Қазақстан Республикасының Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға және Құрлықтық шельфте орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттамаға қосылуы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 27 ақпандағы N 390-II заңы.

      Қазақстан Республикасы Римде 1988 жылғы 10 наурызда жасалған Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға және Құрлықтық шельфте орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттамаға қосылсын.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған
заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы
КОНВЕНЦИЯ

      (2004 жылғы 22 ақпанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер ,

      Халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдауға және мемлекеттер арасындағы достастық қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға қатысты Бiріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын назарға ала отырып ,

      атап айтқанда, Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiсiнде көрсетiлгендей өмiр сүруге, бостандыққа және жеке басына қол сұқпаушылыққа әркiмнің құқығы бар екендiгiн мойындай отырып ,

      қауiп-қатерге ұшырататын немесе кінәсiз адамдардың өмiрiн әкететiн, негiзгi бостандықтарға қауiп төндiретiн және адамның жеке басының қадiр-қасиетiн қорлайтын оның барлық нысандарында әлемдегi терроризм iс-әрекеттерiнің күшеюiне [қатты] алаңдай отырып ,

      теңiздегi кеме қатынасы қауіпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттер адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздігіне қауіп төндiретін, теңiз қатынасын айтарлықтай бұзатынын және теңiздегi кеме қатынасы қауіпсiздігіне әлем xалықтарының сенiмiн жоғалтатынын

      ескере отырып ,

      осындай iс-әрекеттер бүкіл әлемдiк қоғамдастықтың алаңдаушылығына себеп болып табылады деп есептей отырып ,

      теңiздегi кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған барлық заңсыз iс-әрекеттердiң алдын алу және оларды жасайтын тұлғалардың iзiне түсу және жазаға тарту жөнiндегi тиiмдi және iс жүзіндегi шараларды әзiрлеудегi және қабылдаудағы мемлекеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың шұғыл қажеттiлiгіне сене отырып ,

      басқаларының арасында "барлық мемлекеттердi бiр жақты тәртiппен және басқа мемлекеттермен, сондай-ақ Бiріккен Ұлттар Ұйымының тиiстi органдарымен ынтымақтаса отырып, халықаралық терроризм негiзiнде жатқан себептердi бiртiндеп жоюға көмектесуге және отаршылдық, нәсілшiлдiк және адам құқықтарын және негiзгi еркiндiктерiн жаппай және дөрекi бұзумен байланысты жағдайларды қоса алғанда, барлық жағдайларға, сондай-ақ халықаралық терроризмді тудыру және халықаралық бейбiтшілік пен қауiпсiздiкке қауіп келтiруi мүмкiн шетелдiк басқыншылық нәтижесiнде қалыптасқан жағдайларға ерекше көңiл бөлуге шақыратын" Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 9 желтоқсандағы 40/61 қарарына жүгiне

      отырып ,

      бұдан әрi 40/61 қарарының "оларды қайда және кiм жасамасын және оның ішінде мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға және олардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн терроризмнің барлық iс-әрекеттерiн, әдiстерi мен практикасын қылмыстық ретiнде сөзсiз айыптайтындығына" сүйене отырып ,

      сондай-ақ Халықаралық теңiз ұйымының 40/61 қарарында "тиiстi шараларға қатысты ұсынымдар енгiзу мақсатында бортта немесе теңiз кемелеріне қарсы терроризм iс-әрекеттерінің проблемаларын зерделеу"

      ұсынылып отырғанына сүйене отырып ,

      кемелер қауіпсiздiгiне және олардың жолаушылары мен экипаждарының қауіпсiздiгiне қатер төндiретiн заңсыз iс-әрекеттердің алдын алу жөнiндегi шараларды әзiрлеуге шақыратын, Халықаралық теңiз ұйымы Ассамблеясының 1985 жылғы 20 қарашадағы А. 584(14) қарарын назарға ала отырып ,

      осы Конвенцияның кеме бортында әдеттегi тәртіптi қолдау нормаларымен регламенттелетiн экипаждың iс-әрекеттеріне таратылмайтынын атап көрсете отырып ,

      кемелерге қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттердiң алдын алуға және осындай iс-әрекеттермен күреске қатысты нормалар мен стандарттар мониторингінің қажеттiлiгiн растай отырып , бұл қажет болғанда оларды жаңғырту мақсатында және осыған байланысты Халықаралық теңiз ұйымының Теңiздегi қауіпсiздiк жөнiндегi комитетi

      ұсынған кемелер бортындағы жолаушылар мен экипажға қарсы заңсыз iс-әрекеттердiң алдын алу жөнiндегi шараларды қанағаттанғандықпен ескере отырып,

      бұдан әрi осы Конвенциямен реттелмейтiн мәселелер жалпы халықаралық құқық нормаларымен және қағидаттарымен реттелудi жалғастыратынын растай отырып ,

      теңiздегi кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күресте жалпы xалықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын барлық мемлекеттердің қатаң сақтау қажеттiгiн мойындай отырып ,

      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:

      a) "кеме" ұстаудың динамикалық қағидатына негізделген кемені, су асты аппараттарын немесе кез келген басқа да жүзгіш құралдарды қоса алғанда, теңіз түбінде тұрақты бекітілмеген кез келген кеме түрін білдіреді;

      b) "тасымалдау" шешім қабылдау құқығын қоса алғанда, адамның немесе заттың орын ауыстыруына бастамашылық жасауды, оны ұйымдастыруды немесе тиімді бақылауды білдіреді;

      c) "қатты дене жарақаты немесе залал":

      i) қатты жарақатты; немесе

      ii) ірі экономикалық залалға әкеп соғатын қоғамдық пайдалану орындарының, мемлекеттік немесе үкіметтік объектінің, инфрақұрылым объектісінің немесе қоғамдық көлік жүйесінің едәуір бүлінуін; немесе

      ііі) ауаны, топырақты, суды, фаунаны немесе флораны қоса алғанда, қоршаған ортаға едәуір залал келтіруді білдіреді;

      d) "БХЯ қару дегеніміз":

      i) "биологиялық қару" болып табылатын:

      1) олардың шығарылған жеріне немесе өндіру әдісіне қарамастан, профилактикалық, қорғаныс немесе басқа да бейбіт мақсаттарда қолдануға болмайтын түрлеріне және санына қарамастан микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе уытты заттарды; немесе

      2) осындай агенттер мен уытты заттарды дұшпандық мақсаттарда немесе қарулы қақтығыстарда қолдануға арналған қаруды, жабдықты немесе жеткізу құралдарын;

      ii) "химиялық қару" болып табылатын жиынтығындағы немесе жекелей алғандағы мыналар:

      1) олар:

      A) өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық, зерттеушілік, медициналық, фармацевтикалық немесе өзге де бейбіт мақсаттарға; немесе

      B) қорғаныстық мақсаттарға, атап айтқанда, уытты химикаттардан қорғануға және химиялық қарудан қорғануға тікелей байланысты мақсаттарға; немесе

      C) химиялық қаруды қолданумен байланысы жоқ және соғысты жүргізу құралы ретінде химикаттардың уытты қасиеттерін пайдалануға тәуелді емес әскери мақсаттарға; немесе

      D) елдегі тәртіпсіздіктермен күресті қоса алғанда, құқық қорғау мақсаттарына арналған жағдайларды қоспағанда, олардың түрлері мен саны осындай мақсаттарға сай келген кезде уытты химикаттар мен олардың прекурсорларын;

      2) іі) 1) тармақшада көрсетілген осындай оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолдану нәтижесінде босайтын уытты химикаттардың уытты қасиеттерінің есебінен жойқын зақымдау немесе өзге де зиян келтіруге әдейі арналған оқ-дәрілер мен құрылғыларды;

      3) іі) 2) тармақшада көрсетілген оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолданумен байланысты тікелей пайдалануға әдейі арналған кез келген жабдықты;

      ііі) ядролық қаруды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды білдіреді;

      е) "уытты химикат" өмірлік маңызы бар процестерге өзінің химиялық әсер етуінің есебінен кісі өліміне ұшырататын, уақытша естен тандыратын немесе адамға немесе жануарларға үнемі зиян келтіретін кез келген химикатты білдіреді. Бұған өздерінің шығарылған жеріне немесе оларды өндіру тәсіліне қарамастан және оқ-дәрілер объектілерінде немесе әлдебір жерде өндірілгеніне қарамастан осындай барлық химикаттар жатады;

      f) "прекурсор" уытты химикатты қандай да болмасын тәсілмен өндірудің кез келген сатысына қатысатын кез келген химиялық реагентті білдіреді. Бұған бинарлық немесе көп құрамды химиялық жүйенің кез келген негізгі құрауышы жатады;

      g) "Ұйым" Халықаралық теңіз ұйымын (ХТҰ) білдіреді;

      h) "Бас хатшы" Ұйымның Бас хатшысын білдіреді.

      2. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:

      a) "қоғамдық пайдалану орындары", "мемлекеттік немесе үкіметтік объект", "инфрақұрылым объектісі" және "қоғамдық көлік жүйесі" деген терминдердің 1997 жылғы 15 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданған Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияда пайдаланылатын осыларға ұқсас терминдермен мағынасы бірдей, және

      b) "бастапқы материал" және "арнаулы ыдыратқыш материал" деген терминдердің 1956 жылғы 26 қазанда Нью-Йоркте қабылданған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Жарғысында пайдаланылатын осыларға ұқсас терминдермен мағынасы бірдей.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

2-бап

      1. Осы Конвенция:

      а) әскери корабльге; немесе

      b) мемлекетке тиесiлi немесе әскери-қосалқы не кедендiк немесе полициялық мақсаттар ретiнде қолданылған кезде ол пайдаланатын кемеге; немесе

      с) пайдаланудан шығарылған немесе қазыққа қойылған кемеге қолданылмайды.

      2. Осы Конвенцияда ешнәрсе әскери корабльдердің және коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа да мемлекеттiк кемелердің иммунитетiн қозғамайды.

2bis бап

      1 Халықаралық құқыққа сәйкес, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына және адам құқықтары, босқындар мәртебесін реттейтін құқық және гуманитарлық құқық саласындағы халықаралық нормаларға сәйкес осы Конвенцияда ешнәрсе мемлекеттердің және жекелеген тұлғалардың басқа да құқықтарын, міндеттемелері мен міндеттерін қозғамайды.

      2 Осы Конвенция осы құқықпен реттелетін халықаралық гуманитарлық құқықта осы терминдер түсінілетіндей қарулы жанжал кезіндегі қарулы күштердің әрекеттеріне және мемлекеттің әскери күштері өздерінің ресми функцияларын жүзеге асыру мақсатында қолданатын әрекеттерге қолданылмайды, өйткені олар басқа халықаралық құқық нормаларымен реттеледі.

      3 1968 жылғы 1 шілдеде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, 1972 жылғы 10 сәуірде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияға немесе 1993 жылғы 13 қаңтарда Парижде қол қойылған Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтау мен қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға сәйкес осы Конвенцияда ешнәрсе осындай шарттардың мүше мемлекеттеріне қатысты құқықтарды, міндеттемелер мен міндеттерді қозғамайды.

      Ескерту. Конвенция 2bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

3-бап

      1. Осы Конвенцияның мазмұны бойынша кез келген адам, егер ол заңсыз немесе қасақана:

      а) кеменi басып алса немесе күшпен немесе оған күш көрсету қаупiн төндiру немесе қорқытудың кез келген басқа да нысандары жолымен бақылауды жүзеге асырса; немесе

      b) кеме бортындағы тұлғаға қарсы зорлық iс-әрекет жасаса, егер бұл iс-әрекет осы кеменің қауiпсiз жүзуiне қауiп төндiретiн болса; немесе

      с) кеменi бұзса немесе кемеге немесе оның жүгiне осы кеменiң қауiпсiз жүзуiне қауiп төндiретiн зиян келтiрсе; немесе

      d) қандай да болмасын әдiспен осы кеменi бұзуы, осы кемеге немесе оның жүгiне зиян келтiруi мүмкін немесе осы кеменiң қауiпсiз

      жүзуiне қауiп төндiретiн немесе қауiп төндiруi мүмкiн құрылғыны немесе затты кеменің бортына орналастырса немесе орналастыру мақсатында iс-әрекет жасаса; немесе

      e) теңiз навигациялық жабдығын бұзса немесе оған едәуiр зиян келтiрсе немесе оны пайдалануға айтарлықтай кедергiлер жасаса, егер кез келген осындай iс-әрекет кеменің қауiпсiз жүзуiне қауiп төндiруi мүмкiн болса; немесе

      f) осы арқылы кеменің қауіпсіз жүзуіне қауіп төндіре отырып, алдын ала жалған мәліметтер хабарласа;

      g) алып тасталды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

      2. Кез келген адам, егер ол жеке немесе заңды тұлғаны қандай да бір іс-әрекет жасауға немесе одан тартынуға, 1-тармақтың b), с) және e) тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың қайсыбірін жасауға мәжбүр ету мақсатында ұлттық заңнамада көзделгендей талаппен немесе онсыз қауіп төндірсе, егер осы қауіп сөз болып отырған кеменің қауіпсіз жүзуіне қатер төндіретін болса, қылмыс жасайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

3bis бап

      1. Осы Конвенцияның мазмұны бойынша кез келген адам, егер ол заңсыз немесе қасақана:

      а) осы әрекеттің мақсаты өзінің сипаты немесе мазмұны жағынан халықты қорқыту немесе үкіметті не халықаралық ұйымды қандай да бір іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу немесе тартылу болып табылған жағдайда:

      і) жарылғыш заттарды, радиоактивті материалдарды немесе БХЯ қаруын кісі өліміне немесе қатты дене жарақатына немесе зиянға әкеп соғатындай немесе әкеп соғуы мүмкін болатындай қандай да бір кемеге қарсы немесе онда пайдаланса не кемеден лақтырса; немесе

      іi) а) і) тармақшада аталмаған мұнайды, сұйытылған табиғи газды немесе өзге де қауіпті немесе зиянды затты кісі өліміне немесе қатты дене жарақатына немесе зиян келтіруге әкеп соғатындай немесе әкеп соғуы мүмкін болатындай мөлшерде немесе концентрацияда кемеден лақтырса; немесе

      іii) кемені кісі өліміне немесе қатты дене жарақатына немесе зиянға әкеп соғатындай пайдаланса; немесе

      іv) бұл ұлттық заңнамада көзделгендей талаппен немесе онсыз а) і), іі) немесе ііі) тармақшада көрсетілген қылмысты жасаймын деп қорқытса; немесе

      b) кеменің бортында:

      і) халықты қорқыту немесе үкіметті не халықаралық ұйымды қандай да бір әрекет жасауға мәжбүрлеу немесе тартылу мақсатында бұл ұлттық заңнамада көзделгендей талаппен немесе онсыз кісі өліміне әкеп соғуға немесе қатты дене жарақатына немесе зиян келтіруге немесе зиян келтіру қаупін туғызуға арналғанын біле отырып, қандай да бір жарылғыш затты, радиоактивті материалды; немесе

      іi) 1-бапта айқындалғандай оның БХЯ қару болып табылатынын сезіне отырып, кез келген БХЯ қаруды; немесе

      іii) ядролық жарылыстарға байланысты қызметте немесе МАГАТЭ-мен Жан-жақты кепілдіктер туралы келісімге сәйкес кепілдіктермен қамтылмайтын басқа да ядролық қызметте пайдалануға арналғанын сезіне отырып, арнаулы ыдыратқыш материалды өңдеуге, пайдалануға немесе өндіруге әдейі арналған немесе дайындалған кез келген бастапқы материалды, арнаулы ыдыратқыш материалды не жабдықты немесе материалды; немесе

      іv) осындай мақсат үшін пайдалану ниетімен БХЯ қаруды жобалауға, өндіруге немесе жеткізуге елеулі үлес қосатын кез келген жабдықты, материалдарды немесе бағдарламалық қамтылымды не тиісті технологияны тасымалдаса, қылмыс жасайды.

      2. Осы Конвенцияның мазмұны бойынша, егер:

      а) осы затты немесе материалды түпкілікті беру немесе алу, оның ішінде мемлекеттің шегінде беру немесе алу Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы осы мемлекеттің міндеттемелеріне қайшы келмесе; және

      b) осы зат немесе материал Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы мемлекеттің ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны жеткізу жүйесіне арналған болса, осындай қаруға немесе құрылғыға иелік ету осы Шарт бойынша қатысушы осы мемлекеттің міндеттемелеріне қайшы келмесе,

      ядролық қаруға немесе өзге де ядролық жарылғыш құрылғыға жататын шамада 1 b) ііі) тармақта көрсетілген, осындай зат немесе материал Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің аумағында немесе аумағынан тасымалданатын не өзге түрде олардың бақылауымен тасымалданатын болса, 1 b) iv) тармақта көрсетілген затты немесе материалды тасымалдау қылмыс болып табылмайды.

      Ескерту. Конвенция 3bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

3ter бап

      Осы Конвенцияның мағынасы бойынша кез келген адам, егер ол басқа адамның 3, 3bis немесе 3quater бапта көрсетілген қылмыс болып табылатын немесе Қосымшада санамаланған шарттардың кез келгенінде көрсетілген қылмыс болып табылатын әрекетті жасағанын біле отырып және осындай адамға қылмыстық қудалаудан құтылу үшін көмек көрсетуге ниет білдіре отырып, осы адамды кеменің бортында заңсыз және қасақана тасымалдаса, қылмыс жасайды.

      Ескерту. Конвенция 3ter-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

3quater бап

      Егер кез келген адам:

      а) 3-баптың 1-тармағында, 3bis бапта немесе 3ter бапта көрсетілген қылмыстардың қандай да бірін жасауға байланысты қандай да бір адамға заңсыз және қасақана дене жарақаттарын келтірсе немесе оны өлтірсе; немесе

      b) 3-баптың 1-тармағында, 3bis баптың 1-тармағының а) і), іі) немесе ііі) тармақшасында немесе осы баптың а) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасауға әрекеттенсе; немесе

      c) 3-бапта, 3bis бапта, 3ter бапта немесе осы баптың а) немесе b) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасауға сыбайлас қатысушы ретінде қатысса; немесе

      d) 3-бапта, 3bis бапта, 3ter бапта немесе осы баптың а) немесе b) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларға басшылық етсе; немесе

      е) 3-бапта, 3bis бапта, 3ter бапта немесе осы баптың а) немесе b) тармақшасында көрсетілген бір немесе одан көп қылмыстарды ортақ мақсатпен, қасақана әрекет ететін адамдар тобының жасауына ықпал етсе және:

      i) қылмыстық әрекетті немесе топтың қылмыстық мақсатын қолдау мақсатында мұндай әрекет немесе мақсат 3, 3bis немесе 3ter бапта көрсетілген қылмыс жасауды қамтыса; немесе

      ii) 3, 3bis немесе 3ter бапта көрсетілген қылмысты жасауға топтың ниетін ұғынса, ол да осы Конвенцияның мағынасы бойынша қылмыс жасайды.

      Ескерту. Конвенция 3quater-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

4-бап

      1. Осы Конвенция егер кеме жүзу сапарына шықса немесе оның бағыты қандай да болмасын мемлекеттiк аумақтық теңiздің сыртқы шекарасынан тыс немесе шектес мемлекеттермен оның аумақтың теңiзiнің бүйiрлiк шекараларынан тыс орналасқан суларға, сулар арқылы немесе судан жүзудi қамтыса, қолданылады.

      2. Осы Конвенция 1-тармаққа сәйкес қолданылмайтын жағдайларда, ол сонда да қылмыскер немесе болжамды қылмыскер 1-тармақта аталған мемлекеттен өзге қатысушы мемлекеттің аумағында болса, қолданылады.

5-бап

      Әрбір қатысушы мемлекет осы қылмыстардың ауыр сипатын ескере отырып, 3, 3bis, 3ter және 3quater баптарда көрсетілген қылмыстар үшін тиісті жазалар белгілейді.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

5bis бап

      1. Заңды тұлғаны басқаруға немесе оны бақылауға жауапты, өзі ресми түрде әрекет ететін жеке тұлға осы Конвенцияда көрсетілген қылмысты жасаған жағдайда, әрбір қатысушы мемлекет өз ішкі құқығының қағидаттарына сәйкес өз аумағындағы немесе өз заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаны жауаптылыққа тартуға мүмкіндік беретін қажетті шараларды қолданады. Мұндай жауаптылық қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сипатта болуы мүмкін.

      2. Мұндай жауаптылық осы қылмыстарды жасаған жеке тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы үшін нұқсан келтірмей басталады.

      3. Әрбір қатысушы мемлекет, атап айтқанда, 1-тармаққа сәйкес жауаптылыққа тартылатын заңды тұлғаларға қатысты тиімді, мөлшерлес және тежемелі әсер ететін қылмыстық, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік санкцияларды қолдануды қамтамасыз етеді. Мұндай санкциялар ақшалай санкцияларды қамтуы мүмкін.

      Ескерту. Конвенция 5bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

6-бап

      1. Әрбір қатысушы мемлекет қылмыс жасалғанда, 3, 3bis, 3ter және 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға қатысты өз юрисдикциясын белгілеу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қолданады.

      2. Қатысушы мемлекет сондай-ақ:

      а) оны әдетте осы мемлекетте тұратын азаматтығы жоқ тұлға жасаса; немесе

      b) оны жасау кезiнде осы мемлекеттiң азаматы ұсталса, қорқытуға ұшыраса, жарақаттанса немесе өлтiрiлсе; немесе

      с) ол осы мемлекеттi қандай да болмасын iс-әрекет жасауға немесе одан бас тартуға мәжбүр ету мақсатында жасалса, кез келген осындай қылмысқа қатысты өзінің заңдық иелігін орната алады.

      3. 2-тармақта атап көрсетілген юрисдикцияны белгілеген кез келген қатысушы мемлекет бұл туралы Бас хатшыны хабардар етеді. Егер мұндай қатысушы мемлекет кейіннен мұндай юрисдикциядан бас тартса, ол бұл туралы Бас хатшыны хабардар етеді.

      4. Болжанатын қылмыскер оның аумағында болған және оны осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес өз юрисдикциясын белгілеген қандай да бір қатысушы мемлекетке бермеген жағдайларда, әрбір қатысушы мемлекет 3, 3bis, 3ter және 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға қатысты өз юрисдикциясын белгілеу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қолданады.

      5. Осы Конвенция ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын ешқандай қылмыстық заңдық иелiктi жоймайды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

7-бап

      1. Оны жағдайлары талап ететiнiне көз жеткiзе отырып, аумағында қылмыскер немесе болжамды қылмыскер бар кез келген қатысушы мемлекет, өзінің заңнамасына сәйкес оны қамауға алады немесе қылмыстық iзiне түсу немесе беру бойынша iс-қимылдар қабылдау үшiн қажеттi уақыт iшiнде оның болуын қамтамасыз ететiн басқа да шаралар қабылдайды.

      2. Мұндай мемлекет дереу өз заңнамасына сәйкес деректерге алдын ала тексеру жүргiзедi.

      3. Оған қатысты 1-тармақта аталған шаралар қолданылатын кез келген тұлғаның:

      а) ол азаматы болып табылатын мемлекеттiң ең жақын тиiстi өкілiмен кiдiрiссiз байланысуға немесе өзге де тәсiлмен осындай байланысты орнатуға құқылы немесе ол азаматтығы жоқ тұлға бoлca, әдетте ол оның аумағында тұратын мемлекеттің өкілiмен байланысуға;

      b) оның өкiлiнің осы мемлекетке келуге құқығы бар.

      4. 3-тармақта аталған құқықтар аумағында қылмыскер немесе болжамды қылмыскер бар мемлекеттiң заңдарына және ережелерiне сәйкес, аталған заңдар мен ережелер 3-тармаққа сәйкес ұсынылатын құқықтар арналған мақсаттарды толығымен жүзеге асыруға мүмкіндiк бepуi тиiс жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес тұлғаны қамауға алған кезде, 6-баптың 1-тармағына сәйкес ол заңдық иелiк орнатқан

      мемлекеттерге және егер ол орынды деп есептесе, кез келген басқа да

      мүдделi мемлекеттерге оларда қамауда осындай тұлға бар екендiгi туралы және оны ұстауды талап ететiн жағдайлар туралы кiдiрiссiз хабарлайды. Осы баптың 2-тармағында көзделген алдын ала тексерудi жүргiзетiн мемлекет оның нәтижелерi туралы аталған мемлекеттерге дереу хабарлайды және құқықтық иелiктi жүзеге асыруға өзінің ниетi бары-жоғын көрсетедi.

8-бап

      1. Қатысушы мемлекет ("туы көтерілген мемлекет") кемесінің капитаны оның 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қылмысты жасады деп санауға ақылға қонымды негіздері бар кез келген адамды кез келген басқа да қатысушы мемлекеттің ("қабылдаушы мемлекет") органдарына бере алады.

      2. Ту астындағы мемлекет 1-тармаққа сәйкес бортында оның беруге ниетi бар кез келген тұлға бар кеменің капитаны қабылдаушы мемлекеттің құзыреттi органдарына өзiнің осындай тұлғаны беру ниетi

      туpалы және беру себептерi туралы хабарламаны осыны шын мәнiнде жүзеге асыру мүмкін болғанда және мүмкiндігінше кеме қабылдаушы мемлекеттiң аумақтық теңiзiне кiргенге дейiн беруiн қамтамасыз етедi.

      3. Қабылдаушы мемлекет берiліп отырған тұлғаны осындай берудi

      тудыратын iс-әрекеттерге осы Конвенция қолданылмайды деп есептеуге оның барлық негiздерi болған жағдайды есептемегенде қабылдайды және

      7-баптың ережелерiне сәйкес iс-қимыл жасайды. Берiлетiн тұлғаны қабылдаудан кез келген бас тартуға қабыл алмаудың себептерi туралы өтiнiш қоса берiледi.

      4. Ту астындағы мемлекет болжамды қылмысқа қатысты, капитанның иелiгiнде бар дәлелдемелердi кеме капитанының

      қабылдаушы мемлекеттің құзыреттi органдарынан қамтамасыз етедi.

      5. 3-тармаққа сәйкес берiлген тұлғаны қабылдап алған қабылдаушы мемлекет өз кезегiнде ту астындағы мемлекетке осы тұлғаны беру туралы өтiнiш жасайды. Ту астындағы мемлекет осындай кез келген өтiнiштi қарайды және егер ол оны қанағаттандырса, онда 7-бапқа сәйкес iс-қимыл жасайды. Егер ту астындағы мемлекет өтiнiштi қабыл алмаса, ол қабылдаушы мемлекетке қабыл алмау себептерi баяндалған өтінішін ұсынады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

8bis бап

      1. Осы Конвенцияда қамтылатын заңсыз актілерді болдырмау және жолын кесу мақсатында қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа сәйкес барынша мүмкін болатын дәрежеде ынтымақтасады және осы бапқа сәйкес сұрау салуларға мүмкіндігінше тез жауап береді.

      2. Осы бапқа сәйкес әрбір сұрау салуда мүмкіндігінше күдік тудыратын кеменің атауы, кеменің ХТҰ тану нөмірі, тіркеу порты, шығу және межеленген порттары, сондай-ақ басқа да кез келген қажетті ақпарат көрсетілуге тиіс. Егер сұрау салу ауызша нысанда жіберілген болса, сұрау салушы Қатысушы сұрау салуды жазбаша нысанда мүмкіндігінше тез растайды. Сұрау салынатын Қатысушы кез келген жазбаша немесе ауызша сұрау салуды алғанын дереу растайды.

      3. Қатысушы мемлекеттер теңізде кемеге отыруға және оның жүгін тексеріп қарауға байланысты қауіптер мен қиындықтарды назарға алады және келесі кіру портында немесе басқа жерде тиісті мемлекеттердің арасында келісілген басқа да қажетті шаралардың неғұрлым қауіпсіз өткізілу мүмкіндігі туралы мәселені қарайды.

      4. 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қылмыс оның туы астында жүзетін кеменің қатысуымен жасалды, жасалып жатыр немесе жасалуға дайын деп күдіктенуге ақылға қонымды негіздері бар қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекеттерге осы қылмыстың алдын алу немесе жолын кесу үшін көмек көрсету туралы өтінішпен жүгіне алады. Осындай өтініш алған қатысушы мемлекеттер өздерінде бар құралдар шегінде осындай көмек беру үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды.

      5. Қатысушы мемлекеттің ("сұрау салушы Қатысушы") құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары немесе басқа да уәкілетті лауазымды адамдары басқа қатысушы мемлекеттің ("бірінші Қатысушы") туы астында жүзетін немесе осындай мемлекетте оның тіркеу белгілері бар және кез келген мемлекеттің аумақтық теңізінен тыс болатын кемемен ісі болған әр кезде және сұрау салушы Қатысушының кеме немесе осы кеме бортындағы адам 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қылмысты жасауға қатысты, қатысады немесе қатысуға дайын деп күдіктенуге ақылға қонымды негіздері болғанда және сұрау салушы Қатысушы кемеге отырғызуға ниет білдіргенде,

      а) ол 1 және 2-тармақтарға сәйкес бірінші Қатысушының ұлты туралы өтінішті растауын сұрайды және

      b) егер ұлты расталса, сұрау салушы Қатысушы (бұдан әрі "туы көтерілген мемлекет" деп аталатын) бірінші Қатысушыдан кемеге отыруға рұқсат беруді және осы кемеге қатысты кемені тоқтатуды, кемеге отырғызуды және кемені, борттағы оның жүгін және адамдарды тексеріп қарауды, сондай-ақ 3, 3bis, 3ter және 3quater баптарда көрсетілген қылмыстың жасалғанын, жасалып жатқанын немесе жасалуға дайын екенін айқындау мақсатында борттағы адамдарға сұрау жүргізуді қамтуы мүмкін тиісті шараларды қолдануды сұрайды.

      c) туы көтерілген мемлекет:

      i) сұрау салушы Қатысушыға кемеге отырғызуға және 7-тармаққа сәйкес ол белгілей алатын кез келген талаптарды сақтай отырып, b) тармақшасында көрсетілген тиісті шараларды қолдануға рұқсат етеді; немесе

      ii) кемеге отырғызуға және жеке өз құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарының немесе өзге лауазымды адамдардың көмегімен оны тексеріп қарауды жүргізеді; немесе

      iii) 7-тармаққа сәйкес ол белгілей алатын кез келген талаптарды сақтай отырып, кемеге отырғызуды және сұрау салушы Қатысушымен бірге оны тексеріп қарауды; немесе

      iv) кемеге отырғызуды және оны тексеріп қарауды жүргізуге рұқсат беруден бас тартады.

      Сұрау салушы Қатысушы туы көтерілген мемлекеттің тікелей рұқсатынсыз кемеге отырмайды және b) тармақшасында көрсетілген шараларды қолданбайды.

      d) Ратификациялық грамотаны немесе қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған кезде немесе оны тапсырғаннан кейін қатысушы мемлекет, егер ұлтын растау туралы сұрау салуды алғанын растағаннан кейін төрт сағат ішінде бірінші Қатысушыдан жауап алынбаса, Бас хатшыны оның туы астында жүзетін немесе оның тіркеу белгілері бар кемелерге қатысты сұрау салушы Қатысушының кемеге отырғызуға және кемені, борттағы оның жүгін және адамдарды тексеріп қарауды жүргізуге, сондай-ақ кеменің ұлтын растайтын құжаттарды табу және тексеру мақсатында борттағы адамдарға сұрау жүргізуге, сондай-ақ 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қылмыстың жасалғанын, жасалып жатқанын немесе жасалуға дайын екенін айқындауға рұқсат алатыны туралы хабардар ете алады.

      е) Ратификациялық грамотаны немесе қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған кезде немесе оны тапсырғаннан кейін қатысушы мемлекет Бас хатшыны оның туы астында жүзетін немесе оның тіркеу белгілері бар кемелерге қатысты сұрау салушы Қатысушыға кемеге отырғызуға және кемені, борттағы оның жүгін және адамдарды тексеріп қарауды жүргізуге, сондай-ақ 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қылмыстың жасалғанын, жасалып жатқанын немесе жасалуға дайын екенін айқындау мақсатында борттағы адамдарға сұрау жүргізуге рұқсат берілетіні туралы хабардар ете алады.

      Осы тармаққа сәйкес жіберілген хабарламалар кез келген уақытта кері қайтарып алынуы мүмкін.

      6. Егер осы бапқа сәйкес жүргізілген кез келген кемеге отырғызу нәтижесінде 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта сипатталған іс-әрекеттің дәлелдемесі анықталса, туы көтерілген мемлекет сұрау салушы Қатысушыға туы көтерілген мемлекеттен шаралар қолдануға қатысты нұсқаулар алуды күткен кезде кемені, кеме бортындағы жүк пен адамдарды ұстап қалуға рұқсат бере алады. Сұрау салушы Қатысушы туы көтерілген мемлекетке осы баптың негізінде жүргізілген отырғызу, тексеріп қарау және ұстап қалу нәтижелері туралы дереу хабарлайды. Сұрау салушы Қатысушы да туы көтерілген мемлекетке осы Конвенцияда қамтылмаған басқа заңсыз іс-әрекеттің дәлелдемесін анықтағаны туралы дереу хабарлайды.

      7. Осы Конвенцияның басқа ережелерімен үйлесетіндей шамада туы көтерілген мемлекет 5 немесе 6-тармақтың негізінде ұсынылатын өзінің рұқсатын шарттармен, оның ішінде сұрау салушы Қатысушыдан қосымша ақпарат алу шарттарымен және қолданылатын шаралар үшін жауаптылыққа және осындай шаралардың ауқымына қатысты шарттармен қоса жібере алады. Адамдардың өмірі үшін тікелей қауіпті жою үшін қажет немесе басқа да тиісті екіжақты немесе көпжақты келісімдерден туындайтын шараларды қоспағанда, туы көтерілген мемлекеттің тікелей рұқсатынсыз ешқандай қосымша шаралар қолданыла алмайды.

      8. Осы бапқа сәйкес жүргізілетін кез келген отырғызуға қатысты туы көтерілген мемлекеттің ұсталған кемеге, кеме бортындағы жүкке немесе басқа заттарға, сондай-ақ адамдарға алып қоюды, тәркілеуді, тыйым салуды және қудалауды қоса алғанда, юрисдикцияны жүзеге асыруға құқығы бар. Алайда туы көтерілген мемлекет өз конституциясы мен заңнамасын сақтай отырып, 6-баптың негізінде юрисдикциясы бар басқа мемлекеттің юрисдикцияны жүзеге асыруына келісім бере алады.

      9. Өз лауазымды адамдарының және кеме бортындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болған немесе өздеріне рұқсат етілген әрекеттерді орындау үшін ресми адамдарға бөгет жасалған жағдайлардан басқа, осы баптың негізінде рұқсат етілген әрекеттерді орындау кезінде күш қолданылмауы қажет. Осы баптың негізінде кез келген күш қолдану нақты мән-жайларда қажетті және ақылға қонымды болып табылатын күштің ең төмен деңгейінен аспауға тиіс.

      10. Қорғаушы ережелер:

      а) Осы бапқа сәйкес қатысушы мемлекет қандай да бір кемеге қатысты шаралар қолданған кезде, ол:

      i) тиісті түрде теңіздегі адам өмірінің қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу қажеттілігін ескереді;

      ii) борттағы барлық адамдарға олардың адами ар-намысы сақталатындай және адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықты қоса алғанда, халықаралық құқықтың қолданылатын ережелері орындалатындай түрде қарауды қамтамасыз етеді;

      iii) осы баптың негізінде кемеге отырғызу және тексеріп қарау қолданылатын халықаралық құқыққа сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етеді;

      iv) кеме мен оның жүгінің қауіпсіздігін және қорғалуын тиісті түрде ескереді;

      v) туы көтерілген мемлекеттің коммерциялық немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеу қажеттілігін тиісті түрде ескереді;

      vi) қолда бар мүмкіндіктер шегінде кемеге немесе оның жүгіне қатысты қолданылған кез келген шараның нақты мән-жайларды ескере отырып, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан сай болуын қамтамасыз етеді;

      vii) 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген кез келген қылмыстарға байланысты оларға қарсы талқылау қозғалуы мүмкін кеме бортындағы адамдарға олар қайда болса да, 10-баптың 2-тармағында көзделген қорғану құралдарының берілуін қамтамасыз етеді;

      viii) кеме капитанының осы мемлекеттің кемеге отырғызу ниеті туралы хабардар болуын және алғашқы мүмкіндік болғанда оған кеме иесімен және туы көтерілген мемлекетпен байланысу мүмкіндігінің берілуін қамтамасыз етеді; және

      ix) кемені негізсіз ұстауды немесе ұстап қалуды болдырмау үшін ақылға қонымды күш-жігерін жұмсайды.

      b) Егер:

      i) кеме қолданылған шараларды ақтайтын ешқандай іс-әрекет жасамаған жағдайда, қолданылған шаралар ескеріле отырып келтірілген уәждер негізсіз болса; немесе

      ii) осындай шаралар заңсыз болып табылса немесе осы баптың ережелерін жүзеге асыру үшін қолда бар ақпаратқа сәйкес ақылға қонымды қажет шаралардан асатын болса, туы көтерілген мемлекеттің кемеге отырғызуға рұқсат беруі оны жауаптылыққа әкеп соқтырмайтын жағдайда, қатысушы мемлекеттер осы баптың негізінде қолданылған шаралар нәтижесінде келтірілген, оларға жүктелетін залал, зиян немесе шығындар үшін жауапты болады.

      Қатысушы мемлекеттер осындай залалға, зиянға немесе шығындарға қатысты тиімді регресс құқығын қамтамасыз етеді.

      c) Егер қатысушы мемлекет осы Конвенцияға сәйкес кемеге қатысты шаралар қолданса, ол тиісті түрде:

      i) халықаралық теңіз      құқығына сәйкес жағалау маңындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттемелеріне және юрисдикциясының жүзеге асырылуына; немесе

      ii) кемеге байланысты әкімшілік, техникалық және әлеуметтік мәселелер бойынша юрисдикциясын және бақылауды жүзеге асыруға туы көтерілген мемлекеттің құқықтылығына бөгет жасамау немесе нұқсан келтірмеу қажеттілігін ескеруге тиіс.

      d) Осы баптың негізінде қолданылатын кез келген шараны құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары немесе басқа уәкілетті лауазымды адамдар әскери корабльдерден немесе әскери ұшу аппараттарынан не оларды мемлекеттік қызметте тұратындар ретінде тануға мүмкіндік беретін және осы мақсатқа уәкілеттік берілген анық сыртқы белгілері бар басқа кемелерден немесе ұшу аппараттарынан жүзеге асырады және 2 және 2bis баптарға қарамастан, осы баптың ережелері қолданылады.

      е) Осы баптың мақсаттары үшін "құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары немесе басқа уәкілетті лауазымды адамдар" өз мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген, форма киетін немесе оларды анық ерекшелендіретін өзге де белгілері бар құқық қорғау немесе өзге мемлекеттік орғандардың қызметкерлері болып табылады. Осы Конвенцияның негізінде заңнаманың орындалуын қамтамасыз етудің нақты мақсаты үшін кемеге отырғызу кезінде құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары немесе басқа уәкілетті лауазымды адамдар кеме капитанына танысу үшін үкімет тиісті түрде берген жеке куәлігін ұсынуға тиіс.

      11. Осы бап кез келген қатысушы мемлекет халықаралық құқыққа сәйкес қандай да бір мемлекеттің аумақтық теңізінің шегінен тыс жерлерде жүргізетін кемеге отырғызуға қатысты қолданылмайды және тексеріп қарау құқығына, апатқа немесе қауіп-қатерге ұшырау жағдайындағы адамдарға, кемелерге және мүлікке көмек көрсетуге не заңнаманы орындауды қамтамасыз ету жөніндегі шараны немесе өзге шараны қолдануға туы көтерілген мемлекет берген құқықтылықтарға негізделген отырғызуларды қоса алғанда, осындай отырғызуды шектемейді.

      12. Қатысушы мемлекеттер осы баптың негізінде бірлескен операцияларға арналған стандартты шұғыл рәсімдер әзірлеуге және қажет болған кезде операциялар жүргізу үшін осындай рәсімдерді үйлестіру мақсатында басқа қатысушы мемлекеттермен консультациялар жүргізуге көтермеленеді.

      13. Қатысушы мемлекеттер өздерінің арасында осы бапқа сәйкес жүргізілетін заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету бойынша операцияларды жеңілдетуге бағытталған келісімдер немесе уағдаластықтар жасаса алады.

      14. Әрбір қатысушы мемлекет оның құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарының немесе басқа уәкілетті лауазымды адамдардың, сондай-ақ басқа қатысушы мемлекеттің атынан әрекет ететін басқа қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарының немесе басқа уәкілетті лауазымды адамдарының осы бапқа сәйкес әрекет ету өкілеттіктерінің болуын қамтамасыз ететін тиісті шаралар қолданады.

      15. Ратификациялық грамотаны немесе қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған кезде немесе оны тапсырғаннан кейін әрбір қатысушы мемлекет көмек көрсету туралы, кеме ұлтын растау туралы және тиісті шаралар қолдануға рұқсат беру туралы сұрау салуды алуға, сондай-ақ осындай сұрау салуларға жауап беруге тиіс органды немесе, қажет болған жағдайда, органдарды тағайындайды. Мемлекет қатысушы болғаннан кейін бір айдың ішінде ол байланыс ақпаратын қоса алғанда, осындай тағайындау туралы Бас хатшыны хабардар етеді, ол бұл туралы тағайындаған кезден бастап бір айдың ішінде барлық басқа қатысушы мемлекеттерге хабарлайды. Әрбір қатысушы мемлекет тағайындалған органның немесе байланыс ақпаратының кез келген өзгеруі туралы хабарламаның Бас хатшы арқылы уақтылы берілуіне жауапты болады.

      Ескерту. Конвенция 8bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

9-бап

      Осы Конвенция, олардың туы астында жүзбейтiн кемелердің бортындағы мәжбүрлiк шараларды тексеру немесе қабылдау бойынша құқықтық иелiктi жүзеге асыратын мемлекеттердің құзыретiне жататын xалықаралық құқық нормаларын қозғамайды.

10-бап

      1. Аумағында қылмыскер немесе болжамды қылмыскер бар қатысушы мемлекет 6-бап қолданылған жағдайда, егер ол оны бермесе, қандай да болмасын ерекшелiктерсiз және қылмыс оның аумағында жасалған-жасалмағанына қарамастан, өзінің заңнамасына сәйкес тексеру жүргiзу арқылы қылмыстық тергеу мақсаттары үшiн iстi өзiнің

      құзыреттi органдарына кідiрiссiз беруi тиiс. Бұл органдар ауыр сипаттағы кез келген басқа да қылмыс жағдайындағыдай әдiспен осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес шешiм қабылдайды.

      2. Күзетпен ұсталған немесе оған қатысты кез келген басқа да шаралар қолданылған немесе осы Конвенцияға сәйкес талқылау жүзеге асырылатын кез келген адамға әділ түрде қарауға, оның ішінде аумағында осы адам тұратын мемлекеттің заңнамасына және адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықты қоса алғанда, халықаралық құқықтың қолданылатын ережелеріне сәйкес барлық құқықтар мен кепілдіктерді пайдалануға кепілдік беріледі.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

11-бап

      1. 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстар беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде қандай да бір қатысушы мемлекеттер арасында жасалған, кез келген беру туралы шартқа қосылуға жатады деп есептеледі. Қатысушы мемлекеттер мұндай қылмыстарды беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде өздері арасында жасалатын барлық беру туралы шарттарға қосуға міндеттенеді.

      2. Беруді шарттың болуымен байланыстыратын қатысушы мемлекет беру туралы шарт жасалмаған екінші қатысушы мемлекеттен беру туралы өтінішті алған кезде, сұрау салынатын мемлекет өз қарауы бойынша осы Конвенцияны 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға байланысты беру үшін құқықтық негіз ретінде қарай алады. Беру сұрау салынатын қатысушы мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа да талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

      3. Беруді шарттың болуымен байланыстырмайтын қатысушы мемлекеттер өзара қатынастарда сұрау салынатын қатысушы мемлекеттің заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып, 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарды беруге әкеп соғатын қылмыстар ретінде қарайды.

      4. Қажет болған жағдайда, 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарды, егер олар жасалған жерінде ғана емес, сонымен қатар беру туралы өтінішпен жүгінген қатысушы мемлекеттің юрисдикциясы шегінде қандай да бір орында жасалған ретінде болса, қатысушы мемлекеттер оларды беру мақсаттары үшін қарайды.

      5. 6-бапқа сәйкес құқықтық иелiгiн белгiлеген мемлекеттерден беру туралы бiреуден артық өтiнiш алатын және қылмыстық қудалауды қозғамау шешiмiн қабылдайтын қатысушы мемлекет, қылмыскер немесе болжамды қылмыскер берiлуi тиiс мемлекеттi таңдаған кезде, қылмыс жасалған уақытта оның туы астында кеме жүзген қатысушы мемлекеттiң мүдделерi мен мiндеттерiн тиiстi түрде ескередi.

      6. Осы Конвенцияға сәйкес болжамды қылмыскердi беру туралы өтiнiштi қараған кезде сұралынды мемлекет болжамды қылмыскердің 7-баптың 3-тармағында көрсетілген құқықтарының сұралынды мемлекетте

      iске асырылу мүмкіндігi туралы мәселеге тиiстi назар аударады.

      7. Осы Конвенцияда көрсетiлген қылмыстарға қатысты беру туралы қатысушы мемлекеттердің арасындағы барлық шарттар мен келiсiмдердің ережелерi қатысушы мемлекеттердің арасындағы қатынастарда олар осы Конвенциямен үйлеспейтiн шамада өзгередi.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

11bis бап

      3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстардың ешқайсысы беру немесе өзара құқықтық көмек көрсету мақсаттары үшін саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс немесе саяси себептерден туындаған қылмыс ретінде қаралмайды. Сондықтан осындай қылмыспен байланысты беру туралы немесе өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш саяси қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты қылмысқа немесе саяси себептерден туындаған қылмысқа қатысты болуының негізінде ғана қабылданбауы мүмкін емес.

      Ескерту. Конвенция 11bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

11ter бап

      Осы Конвенцияда ешнәрсе де, егер сұрау салынатын қатысушы мемлекеттің 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға байланысты беру туралы немесе осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініштің мақсаты сол адамды оның нәсілі, діни сенімі, азаматтығы, этникалық шыққан тегі, саяси сенімі немесе жынысы бойынша соттық қудалау немесе жазалау болып табылады немесе осы өтінішті қанағаттандыру осы себептердің кез келгені бойынша сол адамның жағдайына нұқсан келтіреді деген пайымдауға дәлелді негіздер болса, қандай да бір адамды беруге немесе өзара көмек көрсетуге міндеттеме жүктейтіндей түсіндірілмеуге тиіс.

      Ескерту. Конвенция 11ter-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

12-бап

      1. Қатысушы мемлекеттер 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға қатысты басталған қылмыстық қудалауға байланысты, талқылау үшін қажетті өздеріндегі дәлелдемелерді алуға жәрдемдесуді қоса алғанда, бір-біріне барынша көмек көрсетеді.

      2. Қатысушы мемлекеттер 1-тармақ бойынша олардың арасында болуы мүмкін өзара құқықтық көмек туралы кез келген шартқа сәйкес өз мiндеттемелерiн орындайды. Осындай шарттар болмаған жағдайда қатысушы мемлекеттер өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бiр бiрiне көмек көрсетедi.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

12bis бап

      1. Қатысушы мемлекеттің бірінде күзетпен ұсталып отырған немесе түрмеде қамақта отыру мерзімін өтеп жатқан адам және екінші қатысушы мемлекетте болуы жеке басын анықтау, айғақтар беру немесе 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарға байланысты тергеу немесе қылмыстық қудалау үшін дәлелдемелер алуға өзге де көмек көрсету мақсаттары үшін талап етілсе, мынадай:

      a) бұл адам соған өз келісімін толық ақпарат негізінде еркін беруі; және

      b) екі мемлекеттің де құзыретті биліктері осы мемлекеттер тиімді деп есептеуі мүмкін шарттарда келісімге қол жеткізуі шарттары сақтала отырып берілуі мүмкін.

      2. Осы баптың мақсаттары үшін:

      a) адам берілетін мемлекет, егер сол адамды берген мемлекет өзгеше сұрамаса немесе өзгеге санкция бермесе, берілген адамды күзетпен ұстауға құқылы және міндетті;

      b) адам берілген мемлекет алдын ала келісілгендей немесе екі мемлекеттің де құзыретті биліктерімен өзгеше келісілгендей, сол адамды бұрын берген мемлекеттің иелігіне осы адамды қайтару бойынша өз міндеттемесін кідіріссіз орындайды;

      c) адам берілген мемлекет сол адамды берген мемлекеттен оны қайтару үшін беру рәсімін қозғауды талап етпеуге тиіс;

      d) берілген адамның берген мемлекетте жазасын өтеу мерзіміне адам берілген мемлекетте күзетпен ұстау мерзімі есептеледі.

      3. Осы бапқа сәйкес белгілі бір адам берілуге тиіс болатын қатысушы мемлекеттің келісімінсіз, бұл адам өзінің азаматтығына қарамастан, қудалануға немесе күзетпен ұсталуға жатпайды және өзі берілген мемлекеттің аумағынан кеткенге дейін әрекеттеріне немесе өзіне қатысты шығарылған үкімдерге байланысты осы адам берілген мемлекеттің аумағында өзінің жеке бостандығына қатысты қандай да бір өзге де шектелуге ұшыратыла алмайды.

      Ескерту. Конвенция 12bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

13-бап

      1. Қатысушы мемлекеттер 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстарды болдырмау үшін, атап айтқанда:

      a) өз аумақтарының шегінде немесе шегінен тыс жерлерде осындай қылмыстарды олардың тиісті аумақтарында жасауға дайындықты болдырмау бойынша іс жүзінде жүзеге асырылатын барлық шараларды қолдану;

      b) 3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қылмыстардың жасалуын болдырмау мақсатында. өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ақпарат алмасу және әкімшілік және қажет болғанда қолданылатын басқа да шараларды үйлестіру арқылы ынтымақтасады.

      2. 3, 3bis, 3ter немесе 3quater бапта көрсетілген қандай да бір қылмысты жасау нәтижесінде кеме рейсі кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда, аумағында кеме, жолаушылар немесе экипаж тұрған кез келген қатысушы мемлекет кеменің, оның жолаушыларының, экипажының немесе жүгінің негізсіз кешіктірілуін немесе ұсталуын болдырмау үшін барлық ықтимал күш-жігерді қолдануға міндетті.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

14-бап

      3, 3bis, 3ter немесе 3quater баптарда көрсетілген қандай да бір қылмыс жасалады деп пайымдауға негізі бар кез келген қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзінде бар кез келген тиісті ақпаратты, өзінің пікірі бойынша 6-бапқа сәйкес юрисдикция орнатқан мемлекеттер болып табылатын мемлекеттерге барынша тез береді.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

15-бап

      1. Әрбiр қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Бас хатшыға мүмкіндiгiнше қысқа мерзiмде:

      а) қылмыстың жағдайларына;

      b) 13-баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған iс-әрекеттерге;

      с) қылмыскерге немесе болжамды қылмыскерге қатысты қолданылған шараларға және атап айтқанда беру немесе басқа да құқықтық iс-әрекеттер бойынша кез келген iс-қимылдардың нәтижелерiне қатысты өзiнде бар кез келген ақпаратты хабарлайды.

      2. Аумағында бoлжамды қылмыскер қылмыстық қудалауға тартылған қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тергеудiң соңғы нәтижелерi туралы Бас хатшыға хабарлайды.

      3. 1 және 2-тармақтарға сәйкес берілген ақпаратты Бас хатшы барлық қатысушы мемлекеттерге, Ұйым мүшелеріне, басқа да мүдделі мемлекеттерге және тиісті халықаралық үкіметаралық ұйымдарға хабарлайды.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

16-бап

      1. Осы Конвенцияны түсiндiруге немесе қолдануға қатысты екi немесе одан артық қатысушы мемлекеттердің арасындағы ақылға қонымды уақыт iшiнде келiссөздер жолымен реттелмейтiн кез келген дау олардың бiреуiнің өтiнiшi бойынша төрелiк сотқа берiледi. Егер төрелiк сот туралы өтiнiш берiлген күннен бастап алты ай iшiнде тараптар төрелiк сотты ұйымдастыру туралы келiсе алмайтын болса, осы тараптардың кез келгенiнің өтiнiшi бойынша дау Сот Мәртебесiне сәйкес Халықаралық Сотқа берiлуi мүмкін.

      2. Әрбір мемлекет осы Конвенцияға қол қою, бекiту, қабылдау немесе оған қосылу кезiнде өзiн 1-тармақтың қандай да болмасын бiр ережесiмен немесе барлық ережелерiмен шектеулi деп есептемейтiндігi туралы мәлiмдеме жасай алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай ескертпе жасаған кез келген қатысушы мемлекетке қатысты осындай ережелермен шектелмейтiн болады.

      3. 2-тармаққа сәйкес ескертпе жасаған кез келген мемлекет кез келген уақытта Бас хатшыны хабардар ету жолымен осы ескертпенi алып тастай алады.

16bis бап 2005 жылғы Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияның қорытынды баптары

      2005 жылғы Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияның қорытынды баптары Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы Хаттаманың 17-24-баптары болып табылады. Осы Конвенциядағы қатысушы мемлекеттерге сілтемелер осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттерге сілтеме білдіру ретінде қаралады.

      Ескерту. Конвенция 16bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

17-бап

      1. Осы Конвенция Римде 1988 жылғы 10 наурызда Теңiздегi кеме

      қатынасы қауiпсiздiгінe қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күрес жөнiндегi халықаралық конференцияға қатысушы мемлекеттер және

      Ұйымның штаб-пәтерiнде 1988 жылғы 14 наурыздан бастап 1989 жылғы 9 наурызға дейiн барлық мемлекеттер қол қоюы үшiн ашық. Осыдан кейiн Конвенция қосылу үшiн ашық болып қала бередi.

      2. Мемлекеттер осы Конвенцияның олар үшiн мiндеттi екендiгiне

      өздерінің келiсiмiн:

      а) ратификациалауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты ескертпесiз қол қою; немесе

      b) кейiннен ратификациялау, қабылдау немесе бекiту арқылы ратификациялауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты ескертпемен қол қою; немесе

      с) қосылу жолымен бiлдiре алады.

      3. Ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу Бас хатшыға тиiстi құжатты сақтауға өткiзу жолымен жүзеге асырылады.

18-бап

      1. Осы Конвенция он бес мемлекет ратификациялау, қабылдау немесе бекiтуге қатысты ескертпесiз қол қойған, не ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы тиiстi құжаттарды сақтауға тапсырған күннен бастап тоқсан күннен кейiн күшiне енедi.

      2. Осы Конвенция ратификациялау, қабылдау немесе бекiту немесе оған қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған мемлекет үшiн Конвенцияның күшiне енуi, ратификациялануы, қабылдануы, бекiтiлуi немесе оған қосылуы үшiн қажеттi шарттар орындалғаннан кейiн осындай сақтауға тапсыру күнiнен тоқсан күннен кейiн күшiне енедi.

19-бап

      1. Осы Конвенцияның күшiн кез келген қатысушы мемлекет бұл мемлекет үшiн осы Конвенция күшiне енген күнiнен бастап бiр жыл өткеннен кейiн кез келген уақытта жоя алады.

      2. Күшiн жою Бас хатшыға күшiн жою туралы құжатты сақтауға тапсыру жолымен жүзеге асырылады.

      3. Күшiн жою Бас хатшы күшiн жою туралы құжатты алған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн немесе күшiн жою туралы

      құжатта көрсетiлуi мүмкін осындай үлкен мерзiм бiткеннен кейiн күшiне енедi.

20-бап

      1. Ұйым осы Конвенцияны қайта қарау немесе оған түзетулер енгiзу мақсатында конференция шақыра алады.

      2. Бас хатшы қатысушы мемлекеттердің үштен бiрiнiң немесе оған қатысушы мемлекеттiң, қайсысының саны көп болуына байланысты, өтiнiшi бойынша Конвенцияны қайта қарау немесе оған түзетулер енгiзу мақсатында қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақырады.

      3. Осы Конвенцияға түзетулер күшiне енген күннен кейiн сақтауға тапсырылған ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу

      туралы кез келген құжат оған енгiзiлген түзетумен бiрге Конвенцияға

      қатысты ретінде қаралады.

21-бап

      1. Осы Конвенция Бас хатшыға сақтауға тапсырылады.

      2. Бас хатшы:

      а) осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттердi, сондай-ақ ұйымның барлық мүшелерiн:

      i) Конвенцияға әрбiр жаңа қол қою немесе, олардың күндерiн көрсете отырып ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы

      құжатты сақтауға тапсыру;

      ii) осы Конвенцияның күшiне енген күнi;

      iii) осы Конвенцияның күшiн жою туралы кез келген құжатты оны алған күнiн және күшiн жоюдың күшiне енген күнiн көрсете отырып сақтауға тапсыру;

      iv) осы Конвенцияға сәйкес жасалған кез келген өтiніш немесе хабарландыруды алғандығы туралы хабардар етедi;

      b) осы Конвенцияның түпнұсқа мәтiнiнiң куәландырылған көшiрмелерiн Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге жiбередi.

      3. Депозитарий осы Конвенция күшiне енiсiмен оның түпнұсқа мәтiнiнің расталған көшiрмесiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тiркеу және жариялау үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жiбередi.

22-бап

      Осы Конвенция бiр түпнұсқалық данада ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерінде жасалды және де барлық мәтiндерi бiрдей түпнұсқалық болып табылады.

      Осыны куәландыру үшiн өздерiнің тиiстi үкiметтерi тиiстi түрде осыған уәкiлеттік берген, төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.

      Римде бiр мың тоғыз жүз сексен сегiзiншi жылғы оныншы наурызда жасалды.

ҚОСЫМША

      Ескерту. Конвенция қосымшамен толықтырылды - ҚР 15.03.2018 № 145-VI Заңымен.

      1. 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қабылданған Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция.

      2. 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қабылданған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция.

      3. 1973 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға, соның ішінде дипломатиялық агенттерге қарсы қылмыстарды болдырмау және оларды жазалау туралы конвенция.

      4. 1979 жылғы 17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Кепілге адам алуға қарсы күрес туралы халықаралық конвенция.

      5. 1979 жылғы 26 қазанда Венада қабылданған Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенция.

      6. 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қабылданған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенцияны толықтыратын Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда заңсыз күш көрсету актілеріне қарсы күрес туралы хаттама.

      7. 1988 жылғы 10 наурызда Римде қабылданған Құрлықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттама.

      8. 1997 жылғы 15 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенция.

      9. 1999 жылғы 9 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенция.

Құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық
платформалар қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз
iс-әрекеттермен күрес туралы
ХАТТАМА

      (2004 жылғы 22 ақпанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер ,

      Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгіне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияның қатысушылары бола отырып ,

      Конвенцияның әзiрлену себебiнің құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформаларға да қатысы бар екендiгiн мойындай отырып ,

      осы Конвенцияның ережелерiн назарға ала отырып ,

      осы Хаттамамен реттелмейтiн мәселелер жалпы халықаралық құқықтың нормаларымен және қағидаттарымен регламенттеле беретiндігін растай отырып ,

      төмендегiлер туралы келiстi :

1-бап

      1. Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы Хаттамамен өзгертілген Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияның 1-бабының 1 с), d), e), f), g), h және 2 а) тармақтарының, сондай-ақ 2bis, 5, 5bis және 7-баптарының және 11bis, 11ter және 12bis-баптарын қоса алғанда, 10-16-баптарының ережелерi, осындай қылмыстар бортта немесе құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформаларға қарсы жасалғанда, осы Хаттаманың 2, 2bis және 2ter-баптарында көрсетiлген қылмыстарға да mutatis mutandis қолданылады.

      2. Осы Хаттама 1-тармаққа сәйкес қолданылмаған жағдайларда, егер қылмыскер немесе болжамды қылмыскер iшкi суларында немесе аумақтық теңiзiнде стационарлық платформа орналасқан [мемлекеттен] өзге қатысушы мемлекеттің аумағында болса, ол сонда да қолданылады.

      3. Осы Хаттаманың мақсаттары үшiн "стационарлық платформа" ресурстарды барлау немесе өндiру үшiн немесе басқа да экономикалық мақсаттар үшін теңiз түбiнде тұрақты бекiтiлген жасанды аралды, қондырғыны немесе құрылысты бiлдiредi.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

2-бап

      1. Кез келген тұлға егер ол заңсыз және қасақана:

      а) стационарлық платформаны басып алса немесе оған күшпен немесе күш көрсету қаупiн төндiру немесе қорқытудың кез келген басқа нысаны арқылы бақылауды жүзеге асырса; немесе

      b) стационарлық платформадағы тұлғаға қарсы зорлық-зомбылық әрекетiн жасаса, егер бұл әрекет оның қауіпсiздiгіне қатер төндiретiн болса; немесе

      с) стационарлық платформаны бүлдiрсе немесе оның қауіпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкін зиян келтiрсе; немесе

      d) осы стационарлық платформаны бұзуы немесе оның қауіпсiздігіне қатер төндiруi мүмкiн құрылғыны немесе затты қандай да бір әдiспен стационарлық платформаға орналастыру мақсатында орналастырады немесе әрекет жасайды.

      e) алып тасталды - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

      2. Кез келген адам сондай-ақ, егер ол ұлттық заңнамада көзделгендей шартпен немесе онсыз жеке немесе заңды тұлғаны қандай да бір әрекетті жасауға немесе одан тартынуға, 1-тармақтың b) және с) тармақшаларында көрсетiлген қандай да бір қылмыстарды жасауға мәжбүрлеу мақсатында, егер бұл қатер стационарлық платформа үшін қауіп төндіруі мүмкін болса, қылмыс жасаған болады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

2bis-бап

      Кез келген адам, әрекеттің сипаты немесе мазмұны бойынша бұл әрекеттің мақсаты халықты қорқыту немесе үкіметті не халықаралық ұйымды қандай да бір әрекет жасауға немесе одан тартынуға мәжбүрлеу болып табылса, егер ол заңсыз және қасақана:

      а) қандай да бір жарылғыш затты, радиоактивті материалды немесе БХЯ қаруын өлімге немесе айтарлықтай дене жарақатына әкеп соғатындай немесе әкеп соғуы мүмкін немесе залал келтіретіндей немесе келтіруі мүмкін болатындай етіп стационарлық платформаға қарсы немесе онда пайдаланса, не стационарлық платформадан тастаса; немесе

      b) стационарлық платформадан мұнайды, сұйылтылған табиғи газды немесе а) тармақшада айтылмаған өзге де қауіпті немесе зиянды затты, өлімге немесе айтарлықтай дене жарақатына әкеп соғатындай немесе әкеп соғуы мүмкін болатындай немесе залал келтіретіндей немесе келтіруі мүмкін болатындай мөлшерде немесе концентрацияда тастаса; немесе

      с) бұл ұлттық заңнамада көзделгендей шартпен немесе онсыз а) немесе b) тармақшасында көрсетiлген қылмысты жасаймын деп қорқытса, осы Хаттаманың мағынасы бойынша қылмыс жасаған болады.

      Ескерту. Хаттама 2bis-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

2ter-бап

      Кез келген адам сондай-ақ, осы Хаттаманың мағынасы бойынша, егер ол:

      а) 2-баптың 1-тармағында немесе 2bis бапта көрсетілген қандай да бір қылмыстарды жасауға байланысты қандай да бір адамға заңсыз немесе қасақана дене жарақаттарын келтірсе немесе оны өлтірсе; немесе

      b) 2-баптың 1-тармағында, 2bis баптың а) немесе b) тармақшасында немесе осы баптың a) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасауға әрекеттенсе; немесе

      c) 2-бапта, 2bis бапта немесе осы баптың а) немесе b) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасауға сыбайлас қатысушы ретінде қатысса; немесе

      d) 2-бапта, 2bis бапта немесе осы баптың а) немесе b) тармақшасында көрсетілген қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларға басшылық етсе; немесе

      e) ортақ мақсатта әрекет ететін адамдар тобының 2-бапта, 2bis бапта немесе осы баптың а) немесе б) тармақшасында көрсетілген бір немесе одан да көп қылмыстарды жасауына қасақана және:

      i) қылмыстық әрекетті немесе топтың қылмыстық мақсатын қолдау мақсатында осындай әрекет немесе мақсат 2 немесе 2bis бапта көрсетілген қылмысты жасауды қамтығанда; немесе

      ii) 2 немесе 2bis бапта көрсетілген қылмысты топтың жасау пиғылын түсіне отырып, ықпал етсе қылмыс жасаған болады.

      Ескерту. Хаттама 2ter-баппен толықтырылды - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

3-бап

      1. Әрбiр қатысушы мемлекет:

      а) қылмыс мемлекетке қарсы немесе осы мемлекеттің құрылықтық қайраңында орналасқан стационарлық платформаның бортында жасалса; немесе

      b) қылмысты осы мемлекеттің азаматы жасағанда, 2, 2bis және 2ter баптарда көрсетiлген қылмыстарға қатысты өзінің юрисдикциясын белгілеу үшiн қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.

      2. Қатысушы мемлекет, сондай-ақ:

      а) оны әдетте осы мемлекетте тұратын азаматтығы жоқ тұлға жасаса; немесе

      b) оны жасау кезiнде осы мемлекеттің азаматы ұсталса, қауiп-қатерге ұшыраса, жарақат алса немесе өлтiрiлсе; немесе

      с) ол осы мемлекеттi қандай да болмасын iс-қимылды жасауға немесе одан бас тартуға мәжбүр ету әрекетiнде жасалса, кез келген осындай қылмысқа қатысты өзiнің құқықтық иелiгiн орната алады.

      3. 2-тармақта айтылған юрисдикцияны белгілеген кез келген қатысушы мемлекет бұл туралы Бас хатшыны хабардар етедi. Егер осындай қатысушы мемлекет осындай юрисдикциядан кейiннен бас тартса, ол бұл туралы Бас хатшыны хабардар етедi.

      4. Әрбiр қатысушы мемлекет болжамды қылмыскер оның аумағында болғанда және ол оны 1 және 2-тармақтарға сәйкес өз юрисдикциясын белгілеген қатысушы мемлекеттердің қандай да біріне бермеген жағдайларда 2, 2bis және 2ter баптарда көрсетiлген қылмыстарға қатысты өз юрисдикциясын белгілеу үшiн қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.

      5. Осы Хаттама ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын қылмыстық заңдық иеліктің ешқайсысын да жоққа шығармайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.03.2016 № 473-V Заңымен.

4-бап

      Осы Хаттамадағы еш нәрсе де құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформаларға қатысты халықаралық нормаларды ешқандай

      да әдiспен қозғамайды.

5-бап

      1. Осы Хаттама Конвенцияға қол қойған кез келген мемлекеттің

      Римде 1988 жылғы 10 наурызда және Халықаралық теңiз ұйымының (төменде "Ұйым" деп аталатын) штаб-пәтерiнде 1988 жылғы 14 наурыздан бастап 1989 жылғы 9 наурызға дейiн қол қою үшiн ашық. Бұдан кейiн хаттама қосылу үшiн ашық болып қала бередi.

      2. Мемлекеттер олар үшiн осы Хаттаманың міндеттi екендiгiне өздерiнің келiсiмiн:

      а) ратификациялауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты ескертпесiз қол қою; немесе

      b) кейiннен ратификациялау, қабылдау немесе бекiту арқылы ратификациялауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты ескертпемен қол қою; немесе

      с) қосылу арқылы бiлдiре алады.

      3. Ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу Бас хатшыға

      тиiстi құжатты сақтауға тапсыру жолымен жүзеге асырылады.

      4. Ратификациялауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты Конвенцияға ескертпесiз қол қойған не Конвенция ратификациялаған, қабылдаған, бекiткен немесе оған қосылған мемлекет қана осы Хаттаманың қатысушысы бола алады.

6-бап

      1. Осы Хаттама үш мемлекет ратификациялауға, қабылдауға немесе бекiтуге қатысты ескертпесiз қол қойған, не ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы тиiстi құжаттарды сақтауға тапсырған күннен бастап тоқсан күннен кейiн күшiне енедi. Бiрақ Конвенция күшiне енбейiнше, осы Хаттама күшiне енбейдi.

      2. Осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе оған

      [қосылу] туралы құжатты сақтауға тапсырған мемлекет үшiн Хаттаманың

      күшiне енуi, ратификациялануы, қабылдануы, бекiтiлуi немесе қосылуы

      қажеттi шарттар орындалғаннан кейiн осындай сақтауға тапсыру күнiнен бастап тоқсан күннен кейiн күшiне енедi.

7-бап

      1. Осы Хаттаманың күшiн кез келген қатысушы мемлекет бұл мемлекет үшiн осы Хаттама күшiне енген күнiнен бастап бiр жыл өткеннен кейiн кез келген уақытта жоя алады.

      2. Күшiн жою Бас хатшыға күшiн жою туралы құжатты сақтауға тапсыру жолымен жүзеге асырылады.

      3. Күшiн жою Бас хатшы күшiн жою туралы құжатты алған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн немесе күшiн жою туралы құжатта көрсетiлуi мүмкін үлкен мерзiм бiткеннен кейiн күшiне енедi.

      4. Қатысушы мемлекеттiң Конвенцияның күшiн жоюы осы қатысушы осы Хаттаманың күшiн жойғаны ретiнде қаралады.

8-бап

      1. Ұйым осы Хаттаманы қайта қарау немесе оған түзетулер енгiзу мақсатында конференция шақыра алады.

      2. Бас хатшы қатысушы мемлекеттердің үштен бiрінің немесе бес

      қатысушы мемлекеттің, қайсысының саны көп болуына байланысты, өтiнiшi бойынша Хаттаманы қайта қарау немесе оған түзетулер енгiзу мақсатында қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақырады.

      3. Осы Хаттамаға түзетулер күшiне енген күннен кейiн сақтауға

      тапсырылған ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы кез келген құжат оған енгiзiлген түзетумен бiрге Хаттамаға қатысты ретiнде қаралады.

9-бап

      1. Осы Хаттама Бас хатшыға сақтауға тапсырылады.

      2. Бас хатшы:

      а) осы Хаттамаға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттердi, сондай-ақ ұйымның барлық мүшелерiн:

      i) Хаттамаға әрбiр жаңа қол қою [немесе] олардың күндерiн көрсете отырып ратификациялау, қабылдау, бекiту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру;

      ii) осы Хаттаманың күшiне енген күнi;

      iii) осы Хаттаманың күшiн жою туралы кез келген құжатты оны алған күнiн және күшiн жоюдың күшiне енген күнiн көрсете отырып сақтауға тапсыру;

      iv) осы Хаттамаға немесе Конвенцияға сәйкес жасалған және осы

      Хаттамаға қатысты кез келген өтініш немесе хабарландыруды алғаны туралы хабардар етедi;

      b) осы Хаттаманың түпнұсқа мәтiнінің куәландырылған көшiрмелерiн Хаттамаға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге жiбередi.

      3. Депозитарий осы Хаттама күшiне енiсiмен, оның түпнұсқа мәтiнінің расталған көшiрмесiн Бiріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тiркеу және жариялау үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жiбередi.

10-бап

      Осы Хаттама бiр түпнұсқалық данада ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiнде жасалды және барлық мәтiндерi бiрдей түпнұсқалық болып табылады.

      Осыны куәландыру үшiн өздерiнің тиiстi үкіметтерi тиiстi түрде осыған уәкiлеттiк берген, төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.

      Римде бiр мың тоғыз жүз сексен сегiзінші жылғы оныншы наурызда жасалды .

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады