Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 қазандағы № 41-V Заңы

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      2010 жылғы 12 қаңтарда Венада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара
қорғау туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының  Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын),
      осы Келісімге сәйкес инвесторларға және олардың инвестицияларына берілетін режим экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін жасауға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін мойындай отырып;
      құқықтық нормаларға негізделген әділ, ашық және болжамды инвестициялық режимдер бүкіл әлемдік сауда жүйесін толықтырып қана қоймай, оған пайда әкелетінін атап көрсете отырып;
      олардың достық қатынастарын күшейтуге және олардың арасында бір Тараптың азаматтары мен кәсіпорындарының екіншісінің аумағындағы инвестициялары бөлігіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
      барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі халықаралық іс-қимылдарға, әсіресе БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына (2003) қосылу қажеттігін атап көрсете отырып;
      инвестициялық келісімдер мен қоршаған ортаны, адам құқықтарын немесе еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі көп жақты келісімдер жаһандық тұрақты дамуды көтермелеуге арналғанын және кез келген ықтимал келіспеушіліктер Тараптардың әрқайсысының бұл салалардағы стандарттарының талаптарын босаңсыту жолымен шешілмеуі тиіс екенін растай отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін
      1. "Тарап инвесторы" мыналарды:
      (а) бір Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және екінші Тараптың заңнамасына сәйкес оның аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
      (б) Тараптың қолданылатын заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, табыс табу немесе таппау мақсатында жұмыс істейтін, үкіметке немесе жеке секторға тиесілі немесе олар басқаратын заңды тұлғаны білдіреді, мысалы: корпорация, серіктестік, бірлескен кәсіпорын немесе кез келген басқа да қауымдастық, сол сияқты Тарап аумағында орналасқан және онда тәуелсіз коммерциялық қызметті жүргізетін және инвестицияны асыратын немесе жүзеге асырушы трест, жеке меншіктегі фирма немесе филиал.
      2. "Тарап инвесторының инвестициялары" бір Тараптың аумағындағы екінші Тарап инвесторының меншігінде немесе тікелей немесе жанама басқаратын активтердің кез келген түрін білдіреді. Инвестициялардың мынадай: капитал немесе басқа да қаржыландыру көздері бойынша міндеттемелер, пайданы немесе табысты күту, тәуекелдерді қабылдау сияқты белгілі бір сипаттамалары болады және атап айтқанда мыналарды:
      (a) осы баптың 1-тармағының (б) тармақшасында айқындалғандай заңды тұлғаны;
      (б) осы баптың 2-тармағының (a) тармақшасында айқындалғандай акцияларды, бағалы қағаздар мен кәсіпорынға үлестік қатысудың басқа да нысандарын және олардан туындайтын құқықтарды;
      (в) облигацияларды, борыштық міндеттемелерді, қарыздар мен борыштық құралдардың басқа да нысандарын және олардан туындайтын құқықтарды;
      (г) "дайын күйіндегі" жобаларды, құрылысты, басқаруды немесе кірістерді бөлу шарттарын, концессияны, лицензияны, экономикалық қызметті жүргізуге рұқсатты немесе рұқсаттаманы қоса алғанда, заңға немесе келісімшартқа сәйкес берілген кез келген құқықты немесе ақшалай талапты немесе оның орындалуын;
      (д) өнеркәсіптік меншік құқығын, авторлық құқықты, сауда маркаларын, патенттерді, географиялық нұсқамаларды, өнеркәсіптік үлгілерді, тауар белгілерін, ноу-хау мен гудвилді қоса алғанда, экономикалық құндылығы бар зияткерлік меншікке және материалдық емес активтерге құқықтарды;
      (е) жалға алу құқығы, ипотека, мүлікті ұстап қалу құқығы, кепілдер немесе узуфруктер сияқты кез келген басқа материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті немесе кез келген байланысты меншік құқықтарын қамтиды.
      3. "Кірістер" пайданы, пайыздарды, капитал құнының өсімін, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық төлемдерді, басқару қызметтері үшін қаламақыны, техникалық көмекке төлем жасауды және басқа да төлемдерді қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражатты білдіреді.
      4. "Кідіріссіз" әдетте өтемақыны төлеу немесе төлемдерді аударуға қажетті рәсімдерді аяқтау үшін талап етілетін кезеңді білдіреді. Бұл кезең өтемақы экспроприациялау күнінен бастап төленген  жағдайда және төлемдер аудару туралы сұрау салу берілген күннен бастап аударылған жағдайда басталуы тиіс. Мұндай кезең кез келген жағдайда бір айдан аспауға тиіс.
      5. "Аумақ" екі Тарапқа да қатысты, Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы халықаралық құқыққа сәйкес юрисдикциясын жүзеге асыратын арнайы экономикалық аумақты және құрлық қайраңын қоса алғанда, өз мемлекетінің егемендігі ретінде ішкі және аумақтық суларды, жер қойнауын, әуе кеңістігін қоса алғанда, жердің құрлықтағы аумағын, теңіз кеңістігін білдіреді.
      6. "Нью-Йорк конвенциясы" 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенция білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу

      1. Әрбір Тарап өзінің қолданылатын заңнамасына сәйкес екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және таниды.
      2. Активтер инвестициялаған немесе қайтадан инвестицияланған нысанды кез келген өзгерту, мұндай өзгерту аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда олардың инвестициялар ретіндегі мәртебесін қозғамауға тиіс.

3-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықты режимді, толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
      2. Тарап екінші Тараптың инвесторларына тиесілі инвестицияларды басқаруға, пайдалануға, қызмет көрсетуге, қолдануға, иелік етуге, сатуға және жоюға заңсыз немесе кемсітушілікпен қарсы әрекет етпейтін болады.
      3. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына немесе кірістеріне қолайлылығы ол өзінің жеке инвесторларына және олардың инвестицияларына не кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына немесе инвестицияларға немесе кірістерге қатысты дауды реттеу сияқты басқаруға, қолдануға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, сатуға және жоюға қатысты кірістеріне беретін режимнен кем емес, инвестор үшін қандай режим анағұрлым қолайлы екеніне байланысты режимді ұсынады.
      4. Осы Келісімнің бір де бір ережесі мыналар:
      (а) Тараптың БҰҰ Жарғысына сәйкес өзінің бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындауға қатысты шаралар қабылдауына кедергі келтіретін;
      (б) Тараптың еркін сауда аумағы, кеден одағы, жалпы нарық, экономикалық бірлестік, валюта одағы, мысалы, Еуропалық одақ туралы келісім сияқты экономикалық интеграция туралы шарттың мүшесі ретінде өз міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін; не Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына немесе кірістеріне мұндай келісімге немесе инвестициялар туралы кез келген көп жақты келісімге оның мүшелігі негізінде кез келген режимнің қазіргі немесе болашақтағы пайдасын, преференцияларды немесе артықшылықтарды қолдануға міндеттейтін;
      (в) Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және олардың  инвестициялары мен кірістеріне Тараптың халықаралық келісімдер, халықаралық нормалар немесе салық салуға қатысты ұлттық заңнама бойынша міндеттемелерінен туындайтын кез келген режимнің қазіргі немесе болашақтағы пайдасын, преференциялар мен артықшылықтарды қолдануға міндеттейтін ретінде қарамауға тиіс.

4-бап
Инвестициялар және қоршаған орта

      Тараптар инвестицияларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы өз ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету жолымен көтермелемейді.

5-бап
Еңбек заңнамасы

      1. Тараптар инвестицияларды еңбек саласындағы өз ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету жолымен көтермелемейді.
      2. Осы баптың мақсатында "еңбек саласындағы ұлттық заңнама" мынадай халықаралық деп танылған еңбек құқықтарымен тікелей байланысты болады:
      (а) қауымдастық құқығы;
      (б) ұжымдық шарттарды ұйымдастыру және жасасу құқығы;
      (в) мәжбүрлейтін немесе міндеттейтін еңбектің кез келген нысанын пайдалануға тыйым салу;
      (г) балаларды жұмыспен қамту үшін ең төменгі жасты және балалар еңбегінің ең нашар нысандарына тыйым салуды және оларды жоюды қоса алғанда, балалар мен жасөспірімдер еңбегін қорғау;
      (д) ең төменгі жалақы, жұмыс уақыты, еңбек және денсаулық қауіпсіздігі бөлігінде қолайлы еңбек жағдайлары;
      (е) жұмысқа жалдау кезінде және мамандық таңдау кезіндегі кемсітушілікті жою.

6-бап
Ашықтық

      1. Әрбір Тарап өз заңдарын, қағидаларын, рәсімдерін, сондай-ақ өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің қолданысы әсер етуі мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялайды немесе өзге түрде көпшілікке қол жетімді етеді.
      2. Әрбір Тарап арнайы сұрақтарға дереу жауап береді және сұрау бойынша екінші Тарапты осы баптың 1-тармағында аталған кез келген шаралар мен мәселелер туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.
      3. Тараптардың бірде бірі жария болуы құпиялылықты қорғауға қатысты заңдардың сақталуына кедергі келтіретін немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келетін жекелеген инвесторларға немесе инвестицияларға қатысты ақпаратқа қол жетімділік ұсынуды немесе оған рұқсат беруді талап етпеуге тиіс.

7-бап
Экспроприациялау және өтемақы

      1. Тараптар екінші Тарап инвесторының инвестицияларын тікелей немесе жанама экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алмауға немесе мына:
      (a) қоғамдық мақсаттарда қабылданатын;
      (б) кемсітпеушілік негізіндегі;
      (в) тиісті заңды рәсімге сәйкес;
      (г) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес дереу, шамалас және тиімді өтемақымен қолдау көрсетілетін шараларды қоспағанда, ұқсас әсері бар (бұдан әрі экспроприация деп аталатын) кез келген шараларды қабылдамауға тиіс.
      2. Өтемақы:
      (a) кідіріссіз төленуге тиіс. Валюталық бағамға байланысты кідірген жағдайда, осы кідіріс нәтижесі болып табылатын кез келген шығынды қабылдаушы мемлекет көтереді;
      (б) экспроприациялауды жүзеге асырғанға дейін экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнына баламалы болуға тиіс. Әділ нарықтық құн экспроприациялау туралы бұрыннан көпшілікке мәлім болған салдардан туындаған бағаға қандай да бір өзгерісті көрсетпеуге тиіс;
      (в) мүдделі өтініш берушілер көрсеткен мемлекетке және өтініш берушілер азаматтары болып табылатын сол мемлекеттің валютасымен немесе өтініш берушілер қабылдаған еркін айырбасталатын кез келген валютамен төленген және еркін аударылатын болуға тиіс;
      (г) экспроприациялау күнінен бастап нақты төлеу күніне дейін төлеу валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша пайызды қамтуға тиіс.
      3. Екінші Тараптың экспроприациялауына ұшырағанын мәлімдеуші Тарап инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес, сот органы немесе алғашқы аталған Тараптың басқа құзыретті және тәуелсіз органы оның инвестицияларын бағалауды және өтемақы төлеуді қоса алғанда, оның ісін дереу қарауға құқығы бар.

8-бап
Шығынға өтемақы төлеу

      1. Екінші Тараптың аумағындағы соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыс, ұлттық төтенше жағдай, төңкеріс, көтеріліс, азаматтық тәртіпсіздік немесе сол Тараптың аумағындағы кез келген басқа ұқсас оқиғалар, күтпеген және форс-мажор жағдайлары салдарынан екінші Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шығын шеккен Тараптың инвесторына алғашқы аталған Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе кез келген басқа реттеуге қатысты қандай режим инвестор үшін барынша қолайлы болып табылатындығына қарай, оның өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режим ұсынуға тиіс.
      2. Мыналардың:
      (a) инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін биліктің немесе екінші Тараптың аумағында әрекет ететін күштердің реквизициялауы, немесе
      (б) жағдайға байланысты талап етілмеген Тарап инвестициясын немесе оның бір бөлігін екінші Тарап күштерінің немесе билігінің бұзуы салдарынан осы баптың 1-тармағында аталған жағдайдың кез келгенінен шығын шеккен Тарап инвесторына,
      екінші Тарап кез келген жағдайда осы Келісімнің 7-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс жағдайлардың қайсысында өтемақыға қатысты дереу, шамалас және тиімді болуы тиіс реституцияны немесе өтемақыны ұсынады.

9-бап
Аударымдар

      1. Аумағында инвестициялар жүзеге асырылған әрбір Тарап оның ұлттық заңнамасына сәйкес, инвестор барлық салықтық міндеттемелерді орындағаннан кейін өзгелерден басқа, атап айтқанда, мыналарды қамтитын инвестицияларға қатысты төлемдердің еркін аударылуына кепілдік береді:
      (a) инвестицияларды сақтау немесе ұлғайту үшін бастапқы капитал және қосымша қаражат;
      (б) инвестициялардан түсетін кірістер;
      (в) инвестицияларға байланысты қарыз шартын қоса алғанда, келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылатын төлемдер;
      (г) сатудан түскен түсімнің немесе инвестициялардың барлық немесе кез келген бөлігін жою;
      (д) осы Келісімнің 7 және 8-баптарына сәйкес төленетін өтемақылар;
      (е) дауды реттеуден туындайтын төлемдер;
      (Ұ) инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шетелден жалдаған персоналға төленетін еңбекақы және басқа да сыйақылар.
      2. Әрбір Тарап мұндай аударымдар аумағында аударым жүзеге асырылған Тараптың аударым күнінде қолданыстағы нарықтық валюталық бағам бойынша еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асырылатындығына кепілдік береді.
      3. Шетелдік валюта нарығы болмаған кезде, ағымдағы күнге  әрекет ететін Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Қарыз Алудың Арнайы құқықтарындағы валюталар аударымының валюталық бағамы қолданылады.
      4. Осы баптың 13-тармақтарына қарамастан, осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағында аталған оның халықаралық міндеттемелерін орындау үшін Тарап қабылдаған шараларға залалсыз, мұндай шаралар Тарап банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға, эмиссияға, бағалы қағаздардың саудасына және олармен жасалатын мәмілелерге, фьючерстерге, опциондар мен туынды бағалы қағаздарға, есептілік қағидаларына және аударымдардың жазуын жүргізуге, "ақшаны жылыстатуды" немесе терроризмді қаржыландыруды болдырмауға қатысты немесе мұндай шаралар және оларды қолдану Тараптың осы Келісімге сәйкес өз міндеттемелерін орындаудан жалтару құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс болған жағдайда, қылмыстарға, әкімшілік және сот ісін жүргізу ұйғарымдарына немесе шешімдеріне байланысты ұлттық заңнаманы тең құқықты, кемсітушіліксіз және әділ қолдану жолымен аударымды шектей алады.

10-бап
Суброгация

      Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы төлемді екінші Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты ұсынылған өтемақыға, кепілге немесе сақтандыру туралы шартқа сәйкес жүргізетін болса, онда соңғы Тарап осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес инвестордың құқықтарына залалсыз, осы инвестордың кез келген құқығының немесе талаптарының алдыңғы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына және алдыңғы Тараптың немесе оның уәкілетті органының суброгацияға орай кез келген осындай құқықты және талапты оның алдыңғысындай дәрежеде жүзеге асыру құқығының ауысатынын мойындауға тиіс.

11-бап
Басқа да міндеттемелер

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының жекелеген инвестицияларына қатысты өзі қабылдай алатын кез келген міндеттемені сақтайды.
      Бұл өзгелермен бірге инвестор мен қабылдаушы мемлекеттің арасындағы келісімшарттың бұзылуы осы Келісімнің бұзылуын білдіреді.
      2. Егер Тараптардың кез келгенінің заңнамасы немесе оның қазіргі уақытта қолданыстағы немесе осы Келісімге толықтыру ретінде Тараптар арасында болашақта белгіленген халықаралық шарттар бойынша міндеттемелері екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделгеннен неғұрлым қолайлы режим ұсынатын жалпы немесе арнайы ережелерді қамтитын болса, онда мұндай нормалар инвесторлар үшін неғұрлым қолайлы болатын шектермен осы Келісімнен басым болады.

12-бап
Құқықтарды ұсынудан бас тарту

      Егер үшінші мемлекеттің инвесторлары бірінші айтылған инвесторды бақылайтын немесе иеленетін болса және бұл инвестор ол құрылған немесе ұйымдастырылған заңнама бойынша Тараптың аумағында елеулі коммерциялық қызметті жүзеге асырмайтын болса, Тарап екінші Тараптың инвесторына және оның инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарын ұсынудан бас тартуы мүмкін.

13-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы дауларды шешу тәсілдері

      1. 1318-баптар инвесторға немесе оның инвестицияларына шығын немесе нұқсан әкелетін біріншісінің осы Келісім бойынша міндеттемелерін ықтимал бұзуларға қатысты Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларға қолданылады.
      2. Тарап пен екінші Тараптың инвесторының арасындағы дау мүмкіндігінше келіссөздер немесе консультациялар жолымен реттелетін болады. Егер дау бұлай реттелмеген болса, талапкер оны мыналардың қарауына:
      (а) дауға қатысатын Тарап мемлекетінің құзыретті соттарына;
      (б) дауларды реттеудің кез келген қолдануға болатын алдын ала келісілген рәсіміне сәйкес; немесе
      (в) осы бапқа сәйкес:
      (і) егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың екеуі де Вашингтон қаласында 1965 жылғы 18 наурызда қол қойылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенциясының (бұдан әрі – ИДРХК конвенциясы) қатысушысы болып табылатын болса, ИДРХК конвенциясына сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі – ИДРХО);
      (іі) егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың бірі ИДРХК Конвенциясына қатысушы болып табылмайтын болса, Орталық Хатшылығының Әкімшілік Өндірісі үшін Қосымша Алаң қағидаларына сәйкес ИДРХО-ға;
      (ііі) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының ("ЮНСИТРАЛ") Төрелік қағидасына сәйкес құрылған жалғыз төрешісіне немесе аd hос төрелік сотына;
      (iv) Халықаралық Сауда Палатасына, Палата төрелігінің қағидаларына сәйкес жалғыз төрешіге немесе ad hoc төрелік сотына;
      (v) кез келген бұрын ескертілген ad hoc төрелік сотына қарауға бере алады.
      3. Дау осы баптың 2-тармағының (в) тармақшасына сәйкес, дау тарапы мұндай ниеті туралы хабарлаған күннен бастап, 60 (алпыс) күннен кейін, бірақ даудың басқа тарапы дау туындатқан оқиғалар туралы хабарланған не хабарлануы тиіс күннен бастап, 5 (бес) жылдан кешіктірілмей, қарауға ұсынылуы мүмкін.

14-бап
Тараптардың келісімі

      1. Осы арқылы әрбір Тарап осы Келісімнің 13-бабына сәйкес халықаралық төрелік сотқа дауды ұсынуға өзінің сөзсіз келісімін береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған келісім оған сәйкес ішкі әкімшілік немесе сот шаралары қаралып бітуі тиіс талаптардан бас тартуды білдіреді.

15-бап
Іске қарау орны

      Осы Келісімнің 1318-баптары шеңберіндегі кез келген істі  қарау даудың кез келген тарапының сұрауы бойынша Нью-Йорк Конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекетте жүргізіледі. Осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес төрелікке жіберілген өтініштер Нью-Йорк Конвенциясының 1-бабын сақтау мақсатында коммерциялық қарым-қатынастардан немесе мәмілелерден туындайтындар ретінде қаралуға тиіс.

16-бап
Өтеу

      Залал үшін өтем немесе өтемақы немесе олардың бөліктері өтеу, кепілдік немесе сақтандыру шарттарына алынғаны немесе алынатындығы жөніндегі фактіні даудың тарапы қорғау шарасы, қарсы талап-арыз, өтемақыға құқық немесе кез келген басқа негіздеме ретінде пайдаланбауға тиіс.

17-бап
Қолданылатын заңнама

      1. Осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес ұйымдастырылған төрелік сот дауларды осы Келісімге, сондай-ақ халықаралық құқықтың қолданылатын нормалары мен қағидаттарына сәйкес шешеді.
      2. Осы Келісімнің 11-бабына сәйкес даудағы мәселелер басқа уағдаластық болмағанда, дау тарапы болып табылатын Тараптың заңнамасына, келісімшартты реттейтін заңнамаға, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешілуі тиіс.

18-бап
Төрелік шешім және орындау

      1. Мүдде сыйақысын қамтуы мүмкін төрелік шешім түпкілікті және дау тараптары үшін міндетті болып табылады және талаптарды қанағаттандырудың мынадай нысандарын:
      (а) Тарап осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындай алмағаны туралы өтінішті;
      (б) залал жүзеге асырылған кезден бастап өтемақы төленген  кезге дейінгі пайыздық сыйақыны қамтуы тиіс ақшалай өтемақыны;
      (в) Тарап, егер реституция заттай түрде қолдануға жарамаса, ақшалай өтемақы алуға құқылы болған жағдайда, тиісті жағдайлардағы заттай түрдегі реституцияны;
      (г) дау тараптарының уағдаластығы бойынша талапты қанағаттандырудың кез келген басқа нысанын қамтуы мүмкін.
      2. Әрбір Тарап осы бапқа сәйкес төрелік шешімдердің тиісінше және дереу орындалуын қамтамасыз етеді.

19-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, мүмкіндігінше, консультациялар арқылы шешіледі.

20-бап
Шектеулер, консультациялар, делдалдық, ымыраласушылық

      1. Тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау осы талап туралы екінші Тарапқа хабарланғаннан кейін 60 (алпыс) күн өткен соң төрелік сотқа реттеу үшін берілуі мүмкін.
      2. Тарап 19-25-баптарға сәйкес инвестор осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес төрелікке мәлімдеген инвестор құқықтарының бұзылуына қатысты дау бойынша сот процесін, Тарап осындай дауда шығарылған шешімді сақтай алмаған және орындай алмаған немесе осы сот талқылауы төрелік сот шешімін шығарусыз тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, бастамалауы мүмкін емес.

21-бап
Төрелік сот құрамын қалыптастыру

      Аd hoc төрелік соты мынадай түрде ұйымдастырылуы тиіс:
      1. Әрбір Тарап соттың бір мүшесін тағайындауы тиіс және осы екі мүше үшінші мемлекет азаматының кандидатурасын Төраға ретінде келісуі тиіс. Соттың осындай мүшелері Тараптардың біреуі екінші Тарапқа дауды төрелік соттың қарауына ұсыну ниеті туралы хабарлаған күннен бастап 2 (екі) ай ішінде тағайындалуы тиіс, бұл ретте бұл соттың Төрағасы келесі 2 (екі) айдың ішінде тағайындалуы тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер сақталмаған болса, онда кез келген Тарап тиісті келісімсіз қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін БҰҰ-ның Халықаралық Сотының Президентін шақыра алады. Егер БҰҰ-ның Халықаралық сотының Президенті  кез келген Тараптың азаматы болып табылса немесе егер ол аталған функцияны орындай алмаса, онда Вице-президент немесе ол қабілетсіз болған жағдайда БҰҰ-ның Халықаралық Сотының келесі жоғары тұрған мүшесі қажетті тағайындау жүргізу үшін сол шарттарда шақырылуға тиіс.
      3. Төрелік сот мүшелері тәуелсіз және бейтарап болуға тиіс.

22-бап
Қолданылатын заңнама, жалпы қағидалар

      1. Төрелік сот дауларды халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына және қағидаттарына сәйкес шешеді.
      2. Егер дауға қатысушы Тараптар басқа шешім қабылдамаған болса, осы Келісімнің 1925-баптарының ережелерінде реттелмейтін мәселелерге Аралық сот Тұрақты палатасының Төрелік талқылауының факультативті қағидалары мүмкін болған кезде қолданылады.

23-бап
Төрелік шешім

      1. Төрелік сот өз шешімінде құқықтар мен фактілер бойынша олардың негіздемелерімен бірге өз қорытындыларын баяндайды және бір Тараптың сұрауы бойынша талаптарды қанағаттандырудың мынадай нысандарын:
      (а) Тараптың іс-әрекеттері оның осы Келісім бойынша міндеттемелеріне қайшы келетіні туралы өтінішті;
      (б) Тарап өзінің іс-әрекеттерін осы Келісім бойынша өзінің міндеттемелеріне сәйкес келтіретіні туралы ұсынымды;
      (в) Тараптың инвесторына немесе оның инвестицияларына келтірілген шығындар немесе залал үшін ақшалай өтемақыны;
      (г) оған қарсы шешім шығарылған Тарап келісетін талапты қанағаттандырудың кез келген басқа нысанын, оның ішінде инвесторға заттай түрдегі реституцияны қамтуы мүмкін.
      2. Төрелік шешім Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуға тиіс.

24-бап
Шығыстар

      Әрбір Тарап Төрелік соттағы өз өкілдіктерінің шығыстарын төлейді. Төрелік соттың шығыстарын, егер тек Төрелік сот олардың өзге түрде бөлінетінін көрсетпесе, екі Тарап тең мөлшерде төлейтін болады.

25-бап
Орындалуы

      Олар бойынша шешім шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде орындалмаған ақшалай сыйақылар міндеттемелерді орындамайтын Тараптың активтеріне қатысты юрисдикцияға сәйкес кез келген Тараптың сотында өндіріп алынуы мүмкін.

26-бап
Қолдану саласы

      1. Осы Келісім екінші Тараптың аумағында кез келген Тараптың инвесторлары осы Келісім күшіне енгенге дейін, сондай-ақ күшіне енгеннен кейін жүзеге асырған инвестицияларға қатысты оның заңнамасына сәйкес қолданылады.
      2. Осы Келісім осы Келісімнің 13-бабында көзделген реттелген талаптарға немесе процестерге осы Келісім күшіне енгенге дейін қолданылмайды.

27-бап
Консультациялар

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімге қатысты кез келген мәселелер бойынша консультациялар жүргізуді ұсынуы мүмкін. Бұл консультациялар дипломатиялық арналар арқылы келісілген уақытта және орында жүргізілуі мүмкін.

28-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

29-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 60 (алпыс) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім 10 (он) жыл мерзімге жасалады, одан кейін автоматты түрде белгісіз мерзімге ұзартылады және бір Тарап екінші Тараптан өзінің осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысын тоқтатады.
      3. Осы Келiсiм тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 126-баптарының ережелері осы Келiсiм тоқтатылған күннен бастап кейінгі 10 жыл ішінде әрекет етуін жалғастыра береді.

      Вена қаласында 2010 жылғы 12 қаңтарда ағылшын тілінде екі данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының            Австрия Республикасының
            Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      2010 жылғы 12 қаңтарда Вена қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі!  Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады