Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Успен аудандық мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 70/12 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 26 желтоқсанда № 7455-14 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Успен аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Успен аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Успен аудандық мәслихатының төрағасы Ж. Бараисов

  Успен аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
21 желтоқсандағы
№ 70/12 шешіміне
1-қосымша

Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) Павлодар облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Успен ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Успен ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім);

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында қарастырылған әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек біржолғы және (немесе) мерзімді түрде (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;

      3) Радиациялық авариялар мен апаттардың салдарларын жоюға қатысушылар және осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір;

      4) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;

      5) Жеңіс күні – 9 мамыр;

      6) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз;

      8) Қазақстан Республикасы күні – 25 қазан.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстық ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне:

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери міндеттілерге;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      4) еңбек ардагерлеріне:

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      5) Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға:

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына;

      екінші рет некеге тұрмаған Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың зайыбына (жұбайына);

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      6) зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға (адамдарға, зейнеткерлерге);

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен төмен алатын сексен жастан бастап және одан жоғары (асқан) жастағы азаматтарға (адамдарға, зейнеткерлерге);

      сотпен немесе "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген басқа тәртіпте саяси қуғын-сүргіндердің құрбандары немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендер деп танылған азаматтарға;

      7) мүгедектігі бар адамдарға:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      гемодиализге мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      8) отбасының бір мүшесіне шаққандағы кірісі облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспайтын, жоғары оқу орындарында оқитын аз қамтамасыз етілген отбасылардың студенттеріне, жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      9) аз қамтамасыз етілген азаматтарға:

      жан басына шаққандағы орташа кірісі облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспайтын бір айдан астам ұзақ мерзімді ауруы бар азаматтарға;

      кірісі облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің жетпіс пайызынан төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға;

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға;

      жан басына шаққандағы орташа кірісі облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын, жасанды тамақтанатын бір жасқа дейінгі балалары бар аз қамтамасыз етілген отбасыларға;

      жан басына шаққандағы орташа кірісі облыс бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспайтын он екі аптаға дейінгі жүктілік мерзімі бар жүкті әйелдерге;

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналарға (отбасыларға);

      10) әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, атап айтқанда:

      онкология ауруларымен зардап шегетін адамдарға;

      туберкулез ауруы бар адамдарға;

      адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға;

      адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған он сегіз жасқа дейінгі балаларға;

      "инсулинге тәуелді бірінші типті қант диабеті" ауруынан зардап шегетін адамдарға;

      қант диабетімен ауыратын адамдарға;

      созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозынан зардап шегетін адамдарға;

      психикалық, мінез-құлық бұзылуларынан (аурулардан) зардап шегетін адамдарға;

      балалардың церебралдық параличі бар балаларға;

      миокардтың жіті инфаргімен ауыратын адамдарға (алғашқы 6 ай);

      ревматизммен зардап шегетін адамдарға;

      дәнекер тіннің жүйелі зақымдануларынан зардап шегетін адамдарға;

      нерв жүйесінің дегенерациялық ауруымен ауыратын адамдарға;

      орталық нерв жүйесінің миелинсіздендіруші ауруларынан зардап шегетін адамдарға;

      орфандық аурулардан зардап шегетін адамдарға;

      11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға;

      12) дүлей апаттың немесе өрттің туындаған сәтінен бастап үш ай ішінде осы жағдай салдарынан зардап шеккен адамдарға.

      8. Уәкілетті орган кірісті есепке алмай көрсетеді:

      1) мереке күндеріне және атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек:

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезенде жіберілген әскери міндеттілерге;

      Бөлімнің тізімі негізінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай:

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналарға (отбасыларға);

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 26 сәуір – Радиациялық авариялар мен апаттардың салдарларын жоюға қатысушылар және осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күніне орай:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      бейбіт уақытта әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына;

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      екінші рет некеге тұрмаған Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың зайыбына (жұбайына);

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай:

      сотпен немесе "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендер деп танылған азаматтарға;

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      уәкілетті ұйымның және Бөлімнің тізімі негізінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға;

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға;

      уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне орай:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға (адамдарға, зейнеткерлерге);

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төменгі мөлшерінен төмен алатын сексен жастан бастап және одан жоғары (асқан) жастағы зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға (адамдарға, зейнеткерлерге);

      2) біржолғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында, 2) тармақшасында, 5) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде сауықтыруға 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүруге 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде 7 (жеті) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасында үшінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жеке көмекшінің санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүруіне 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының екінші, алтыншы абзацтарында көрсетілген санаттар үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санат үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы "Успен аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – аудандық аурухана) ай сайын айдың 10-күніне ұсынатын тізім негізінде 7 (жеті) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 7 (жеті) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының жетінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының сегізінші, оныншы, он бірінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін аудандық аурухана ай сайын айдың 10-күніне ұсынатын тізім негізінде 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының тоғызыншы, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін аудандық аурухана ай сайын айдың 10-күніне ұсынатын тізім негізінде 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының он алтыншы абзацында көрсетілген санат үшін аудандық аурухана ай сайын айдың 10-күніне ұсынатын тізім негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 5 (бес) АЕК мөлшеріндегі әлеуметтік көмек;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 60 (алпыс) АЕК дейінгі мөлшердегі әлеуметтік көмек;

      3) тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында, 4) тармақшасының төртінші абзацында, 5) тармақшасының екінші, төртінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде коммуналдық қызметтерге 3,6 (үш бүтін оннан алты) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде сауықтыруға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      4) ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 5) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санат үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде сауықтыруға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін (өзіне-өзі күтім көрсете алмайтын және денсаулығының жай-күйіне байланысты үнемі көмек көрсетуге мұқтаж, өздерінің ата-аналарын (жұбайын) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті еңбекке жарамды кәмелетке толған балалары (жұбайы) жоқ немесе объективті себептер бойынша (қарттық жасына, бірінші, екінші топтағы мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуы, бас бостандығынан айыру орындарында отыруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуі немесе басқа елді мекенде тұруы) оларды тұрақты көмекпен және күтіммен қамтамасыз ете алмайтын жақын туыстары бар мүгедектігі бар адамдарға) Бөлім тізімі негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санат және еріп жүретін адам үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жол жүру (емделу орнына дейін және тұратын жеріне дейін қайта келу) шығындарын өтеуге жол жүру билеттерінің нақты құны мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7) тармақшасының алтыншы абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жол жүру (емделу орнына дейін және тұрғылықты жеріне дейін қайта келу) шығындарын өтеуге 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санат үшін аудандық аурухана ұсынатын тізім негізінде амбулаториялық емдеу кезеңінде тамақтануға 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санат үшін аудандық аурухана ұсынатын тізім негізінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде.

      9. Уәкілетті орган кірісті ескере отырып көрсетеді:

      1) біржолғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде Успен ауданының әкімі, жоғары оқу орнының басшысы және студент қол қойған білім беру қызметтерін көрсетуге арналған үшжақты шартта көрсетілген сома төленеді;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 9) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жан басына шаққандағы орташа кірісі Павлодар облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын 15 (он бес) АЕК дейінгі мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 9) тармақшасының алтыншы абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде жан басына шаққандағы орташа кірісі Павлодар облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 9) тармақшасының үшінші, төртінші абзацтарында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек 14 (он төрт) АЕК мөлшерінде;

      2) ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      осы Қағидалардың 7-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде оқу кезеңінде тұруға, тамақтануға және тұрғылықты жеріне жол жүруге 7 (жеті) АЕК мөлшерінде;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 9) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, ата-анасының біреуінің әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініші негізінде 5 (бес) АЕК мөлшерінде.

      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидалардың 11-24-тармақтарына сәйкес айқындалған.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды Бөлім "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Успен аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
21 желтоқсандағы № 70/12
шешіміне 2-қосымша

Успен аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Павлодар облысы Успен аудандық мәслихатының 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 27/3 "Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7263 болып тіркелген);

      2. Успен аудандық мәслихатының 2022 жылғы 11 мамырдағы № 103/15 "Успен аудандық мәслихатының 2021 жылғы 12 сәуірдегі "Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 27/3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27991 болып тіркелген);

      3. Успен аудандық мәслихатының 2022 жылғы 25 қарашадағы № 130/23 "Успен аудандық мәслихатының 2021 жылғы 12 сәуірдегі "Успен ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 27/3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30748 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады