Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Жетісу облысы әкімдігінің 2023 жылғы 24 наурыздағы № 81 қаулысы. Жетісу облысы Әділет департаментінде 2023 жылы 27 наурызда № 6-19 болып тіркелді

      "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Жетісу облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшері осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. "Жетісу облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының Жетісу облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Жетісу облысы әкімдігінің интернет-ресурсында оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Жетісу облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Жетісу облысының әкімі Б. Исабаев

  Жетісу облысы әкімдігінің 2023 жылғы 24 наурыздағы № 81 Қаулыға қосымша

Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшері

      1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:

      1) алғыс жариялау;

      2) грамотамен марапаттау;

      3) ақшалай сыйақы беру.

      2. Жетісу облысы Полиция департаментінің (бұдан әрі – Департамент) ұсынысы бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерін Жетісу облысының әкімдігі құрған комиссия (бұдан әрі - Комиссия) 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде қарайды.

      3. Комиссия ұсынылған материалдарды тоқсан сайын қарайды.

      4. Комиссияның шешімі қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Департаментке жолданады.

      5. Комиссия қабылдайтын шешім көтермелеу үшін негіз болып табылады.

      6. Департамент Комиссияның шешімін алған күннен бастап оны 5 (бес) жұмыс күні ішінде ақшалай сыйақы төлеу үшін қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі тиісті құрылымдық бөлімшеге жібереді.

      7. Көтермелеу түрлерін, соның ішінде ақшалай сыйақы мөлшерін, көтермеленушінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отырып, Комиссия белгілейді және 10 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

      8. Ақшалай сыйақыны төлеу үшін Комиссия қабылдаған шешімге сәйкес Жетісу облысының Полиция департаменті бастығының бұйрығы қосымша шығарылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады