Байланыс формасы

Атмосфералық ауаны қорғау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 11 наурыз N 302-ІІ. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 Заңымен.

      Осы Заң атмосфералық ауаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды және Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуге және адамның өмiрi мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған орта мен оның жай-күйi туралы дұрыс ақпарат жөнiндегi азаматтар құқықтарын iске асыруға бағытталған. 

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР  

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      1) атмосфералық ауа - қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғи қоспасы болып табылатын компонентi; 
      2) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету - атмосфералық ауаның температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерiн өзгертетiн шудың, тербелiстiң, иондаушы сәуленiң, температуралық және басқа да физикалық факторлардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды  әсер етуi;
      3) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативi - атмосфералық ауаға шу, тербелiс, электромагниттiк және басқа да физикалық әсер ететiн әрбiр көз үшiн белгiленетiн және зиянды физикалық әсер ету атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiнiң артуына әкеп соқпайтын норматив; 
      4) атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейi - атмосфералық ауаға физикалық ықпал ету нормативi, ол атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер жасалмайтын ең жоғары деңгейiн көрсетедi; 
      5) атмосфералық ауаны, қорғау - атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер етуiн болғызбауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi; 
      6) атмосфералық ауаның ластануы - зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға түсуi немесе онда пайда болуы; 
      7) атмосфералық ауаның мониторингi - атмосфералық ауаның жай-күйiн, оның ластануын бақылау жүйесi, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйiне, оның ластануына баға беру мен болжам жасау; 
      8) атмосфералық ауаның сапасы - атмосфералық ауаның гигиеналық және экологиялық нормативтерге сәйкестiгi дәрежесiн көрсететiн физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерiнiң жиынтығы; 
      9) атмосфералық ауаның трансшекаралық ластануы - физикалық көзi толық немесе iшiнара бiр мемлекеттiң ұлттық юрисдикциясындағы аумақтың шегiнде орналасқан және терiс ықпалы басқа мемлекеттiң юрисдикциясындағы аумақта байқалатын атмосфералық ауаның ластануы; 
      10) атмосфералық ауа сапасының гигиеналық нормативi - атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi шоғырлануын көрсететiн және адамның денсаулығына зиянды әсерi  жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi; 
      11) атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативi атмосфералық ауадағы зиянды (ластаушы) заттардың ең көп құрамын көрсететiн және қоршаған ортаға зиянды әсерi жоқ атмосфералық ауа сапасының өлшемi; 
      12) ауада зиянды (ластаушы) заттардың жол берiлетiн шектi мөлшерде шоғырлануы - асып кетуi адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер етуге әкеп соғатын бiр немесе бiрнеше зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға әсер ету көрсеткiшi; 
      13) жол берiлетiн шектi шығарынды нормативi - зиянды (ластаушы) заттың атмосфералық ауаға шығарылу нормативi, ол атмосфералық ауаны ластаудың жылжымалы және тұрақты көзi үшiн сол көзде атмосфералық ауа сапасының гигиеналық және экологиялық нормативтерi, экологиялық жүйелерге түсетiн жол берiлетiн шектi (қауiптi) ауыртпалық, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген басқа да экологиялық нормативтер сақталған жағдайда шығарындылардың үлестiк нормативтерi ескерiле отырып белгiленедi; 
      14) зиянды (ластаушы) зат - химиялық немесе биологиялық зат не атмосфералық ауаның құрамында болатын және жол берiлетiн шектi нормативтерден асып түсетiн белгiлi бiр шоғырлану түрiнде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн сондай заттардың қоспасы; 
      15) қолайсыз метеорологиялық жағдайлар - атмосфералық ауаның жер төңiрегiндегi қабатында зиянды (ластаушы) заттардың қордалануына ықпал ететiн метеорологиялық жағдайлар; 
      16) парник газдары - әрi табиғи тектес, әрi антропогендi тектес, инфрақызыл сәуленi жұтатын және қайта сәулелендiретiн газ тәрiздi құрамдағы атмосфералар; 
      17) шығарынды - жылжымалы және тұрақты көздерден атмосфераға зиянды (ластаушы) заттың түсуi; 
      18) шығарындының үлестiк нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк құралдары немесе өзге де жылжымалы құралдар жүрiсiнiң бiр өлшемiне шаққанда атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) зат шығарудың ең көп массасының нормативi, ол шығарындылардың жылжымалы, тұрақты көздерi, технологиялық процестер мен жабдықтар үшiн белгiленедi.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.  

       2-бап. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны
             қорғау саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына     негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
             халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты атмосфералық ауаны қорғау саласында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген принциптерге сәйкес жүзеге асырады.

  2-тарау. АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ

       4-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк
             басқарудың негiзгi принциптерi

      Атмосфералық ауаны қорғау мынадай негiзгi принциптердi:
      1) адамның, қазiргi және болашақ ұрпақтардың өмiрi мен денсаулығын қорғаудың басымдығы;
      2) атмосфералық ауаны ластаудың қоршаған орта үшiн орны толмас зардаптарына жол бермеу; 
      3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын және оған зиянды физикалық әсер етудi мемлекеттiк реттеу; 
      4) атмосфералық ауаның жай-күйi, оның ластануы туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және анықтығы; 
      5) атмосфералық ауаны қорғауға және жалпы қоршаған ортаны қорғауға көзқарастың ғылыми негiздiлiгi, жүйелiлiгi және кешендiлiгi принциптерiн сақтау негiзінде жүзеге асырылады. 

       5-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
            мемлекеттiк басқару

      Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары жүзеге асырады.
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атмосфералық
             ауаны қорғау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құзыретiне: 
      1) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу; 
      2) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бағдарламалар әзiрлеудi ұйымдастыру;
      3) экономикалық ынталандыру жүйесiн қалыптастыру және атмосфералық ауаны ластайтын шығарындыларды азайтудың тетiгiн енгiзу; 
      4)  алып тасталды
      5)  алып тасталды
      6)  алып тасталды
      7)  алып тасталды
      8)  алып тасталды
      9) атмосфералық ауаны қорғау саласында ақпарат берудiң және мемлекеттiк статистиканы жүргiзудiң тәртiбiн белгiлеу;
      10)  алып тасталды
      11)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116  Заңымен.
       12) техникалық регламенттердi бекiту жатады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.  

       7-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау
             саласындағы орталық атқарушы органының құзыретi

      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының құзыретiне:
      1) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының атмосфералық ауаны қорғау мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
      3) атмосфералық ауаны қорғау саласында нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу; 
      4)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116  Заңымен.
      5) атмосфералық ауаның мемлекеттiк мониторингiн ұйымдастыру және оны жүргiзудi қамтамасыз ету; 
      6) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру; 
      7) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайтуды экономикалық ынталандыру тетіктерін қолдануды ұйымдастыру; 
      8) экологиялық ақпаратқа жол ашып беру және атмосфералық ауаның жай-күйi, оның ластануы және атмосфералық ауа сапасын жақсарту бағдарламалары мен тиiстi iс-шаралардың орындалуы туралы халыққа хабарлап отыру; 
      9) атмосфералық ауаны қорғау мақсатында атмосфералық ауа сапасының гигиеналық және экологиялық нормативтерiн, атмосфералық ауаға физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерiн және басқа да экологиялық нормативтердi әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн белгiлеу; 
      10) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және оған зиянды физикалық әсер ететiн көздердi мемлекеттiк есепке алу тәртiбiн белгiлеу; 
      11)  алып тасталды
      12)  алып тасталды
      13) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын нормалау жекелеген кәсiпорындар мен елдi мекендер үшiн шығарындыларды нормалаудың мерзiмдерiн белгiлеу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
      14)  алып тасталды
      15) атмосфералық ауаны қорғау саласында мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу;
      16) атмосфералық ауаны ластағаны үшін базалық төлем ставкаларын бекіту;
      17) техникалық регламенттердi әзiрлеу жатады.
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.  

       8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
             органдарының атмосфералық   ауаны қорғау
             саласындағы құзыретi

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары::
      1) атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды бекiтедi;
      1-1) атмосфералық ауаның ластанғаны үшiн (аудандар мен қалалар бөлiнiсiнде) төлемдер ставкаларын, бiрақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен базалық ставкалардан төмен емес деңгейде, белгiлейдi;
      2) жергiлiктi бюджеттер құрамында атмосфералық ауаны қорғау және сауықтыру жөнiндегi шығыстарды бекiтедi; 
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдар басшыларының атмосфералық ауаны қорғаудың жай-күйi туралы ақпараттарын тыңдайды.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) атмосфералық ауаны ластауды азайту мақсатымен елдi мекендердегi көлiктер легiн реттейдi;
      2) тиiстi аумақтарда атмосфералық ауаны қорғау саласындағы аймақтық бағдарламаларды әзiрлеудi және iске асыруды ұйымдастырады;
      3)  алып тасталды -   2006.01.10. N  116  Заңымен.
       4) экологиялық ақпаратқа жол ашады және атмосфералық ауаның жай-күйі, оның ластануы және атмосфералық ауа сапасын жақсарту бағдарламалары мен тиісті іс-шаралардың орындалуы туралы халықты хабардар етеді;
      5) атмосфералық ауаны қорғау саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады;
      6) көлік немесе өзге де жылжымалы құралдарды пайдалану кезінде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаруды азайту жөнінде шараларды жүзеге асырады;
      7) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдарымен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органының аумақтық бөлімшелерімен және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша атмосфералық ауаны ластайтын өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарын бөледі;
      8) желдің бағытын ескеріп және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңдерінде қала құрылысында атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуын айқындап, реттейді.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  3-тарау. АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАНЫ ҚОРҒАУ ЖӨНIНДЕГІ
ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ

       9-бап. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары 
             және оны қорғау жөнiндегi iс-шаралар

      1. Өздерi үшiн белгiленген шектi жол берiлетiн нормативтен асып кететiн атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және (немесе) зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар оларды азайту жөнiнде шаралар қабылдауға тиiс.
      2. Атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
      3. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру кезiнде азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстарын ескеру мақсатында атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары олардың талқылауына шығарылады.
      4. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларын және оларды жүзеге асыру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.

       10-бап. Атмосфералық ауаның сапасын және оған зиянды
              физикалық әсер етудi экологиялық нормалау

      Химиялық, физикалық, биологиялық және радиациялық факторлардың адамдарға, жануарлар мен өсiмдiктерге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен өзге де объектiлерге әсер етуiнің қауiпсiздiгiн және (немесе) зиянсыздығының өлшемдерiн анықтау мақсатында, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйiн бағалау мақсатында атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерi мен оған физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi деңгейлерi белгiленедi.

       11-бап. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың
             шығарылу және атмосфералық ауаға зиянды
             физикалық әсер ету нормативтерi

      1. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуын мемлекеттiк реттеу мақсатында шығарындылардың үлестiк нормативтерi және жол берiлетiн шектi шығарындылардың нормативтерi белгiленедi. 
      2. Шығарындылардың үлестiк нормативтерiн атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты көздердiң жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ атмосфералық ауаны ластау көздерi болып табылатын көлiк құралдары немесе өзге де жылжымалы құралдар үшiн атмосфералық ауаны қорғаудың технологиялық нормативтерiн әзiрлеу құзыретiне кiретiн тиiстi мемлекеттiк органмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлейдi. 
      3. Атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудi мемлекеттiк реттеу мақсатында атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi белгiленедi. 
      4. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарудың нормативтерi және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi, оларды анықтау әдiстерi және өздерi үшiн белгiленген көздердiң түрлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi және бекiтiледi. 
      5. <*>
      6. Зиянды (ластаушы) заттарды мемлекеттiк тiркеу, жол берiлетiн шығарындылар мөлшерiне берiлген рұқсаттарды тiркеу және нақты жасалған шығарындыларды тiркеу Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi. 
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       12-бап. <*>

       Ескерту. 12-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       13-бап. Атмосфералық ауаға зиянды әсер ететiн
             шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын
             жалпы талаптар

      1. Адамның денсаулығы мен тектiк қорына, қоршаған ортаға келтiрiлуi мүмкiн зиянның алдын алу мақсатында жаңа техникаға, технологияға, материалдарға, заттарға және атмосфералық ауаға зиянды әсер етуi мүмкiн басқа да өнiмге арналған стандарттармен атмосфералық ауаны қорғау талаптары белгiленедi. 
      2. Егер жаңа техникаларды, технологияларды, материалдарды, заттарды және басқа да өнiмдi енгiзу, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен басқа да техникалық құралдарды қолдану атмосфералық ауаны қорғаудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарына сай келмесе, оларға тыйым салынады. 
      3. Қазақстан Республикасының аумағында отын өндiру мен пайдалануға Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен жол берiледi. 
      4. Жағылған кезде тиiстi аумақта атмосфералық ауаның ластануына әкеп соғатын жекелеген отын түрлерiн пайдалануға Қазақстан Республикасының Үкiметi ғылыми және экономикалық жағынан негiзделген шектеу енгiзуi, сондай-ақ отынның және басқа да энергия көздерiнің экологиялық қауiпсiз түрлерiн өндiру мен қолдануды ынталандыруы мүмкiн. 
      5. Адамның өмiрi, денсаулығы үшiн және қоршаған орта үшiн қауіптiлiк дәрежесi анықталмаған заттарды атмосфералық ауаға шығаруға тыйым салынады. 
      6. Атмосфералық ауаның жай-күйiн өзгертуге бағытталған не оның жай-күйiн уақытша нашарлатуға әкеп соғатын кез келген уақытша iс-әрекеттер Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы немесе оның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен берген рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
       Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       14-бап. Шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн
              жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау
              мен пайдалану кезiндегi атмосфералық ауаны
              қорғау талаптары

      1. Шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау мен пайдалану кезiнде, сондай-ақ қалалық және өзге де қоныстарды салу кезiнде атмосфералық ауа сапасы нормативтерiнің экологиялық, санитариялық-гигиеналық, сондай-ақ құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      2. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жобалау мен орналастыру кезiнде, сондай-ақ қалалық және өзге де қоныстарды салу мен реконструкциялау кезiнде атмосфералық ауа ластануының фондық деңгейi және оның сапасының өзгеру болжамы ескерiлуге тиiс. 
      3. Елдi мекендерде атмосфералық ауаны қорғау мақсатында шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiнiң санитариялық-қорғаныш аймақтары белгiленедi. Мұндай санитариялық-қорғаныш аймақтарының көлемiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
      4. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер етуi мүмкiн шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн жаңғырту және реконструкциялау жобаларында зиянды (ластаушы) заттардың атмосфералық ауаға шығарылуын шығарындының жол берiлетiн шектi нормативiне дейiн азайту және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес зарарсыздандыру жөнiндегi iс-шаралар көзделуге тиiс. 
      5. Атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер ететiн шаруашылық және өзге қызмет объектiлерiн орналастыру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органымен немесе оның аумақтық бөлiмшелерiмен және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiледi. 
      6. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын жүзеге асыратын жаңа және (немесе) реконструкцияланған шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн пайдалануға берген кезде шығарындылардың үлестiк нормативтерiн, жол берiлетiн шектi шығарындылардың нормативтерiн және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудің жол берiлетiн шектi нормативтерiн сақтау қамтамасыз етiлуге тиiс. 
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       15-бап. Көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы
              құралдарды шығару және пайдалану кезiнде
              атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) 
              заттардың шығарылуын реттеу

      1. Шығарындыларында зиянды (ластаушы) заттардың мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шығарындылардың үлестiк нормативтерiнен асып кететiн көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды шығаруға және пайдалануға тыйым салынады. 
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, жергілiктi атқарушы органдар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi атқарушы органдары көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды пайдалану кезiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға мiндеттi. 
      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi өкiлдi органдары өз құзыретi шегiнде көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдардың елдi мекендерге, демалыс және туризм орындарына кiруiне шектеу енгiзiп, көлiк құралдарының жүрiсiн реттей алады. 
      4. Көлiк құралдары мен өзге де жылжымалы құралдар Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен шығарындылардың үлестiк нормативтерге сәйкестiгi жөнiнен мiндеттi түрде тексерiлiп отыруға тиiс.
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       16-бап. Өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын, уытты заттар
             мен пестицидтердi сақтау, көму, зарарсыздандыру
             және өртеу кезiнде зиянды (ластаушы) заттардың
             шығарылуын реттеу

      1. Ұйымдар мен елдi мекендердiң аумақтарында, сондай-ақ орналастырылу полигондарында өндiрiс және тұтыну қалдықтарын, атмосфералық ауаны ластайтын уытты заттар мен пестицидтердi сақтау, көму және зарарсыздандыру, сондай-ақ мұндай қалдықтарды өртеу Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелер негiзiнде жүргiзiледi. 
      2. Жеке және заңды тұлғалар атмосфералық ауаны ластау көздерi болып табылатын өндiрiс және тұтыну қалдықтарының оларды жинап қоятын немесе көметiн арнаулы орындарға, сондай-ақ мұндай қалдықтарды шикiзат ретiнде пайдаланатын басқа да шаруашылық немесе өзге де қызмет объектiлерiне уақтылы апарылуын қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      3. Атмосфералық ауаны ластайтын өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыратын жердi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi атқарушы органдары бөледi және ол жергiлiктi өкiлдi органдармен, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының және азаматтардың денсаулығын сақтау саласына басшылық етудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiлуге тиiс.
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.

       17-бап. Атмосфералық ауа жай-күйiнiң адамдар өмiрi мен
              денсаулығына қатер төндiретiн өзгеруi кезiнде
              халықты қорғау жөнiндегi iс-шаралар

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қалалық және өзге де қоныстарда желдiң бағытын ескерiп, қала құрылысында және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңдерiнде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын реттеп отырады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердi жүргiзу тәртiбiн, оның iшiнде тиiстi болжамдарды әзiрлеу мен берудi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiнiң ұсынысы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi. 
      3. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығару көздерi бар заңды тұлғалар қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжамдарын алған кезде атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту жөнiнде Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аталған iс-шаралардың жүргiзiлуi мен тиiмдiлiгiн бақылауды қамтамасыз ететiн аумақтық бөлiмшелерiмен келiсiлген iс-шараларды жүргiзуге мiндеттi. 
      4. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың авариялық шығарылуы туғызған атмосфералық ауаның өзгеруi кезiнде және ол адамның өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайда Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдарына сәйкес халықты қорғау жөнiнде шұғыл шаралар қолданылады. 
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       18-бап. Атмосфералық ауаның трансшекаралық ластануы

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан зиянды (ластаушы) заттардың шығарылу көздерiнен атмосфералық ауаны трансшекаралық ластаудың алдын алу және зардаптарын жою мақсатымен Қазақстан Республикасының Үкiметi атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын азайту жөнiндегi iс-шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ атмосфералық ауаны қорғау саласында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес өзге де шараларды жүзеге асырады. 

  4-тарау. АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАҒА ЗИЯНДЫ ӘСЕР ЕТУ
КӨЗДЕРIНIҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЕСЕБI

       19-бап. Атмосфералық ауаға зиянды әсер ету
              көздерiнiң мемлекеттiк есебi

      1. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылатын көздерi және атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылу көлемi мен құрамы, оған зиянды физикалық әсер етудiң түрлерi мен мөлшерi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк есепке алынуға тиiс. 
      2. Тиiстi аумақтарда атмосфералық ауаны қорғау саласында статистикалық байқауларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын ұйымдардың тiзбесiн мемлекеттiк статистика органдары белгiлейдi.
       Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       20-бап. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар
              шығарылуының, атмосфералық ауаға зиянды
              физикалық әсер ету мен олардың көздерiнiң
              есебiн жүргiзу

      1. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және оған зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуының, атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету мен олардың көздерiнiң есебiн жүргiзедi. 
      2. Мемлекеттiк есепке алынуға және нормалануға тиiс атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын көздер, атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету көздерi, зиянды (ластаушы) заттардың тiзбелерi, атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң тiзбесi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуының, атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ету мен олардың көздерiнiң есебiн жүргiзу нәтижелерi туралы деректер негiзiнде белгiленедi. 

  5-тарау. АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
БАҚЫЛАУ

       21-бап. Атмосфералық ауа мониторингi

      1. Атмосфералық ауаның жай-күйiн байқау, оның жай-күйiн кешендi түрде бағалау мен болжау, сондай-ақ мемлекеттiк органдарды, ұйымдар мен халықты атмосфералық ауаның сапасы туралы ағымдағы және шұғыл ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, атмосфералық ауаның мемлекеттiк мониторингiн ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының тиiстi аумақтарында оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi. 
      2. Атмосфералық ауаның мемлекеттiк мониторингi Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингiнiң бiртұтас мемлекеттiк жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 
      3. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерi атмосфералық ауаның өндiрiстiк мониторингiн жүзеге асыруға тиiстi ұйымдардың тiзбесiн белгiлейдi. 
       Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       22-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
              мемлекеттiк бақылау

      1. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау: 
      1) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттармен белгiленген талаптарды; 
      2) атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде атмосфералық ауаны қорғауға өндiрiстiк бақылау жүргiзудiң стандарттарын, нормативтерiн, ережелерiн және өзге де талаптарын; 
      3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты көздерi бар объектiлердiң санитариялық-қорғаныш аймақтарының режимiн; 
      4) атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларының орындалуын; 
      5) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының өзге де талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге тиiс. 
      2. Мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру:
      1) атмосфералық ауаға қарқынды әсер ететiн табиғат пайдаланушылар қызметiнiң экологиялық нәтижелiлiгiн бағалау;
      2) тексерiлетiн объектiлер бойынша перспективалық, жылдық, жедел жұмыс жоспарларын әзiрлеу және зертханалық-талдау деректерiн және атмосфералық ауаға әсер ету, шаруашылық қызметi ықпалынан оның өзгеруi туралы өзге де ақпараттар жинау жолымен мемлекеттiк органдардың, табиғат пайдаланушылардың арасындағы өзара тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылатын атмосфералық ауаға терiс әсер етудi азайту мен жою жөнiндегi шаралар кешенiн қамтиды.
      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң зертханалық-талдау бақылауы қызметтерiнiң деректерi атмосфералық ауаның сапасын айқындау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны ластайтын көздерден сынамалар алу жолымен алынуы мүмкін.
      3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау:
      1) мемлекеттiк және ведомстволық статистикалық есептiлiк материалдарын, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң зертханалық-талдау бақылауы қызметiнiң атмосфералық ауаға әсер ету туралы деректерiн, сондай-ақ кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң табиғат қорғау қызметi және тексерулер барысында анықталған бұзушылықтарды жоюы туралы мәлiметтердi талдау;
      2) тексерулердi ұйымдастыру мен жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
      4. Тексерудiң түрлерi:
      жоспарлы - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген уақыт аралықтары ескерiлiп жүргiзiлетiн тексеру;
      жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы өтiнiштерде және өзге де ақпараттарда жазылған фактiлер бойынша жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртiпке, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi дереу жоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық белгiлерiнiң тiкелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру;
      қарсы - тексеру жүргiзу кезiнде үшiншi тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру;
      рейдтiк - атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген талаптарын сақтау мәселелерi бойынша бiрмезгiлде бiрнеше субъектiлердi тексеру;
      кешендi - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа да мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзетiн тексеру.
      Тексерулердiң өзге түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
      5. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi шығаратын тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда мiндеттi түрде тiркеледi.
      6. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң лауазымды адамдары тексеру нәтижелерi бойынша өз құзыретi шегiнде мынадай актiлердi:
      1) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын тексеру актiсiн;
      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы;
      3) нұсқаманы;
      4) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны шығарады.
      Кәсiпкерлiк субъектiнiң басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманың орындалғаны туралы ақпаратты нұсқаманы орындау мерзiмi өткеннен кейiн жетi күннен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына, оның аумақтық бөлiмшелерiне табыс етуге тиiс.
       Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       23-бап. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы
              өндiрiстiк бақылау

      1. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады. 
      2. Атмосфералық ауаны қорғаудың жай-күйiне өндiрiстiк бақылауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның куәлiгi бар аттестатталған зертханалар жүргiзедi. 
      3. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын көздерi бар заңды тұлғалар атмосфералық ауаны қорғауды, оның сапасын бақылауды Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға тиiс. 
      4. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды жүргiзуге жауапты тұлғалар туралы мәлiметтер, сондай-ақ атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылаудың нәтижелерi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiне және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына табыс етiлiп отырады.
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

       24-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны
              қорғау саласындағы орталық атқарушы органы
              мемлекеттiк инспекторларының құқықтары

      1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мемлекеттiк инспекторларының: 
      1) меншiк нысандары мен бағыныстылығына қарамастан, ұйымдар мен басқа да объектiлерге (оның iшiнде белгiленген тәртiппен әскери және қорғаныс объектiлерiне) кедергiсiз (қызметтiк куәлiктерiн көрсете отырып) кiруге, атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттаманы, талдаулардың нәтижелері мен өзге де материалдарды танысу үшін сұратып және тегін алуға; 
      2) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың белгiленген нормативтерiнiң сақталуын және тазалау құрылыстарының жұмысын, осындай шығарындыларды бақылау құралдарын тексеруге; 
      3) атмосфералық ауаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi жоспарлар мен iс-шаралардың орындалуын, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдар талаптарының сақталуын тексеруге; 
      4) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес қажеттi лицензиялардың, мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысының бар-жоғын, табиғи ресурстарды пайдалануға лицензияларда белгiленген талаптардың сақталуын және атмосфералық ауаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерiнiң жүзеге асырылуын, табиғат пайдалануға жасалған шарттар (келiсiм-шарттар) мен берiлген рұқсаттардың орындалуын тексеруге, белгiленген тәртiппен олардың күшiн жоюға, олардың күшiн жою туралы нұсқамалар беруге немесе ұсыныстар енгiзуге; 
      5) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң белгiленген нормативтерiнiң сақталуын тексеруге; 
      6) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзуге және оның қорытындыларының орындалуын тексеруге; 
      7) экологиялық қауiптi жүктердi (бұйымдарды), қалдықтар мен шикiзат ресурстарын Қазақстан Республикасының аумағына атмосфералық ауа сапасының нормативтерiн бұза отырып әкелудiң (әкетудiң) жүзеге асырылуына, сондай-ақ олардың транзитiне (одан әрi тасымалдануына) тыйым салу туралы нұсқама шығаруға; 
      8) сот органдарына Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарын бұзып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап арыз беруге; 
      9) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қарауға, тиiстi органдарға атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдарды әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды жiберуге; 
      10) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуына және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттардың қолданылуын үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға, егер мұндай рұқсаттардың талаптары сақталмаса, тиiстi құқықтық рәсiмдi қолдана отырып, олардың күшiн жоюға, бұл жағдайда рұқсат иесiне алдағы уақытта оның күшi жойылатыны туралы алдын ала хабарланады; 
      11) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарын бұзу салдарынан келтiрiлген зиян мөлшерiн анықтауға (анықтауға қатысуға) және соның негiзiнде кiнәлi тұлғалардан осы зиянды өз еркiмен өтеудi талап етуге не сотқа талап қоюға; 
      12) тұрақты және жылжымалы көздер, оның iшiнде көлiк құралдары жүзеге асыратын атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын өлшеу iсiн жүргiзуге; 
      13) тиiстi қаржы-кредит ұйымдарына экологиялық талаптарды бұзып немесе экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн салу мен пайдалануды қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқамалар енгiзуге; 
      14) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылау нормалары мен ережелерiнiң сақталуын тексеруге; 
      15) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының бұзылуын жою туралы жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi нұсқамалар шығаруға құқығы бар.
      16)  алып тасталды
      2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мемлекеттiк инспекторларының шешiмдерi барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi, оларға бағыныстылық тәртiбiмен немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
       Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       25-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау
              саласындағы орталық атқарушы органы мемлекеттiк
              инспекторларының мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының мемлекеттiк инспекторлары:
      1) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарында белгiленген әзiрлiк деңгейiнде болуға;
      2) қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға; 
      3) тиiстi аумақта атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың белгiленген нормативтерiнiң, сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттарда көзделген басқа да талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға; 
      4) мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындыларының орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге; 
      5) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезiнде азаматтармен және қоғамдық табиғат қорғау ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасауға; 
      6) қоршаған табиғи ортаға атмосфералық ауаны ластау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң мөлшерiн негiздеуге; 
      7) мемлекеттiк органдарға атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарды бұзу фактiлерi туралы өз құзыретi шегiнде хабарлап отыруға;
      8) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдардың бұзылғандығы туралы материалдарды дайындауға және құқық қорғау органдарына жiберуге;
      9) атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу кезiнде ұйымдарға жәрдем көрсетуге;
      10) ұйымдарға Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган тiзбесiн белгiлейтiн нормативтердi әзiрлеу жөнiнде құжаттама беруге мiндеттi.
       Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  6-тарау. ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ АТМОСФЕРАЛЫҚ
АУАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ
МЕН МIНДЕТТЕРI

       26-бап. Азаматтардың және қоғамдық бiрлестiктердiң
             атмосфералық   ауаны қорғау саласындағы құқықтары

       1. Азаматтардың және қоғамдық бiрлестiктердiң:
       1) атмосфералық ауаның жай-күйi, оның ластануы туралы, сондай-ақ атмосфералық ауаны ластайтын және оған зиянды физикалық әсер ететiн көздер туралы анық ақпарат алуға; 
       2) атмосфералық ауаны қорғау және оны қаржыландыру жөнiндегi iс-шараларды өткiзуге қатысуға; 
       3) атмосфералық ауаның сапасына зиянды әсер етуi мүмкiн, жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет мәселелерiн талқылауға қатысуға; 
       4) атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларын талқылауға және оларда оның сапасын жақсарту туралы өз ұсыныстарын енгiзуге; 
       5) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құқықтардың, бостандықтардың немесе заңды мүдделердiң бұзылуы немесе бұзылу қатерінің төнуі туралы және атмосфералық ауаның ластануынан өмірге, денсаулыққа және мүлiкке келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап қоюға; 
       6) нормативтердi, ережелердi және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу процесiнде оларды талқылауға қатысуға құқығы бар. 
       2. Қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіп пен талаптар бойынша атмосфералық ауаны ластайтын және оған зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiнiң есептерiмен танысуға құқығы, сондай-ақ олардың аумағына кiруге құқығы бар. 
       3. Азаматтардың және қоғамдық бiрлестiктердiң Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы лауазымды адамдарының әрекеттерiне бағыныстылық ретi бойынша немесе сотқа шағымдануға құқығы бар.
       Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       27-бап. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар
              шығаратын тұрақты және жылжымалы көздерi бар
              жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi

      Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты және жылжымалы көздерi бар жеке және заңды тұлғалар: 
      1) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруi мүмкiн немесе қатер төндiретiн не адамдардың денсаулығына және (немесе) қоршаған ортаға зиян келтiрген атмосфералық ауаның ластануы туғызған авариялық шығарындылар туралы ақпаратты авариялық шығарындылар салдарынан зақымдануы мүмкiн ұйымдарға және мемлекеттiк органдарға дереу берiп отыруға; 
      2) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыратын органдарға атмосфералық ауаны қорғау мәселелерi бойынша дер кезiнде, толық және дұрыс ақпаратты белгiленген тәртiппен берiп отыруға; 
      3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарылуының есебiн жүргiзудi және жол берілетiн шектi шығарындылардың нормативтерi мен атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерiн әзiрлеудi қамтамасыз етуге; 
      4) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ететін шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн салу орындарын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсуге; 
      5) атмосфералық ауаның ластану деңгейiн азайту мақсатында қалдығы аз және қалдықсыз технологияны енгiзуге; 
      6) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын ұстап қалу, кәдеге жарату, зарарсыздандыру, оларды жол берiлетiн шектi шығару нормативiне жеткенге дейiн қысқарту жөнiндегi iс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға; 
      7) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды авариялық шығарудың алдын алу мен жою жөнiндегi, сондай-ақ оның ластану зардаптарын жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға; 
      8) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын және олардың көздерiн есепке алуды жүзеге асыруға, атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарудың белгiленген нормативтерiнiң сақталуына бақылау жүргiзуге; 
      9) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларын тазарту мен бақылауға арналған құрылыстарды, жабдықтарды пайдалану ережелерiн сақтауға; 
      10) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiнің санитариялық-қорғаныш аймақтары режимiнiң сақталуын қамтамасыз етуге; 
      11) шаруашылық және өзге де қызмет объектiсiнің тиiстi аумағынан атмосфералық ауаны ластайтын қалдықтардың осындай қалдықтар жинап қойылатын немесе көмiлетiн арнаулы орындарға, сондай-ақ осындай қалдықтарды шикiзат ретiнде пайдаланатын шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiне уақтылы апарылуын қамтамасыз етуге; 
      12) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мемлекеттiк инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
      13) атмосфералық ауаға таралатын зиянды заттар шығарындыларының белгiленген жол берiлетiн шектi нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
       Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.

  7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       28-бап. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны
              қорғау саласындағы заңдарын бұзу арқылы
              келтiрiлген зиянды өтеу

      Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарын бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығына, қоршаған ортаға, ұйымдардың, азаматтар мен мемлекеттiң мүлкiне зиян келтiрген жеке және заңды тұлғалар зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.

       29-бап. Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны
              қорғау саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн
              жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады. 

       30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" 1981 жылғы 12 маусымдағы Қазақ ССР Заңының (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1981 ж., N 25, 482-құжат; 1984 ж., N 36, 447-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi  

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады