"Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы"

Жаңа

Абай облысы Семей қаласы мәслихатының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 14/82-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 11 желтоқсанда № 185-18 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Абай облысы Семей қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Семей қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Семей қаласы мәслихатының төрағасы
      Д. Шакаримов

      "КЕЛІСІДІ"
Абай облысының жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламаларды
үйлестіру басқармасының басшысы
___________________А. Сұлтанова
2023 жылы "___" ______________

  Абай облысы
Семей қаласының мәслихаты
2023 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 14/82-VIII Шешімге
1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз етеді;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      6) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - "Абай облысы Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      7) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін ауылдық округ, қала әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      8) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      9) әлеуметтік көмек - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда жергілікті атқарушы орган көрсететін көмек;

      10) мерекелік күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      11) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын) көрсетіледі.

      4. Осы Қағидалар Семей қаласының аумағында тіркелген тұлғаларға қолданылады.

      5. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, алушылардың санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

       6. Мереке күндер мен атаулы күндерге орай көрсетілетін әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде бір рет беріледі:

      1)15 ақпан - Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағынан шығару күні (негіздердің бірі бойынша):

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес әскерінің, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан айлары аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан айлары аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде.

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні (негіздердің бірі бойынша):

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе одан бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.

      3) 9 Мамыр - Жеңіс күні (негіздердің бірі бойынша):

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы әскер мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын жұмыс істеушілерге - 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын жұмыс істеушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен борышын өтегендерге - 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызметін өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшысы және қатардағы құрамның адамдарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы әскер бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

       Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы әскер мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен борышын өтегендерге - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектікпен қайтыс болған адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын жұмыс істеушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 70000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысы бар балаларына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      4) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күні (негіздердің бірі бойынша):

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне) және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.

      5) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні (негіздердің бірі бойынша):

      бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде кеңес соттары мен басқа да органдар қуғын-сүргiнге ұшыратқан тұлғаларға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарымен сотталған тұлғалар - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiнде болған тұлғалар - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      қуғын-сүргіндерді орталық одақтық органдар: КСР Одағының Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКР Одағының Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСР Одағының Ішкі істер халық комиссариаты - Мемлекет Қауіпсіздігі министрлігі- ішкі істер министрлігі жанындағы айрықша кеңестің, КСР Одағының Прокуратурасы мен КСР Одағының ішкі істер халық комиссариатының Тергеу Істері жөніндегі комиссиясының және басқа органдар шешімдері бойынша болған тұлғаларға – 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуда болған тұлғаларға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiн құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiн құрбандарының балаларына - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде.

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргінде болған тұлғаларға - 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

      8. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын), көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян алған азаматтар (отбасылар), жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда, бір рет көрсетіледі;

      2) өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік шамасынан аспайтын адамдарға (отбасыларға) бір рет көрсетіледі;

      3) туберкулез ауруымен амбулаторлық есепте тұрған тұлғаларға - жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспайтын болса ай сайын 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады;

      4) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде ай сайын тағайындалады;

      5) жасы бойынша зейнеткерлерге жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда жыл сайын санаторий-курорттық жолдама беру арқылы санаторий-курорттық емдеу ұсынылады;

      6) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың санаторий-курорттық ұйымда болу құнын өтеуге алып жүретін адамдарға санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде санаторий-курорттық ем алуды растайтын құжаттарды (санаторий-курорттық ем алу туралы акт, шот-фактура) қоса бере отырып, өтініш негізінде жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда бір мезгілде беріледі.

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген негіздер басталған күннен бастап үш ай ішінде беріледі.

      9. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабында мәртебесі белгіленген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңгені құрайды.

      10. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      11. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне осы Үлгілік қағидаларға 12-тармағына сәйкес нысан бойынша өтініш береді.

      12. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру қала бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      13. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтiк көмек ұсынудың мониторингiсі және оларға есеп жүргізуді уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

  Абай облысы
Семей қаласының мәслихаты
2023 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 14/82-VIII Шешімге
2-қосымша

Семей қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Семей қаласы мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 63/458-VI шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 8351 болып тіркелген).

      2. Семей қаласы мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Семей қаласы мәслихатының 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 63/458-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 8/52-VII шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 8663 болып тіркелген).

      3. Семей қаласы мәслихатының "Семей қаласы мәслихатының 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 63/458-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 24 желтоқсандағы № 20/146-VII шешімі (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 26334 болып тіркелген).

      4. Семей қаласы мәслихатының "Семей қаласы мәслихатының 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 63/458-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 4 қарашадағы № 35/245-VII шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 30475 болып тіркелген).

      5. Семей қаласы мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Семей қаласы мәслихатының 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 63/458-VI шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 2/15-VIII шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 51-18 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады