"Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы № 9 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 16 қаңтарда № 33910 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9930 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 27) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрі
Е. МАРЖИКПАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрі
2024 жылғы 9 қаңтардағы
№ 9 Бұйрыққа
қосымша

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 14 қарашадағы
№ 74 бұйрығымен
бекітілген

Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) спорттық іс-шараларды өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дене шынықтыру-спорт ұйымы – негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкiлеттi орган – дене шынықтыру мен спорт саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі - уәкiлеттi орган);

      3) кешенді спорттық жарыстар – спортшылар арасында орындарды бөлетін және командалар арасында жалпы командалық есепті шығаратын спортшылар немесе командалар арасындағы бірнеше спорт түрінен сайыстар;

      4) Қазақстан Республикасының чемпионаты – бұл облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар және астана спортшыларының (командаларының) қатысуымен өткізілетін республикалық спорттық жарыс;

      5) облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар – тиісті жергілікті атқарушы органдардың спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесіне енгізілген жарыстар;

      6) оқу-жаттығу жиыны – спортшылардың спорттық шеберлігін және оқу-жаттығу процесінің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған орталықтандырылған іс-шара;

      7) республикалық спорттық жарыстар – уәкілетті органның спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесіне енгізілген жарыстар (бұдан әрі – күнтізбелік жоспар);

      8) спорттық жарыс – бекітілген ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спорт түрі (түрлері) бойынша спортшылар немесе командалар арасындағы сайыс;

      9) спорттық жарыстарға қатысушылар – спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, дәрігерлер, массаж жасаушылар, мамандар, командалар немесе спортшылар тобының басшылары мен өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының ұлттық паралимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының ұлттық сурдлимпиада комитетінің өкілдері, дене шынықтыру-спорт ұйымдардың басшылары, спорт саласындағы өзге де мамандар сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жылқылар, иттер, құстар (бұдан әрі - Қатысушылар);

      10) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен өткізілетін спорттық жарыс, оқу-жаттығу жиыны;

      11) халықаралық спорттық жарыстар – шетелдік спортшылар (командалар) қатысатын спортшылар (командалар) арасындағы спорт түрi бойынша өтетін сайыстар.

2-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен спорттық жарыстарды өткізу тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстар халықаралық спорт ұйымдарының және уәкілетті органның шешімі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстар спорттық-бұқаралық іс-шаралардың ресубликалық бірыңғай күнтізбесіне енгізіледі.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстар аккредиттелген республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары әзірлейтін және уәкілетті орган бекітетін спорттық жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.

      5. Республикалық және (немесе) өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорттық жарыстар ережесін (регламентін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын жібереді.

      6. Халықаралық жарыстардың ережесі (регламенті) уәкілетті органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту шешімі қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады.

      Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде халықаралық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      7. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге өтінімдерді республикалық және (немесе) өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорт федерацияларына уәкілетті органның келісімі бойынша оларды өткізудің болжамды күніне дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын береді.

      8. Халықаралық жарыстар қатысушыларының сандық құрамын спорттық жарыстар ережесінің (регламентінің) негізінде уәкілетті орган анықтайды.

      Халықаралық олимпиада комитетінің (бұдан әрі – ХОК), Халықаралық паралимпиада комитетінің (бұдан әрі – ХПК) немесе Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің (бұдан әрі – СХСК) талаптары бойынша ХОК, ХПК, СХСК өткізетін немесе соның қолдауымен өтетін спорттық жарыстардың делегация құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының ұлттық паралимпиада комитетінің немесе Қазақстан Республикасының ұлттық сурдлимпиада комитетінің өкілдері, соның ішінде халықаралық дәрежедегі төрешілер де енгізіледі.

      9. Республикалық спорттық жарыстар уәкілетті органның шешімі және спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық және өңірлік федерациялармен келісу бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық бірыңғай күнтізбесіне сәйкес уәкілетті орган бекіткен спорттық жарыстар туралы ережелермен (регламенттермен) өткізіледі.

      10. Республикалық немесе өңірлік аккредиттелген спорт федерациялары республикалық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын жібереді.

      Спорттық жарыстардың ережесі (регламенті) уәкілетті органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту шешімі қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады.

      Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде республикалық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      11. Қазақстан Республикасының чемпионатына тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын спортшылар қатысады.

      12. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және аккредиттелген тиісті жергілікті спорт федерацияларымен келісу бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың өңірлік бірыңғай күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.

      13. Облыстық спорттық жарыстарды жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша аккредиттелген спорт федерациялары өткізеді.

      14. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары әзірлейді және оны жергілікті атқарушы орган бекітеді.

      Жергілікті аккредиттелген спорт федерациялары спорттық жарыстар ережесін (регламентін) облыстық, қалалық және аудандық атқарушы органдарға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын жібереді.

      15. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелері (регламенті) жергілікті атқарушы органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту шешімі қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады.

      Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда жергілікті атқарушы орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      16. Спорттық жарыстар ережесі (регламенті) мынадай бөлімдерді қамтиды:

      1) спорттық жарыстардың атауы, спорттық жарыстың өткізілу орны мен күні, спорттық жарыстарға қатысушылардың келу және қайту күндері;

      2) қатысушы ұйымдар, жарысқа қатысушылардың сандық құрамы;

      3) медициналық-санитарлық және допингке қарсы қамтамасыз ету;

      4) спорттық жарысқа қатысу үшін өтінімдер берудің тәртібі мен мерзімі, қаржыландыру шарттары;

      5) спорттық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлерді марапаттау тәртібі;

      6) наразылық көрсету тәртібі және оны қарау.

      17. Республикалық және (немесе) өңірлік аккредиттелген спорт федерациялар спорттық жарыстың ережесіне (регламентіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар бойынша ұсынысты спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын уәкілетті органга жібереді.

      Уәкілетті орган өзгерістер және (немесе) толықтырулар бойынша ұсынысты осы Қағидалардың 6 және 10 тармақтарында белгіленген тәртіппен қарастырады.

      Спорт түрлері бойынша аккредиттелген тиісті жергілікті спорт федерациялар спорттық жарыстың ережесіне (регламентіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар бойынша ұсынысты спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын жергілікті атқарушы органга жібереді.

      Жергілікті атқарушы орган өзгерістер және (немесе) толықтырулар бойынша ұсынысты осы Қағидалардың 15 тармағында белгіленген тәртіппен қарастырады.

3-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындарын өткізу тәртібі

      18. Оқу-жаттығу жиындары күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі.

      19. Республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 14 мамырдағы № 179 бұйрығымен бекітілген Жарыстар түрлерінің, оқу-жаттығу жиындарының және олардың сыныптамаларының тізбесіне (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11437 болып тіркелген) сәйкес өткізіледі.

      20. Оқу-жаттығу жиындарын өткізетін дене шынықтыру-спорт ұйымдары:

      1) теориялық және практикалық сабақтардың, тәрбие жұмыстарының, спортшыларды даярлаудың дербес жоспарларын, кешенді ғылыми топ жұмысының, медициналық қамтамасыз етудің және қауіпсіздікті сақтау шараларының жоспарын бекітеді;

      2) оқу-жаттығу процесін өткізудің сапасын, спортшының техникалық және тактикалық шеберлігін жетілдіруді, тәрбие жұмысын ұйымдастыруды, тәртіпті сақтауды, мүліктің сақталуын қадағалайды;

      3) білікті жаттықтырушыларды, дәрігерлерді, массажшыларды, сондай-ақ басқа да қажетті қызмет көрсетуші персоналдарды анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 107 бұйрығымен бекітілген Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10005 болып тіркелген) сәйкес тамақпен, іссапар шығыстарымен, медико-биологиялық және қалпына келтіру құралдарымен және әдістерімен қамтамасыз етеді;

      5) оқу-жаттығу жиындарын тиісті спорт ғимараттарында өткізуді қамтамасыз етеді;

      6) қажетті мүкәммалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етеді;

      7) спортшылардың және оқу-жаттығу жиындарына басқа қатысушылардың дербес тізімдерін бекітеді;

      8) санитарлық-гигиеналық нормалардың, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін, техникалық пайдаланудың ережелерін сақталуын және оқу-жаттығу жиынындағы спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      9) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) республикалық және ресми халықаралық спорттық жарыстарға даярлау кезінде спортшының өмірі мен денсаулығын сақтандыруды жүзеге асырады.

      21. Күнтізбелік жоспардың негізінде дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық іс-шаралардың ағымдағы жылға арналған қаржылық күнтізбесін әзірлейді.

      22. Спорттық жарыстарға даярлау бойынша спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы құрама командаларының арнайы оқу-жаттығу жиындарына жалпы дене даярлығы, арнайы дене даярлығы, техника-тактикалық даярлығы, спортшылардың жай-күйін тексеру, қалпына келтіру үшін жүргізу оқу-жаттығу жиындары жатады.

      23. Спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуші дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық іс-шаралардың қаржылық күнтізбесіне және күнтізбелік жоспарға сәйкес әрбір спорттық іс-шараны жеке өткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаттықтырушы баянаты негізінде сметаны бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады