Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Абай облысы Аягөз аудандық мәслихатының 2023 жылғы 12 қазандағы № 7/93-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 1 қарашада № 140-18 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Аягөз аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Аягөз ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Абай облысының Аягөз аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аягөз аудандық мәслихат төрағасы
      А. Ибрайшин

  Аягөз аудандық мәслихатының
2023 жылғы 12 қазандағы
№ 7/93-VIII шешіміне
1- қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – "Абай облысы Аягөз ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Абай облысы Аягөз ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің, 160-бабы, 168-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 14-тарауының 190-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін жергілікті атқарушы орган ұсынымы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Аягөз ауданы әкімдігі бекіткен ереже негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлемелерін белгілеу тәртібі

      7. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай ақшалай төлемдер түрінде азаматтардың келесі санаттарына бір рет көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күні - 15 ақпан:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқалармен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар, сондай-ақ білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын, оны аяқтау уақытына дейін көпбалалы отбасыларға (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) -15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      3) Жеңіс күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне және Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуе айлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылары мен қызметшілеріне – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балаларына (тәрбиеленушiлерiне) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 70 000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметкерлерге – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларға, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр:

      бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануында болған адамдарға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарымен сотталған адамдарға - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндерде болған адамдарға – 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      орталық одақтық органдардың шешімі бойынша қуғын-сүргiндердiң қолданылуы: КСР Одағы Жоғарғы Сотының және оның сот алқаларының, КСР Одағы біріккен мемлекеттік саяси басқармасының алқаларының, ішкі істер халық комиссариаты - мемлекеттік қауiпсiздiк министрлiгi – КСР Одағы ішкі істер Министірлігі жанындағы ерекше кеңестің, КСР Одағы прокуратура комиссиясының және КСР Одағы ішкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа да органдарда болған адамдарға – 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдарға – 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде;

      ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына - 25 000 (жиырма бес мың) теңге мөлшерінде.

      5) Қазақстан Республикасының Конституция күні – 30 тамыз:

      1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне) – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      6) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерде болған адамдарға – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек оған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне зиян келтірілген немесе әлеуметтік маңызы бар ауру болған жағдайда көмек бір рет көрсетіледі, (немесе) мерзімді түрде (ай сайын, тоқсан сайын, алты айда бір рет, жылына 1 рет):

      - жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      - қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;

      - туғаннан үш жасқа дейінгі ерте психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектеулі балалар;

      - дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылулары бар адамдар;

      - әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тіршілік әрекеті шектелген адамдар;

      - жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;

      - әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      - баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      - бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

      - табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан залал алған адамдар (отбасылар);

      1) Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселенген шегінен аспайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, бір рет көрсетіледі, келесі негіздер бойынша:

      - жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      - қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;

      - туғаннан үш жасқа дейінгі ерте психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектеулі балалар;

      - дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылулары бар адамдар;

      - жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      - бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болу;

      - қатыгездікпен қарау, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қиянат;

      - баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      2) Әлеуметтік көмек табиғи зілзаланың және өрттің салдарынан азаматқа (отбасына), не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты, немесе әлеуметтік маңызы бар аурудың болуына байланысты әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай бір рет, немесе ай сайын көрсетіледі, келесі негіздер бойынша:

      3) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты әлеуметтік көмек- бір реттік төлем;

      4) туберкулезбен ауыратын науқастарға емделу мекемесінің ұсынатын тізіміне сәйкес, амбулаториялық ем алу кезеңіне әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады;

      5) әлеуметтік көмек адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған диспансерлік есепте тұрған он сегіз жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, денсаулық сақтау ұйымдарының ұсынатын тізіміне сәйкес, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде ай сайын көрсетіледі;

      6) адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек, орташа табысы есепке алынбай - бір реттік төлем;

      7) онкологиялық науқастарға емдеу мекемесінің ем алғаны туралы анықтама ұсына отырып, комиссияның шешімі бойынша, жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - бір реттік төлем;

      8) мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің бірінің (бұдан әрі – алып жүруші) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу;

      9) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай, өтініш негізінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сома мөлшерінде санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу;

      10) жасы бойынша зейнеткерлерге жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда жыл сайын санаторий-курорттық жолдама беру арқылы санаторий-курорттық емдеу ұсынылады;

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды. "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабында мәртебесі белгіленген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгені құрайды.

      9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе кенттік, ауылдық округ әкіміне Үлгілік ереженің 12 тармағында көрсетілген құжаттарды қоса осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті береді.

      12. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру аудан бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      13. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда "Қазпошта" Акционерлік қоғамы және екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      14. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Аягөз аудандық мәслихатының
2023 жылғы 12 қазандағы
№ 7/93-VIII шешіміне
2 - қосымша

Аягөз аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі №52/440-VІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7531 болып тіркелген);

      2. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2020 жылғы 8 желтоқсандағы №54/504-VІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7981 болып тіркелген);

      3. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 1 сәуірдегі №4/25-VІI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8621 болып тіркелген);

      4. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 31 наурыздағы №12/221-VIІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27552 болып тіркелген);

      5. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 20 маусымдағы №14/280-VIІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28590 болып тіркелген);

      6. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 28 қыркүйектегі №17/320-VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30003 болып тіркелген);

      7. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 27 желтоқсанындағы №20/386-VIІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31596 нөмірімен тіркелген);

      8. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 28 сәуірдегі №2/13-VIІІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 72-18 болып тіркелген);

      9. Аягөз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" №52/440-VІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 2 тамыздағы №5/64-VIІІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 106-18 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады