Медиация туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV Заңы.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 28-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Медиацияның қолданылу саласы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қатынастардан туындайтын дауларға (жанжалдарға), егер мұндай даулар (жанжалдар) медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, медиация рәсімі қолданылмайды.

      3. Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылады.

      4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім – тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі;

      2) медиатор – осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби немесе қоғамдық негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға;

      3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) – медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын ұйым;

      3-1) медиацияға қатысушылар – медиатор және медиация тараптары, медиация тараптарының уағдаластығы бойынша медиация рәсіміне тартылған тұлғалар, оның ішінде өкілдер, аудармашылар, сарапшылар, мамандар және басқа да тұлғалар;

      4) медиаторлар ұйымдары – медиаторлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін медиацияны дамыту жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін олардың ерікті негізде бірігуі үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар;

      5) медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі;

      5-1) медиация рәсіміне шақыру – медиатордың және (немесе) дау (жанжал) тараптарының бірінің медиация туралы шартқа қол қойылғанға дейін екінші тарапты медиация рәсіміне шақыруы жөніндегі қызметі;

      5-2) медиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – медиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) медиация тараптары – медиация рәсіміне қатысатын жеке және заңды тұлғалар немесе тұлғалар топтары, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар;

      7) медиация туралы шарт – тараптардың медиация басталғанға дейін дауды (дау-шарды) шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келісімі;

      8) алып тасталды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Медиацияның мақсаттары

      Медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) дауды (жанжалды) шешудің медиация тараптарын қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу;

      2) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары

      Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі:

      1) еріктілік;

      2) медиация тараптарының тең құқылығы;

      3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;

      4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік;

      5) құпиялық.

5-бап. Еріктілік

      1. Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады.

      2. Медиация тараптары оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы.

      3. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даудан (дау-шардан) бас тартуға құқылы.

      4. Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделген де, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы

      Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісім шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді.

7-бап. Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы.Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік

      1. Медиацияны жүргізу кезінде медиатор тараптардан, әкімшілік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Медиатор осы Заңда жол берушілік айқындалатын медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.

      2. Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс.

      3. Медиацияны жүргізу кезінде медиатордың қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тарапынан араласуына жол берілмейді.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Құпиялық

      1. Медиацияға қатысушылардың өздеріне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгілі болған мәліметтер туралы куәгер ретінде жауап алуға болмайды.

      3. Медиацияға қатысушының өзіне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының рұқсатынсыз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

8-1-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) медиация саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіреді;

      3) өз құзыреті шегінде медиация мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына құқықтық мониторинг жүргізеді;

      5) медиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      6) медиация жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді;

      7) халықты медиаторлар ұйымдары, медиацияны қолданудың тетіктері, негіздері мен шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді;

      8) медиаторлар ұйымдарының тізілімін жүргізеді;

      9) қоғамдық медиаторды сайлау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) қоғамдық медиаторлар тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      11) медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын отставкадағы судьялардың тізілімін жүргізеді;

      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 1-тарау 8-1-баппен толықтырылды – ҚР 20.12.2021 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. МЕДИАТОРЛАРДЫҢ ЖӘНЕ МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУДІ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар

      1. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.

      2. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) де және қоғамдық негізде (қоғамдық медиатор) де жүзеге асырылуы мүмкін.

      3. Мыналар:

      1) қырық жасқа толған және қоғамдық медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;

      2) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыра алады.

      4. Мыналар:

      1) жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, медиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;

      2) медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын отставкадағы судьялар тізілімінде тұрған отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

      5. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.

      6. Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы.

      7. Мыналар:

      1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген;

      2) заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      3) оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын;

      4) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

      8. Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Медиатордың құқықтары мен міндеттері

      1. Медиатор:

      1) медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке де кездесулер өткізуге және тараптардан медиация жүргізу үшін қажетті және жеткілікті көлемде даудың (жанжалдың) өзі туралы ақпарат алуға;

      2) құпиялылық қағидатын сақтай отырып, жұртшылықты өз қызметін жүзеге асыруы (саны, ұзақтығы, нәтижелілігі) туралы хабардар етуге;

      3) егер оның пікірінше, медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (жанжалды) шешуге алып келмесе, оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісуімен медиацияны тоқтатуға құқылы.

      2. Медиатор:

      1) медиация жүргізу кезінде медиация тараптарының келісуімен ғана әрекет етуге;

      2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттары мен қағидаттарын, оны жүргізу тәртібін, тараптар мен медиатордың құқықтары мен міндеттерін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудың тәртібі мен құқықтық салдарын түсіндіруге;

      3) тараптарға талқыланатын мәселелер бойынша құжаттармен, мәліметтермен және хабарлармен дәйекті түрде алмасуда жәрдемдесуге;

      4) медиация тараптарын өзінің кәсіби тәжірибесі мен құзыреті туралы хабардар етуге;

      5) медиатордың жеке мүдделері мен оның медиация жүргізу кезіндегі міндеттері арасында бейтараптығына және тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қайшылықтар болған жағдайда, сондай-ақ оның қатысуын болғызбайтын немесе оның медиацияға қатысуын тоқтатуды талап ететін басқа да мән-жайлар болған кезде медиацияны тоқтатуға;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қағидалар бойынша, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша өзінің кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыруға міндетті.

      3. Медиатор қандай да бір тарапқа заңдық, консультациялық немесе өзге де көмек көрсетуге құқылы емес.

      4. Медиатордың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да құқықтары мен міндеттері де бар, сондай-ақ жауапты болады.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері

      1. Медиация тараптары:

      1) медиаторды (медиаторларды) ерікті түрде таңдауға;

      2) медиатордан бас тартуға;

      3) медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға;

      4) медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға;

      5) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медиация жүзеге асырылған, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы.

      2. Медиация тараптары дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға міндетті.

      2-1. Дауды (жанжалды) дұрыс шешу қажет болған жағдайда медиация тараптарының сарапшыларды, мамандарды, сондай-ақ аудармашыларды шақыруға құқығы бар.

      3. Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Медиатордың бас тартуы

      Ескерту. 12-бап алып тасталды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Медиаторлар ұйымдары

      1. Медиаторлардың медиацияны жүргізу жөнінде қызметтер көрсетуінің материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында медиаторлар ерікті негізде құрған өзін-өзі реттейтін ұйым медиаторлар ұйымы деп танылады.

      2. Алып тасталды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Медиаторлар ұйымы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) кәсіпқой медиаторлардың – медиаторлар ұйымы мүшелерінің тізілімін жүргізеді;

      2) қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиаторлар мүшелігінің шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      3) медиаторлар қызметін жүзеге асыру саласында медиаторлар ұйымы мүшелерін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      4) мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық медиаторлар ұйымдарымен қарым-қатынастарында медиаторлар ұйымы мүшелерінің мүдделерін білдіреді;

      5) медиаторлар ұйымы мүшелерінің осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;

      6) медиаторлар ұйымының мүшелеріне қатысты ықпал ету шараларын белгілейді және қолданады;

      7) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсіптік даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

      4. Медиаторлар ұйымдары өз қызметін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргізу тәртібін (регламентін), медиация тараптарының медиаторларға сыйақы төлеу тәртібін әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бірігуге құқылы.

      5. Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кіру ерікті негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйымының немесе медиаторлар қауымдастығының (одақтың) кіру жарнасын алуына жол берілмейді.

      6. Медиаторлар қауымдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін әзірлеуге және оны бекітуге құқылы.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізуі

      1. Алып тасталды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Медиаторлар кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосылу үшін медиаторлар ұйымына жеке куәлігінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмесін); үміткерге тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, жоғары білімі туралы дипломының және медиация бойынша арнайы даярлықтан өткендігін растайтын құжаттың (сертификаттың) көшірмелерін ұсынуы қажет.

      3. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:

      1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде);

      2) медиатордың заңдық мекен-жайы;

      3) медиатордың байланыс деректері (пошта мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі);

      4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;

      5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер;

      6) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаттың (сертификаттың) бар екендігі туралы мәліметтер;

      7) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер.

      4. Медиаторлар ұйымы медиаторларды осы Заңның осы бабының 3-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосады.

      Медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.

      5. Алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі медиаторлар ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторларды енгізу шамасына қарай жаңартылуға тиіс. Медиаторлар ұйымдары мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.

      Тұтынушыны жұмыс істеп тұрған, тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің бар екендігі туралы хабардар ету мақсатында кәсіби медиаторлар ұйымы тізілімнің жаңартылуына қарай Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне медиаторлар туралы ақпарат (медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), медиатордың заңды мекенжайын, байланыс деректерін (пошта мекенжайы немесе электрондық пошта мекенжайы не телефон немесе телефакс нөмірі), медиатор маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер, медиатор медиацияны жүзеге асыра алатын тіл туралы мәліметтер) жібереді.

      7. Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсіміне қатысушы тараптар тиісті өтінішпен медиаторлар ұйымына жүгінуге құқылы. Бұзушылық расталған кезде медиаторлар ұйымы бұл туралы кәсіпқой медиаторлар тізілімінде көрсете отырып, медиатордың қызметін алты ай мерзімге тоқтата тұрады.

      8. Медиаторлар ұйымының медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіміне енгізуден бас тарту, одан шығару, оның қызметін тоқтата тұру туралы шешіміне сотқа шағымдануына болады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 25.06.2020 № 346-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Қоғамдық медиаторлардың медиацияны жүргізуі

      1. Медиацияны уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) сайлайтын, өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар қоғамдық медиаторлар жүргізе алады.

      2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) қоғамдық негіздегі медиаторлар ретінде жергілікті қоғамдастық мүшелерін сайлау туралы хаттамасы он жұмыс күні ішінде осы Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсына отырып, қоғамдық медиаторлар тізіліміне қосу үшін облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жіберіледі.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қоғамдық медиаторлар тізілімін жүргізуі

      1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте медиацияны қоғамдық негізде жүзеге асыратын қоғамдық медиаторлардың тізілімін облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі жүргізеді.

      2. Медиацияны қоғамдық негізде жүзеге асыратын медиаторлар уәкілетті орган айқындайтын қағидаларға сәйкес қоғамдық медиаторлар тізіліміне енгізу үшін облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жүгінуге міндетті.

      3. Қоғамдық медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:

      1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      2) медиатордың заңды мекенжайы;

      3) медиатордың байланыс деректері (пошталық мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы не телефон немесе телефакс нөмірі);

      4) медиатор маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;

      5) медиатор медиацияны жүзеге асыруға қабілетті тіл туралы мәліметтер;

      6) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер.

      4. Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі медиаторларды осы Заңның 9-бабының талаптарына сәйкес келген кезде тиісті өтініш алынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде хабардар ету тәртібімен қоғамдық медиаторлар тізіліміне енгізеді.

      Медиаторды қоғамдық медиаторлар тізіліміне енгізбеген жағдайда облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі тиісті өтініш алынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде уәжді жауап беруге міндетті.

      5. Қоғамдық медиаторлардың тізілімі қазақ және орыс тілдерінде облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің интернет-ресурсында не жұртшылыққа қолжетімді жерлерде орналастырылуға және оған қоғамдық медиаторлардың енгізілуіне қарай жаңартылып отыруға тиіс.

      Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі қоғамдық медиаторлар тізілімін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға құқылы.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУ

17-бап. Медиацияны жүргізу тәртібі мен тәсілдері

      1. Медиация тараптар мен медиатордың өзара келісуі бойынша:

      1) тараптардың медиатормен жеке-дара және (немесе) бірлескен кездесулері түрінде;

      2) тараптардың медиатормен жеке-дара және (немесе) бірлескен телефонмен әңгімелесулері арқылы;

      3) тараптардың медиатормен бейне-конференц-байланыс арқылы жеке-дара және (немесе) бірлескен әңгімелесулері түрінде;

      4) тараптар мен медиатор арасында электрондық хабарлар алмасу арқылы;

      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып, осы Заңның талаптарына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.

      2. Тараптардың келісуімен медиаторлар ұйымдары бекіткен медиацияны жүргізу тәртібі (регламенті) қолданылуы мүмкін.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Медиацияны жүргізу орны және уақыты

      1. Тараптар өздерінің қалауы бойынша медиацияны жүргізу орны туралы уағдаласа алады.

      2. Медиатор медиацияны жүргізу күні мен уақытын тараптардың келісімімен айқындайды.

      3. Медиацияға қатысушылар медиация рәсіміне тараптардың бастамасы бойынша және келісуімен техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы қатыса алады.

      Медиация тараптары дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыруға құқылы.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

19-бап. Медиацияны жүргізу тілі

      Тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады.

20-бап. Медиацияны жүргізу шарттары

      1. Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.

      2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін.

      3. Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

      4. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.

      5. Медиацияны жүргізу медиация тараптары медиация туралы шарт жасасқан күннен басталады.

      6. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі.

      7. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісу бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды. Егер азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында тараптар өзара келісу бойынша басқа медиаторды (медиаторларды) таңдаймын деп шешсе, олар бұл туралы сотты не қылмыстық қудалау органын хабардар етуге міндетті.

      8. Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады.

      9. Медиацияны өткізу мерзімдері осы Заңның 23-бабы 1-тармағының және 24-бабы 4-тармағының талаптарын ескере отырып, медиация туралы шартпен айқындалады.

      Егер медиация азаматтық, әкімшілік не қылмыстық процесс шеңберінен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсім күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тоқтатылуы үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға тиіс. Айрықша жағдайларда шешілетін даудың (дау-шардың) күрделілігіне, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажеттілігіне байланысты медиацияны жүргізу мерзімі медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келіскен кезде ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспайды.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны

      1. Тараптар дауды (жанжалды) медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша түрде ресімделген медиация туралы шарт жасалады.

      Медиатор және тараптар тараптардың бірінің немесе медиатордың сұрау салуы бойынша түпнұсқаларды кейіннен бере отырып, электрондық пошта арқылы медиация туралы шарттың қол қойылған цифрлық көшірмелерімен алмасуы мүмкін.

      2. Медиация туралы шарттың маңызды талаптары мыналар болып табылады:

      1) медиация туралы шарттың жасалған күні және орны;

      2) дау (жанжал) тараптарының атауы, өкілеттіктері көрсетіле отырып олардың өкілдерінің тегі және аты-жөні, лауазымдары;

      3) даудың (жанжалдың) нысанасы;

      4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы, медиаторлар ұйымы туралы мәліметтер;

      5) медиацияны жүргізуге байланысты шығыстардың, ал медиация кәсіби негізде жүзеге асырылған жағдайда – медиацияны жүргізгені үшін медиаторға (медиаторларға) сыйақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері;

      6) медиацияны жүргізу тілі;

      7) тараптардың медиацияны жүргізудің құпиялылығы туралы міндеттемесі және мұндай міндеттемені орындамаудың салдары;

      8) медиация тараптарының дауын (жанжалын) реттеуге қатысатын медиатордың (медиаторлардың) медиация тараптары үшін нұқсан (залал) келтірген әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін жауаптылығының негіздері мен көлемі;

      9) тараптардың деректемелері (жеке басты куәландыратын деректер, тұрғылықты жері, байланыс телефондары);

      10) медиацияны жүргізу мерзімі;

      11) медиацияны жүргізу тәртібі;

      12) медиацияға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері;

      13) медиацияны тоқтату тәртібі мен негіздері;

      14) медиатор (медиаторлар) және медиация тараптары айқындаған өзге де талаптар.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар

      1. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды:

      1) медиаторға сыйақы төлеу;

      2) медиацияны жүргізуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақтануға арналған шығыстар.

      2. Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады.

      3. Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келісімі бойынша айқындалады.

      4. Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.

      5. Егер медиатор өзінің бейтараптығына кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты медиацияны жүргізуден бас тартса, ол тараптардың өзіне төлеген ақшалай сомасын қайтаруға міндетті.

      6. Қоғамдық медиаторлардың қызметі өтеусіз негізде жүргізіледі. Аталған медиаторларға осы Заңның 21-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген, медиацияны жүргізуге байланысты өздері шеккен шығыстар өтеледі.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастар және өзге де қоғамдық қатынастар саласындағы ерекшеліктері

      Ескерту. 23-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды (жанжалдарды) реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда медиацияны жүргізу мерзімі тараптардың өзара шешімі бойынша күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

      2. Медиация сот қарауында жатқан, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды (жанжалдарды) реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда медиацияны жүргізу мерзімін тараптар кейіннен сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

      3. Сот қарауында жатқан, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу сатысындағы материалдар бойынша, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды (жанжалдарды) реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.

      4. Азаматтық немесе әкімшілік процесс шеңберінде жүргізілетін медиация тоқтатылған кезде тараптар іс жүргізуінде іс жатқан сотқа дереу:

      1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді;

      2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері

      Ескерту. 24-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрмайды.

      2. Медиацияға қатысу фактісі медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының кінәні мойындауының дәлелі бола алмайды.

      3. Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған адам болса, педагогтің немесе психологтің немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің қатысуы міндетті.

      4. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша медиация Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген сотқа дейінгі және сот ісін жүргізу немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

      5. Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды.

      6. Қылмыстық процесс шеңберінде және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жүргізілетін медиация тоқтатылған кезде тараптар іс жүргізуінде қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан, қылмыстық процесті немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін органға дереу:

      1) дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді;

      2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері

      1. Некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін.

      2. Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиіс.

      3. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның денсаулығы мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін фактілер анықталса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-1-бап. Медиацияның сот актісін орындау сатысындағы ерекшеліктері

      1. Сот орындаушысына ұсынылған медиация туралы шарт атқарушылық іс жүргізуді күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұрады.

      2. Сот актісін орындау сатысында жасалған дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді тараптар сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынады.

      3. Атқарушылық іс жүргізу тараптар сот актісін орындау сатысында дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім жасасқан және оны сот орындаушысына ұсынған жағдайда тоқтатылады.

      Ескерту. 25-1-баппен толықтырылды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Медиацияны тоқтату

      1. Медиация:

      1) тараптар дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда – мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап;

      2) медиатор дауды (жанжалды) медиация арқылы шешу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда;

      3) тарап (тараптар) медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда – тарап (тараптар) жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап;

      4) тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда – қолжетімді байланыс құралдарымен хабардар етілген кезден бастап;

      5) медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда – осы Заңның 23 және 24-баптарының ережелері ескеріле отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, медиатор тараптың (тараптардың) талап етуі бойынша медиация рәсімін тоқтату себебін көрсете отырып, медиация рәсімнің тоқтатылғаны туралы хабарлама береді.

      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім

      1. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген, дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.

      Егер тараптар бір-біріне түпнұсқаларды одан әрі ұсынбай, электрондық пошта арқылы келісімнің қол қойылған цифрлық көшірмелерімен алмасса, дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімнің де заңды күші болады.

      2. Дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімде жасалған күні мен орны, медиация тараптары, олардың өкілдері, даудың (жанжалдың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптармен келісілген міндеттемелер, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдарлары қамтылуға тиіс.

      Дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімге медиатор (медиаторлар) қол қоюға тиіс.

      3. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.

      4. Іс сотта қаралғанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.

      5. Азаматтық немесе әкімшілік процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен бекітеді.

      Бұл ретте төленген мемлекеттік баж "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.

      6. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген, дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды жәбірленушімен татуластыру арқылы дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді білдіреді.

      Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша медиация тараптарды татуластыру арқылы дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді білдіреді.

      7. Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.

      7-1. Мүлікті бөлу немесе мүлікті кепілге қою туралы дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және (немесе) жылжымалы мүлік кепілін тіркеу үшін негіз болып табылады.

      8. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.

      9. Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені оңайлатылған жазбаша іс жүргізу тәртібімен орындау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-1-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізу барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері

      1. Әкімшілік сот ісін жүргізуде дауларды (жанжалдарды) қарау кезінде жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде ғана медиацияға жол беріледі.

      2. Мұндай істер бойынша медиация мүмкіндігіне мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған немесе тиісті жария-құқықтық қатынастың мәніне қайшы келмейтін жағдайларда жол беріледі.

      Ескерту. 3-тарау 27-1-баппен толықтырылды – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады