Байланыс формасы

"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 19 маусымдағы N 265 Конституциялық заңы

       1-бап .»"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 24, 172-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 10, 343-құжат; 2006 ж., N 23, 137-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 4-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Республика Президенті бес жыл мерзімге сайланады.
      Бесжылдық өкілеттік мерзімі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
      "Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.";

      2) 5-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      3) 9-бапта:
      1) тармақша "Парламентке" деген сөзден кейін "және оның Палатасына" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Конституцияның  51-бабының  4-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын тағайындайды. Сенаттың тағайындалатын мүшелері өкілеттіктерінен айырылған немесе олардың өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда бір ай мерзімде шығып қалғандардың орнына Сенат депутаттарын тағайындайды;";

      6) тармақша»"Парламент" деген сөздің алдынан»"әдетте," деген сөзбен толықтырылсын;

      7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады, онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады;
      8) Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады; егер Парламент Конституцияның  54-бабы  2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, бір ай ішінде заңға қол қояды;";

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "9-1) заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына заңнамалық актілер жобаларын өзінің арнайы жолдауымен енгізеді;";

      12) тармақшадағы "кемінде үштен екісінің" деген сөздер алып тасталсын;

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "13) Конституцияда көзделген тәртіппен Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.";

      4) 10-бапта:
      1) тармақшадағы "Парламенттің" деген сөз "Парламент Мәжілісінің"»деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Премьер-Министрді тағайындағаннан кейінгі он күн мерзім ішінде оның енгізген ұсынысы бойынша Үкімет құрылымын айқындайды, Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады;";

      8) тармақшадағы "Үкімет" деген сөз "Республика Үкіметі мен Премьер-Министрі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) тармақша»"Парламент" деген сөздің алдынан»"Парламент Мәжілісі не" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-бап. Республика Президентінің соттарға және
               судьяларға қатысты өкілеттігі

      Республика Президенті:
      1) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесін негізге ала отырып, Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын қызметке сайлау және қызметтен босату үшін Парламент Сенатына ұсынады;
      2) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.";

      6) 14-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін тағайындайды;";

      3) тармақшадағы»"жергілікті өкілді органдар депутаттарын," деген сөздер "мәслихаттар депутаттарын, өзге де" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 15-баптың 1) тармақшасындағы "Парламенттің" деген сөз "Парламент Сенатының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 17-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының әкімдерін қызметке тиісінше облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының келісімімен тағайындайды;";

      4) тармақшадағы "үштен екісінің" деген сөздер "көпшілік" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9) 19-бапта:
      3) тармақшадағы "наградтайды" деген сөз "марапаттайды" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9), 10) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "9) Президент Әкімшілігін жасақтайды; Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады;
      10) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
      11) Мәслихат өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатады;";

      10) 23-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) Президент Әкімшілігі және Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар;";

      3) тармақшадағы»"Республика Жоғарғы Соты, Бас прокуроры" деген сөздер»"Жоғарғы Сот" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 25-баптың 4-тармағы "радио арқылы" деген сөздерден кейін ", Интернетте" деген сөзбен толықтырылсын;

      12) 26-баптың 3-тармағы»"Парламенттің" деген сөзден кейін»"немесе Парламент Мәжілісінің" деген сөздермен толықтырылсын;

      13) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "33-бап. Республика Президенті жанындағы
               консультативтік-кеңесші органдар, мекемелер
               мен ұйымдар

      1. Республика Президентінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру және оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жоғары Сот Кеңесі, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар құрылады.
      2. Республика Президенті:
      1) Қауіпсіздік Кеңесінің және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің құрамын айқындайды, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдарды құрады;
      2) консультативтік-кеңесші органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдардың басшы лауазымдағы адамдарын тағайындайды;
      3) Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар туралы ережелерді бекітеді;
      4) тоқсан сайын Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың басшы лауазымдағы адамдарының осы органдар жұмысы туралы есептерін, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының есептерін тыңдайды.
      3. Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесі аппараттарының қызметкерлері Республика Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.".

       2-бап . Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады