2009 жылғы 16 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында Орталықтың орналасу шарттары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының,
психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз
айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік
ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында
оның болу шарттары туралы келісім (2011 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2012 ж., N 2, 21-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы,
2006 жылғы 24 шілдедегі Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығын құру туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының орналасқан жері Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы болып табылатынына келісе отырып,
Қазақстан Республикасының аумағында Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы өзінің мақсаттары мен міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге ниеттене отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген ұғымдар мынаны білдіреді:
ОАӨАҮО немесе Орталық - Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы;
ОАӨАҮО-ны құру туралы келісім - 2006 жылғы 24 шілдедегі Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығын құру туралы келісім;
қатысушы мемлекет - ОАӨАҮО құру туралы келісімнің тарапы болып табылатын мемлекет;
жіберуші мемлекет - Орталықта жұмыс істеу үшін өз өкілін жіберетін қатысушы мемлекет;
болатын мемлекет - Қазақстан Республикасы;
Үкімет — Қазақстан Республикасының Үкіметі;
лауазымды тұлға — Орталықта жұмыс істеу үшін қатысушы мемлекет жіберген және тиісті штаттық лауазымға тағайындалған құзыретті органның өкілі;
қызметкер - Орталықтың қызметін әкімшілік және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Орталықтың штаттық қызметкері;
Орталықтың персоналы - Орталықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері;
өкілетті өкіл (байланыс офицері) - осы құзыретті органның кадрында тұратын және мемлекеттің құзыретті органдары мен Орталықтың арасындағы байланысты жүзеге асыру үшін Орталыққа жіберілген қатысушы мемлекеттің құзыретті органының өкілі;
бақылаушы - ОАӨАҮО-ны құру туралы Келісімнің Тарапы болып табылмайтын, Орталықтың жанындағы бақылаушы мәртебесі берілген мемлекет, құзыретті халықаралық ұйым;
Орталықтың үй-жайлары - меншік нысанына және құқығының тиесілілігіне қарамастан, осы ғимараттарды немесе ғимараттардың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғанда, Орталықтың мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі;
отбасы мүшелері - лауазымды тұлғалардың, өкілетті өкілдердің (байланыс офицерлері) және бақылаушы өкілдердің жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары және олардың асырауындағы және олармен үнемі бірге тұратын адамдар.
2-бап
Осы Келісім Орталықтың Алматы қаласында болуына қатысты мәселелерді реттейді.
3-бап
Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы ретте Орталықтың артықшылықтары мен иммунитеттеріне зиян келтірмей, ОАӨАҮО құру туралы келісімге, осы Келісімге және болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес құқықтарды пайдаланады және міндет алады.
Осы бапта көзделген құқықтарды Орталықтың атынан оның директоры жүзеге асырады.
I. Орталықтың артықшылықтары мен иммунитеттері 4-бап
Орталықтың мүлкі мен активтері әкімшілік немесе соттық араласудың кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.
Орталықтың үй-жайлары мен көлік құралдары, сондай-ақ оның мұрағаттары мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлары олардың қай жерде екеніне қарамастан, тінтуге, реквизициялауға, тәркілеуге және Орталықтың қызметіне бөгет болатын кез келген басқа нысандағы араласуға жатпайды.
Мемлекеттің билік және басқару органдарының өкілдері Орталықтың үй-жайларына директордың келісімімен және ол мақұлдаған шарттардан өзгеше кіре алмайды.
Мемлекеттің билік және басқару органдарының шешімі бойынша кез келген әрекетті орындау Орталықтың үй-жайларында директордың келісімімен ғана орын алуы мүмкін.
Болатын мемлекет Орталықтың үй-жайларын кез келген басып кіруден немесе залал келтіруден сақтау және қорғау жөніндегі тиісті шараларды қабылдайды.
Орталықтың үй-жайлары мен көлік құралдары халықаралық құқық нормаларына сәйкес заңдар бойынша қудаланатын немесе ОАӨАҮО құру туралы келісімнің кез келген Тарапына немесе үшінші мемлекетке берілуі тиіс тұлғалар үшін баспана бола алмайды.
Орталықтың үй-жайлары мен көлік құралдарының қол сұқпаушылығы Орталықтың міндеттерімен және функцияларымен үйлеспейтін немесе ОАӨАҮО құру туралы келісім Тараптарының қауіпсіздігіне, олардың жеке және заңды тұлғаларының мүдделеріне зиян келтіретін мақсатта оларды пайдалануға құқық бермейді.
5-бап
Орталық, оның активтері және басқа да меншігі болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында алынатын барлық салықтар мен алымдардан босатылады.
Орталықтың ресми пайдалануына арналған мүлік пен заттар кедендік баждан, салықтардан және осыған байланысты алымдардан, болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес бұл үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде немесе тиісті кеден органының жұмыс уақытынан тыс сақтағаны, кедендік ресімдегені үшін алымдары қоспағанда, импорттық және экспорттық шектеулер мен тыйым салулардан босатылады.
Жалпы тәртіптен тыс әкелінетін мүлік пен заттарды сатуды және пайдалану құқығын беруді қоса алғанда, өзге мақсаттарда пайдалану кедендік төлемдерді төлеуге және болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзге де құқықтық салдарларға әкеп соғады.
6-бап
Орталық өзінің ресми байланыс құралдары үшін болатын мемлекет шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына ұсынатын қолайлы жағдайлардан кем емес жағдайларды пайдаланады.
Орталық ақпарат беруді қорғауды қамтамасыз ететін шифрларды, курьерлік және басқа байланыс түрлерін пайдалануға құқылы. Орталық дипломатиялық курьерлер мен вализдер пайдаланатын иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланатын курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабар алуға және жөнелтуге құқылы.
Курьер қызметтік хат-хабарды құрайтын, оның мәртебесі мен орындарының саны көрсетілген ресми құжатпен жарақталуы тиіс.
Қызметтік хат-хабарды құрайтын барлық орындарда олардың сипатын көрсететін көрінетін сыртқы белгілер болуы тиіс және Орталықтың ресми пайдалануына арналған қызметтік құжаттар мен заттарды ғана қамтуы мүмкін.
7-бап
Орталықтың туы, эмблемасы және басқа да символикасы болады және оларды Орталықтың қызметтік мақсатта пайдаланылатын өздері орналасқан үй-жайлары мен автокөлік құралдарында орната алады.
8-бап
Орталық өзінің міндеттері мен мақсаттарына сәйкес баспа өнімдерін шығара және тарата алады.
9-бап
Үкімет Орталыққа үй-жайды (ғимаратты) Орталық жұмыс істейтін барлық кезеңге өтеусіз пайдалануға береді.
Үй-жайларды (ғимаратты) беру болатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалатын жеке шарттың негізінде жүзеге асырылады.
10-бап
Болатын мемлекеттің ұйымдары Орталықты шарттың негізінде Орталықтың есебінен төленетін коммуналдық қызметтермен, байланыс қызметтерімен қамтамасыз етеді.
Коммуналдық қызметтерді, байланыс қызметтерін болатын мемлекеттің ұйымдары көрсеткен жағдайда немесе олардың бағаларын олар бақылағанда мұндай қызмет көрсетулер үшін тарифтер дипломатиялық миссияларға қатысты қолданылатын тарифтерден аспауы тиіс.
Коммуналдық қызметтерді, байланыс қызметтерін көрсетуде толық немесе ішінара кідіріс келтіретін форс-мажорлық мән-жайлар басталған кезде Орталық өзінің функцияларын орындау мүддесінде шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына ұсынылатын басымдықты пайдаланады.
Коммуналдық қызметтер уәкілетті өкілдерінің Орталықтың үй-жайларында қажетті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндігі болуы үшін Орталық тиісті шаралар қабылдайды.
II. Орталықтың лауазымды тұлғаларының, өкілетті өкілдердің (байланыс офицерлері) және бақылаушылар өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері
11-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары халықаралық қызметшілер болып табылады.
Болатын мемлекет Орталықтың лауазымды тұлғалары функцияларының халықаралық сипатын құрметтеуге және олардың өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде оларға ықпал етпеуге міндеттенеді.
12-бап
Лауазымды тұлғалар, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) және бақылаушылардың өкілдері болатын мемлекеттің аумағында:
1) мыналарды:
Орталыққа, лауазымды тұлғаға, өкілетті өкілге (байланыс офицеріне) немесе бақылаушылардың өкіліне тиесілі не оның басқаруындағы көлік құралынан болған жол-көлік оқиғасына байланысты зиянды өтеу туралы талап-арыздарды;
лауазымды тұлғаның, өкілетті өкілдің (байланыс офицерінің) немесе бақылаушылар өкілінің тарапынан болған әрекеттен өлімге немесе дене жарақатына байланысты зиянды өтеу туралы талап-арыздарды қоспағанда, олар айтқан немесе жазған және барлық жасаған ресми іс-әрекеттері үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке жатпайды;
2) Орталық төлейтін еңбекақыға және өзге де сыйақыларға салынатын салықтардан босатылады;
3) мемлекеттік міндеткерліктерден босатылады;
4) отбасы мүшелерімен бірге иммиграция бойынша шектеулерден және шетелдіктер ретінде тіркеуден босатылады;
5) валюталық операциялар саласында дипломатиялық агенттерге берілетін артықшылықтарды пайдаланады;
6) халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық агенттер репатриация бойынша қандай жеңілдіктерді пайдаланатын болса, өздерінің отбасы мүшелерімен бірге сондай жеңілдіктерді пайдаланады;
7) лауазымды бастапқы атқарған және келісім-шарттың тоқтатылуына байланысты болған мемлекеттен кеткен кезде нақты қызмет көрсету түрлері (қызметтер) үшін төлем болып табылатындарды қоспағанда, кедендік баж, салықтар мен алымдар төлемей өздері жеке пайдалануға арналған автокөлік құралын қоса алғанда, мүлікті болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес әкелуге/әкетуге құқылы.
Осы баптың 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларының ережелері болатын мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе болатын мемлекетте тұруға ықтиярхаты бар Орталықтың персоналына, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) мен олардың отбасы мүшелеріне қолданылмайды. Бұл тұлғалардың жалақысына болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынады.
13-бап
Осы Келісімнің 12-бабында бекітілген артықшылықтар мен иммунитеттерден басқа, Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) мен бақылаушылардың өкілдері, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттер мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін басқа да артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Бұл ретте, егер осы бапта көрсетілген тұлғалар болатын мемлекеттің азаматтары болып табылса немесе болатын мемлекетте тұруға ықтиярхаты болса, олар болатын мемлекеттің аумағында қызметтік міндеттерін орындау кезінде ғана өздерінің осы бапта көрсетілген артықшылықтары және иммунитеттерін пайдаланады.
14-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) және бақылаушылардың өкілдері болатын мемлекетте жеке пайдасы немесе басқа тұлғалардың пайдасы үшін коммерциялық немесе өзге қызметпен (ғылыми, шығармашылық және оқытушылықтан басқа) айналысуға құқығы жоқ.
Осы Келісімнің 12-бабына сәйкес артықшылықтарды пайдаланатын және болатын мемлекетте салық салудан босатылған тұлғалар, егер олар ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтерден табыс алған жағдайда, осындай қызметтен алатын жиынтық табысты декларациялайды және болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес одан салық төлейді.
15-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері), бақылаушылардың өкілдері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері автокөлік құралдарын пайдалануға байланысты азаматтық құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
16-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері), бақылаушылардың өкілдері және олардың отбасы мүшелері осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді баратын жеріне келе жатқанда болатын мемлекеттің аумағына кірген сәттен бастап немесе, егер олар сол аумақта болса, лауазымды тұлғалар, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері), бақылаушылардың өкілдері өздерінің міндеттерін орындауға кіріскен сәттен бастап пайдаланады.
Орталықтың лауазымды тұлғасының, өкілетті өкілдің (байланыс офицерінің), бақылаушының өкілінің функциялары тоқтатылған кезде олардың артықшылықтары мен иммунитеттері, сондай-ақ болатын мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын олардың отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері бұл тұлғалар болатын мемлекеттен кеткен сәтте немесе 30 күн өткеннен кейін тоқтатылады. Отбасы мүшелері болуды тоқтатса, отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері тоқтатылады, алайда, егер мұндай адамдар болатын мемлекеттен 30 күннің ішінде кетуге ниеттенсе, онда артықшылықтары мен иммунитеттері олар кеткен сәтке дейін сақталады деген түсініктеме беріледі.
Орталықтың лауазымды тұлғасы, өкілетті өкіл (байланыс офицері), бақылаушының өкілі қайтыс болған жағдайда олардың отбасы мүшелері олар болатын мемлекеттен кеткен сәтке дейін, бірақ 30 күннен аспай оларға берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалануды жалғастыра береді.
17-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары мен бақылаушылардың өкілдері лауазымды атқару үшін шақыру-хат немесе іссапар ұйғарымы болған жағдайда визаларды жеделдетілген тәртіппен және өтеусіз негізде ресімдеуге құқылы.
Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) және бақылаушылардың өкілдері Орталықтың іс-шаралары үшін қажет жағдайда және, егер бұл болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес келсе, оның аумағында еркін жүруге құқылы.
18-бап
Орталық болатын мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің атынан Үкіметке Орталықтың лауазымды тұлғаларының, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері) мен бақылаушылар өкілдерінің тегі мен санатын, сондай-ақ олардың мәртебесінің кез келген өзгерісі туралы хабарлайды.
Болатын мемлекеттің Сыртқы істер министрлігі өз Үкіметінің атынан Орталықтың ресми өтініші бойынша Орталықтың болатын мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын лауазымды тұлғаларына және өкілетті өкілдерге (байланыс офицерлеріне), сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне осы Келісімде белгіленген артықшылықтар мен иммунитеттерге олардың құқықтарын растайтын аккредиттеу карточкаларын береді.
19-бап
Орталықтың лауазымды тұлғалары, өкілетті өкілдер (байланыс офицерлері), бақылаушылардың өкілдері, сондай-ақ болатын мемлекеттің аумағында олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері коммуналдық-тұрмыстық, медициналық, санаторийлік-курорттық, қонақ үй, көліктік және қызмет көрсетудің басқа да түрлері үшін ақы төлеу мәселелерінде болатын мемлекет азаматтарының тиісті құқықтарын пайдаланады.
20-бап
Осы Келісімге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын барлық адамдар олардың артықшылықтары мен иммунитеттеріне зиян келтірмей болатын мемлекеттің заңнамасын құрметтеуге және болатын мемлекеттің ішкі ісіне араласпауға міндетті.
III. Қорытынды ережелер
21-бап
Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
22-бап
Болатын мемлекет осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
Депозитарий әрбір қатысушы мемлекетке осы Келісімнің расталған көшірмесін жібереді.
23-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
24-бап
Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады және Орталық оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Үкіметтің орындағаны туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді және ОАӨАҮО құру туралы келісімнің әрекеті тоқтатылған күнінен бастап өзінің әрекетін өздігінен тоқтатады.
Астана қаласында 2009 жылғы 16 қыркүйекте қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының | ОАӨАҮО үшін |
Үкіметі үшін |
Осымен 2009 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында Орталықтың орналасу шарттары туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2011 жылғы 16 наурыздағы № 10-2/1068 және Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының 2011 жылғы 15 сәуірдегі № 3/861 ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының | |
Сыртқы істер министрлігі | |
Халықаралық құқық департаментінің | |
Басқарма бастығы | Н. Сәкенов |