Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 22 желтоқсандағы N 18 Заңы

      Варшавада 2002 жылғы 24 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Польша Республикасы Yкіметiнiң арасындағы Кеден iстерiндегi ынтымақтастық және өзара көмек туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Польша Республикасының Үкiметi,
      достық қатынастарды, оның iшiнде кеден iсi саласындағы ынтымақтастық арқылы да дамытуды қалай отырып,
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы жолаушы және жүк қатынастарын дамытуға және жеделдетуге ұмтыла отырып,
      кедендiк заңнаманы сақтау мен кедендiк құқық бұзушылықтарға қарсы күрес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдарының ынтымақтастығы жағдайында неғұрлым табысты жүзеге асырылатындығын назарға ала отырып,
      екi жақты ынтымақтастыққа ықпал ететiн халықаралық құжаттарды, сондай-ақ Кедендiк ынтымақтастық кеңесiнiң 1953 жылғы 5 желтоқсандағы және 1971 жылғы 8 маусымдағы ұсынымдарын ескере отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап
Айқындама

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн қолданылатын терминдер мыналарды білдіредi:
      1. "Кедендiк заңнама" - тауарларды жолаушылардың қол жүгi мен жол жүгiн, валюталық және басқа да құндылықтарды, халықаралық почта жөнелтiлiмдерiн әкелудiң, әкетудiң және транзитiнiң, кедендiк баждарды, алымдар мен басқа да төлемдердi алудың, кедендiк төлемдер бойынша жеңілдiктер берудiң, тиым салулар мен шектеулер орнатудың, сондай-ақ тауарлардың Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк шекаралары арқылы өткiзуiн бақылаудың тәртiбiн реттейтiн Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi құқықтық нормаларының жиынтығы.
      2. "Кеден органдары"
      - Қазақстан Республикасында: Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң Кеден комитетi;
      - Польша Республикасында: Қаржы министрлiгi.
      3. "Сұрау салушы кеден органы" - жәрдем көрсету туралы сұрау салуды жолдаушы және осындай жәрдем алушы кеден органы.
      4. "Сұрау салынған кеден қызметi" - жәрдем көрсету туралы сұрау салуды алған немесе осындай жәрдем көрсетушi кеден органы.
      5. "Кедендiк құқық бұзушылық" - кедендiк заңнаманы кез келген бұзу немесе бұзуға әрекет жасау.
      6. "Тұлға" - жеке немесе заңды тұлға, ал Польша Республикасында ұлттық заңнамаға сәйкес заңды тұлға құрмастан құрылған және тауарларды әкелудi, әкетудi және транзитiн жүзеге асыратын ұйымдар.
      7. "Есiрткi құралдары" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 30 наурызда 1961 жылда Нью-Йорк қаласында жасалған Есiрткi құралдары туралы Бiрыңғай Конвенциясының тiзiмдерiне, сондай-ақ Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 20 қыркүйекте 1988 жылда Вена қаласында жасалған Есiрткi құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Бiрыңғай Конвенциясының тiзiмдерiне енгiзiлген заттар.
      8. "Психотроптық заттар" - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 21 ақпанда 1971 жылда Вена қаласында жасалған психотроптық заттар туралы Конвенциясының тiзiмдерiне енгiзiлген заттар.
      9. "Прекурсорлар" - халықаралық конвенцияларда есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды өндiру үшін пайдаланылатын химиялық материалдар ретiнде жiктелетiн заттар мен олардың тұздары.
      10. "Бақылауға алынатын жеткiзiлiм" - оған сәйкес олардың заңсыз айналымының көздерi мен желiлерiн, сондай-ақ олардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағы бойынша заңсыз немесе заңсыздығына күдiктi есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың партияларын Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi құзыреттi органдарының рұқсатымен және қадағалауымен әкелу, әкету немесе транзитi рұқсат етілетiн әдiс.

  2-бап
Келісiмнiң қолданылу аясы

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң негiзiнде, олардың құзыретiнiң шеңберiнде кеден органдары арқылы, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес:
      а) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң арасында жолаушылар және жүк қатынастарын кедендiк бақылауды, сондай-ақ халықаралық почта жөнелтiлiмдерiн жетiлдiру;
      б) кедендiк баждардың, алымдардың және басқа да төлемдердiң дұрыс алынуын, сондай-ақ кедендiк жеңiлдіктердi қолдануды қамтамасыз ету;
      в) кедендiк құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және тексеру;
      г) кеден қызметтерiнiң қызметкерлерiн оқыту мен кәсiптiк деңгейiн көтеру және Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi кеден қызметтерiнiң жұмысында пайдаланылатын техникалық құралдармен таныстыру;
      д) есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың, оларға ұқсастар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы саласындағы ақпарат алмасу саласында ынтымақтасатын болады.
      2. Қажет болған жағдайда сұрау салынған кеден органы жәрдем сұрап басқа құзыреттi органдарға жүгiне алады.

  3-бап
Кедендiк формалдылықтарды оңайлату

      1. Кеден органдары:
      а) өзара келiсiм бойынша кедендiк ресiмдеудi оңайлату жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдайды;
      б) кедендiк қамтамасыз етулердi (пломбалар, мөрлердiң, мөртаңбалардың бедерлерi) және бiр-бiрiнiң кедендiк құжаттарын мойындайды, ал қажет болған жағдайда, өткізiлетiн тауарларға өздерiнiң кедендiк қамтамасыз етулерiн қолданады.
      2. Оларды әкелу, әкету және транзитi Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес тыйым салуды, не кедендiк құқық бұзушылық орын алды деуге негiз болатын жағдайларды қоспағанда, транзитпен келе жатқан тауарлар мен көлiк құралдары кедендiк тексеруден босатылады.

  4-бап
Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың,
оларға ұқсастардың және прекурсорлардың
заңсыз айналымына қарсы күрес

      1. Кеден органдары есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымының алдын алу, тексеру және жолын кесу жөнiндегi әрекеттердi жандандыру мақсатында алдын ала сұрау салусыз және ықтимал қысқа мерзiмде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасын ескере отырып бiр-бiрiне:
      а) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысы бар, не оған күдiктi адамдар туралы;
      б) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымы үшiн пайдаланылатын контейнерлердi қоса алғанда көлiк құралдары және халықаралық почта жөнелтiлiмдерi туралы мәлiметтердi хабарлайды.
      2. Кеден органдары алдын ала сұрау салусыз бiр-бiрiн есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымының қолданылатын әдiстерi туралы, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдiстерi туралы хабардар етедi.
      3. Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерiнiң кеден органдары осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес алған жедел сипаттағы мәлiметтер, хабарлар мен құжаттар құзыретті құқық қорғау және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес нашақорлыққа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын басқа да органдарға берiлуі тиiс.
      4. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық, заңнамасына сәйкес және өзара келiсiм бойынша кеден органдары олардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында, қажет болған жағдайда, есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың бақылауға алынатын жеткiзiлiмi әдiсiн қолданады.
      5. Бақылауға алынатын жеткiзiлiм әдiсiн пайдалану туралы шешiмдi Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары әрбiр нақты жағдайда қолданады және қажет болған жағдайда, қаржылық шығыстар жөнiндегi келісімдерді ескеруі мүмкін.

  5-бап
Мәлiметтерді беру

      1. Кеден органдары сұрау салуы бойынша немесе өзiнiң бастамасы бойынша бiр-бiрiне өздерiнде бар:
      а) тауарларды бiр Уағдаласушы Тараптардың мемлекетiнiң бiрiнiң аумағынан екiншi Уағдаласушы Тараптың мемлекетiнiң аумағына әкетудi растайтын;
      б) тауарларды Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағына әкелу мен осы тауарларды белгiлi бiр кедендiк режимге орналастыруды растайтын мәлiметтердi бередi.
      2. Кеден органдары сұрау салу бойынша бiр-бiрiне ұсынылған құжаттардың түпнұсқалар болып табылатындығы және оларда барлық қажеттi деректер бар екендiгi туралы мәлiметтердi бередi.
      3. Кеден органдары бiр-бiрiне сұрау салу бойынша, оның iшiнде хаттамалар мен басқа да материалдарды немесе олардың расталған көшiрмелерiн салу жолымен:
      а) кедендiк баждарды, алымдарды және басқа төлемдердi алумен сондай-ақ кедендiк жеңілдiктердi қолданумен байланысты жағдаяттар туралы;
      б) сұрау салушы кеден органы мемлекетiнiң кедендiк заңнамасына қайшы келетiн жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы өздерiнде бар мәлiметтердi береді.
      4. Кеден органдары бiр бiрiне сұрау салу бойынша немесе жеке бастамасы бойынша және ықтимал қысқа мерзiмде Уағдаласушы Тараптардың ерекше мүдделілiгi бар күрестегi кедендiк құқық бұзушылықтар туралы мәлiметтердi хабарлайды. Бұл бiрiншi кезекте:
      а) қоршаған орта үшiн және халықтың денсаулығы үшiн қауiп төндiруi мүмкін тауарларды;
      б) қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, жарылғыш және улаушы заттарды, жару қондырғыларын, сондай-ақ қос ұдайы мақсаттағы тауарларды;
      в) елеулi тарихи, көркем, мәдени немесе археологиялық мәнi бар заттарды;
      г) ерекше маңызды мәнi бар және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жоғары кедендiк баждар, акциздер, және басқа да салықтар салуға жататын тауарларды, атап айтқанда, алкогольды сусындар мен темекi бұйымдарын өткiзу кезiндегi кедендiк құқық бұзушылықтарға қатысты.

  6-бап
Құжаттарды беру

      1. Кеден органдары осы Келiсiм күшiне енгеннен кейін үш айдың iшiнде өзара қолданылып жүрген заңнамалардың немесе кеден iсi саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың көшiрмелерiмен алмасады және бiр-бiрiн кедендiк заңнаманың барлық өзгерiстерi мен толықтырулары туралы жедел құлақтандырады.
      2. Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң мемлекетiнiң кеден органы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден органының сұрау салуы бойынша мемлекеттiк және өзге де органдардың кедендiк заңнаманы қолдану мәселелерi жөнiндегі құжаттарының көшiрмелерiн бередi.
      3. Құжаттарды беру туралы сұрау салуларда осы бапқа сәйкес істің мәнісі сипатталмауы мүмкін.
      4. Құжаттарды алуды сұрау салушы кеден органы алынған күндi көрсете отырып растайды.

  7-бап 
Тәжiрибе алмасу және көмек көрсету

      1. Кеден органдары:
      а) өз қызметiнiң тәжiрибесi мен кезеңдiк бақылаудың техникалық құралдарын қолдану туралы;
      б) жаңа құралдар мен кедендiк құқық бұзушылықтарды жасаудың тәсiлдерi туралы;
      в) қос Уағдаласушы Тарап үшiн де өзара қызығушылық туғызатын басқа да кеден мәселелерi бойынша ақпарат алмасады.
      2. Кеден органдары:
      а) өзара қызығушылық туғызатын жағдайларда, сондай-ақ кеден қызметтерi пайдаланатын техникалық құралдармен танысу мақсатында қызметкерлермен алмасуды;
      б) кеден қызметтерi қызметкерлерiн оқыту мен олардың кәсiптiк дағдыларын жетілдiрудi;
      в) кеден iстерi жөнiндегi сарапшылармен алмасуды;
      г) кеден мәселелерiне қатысты кәсiптiк, ғылыми және техникалық мәлiметтермен алмасуды қоса алғанда кеден iсi саласында бiр-бiрiне жәрдем көрсетедi.

  8-бап 
Тексеру

      1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi кеден органының сұрау салуы бойынша екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кеден органы осы Келiсiмде көзделген мәселелер бойынша тексеру немесе тексерiс жүргiзедi. Мұндай тексерудiң немесе тексерiстiң нәтижелерi сұрау салушы кеден органына хабарланады.
      2. Тексеру немесе тексерiс сұрау салынған кеден органы мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Сұрау салынған кеден органы тексерудi немесе тексерiстi өзiнiң атынан әрекет ете отырып жүргізеді.
      3. Сұрау салынған кеден органы сұрау салушы кеден органының лауазымды адамдарына осындай тексерулерге немесе тексерiстерге қатысуға рұқсат етуi мүмкiн.

  9-бап
Сарапшылар және куәлар

      1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң соттары немесе құзыреттi органдары қаралып отырған кедендік құқық бұзушылықтар бойынша жүргiзiлiп отырған даулармен байланысты тиiстi сұрау салумен жүгiнетiн жағдайда, сұрау салынған кеден органы құқықтық көмек туралы қолданылып жүрген халықаралық шарттарды ескере отырып, өзiнiң лауазымды адамдарын осындай сот немесе әкiмшiлiк дауларда куәлар немесе сарапшылар ретiнде болуға уәкілеттi ете алады.
      2. Сот немесе әкiмшiлiк дауларға қатысу туралы сұрау салуда сұрау салынған кеден органының лауазымды адамы қандай iс бойынша және қандай дәрежеде болуға тиiс екендiгi көрсетiлуi қажет.
      3. Уағдаласушы Тараптардың кеден органдарының бiрiнiң мемлекетi лауазымды адамдарының осы Келiсiмде көзделген жағдайларда екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезеңiнде өзiнiң ресми өкiлеттiгiнiң құжаттық растауының болуы, нысандық киiм кимеуi және қаруының болмауы тиiс.

  10-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Осы Келiсiмнiң 8-бабының 1-тармағында көзделген сұрау салу жазбаша нысанда жiберіледi және орыс не ағылшын тілiнде жасалады. Сұрау салуды дайындау үшiн қажеттi құжаттар ресми түрде расталған көшiрмелерде немесе фотокөшiрмелерде қоса берiлуi тиiс.
      Төтенше жағдайлар кезiнде ауызша сұрау салулар қабылдануы мүмкiн, алайда олар кешiктiрiлмей жазбаша нысанда расталуы тиiс.
      2. Сұрау салудың мынадай деректерi болуы тиiс:
      а) кеден органының атауы;
      b) сұрау салудың нысанасы мен негiздемесi;
      в) рәсімнің түрі;
      г) егер ондайлар белгiлi болса, рәсiмге қатысушылардың тегiн, мекен-жайлары;
      д) iстің мәнi мен оған қатысты жағдаяттың қысқаша сипаттамасы.
      3. Егер сұрау салу 1 және 2-тармақтарда көзделген талаптарға жауап бермесе, мұндай сұрау салуға түзетулер немесе толықтырулар енгiзу талап етiлуi мүмкiн.

  11-бап
Сұрау салуларды орындау

      1. Кеден органдары сұрау салуларды орындауда бiр-бiрiне ұлттық заңнамаға сәйкес және өз құзыреттерiнiң шегiнде жәрдем көрсетедi.
      2. Егер оны орындау мемлекеттiң Уағдаласушы Тараптарына егемендiгiне, қауiпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне, экономикалық мүдделерiне, не ұлттық заңнамасы мен халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келсе сұрау салуды орындаудан бас тартады.
      3. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тартудың себептерi туралы сұрау салушы кеден органы жазбаша нысанда кешiктiрiлмей хабарланады.

  12-бап
Құжаттар

      1. Түпнұсқалық құжаттарды сұрау салу бойынша беру расталған көшiрмелер немесе фотокөшiрмелер жеткiлiксiз болып табылатын жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Түпнұсқалық құжаттар сұрау салынған кеден органдарына бiр айлық мерзiмде қайтарылуы тиiс.

  13-бап
Алынған мәлiметтер мен құжаттарды пайдалану

      1. Кеден органдары осы Келiсiмге сәйкес алынған мәлiметтер мен құжаттарды тексерулердi немесе тексерiстердi жүргiзу кезiнде, сот, әкiмшiлiк немесе кедендiк құқық бұзушылықпен байланысты басқа да дауларда өзiнің хаттамаларында, рапорттарында немесе өзге де материалдарында дәйектеме ретiнде пайдалануы мүмкiн.
      2. Сұрау салу бойынша, ұсынылған мәліметтер мен құжаттар тек осы Келiсiмді орындау мақсатында пайдаланылуы және қайсы бiреуге берiлуі, өзге де мақсаттар үшiн пайдаланылуы және осындай мәлiметтер мен құжаттарды ұсынған кеден органының жазбаша келiсiмiнсiз жария етілуi мүмкiн емес.
      3. Осы баптың 2-тармағы ережелерiнің есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымымен байланысты жолсыздықтар туралы материалдарға қатысы жоқ. Мұндай ақпарат Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасына сәйкес есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсастардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен тiкелей айналысатын құзыретті құқық қорғау және мемлекеттік органдарға бepiлуi мүмкiн.

  14-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Сұрау салушы кеден органы сұрау салынған кеден органына осы Келiсiмдi орындау тәртiбiмен сұрау салынған кеден органында жұмыс iстемейтiн сарапшылар мен аудармашылардың еңбегiне ақы төлеумен байланысты орын алған шығыстарды өтейдi.
      2. Осы Келiсiмнiң 8 және 9-баптарының ережелерiн орындаумен байланысты шығыстарды өтеу Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi кеден органдарының арасындағы жекелеген шарттардың нысанасы болуы мүмкін.

  15-бап
 Өзгерiстер мен толықтырулар енгізудiң тәртiбi

      Уағдаласушы Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Өзгерiстер мен толықтырулар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң 18-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енеді.

  16-бап
Келiсiмдi орындау

      1. Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасының аумақтарында қолданылады.
      2. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастық тiкелей кеден органдарының арасында жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттердiң кеден органдары өз құзыреттерiнiң шегінде осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi нормативтiк кесiмдердi шығарады.
      3. Осы Келiсiмді орындау үшiн Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары екі жақты кедендiк қатынастар мәселелерi бойынша жекелеген келiсімдер жасасуы мүмкін.
      4. Келiсiм бойынша немесе осы Келісiм күшiне енген күннен бастап бес жылдық кезең аяқталғаннан кейiн Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi кеден органдарының өкiлдерi осы Келiсiм ережелерiнiң орындалуын талдау және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк ынтымақтастығымен байланысты басқа да мәселелердi талқылау мақсатында екi жақты кездесулер өткiзедi. Егер мұндай кездесулер  өткiзу үшiн қажеттілік болмайтын жағдайда, кеден қызметтерi бiр-бiрiн бұл туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

  17-бап
Даулы мәселелердi шешу

      Уағдаласушы Тараптардың арасында осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндіруге және қолдануға қатысты барлық даулар мен келiспеушiлiктер өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешiлетiн болады.

  18-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Уағдаласушы Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      2. Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың оның күшiне енуі үшін қажеттi мемлекет iшіндегі рәсiмдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгіленбеген мерзiмге жасалады және өзiнің қолданылуын Уағдаласушы Тараптардың бiрi екiншi Уағдаласушы Тараптың оның осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн тоқтатады.

      2002 жылғы 24 мамырда Варшава қаласында әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерiндегi екi түпнұсқалық данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң бiрдей заңды күшi бар. Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндіруде келiспеушіліктер пайда болған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тілiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
      Осының айғағы ретінде лайықты тұрғыда өкiлеттендiрілдi және осы Келiсiмге қол қойды.

       Қазақстан Республикасының            Польша Республикасының
      Үкіметі үшін                         Үкіметі үшiн

      Осымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2004 жылғы 16 ақпандағы N 09-1-1/349 нотасының аталған көшірмесінің дұрыстығын растаймын.

       Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқықтық
      департаментінің кеңесшісі

       (РҚАО-ның ескертуі: Әрі қарай поляк тіліндегі мәтіні берілген)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады