Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда объектілерін орнату қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 13 қаңтардағы № 1/13 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2023 жылғы 19 қаңтарда № 1707 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабының 9-23) тармақшасына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда объектілерін орнату қағидалары бекітілсін.

      2. "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің кәсіпкерлік мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Е. Досаев

  Алматы қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 13 қаңтардағы
№ 1/13 қаулысына
қосымша

Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес
сауда объектілерін орнату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Осы Алматы қаласының аумағында және қала маңы аймағында стационарлық емес сауда объектілерін орнату қағидалары (бұдан әрі-Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4-бабы 9-23) тармақшасына сәйкес әзірленді және Алматы қаласының аумағында және қала маңы аймағында стационарлық емес сауда объектілерін орнату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:

      1) кәсіпкерлік субъектісі - бұл жеке кәсіпкерлер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері);

      2) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне, оның ішінде, автоматтандырылған құрылғыға немесе көлік құралына (бұдан әрі – "стационерлық емес сауда объектісі", "ССО") қосылған немесе қосылмағанына (технологиялық қосылу) қарамастан, жермен тығыз байланысы жоқ уақытша құрылым немесе уақытша құрылғы;

      3) нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;

      4) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ;

      5) сәулеттік келбет – бұл тұтас эстетикалық сәулет, жайлы, қол жетімді және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған қалалық кеңістік элементтерінің міндетті көрнекі құрамдас бөлігін: ғимараттар мен құрылымдардың қасбеттерін, көркейтуді, маңдайшаларды, көрсеткіштерді, шағын сәулеттік нысандар мен қала инфрақұрылымының басқа да элементтерін реттейтін ұсынымдар жиынтығы;

      6) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – бұл Алматы қаласының аумағында жер қатынастары мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын Алматы қаласы жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі.

2-тарау. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату тәртібі

      3. Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру құқығын кәсіпкерлік субъектісі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган өткізетін сауда-саттықты (аукционды) өткізу нәтижелері бойынша жер учаскесін жалға алу құқығына арналған шарттың негізінде сатып алады.

      4. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 297 бұйрығымен бекітілген Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларына (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24803 болып тіркелген) сәйкес сауда-саттықты (аукционды) өткізеді.

      5. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату орындарын айқындау кезінде олардың нақты орналасқан жері, өзіне алған аумағы, кемінде бір жылды және бес жылдан аспайтын кезеңді құрайтын сауда қызметін жүзеге асыру кезеңі, жақын маңдағы инфрақұрылымды (тауарлардың ұқсас түрлері сатылатын сауда объектілері, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру объектілері) ескере отырып, қызмет саласы көрсетіледі.

      6. Стационарлық емес сауда объектісінің қызмет түрін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша оның меншік иесі айқындайды.

      7. Кәсіпкерлік субъектісі стационарлық емес сауда объектілерін орнату кезінде:

      1) жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысын (жаяужолдардың жаяу жүргіншілері бөлігінің ені кемінде 1,5 метр), мүгедектігі бар тұлғалар мен халықтың өзге де аз қозғалатын топтары үшін жағдайлар жасауды;

      2) өрт сөндіру бөлімшелерінің, авариялық-құтқару техникасының қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарға кедергісіз кіруін қарастыру қажет.

      8. Қоғамдық тамақтану саласындағы стационарлық емес сауда объектісінің орналасқан жерінен инженерлік желілерге (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау) қосылу нүктесіне дейінгі арақашықтық 20 метрден аспауы тиіс.

      9. Түріне қарай стационарлық емес сауда объектісінің нобайлық жобасы жергілікті жердің сәулеттік-көркемдік келбетін, қасбеттердің түстік шешімі мен объект стилистикасының эстетикалық сипаттамаларын (пайдаланылатын жабдықтың түрі, оның нысаны параметрі (өлшемі), пропорциясы, ауқымы) сақтай отырып, сондай-ақ айналадағы құрылыстардың сәулеттік-қала құрылысының шешімі бойынша әзірленеді.

      10. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату кезінде кәсіпкерлік субъектісі объектінің орналасқан жерін, техникалық параметрлері мен сипаттамаларын, жақын маңдағы инженерлік желілерге дейінгі қашықтығын, инженерлік желілерге қосылуға жасалатын тиісті жағдайларын, дербестікті ескере отырып, технологиялық мүмкіндік болған жағдайда, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне, кәрізге, су құбырына және электр желілеріне қосылуы қажет.

      11. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату кезінде кәсіпкерлік субъектісінің маңдайшасы болу қажет.

      12. Стационарлық емес сауда объектілерін орнату тәртібі бойынша осы Қағидалармен реттелмелмейтін өзге де мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен регламенттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады