Балқаш қалалық мәслихатының 2021 жылғы 26 сәуірдегі № 4/31 "Балқаш қаласы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 2/17 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 27 сәуірде № 6401-09 болып тіркелді

      Балқаш қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Балқаш қалалық мәслихатының 2021 жылғы 26 сәуірдегі № 4/31

      "Балқаш қаласы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Ережесін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6331 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген, Балқаш қаласы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Ережесінде:

      1-тарау 2 тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығындағы Балқаш қаласында және әкімшілік – аумақтық іргелес кенттерде тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.";

      2-тарау 6 тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін көрсетуде келесі нормалар есепке алынады:

      1) өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғынжай ауданының нормасы, тұрғын үй заңнамасында белгіленген бір адамға тұрғынжай беру нормасына баламалы және көп бөлмелі пәтерлерде (тұрғын үй – жайларда) тұратын отбасының әрбір мүшесіне, тұрғынжайдың пайдалы ауданының 18 шаршы метрін, ал бір бөлмелі пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) тұратындар үшін, тұрғынжайдың жалпы пайдалы алаңын құрайды. Көп бөлмелі пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) жалғыз тұратын азаматтар үшін, тұрғын үй ауданының әлеуметтік нормасы - 30 шаршы метр;

      2) коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары:

      Газды тұтыну нақты шығындар бойынша, бірақ мынадан артық болмауы тиіс:

      газ плиталарымен жабдықталған үйлерде орталықтандырылған ыстық су болған жағдайда, айына бір адамға 8 килограмм;

      газ плиталарымен жабдықталған үйлерде орталықтандырылған ыстық су болмаған жағдайда, айына бір адамға 10 килограмм.

      Бұл ретте баллон газы екі қабаттан аспайтын тұрғын үй ғимаратының пәтерлерінде есепке алынады.

      Отбасына электр қуатын тұтыну нақты шығындар бойынша, бірақ мынадан артық болмауы тиіс:

      газ плитасымен жабдықталған үйлерде 150 киловатт;

      электр плитасымен жабдықталған үйлерде 250 киловатт.

      Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсу сомасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесінде белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

      Қатты отынды тұтыну (1 шаршы метр ауданды жылытуға):

      1985 жылға дейін салынған тұрғын ғимараттар үшін: 1-2 қабатты үйлер - 161 килограмм, 3-4 қабатты үйлер – 98 килограмм (жылу беру мерзімі 7 айға есептегенде);

      1985 жылдан кейін салынған тұрғын ғимараттар үшін: 1-2 қабатты үйлер - 125 килограмм, 3-4 қабатты үйлер – 72 килограмм (жылу беру мерзімі 7 айға есептегенде).

      Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде статистика органдарының деректері бойынша, өткен тоқсандағы Балқаш қаласында қалыптасқан көмір бағасы қолданылады.

      Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), егер тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстар тұрғын үй ауданының нормасы шегінде (өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін, бірақ нақты алып отырған жалпы ауданнан және шығыстар нормативтерінен аспайтын), отбасы бюджетінде шекті жол берілетін шығыстар үлесінен асып кеткен жағдайда көрсетіледі.

      Шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi жалпы сомалық есептеуде отбасының жиынтық табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) көмек көрсету үшін өлшем болып табылады.";

      3-тарау 8 тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсетуден тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде бас тартады.".

      3 тарау мынадай мазмұндағы 14-1 тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы А. Муслымов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады