Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 3 қазандағы № 133-V Конституциялық заңы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат):
      1) 69-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Республика Президентінің Парламентті тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың кезектен тыс сайлауы өткізілуге тиіс мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.»;
      2) 85-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың кезектен тыс сайлауы өткізілуге тиіс мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.».
      2. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 21, 124-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 78-құжат; 1999 ж., № 4, 100-құжат; № 10, 342-құжат; 2006 ж., № 23, 137-құжат; 2007 ж., № 12, 83-құжат):
      1) 6-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып табылмайтын күндерді түсіну керек.»;
      2) 18-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Жыл» деген уақыт кезеңі деп осы тармаққа қатысты алғанда ағымдағы жылды (1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығы) түсіну керек.»;
      3) 19-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысы Төрағасының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын ала бекемделiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай iшiнде қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады. Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін берілетін бір айлық мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.»;
      4) 20-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау және дауысқа салу бір ай мерзім ішінде өткізіледі, бұл мерзім қарсылықтар жіберілген күннен басталады және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір айлық мерзім, егер ол уақыты жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағында белгіленген Парламент жұмысының сессия өтетін кезеңімен сәйкес келмейтін болса, үзіледі.
      Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.»;
      5) 36-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айында және күн санында аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.».
      3. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 173-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 22, 129-құжат; 2008 ж., № 10-11, 34-құжат):
      24-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «24-бап. Конституциялық Кеңестiң өтiнiштердi қарау мерзiмдерi Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi келiп түскен күнінен бастап келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталатын бiр ай iшiнде қарайды және ол бойынша қорытынды шешiм шығарады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
      Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмаса, Республика Президентiнiң жазбаша нысанда баяндалған талабы бойынша қорытынды шешім қабылдау үшін берілетін бір айлық мерзiм күнтізбелік он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
      Конституциялық Кеңес бір-бірімен өзара байланысты өтініштерді бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда, қорытынды шешім шығару үшін Конституцияда көзделген бір айлық мерзім соңғы өтініш келіп түскен күннен бастап есептеледі.».
      2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                             Н.НАЗАРБАЕВ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады