиялар және байланыс жүйелерін пайдалана отырып өткізілуі мүмкін.

      16. ҒТК қажет болған жағдайда жиналады, бірақ жылына кемінде екі рет. ҒТК егер отырысқа оның құрамының кемінде 2/3 бөлігі қатысса, шешімдер қабылдайды.

      17. ҒТК отырыстарға материалдарды дайындауды, жинауды және жүйелеуді, ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстарын өткізу туралы хабарламаларды уақтылы жіберуді, отырыстардың күн тәртібін әзірлеуді, отырыстарды хаттамалауды, ҒТК шешімдерінің жобаларын дайындауды және отырыстардан кейін хаттамаларды рәсімдеуді жұмыс органының лауазымды адамы болып табылатын ҒТК хатшысы жүзеге асырады.

      18. ҒТК отырыстары салалық уәкілетті органның интернет-ресурсында онлайн-трансляциямен өтуі мүмкін. Отырыстың хаттамалары, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды, есептер, актілер салалық уәкілетті органға беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелді) сәйкес сақталады.

      19. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және кеңес отырысына қатысқан мүшелердің жалпы санының кемінде 2/3 дауысы берілсе, қабылданды деп есептеледі. ҒТК шешімдері хаттамамен рәсімделеді және оған төраға, ҒТК мүшелері мен хатшы қол қояды. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      20. ҒТК жұмыс органы салалық уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі не квазимемлекеттік сектор субъектісі (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      21. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында ҒТК ұйымдастырушылық-техникалық жұмысын қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде отырыс өткізілгенге дейін бес жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілуі тиіс қажетті материалдарды дайындайды. ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасайды және олардың орындалуын бақылайды.

      22. ҒТК жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей уәкілетті органға және ғылым саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңнің қорытындылары бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады