Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 маусымдағы № 325-V ҚРЗ.

      2014 жылғы 29 қыркүйекте Астраханьда жасалған Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев

Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      (2017 жылғы 19 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 5, 77-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның үкіметтері

      Каспий маңы мемлекеттері мен олардың халықтары арасындағы достық қарым-қатынасты және ынтымақтастықты негізге ала отырып және олардың одан әрі дамуына өз ұмтылысын атап көрсете отырып;

      Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша көмек көрсету саласындағы рөлін атап көрсете отырып;

      Тараптардың бір мемлекетінің күштерімен жойылмайтын және олардың алдын алуда және жоюда Тараптар мемлекеттерінің келіскен әрекеттерін жүзеге асыруды талап ететін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау ықтималдығын мойындай отырып;

      төтенше жағдайлардан болатын қауіпті сезіне отырып;

      2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (Тегеран конвенциясының) ережелерін назарға ала отырып;

      Каспийдің бірегей экожүйесін сақтау үшін келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелерінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      "төтенше жағдай" - адам шығынына, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне зиян келтіруге, елеулі материалдық шығынға және халықтың тыныс-тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авариялар, зілзалалар немесе табиғи немесе техногендік сипаттағы апаттар салдарынан туындаған жағдай;

      "сұрау салушы Тарап" - басқа Тараптарға көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішпен жүгінетін Тарап;

      "көмек көрсетуші Тарап" - сұрау салушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішін қанағаттандыратын Тарап;

      "төтенше жағдай аймағы" - төтенше жағдай туындаған аудан;

      "құзыретті орган" - осы Келісімді іске асыруға байланысты әрекеттерді үйлестіру үшін әрбір тарап тағайындайтын орган;

      "төтенше жағдайды жою" - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарын оқшаулауға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;

      "көмек көрсету жөніндегі топ" - көмек көрсетуші Тарап көмек көрсету үшін жіберетін, қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген мамандар тобы;

      "жарақ" - көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, көлік құралдары мен техникалық құралдар, керек-жарақтары мен оның мүшелерінің жеке керек-жарақтары, оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезеңінде көмек көрсету жөніндегі топтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар;

      "қамтамасыз ету материалдары" - төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен адамдардың арасында өтеусіз бөліп беруге арналған материалдық құралдар;

      "төтенше жағдайлардың алдын алу" - төтенше жағдайлардың туындау және олардың адамдар денсаулығына және қоршаған ортаға әсер ету тәуекелін мүмкін болғанынша барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шаралары кешені;

      "транзит мемлекет" - сұрау салушы Тарап мемлекетін қоспағанда, өз аумағы арқылы көмек көрсету жөніндегі топтар, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары транзитпен жүретін кез келген Тараптардың мемлекеті.

2-бап Қолдану саласы

      1. Осы Келісім Каспий теңізінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Тараптардың өзара іс-қимылын реттейді.

      2. Осы Келісім Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және/немесе оларды жою мақсатында қолданылады, егер олар қандай да бір Тараптардың мемлекетінің күштерімен жойылмаса, оның салдарынан бұл Тарап басқа Тарапқа немесе Тараптарға көмек сұрап жүгінуге құқылы.

      Осы Келісім сұрау салушы Тарап оның мемлекетінің құрлық аумағында туындаған төтенше жағдайлар Каспий теңізіне теріс әсер етуі мүмкін деп пайымдаған жағдайда да қолданылады.

3-бап Қағидаттар

      Тараптар мынадай:

      1) теңдік және өзара түсіністік;

      2) мемлекетішілік деңгейде шешімдерді қабылдау дербестігі;

      3) Тараптардың өз мүмкіндіктеріне сәйкес көмек көрсетуі;

      4) зардап шеккен адамдар арасында қамтамасыз ету материалдарын нәсілдік, этностық, діни, саяси немесе өзге белгілер бойынша кемсітусіз бөлу қағидаттарын негізге ала отырып, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және жалпыға бірдей қабылданған халықаралық нормаларға сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

4-бап Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы:

      - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі өзара іс-қимыл жүйесін құруды және жетілдіруді;

      - төтенше жағдайларды болжау және олардың мониторингі кезінде Тараптардың өзара іс-қимылын;

      - басқа Тараптың мемлекетін қозғауы мүмкін төтенше жағдай туындауының тәуекелі туралы хабарлауды (құлақтандыруды);

      - төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуді;

      - көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыруда қажетті жәрдем көрсетуді;

      - төтенше жағдай кезінде әрекеттерге дайындықты ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасуды;

      - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында ақпарат, ғылыми-техникалық әдебиет, зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен технологиялар алмасуды;

      - бірлескен конференциялар, жұмыс кеңестерін, тренингтер мен оқу-жаттығулар, мамандандырылған көрмелер өткізуді;

      - оқу орындарында мамандар даярлауды, тағылымдамадан өтушілер, оқытушылар, ғалымдар және мамандар алмасуды;

      - Тараптардың келісуі бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы басқа да қызмет түрлерін көздейді.

5-бап Құзыретті органдар

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:

      Әзербайжан Республикасынан - Әзербайжан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі;

      Иран Ислам Республикасынан - Иран Ислам Республикасы Ішкі істер министрлігі (Зілзалаларды басқару жөніндегі ұлттық ұйым);

      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі;

      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясы Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар салдарын жою министрлігі, Ресей Федерациясы Көлік министрлігі;

      Түрікменстаннан - Түрікменстан Қорғаныс министрлігі (Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бас басқармасының Төтенше жағдайлар және құтқару жұмыстары басқармасы).

      2. Басқа құзыретті органды тағайындаған немесе оның атауы өзгерген жағдайда Тарап бұл туралы Депозитарийге хабарлайды, ол басқа Тараптарды хабардар етеді.

6-бап Көмек көрсетуге сұрау салу

      1. Көмек Тараптың жазбаша сұрау салу негізінде көрсетіледі. Айрықша жағдайларда сұрау салулар кейіннен жазбаша растай отырып, ауызша жүзеге асырылуы мүмкін. Көмек көрсетуге сұрау салуда сұрау салушы Тарап мына ақпаратты:

      а) төтенше жағдайдың орнын, туындау уақытын, ауқымын және төтенше жағдай аймағының ағымдағы жай-күйін;

      b) сұрау салу кезінде өткізілген іс-шараларды, сұрау салынатын көмектің нақты сипатын, төтенше жағдайды жою кезінде басымдылықтарды белгілеуді көрсетеді.

      2. Сұрау салуды алған Тарап қысқа мерзімде сұрау салушы Тарапқа өзінің көмек көрсету мүмкіндіктері, көмек көрсетудің көлемі мен шарттары немесе көмек көрсету мүмкіндіктерінің болмауы туралы хабарлайды.

      3. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты мүмкіндігінше жаңартады және оны дереу көмек көрсетуші Тарапқа береді.

7-бап Төтенше жағдайлар кезінде үйлестіру және өзара іс-қимыл

      1. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында көмек көрсету жөніндегі топтардың әрекеттерін үйлестіруді, оларға басшылық етуді және бақылау жасауды сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы осы топтардың басшылары арқылы жүзеге асырады.

      2. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың басшыларына төтенше жағдай аймағындағы ахуал туралы жедел ақпаратты, жедел штабты ұйымдастыру үшін және аудармашыларға арналған орынды береді, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтардың қауіпсіздігін және оларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, оларды байланыс құралдарымен жабдықтайды.

      3. Көмек көрсету жөніндегі топтардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу мерзімдері тиісті Тараптардың уағдаластығы бойынша айқындалады.

      4. Жұмыстар аяқталғаннан кейін көмек көрсету жөніндегі топтың басшысы сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына өз тобының төтенше жағдайларды жоюға бағытталған іс-қимылдары, жұмыс нәтижелері туралы есеп береді.

8-бап Транзит

      1. Транзит мемлекеттің Тарапы өз мемлекетінің заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес өз мемлекетінің аумағы арқылы көмек көрсету жөніндегі топтардың, жарақтардың, қамтамасыз ету материалдарының кедергісіз транзитіне жәрдемдеседі, сондай-ақ мына:

      а) өз мемлекетінің аумағына төтенше жағдайларды жоюға қатысатын барлық көлік құралдары түрлерінің келуіне, онда пайдаланылуына және одан кетуіне;

      b) төтенше жағдайларды жою үшін көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтарды, қамтамасыз ету материалдарын өз мемлекетінің аумағына, аумағы арқылы және аумағынан тез өтуіне жәрдемдесетін қажетті құқықтық және әкімшілік шараларды қолданады.

      2. Көмек көрсетуші Тарап транзит мемлекеттердің Тараптарын көмек көрсету жөніндегі топтардың жүру маршруты туралы және жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жеткізу маршруттары туралы хабардар етеді.

9-бап Көмек көрсету жөніндегі топтардың сұрау салушы Тарап мемлекеті аумағына кіруі, одан шығуы және онда болуы

      1. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің және/немесе транзит мемлекет Тарапының аумағына көмек көрсету жөніндегі топтардың келуіне дейін көмек көрсетуші Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тарапқа және/немесе транзит мемлекет Тарапына топ мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттары деректерін көрсете отырып, олардың тізімін жібереді.

      2. Сұрау салушы Тарап және транзит мемлекет Тарапы өз мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес көмек көрсетуші Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының кіруіне және шығуына байланысты рәсімдерді бірінші кезекті тәртіппен өткізуді қамтамасыз етеді.

      3. Көмек көрсету жөніндегі топтың мүшелері жеке басын куәландыратын және оларды сұрау салушы Тарап мемлекеті мен транзит мемлекет осылай деп танитын, жарамды құжаттар бойынша Тараптар келіскен өткізу пункттері арқылы сұрау салушы Тарап мемлекетінің немесе транзит мемлекет Тарапының аумағына кіреді және аумағынан шығады.

      4. Қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап және транзит мемлекет Тарапы көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің визаларын қысқа мерзімде ресімдеуді қамтамасыз етеді.

      5. Көмек көрсету жөніндегі топтар құрамында қызметтік иттерді өткізу және олардың сұрау салушы Тарап мемлекеті мен транзит мемлекет аумағында болу тәртібі сұрау салушы Тарап мемлекетінің және транзит мемлекеттің карантиндік қағидаларына сәйкес айқындалады.

      6. Көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің және транзит мемлекеттің аумақтарында өздерінің болуы уақытында тиісті мемлекеттердің заңнамасын сақтайды.

      7. Сұрау салушы Тарап төтенше жағдай аймағына көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жеделдетіп жеткізу үшін барынша жәрдем көрсетеді.

      8. Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдай аймағына келген кезден бастап кемінде 72 сағат уақыт бойы дербес жұмыс істеуге дайын болуға тиіс. Осы уақыт өткеннен кейін сұрау салушы Тарап, егер Тараптар өзгеше келіспеген болса, көмек көрсету жөніндегі топты оның жұмыс істеуі үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етеді.

      9. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топқа берілетін тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

10-бап Әуе көлігін пайдалану

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау әуе көлігімен жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Әуе көлігін пайдалану туралы шешім қабылданған жағдайда көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарапқа және транзит мемлекеттер Тараптарына әуе кемелерінің типтері мен шақыру белгілерін хабарлайды, ұшу маршрутын, межелі әуежайды, экипаж мүшелерінің санын, жолаушылардың лауазымдық міндеттерін көрсете отырып, олардың тізімін және жүк сипатын көрсетеді.

      3. Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) қағидаларына және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Көмек көрсетуге қатысатын, көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің әуе кемелері осы Келісімге сәйкес ұшып өтуі, қонуы, ұшуы, болу уақытында тұруы және сұрау салушы Тарап пен транзит мемлекеттер Тараптарының навигациялық көрсетілетін қызметтері үшін алымдардың барлық түрлерінен босатылады.

      5. Көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің әуе көлігі отынына және оған техникалық қызмет көрсетілуіне жұмсалған шығыстарды өтеу тиісті Тараптардың келісуі бойынша жүзеге асырылады.

11-бап Су көлігін пайдалану

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау су көлігімен жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Су көлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салушы Тарапқа кемелердің типтерін, экипаж мүшелерінің санын, жолаушылардың лауазымдық міндеттерін көрсете отырып, олардың тізімін және жүк сипатын хабарлайды.

      3. Көмек көрсетуге қатысатын, көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің су көлігі осы Келісімге сәйкес сұрау салушы Тарап мемлекетінің порт алымдарының барлық түрлерінен босатылады.

      4. Көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің су көлігі отынына және оған техникалық қызмет көрсетілуіне жұмсалған шығыстарды өтеу тиісті Тараптардың келісуі бойынша жүзеге асырылады.

12-бап Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу, әкету және олардың транзиті

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі сұрау салушы Тарап мемлекетінің және транзит мемлекеттің кеден органдарына көмек көрсетуші және сұрау салушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келіскен, төтенше жағдайды жою үшін әкелінетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесін ұсынады.

      2. Осы Келісімге сәйкес әкелінетін және әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары кедендік баждардан, салықтар мен алымдардан босатылады.

      3. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бірінші кезекті тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінген жарақ (толық тұтынылғанын немесе жойылғанын қоспағанда) көмек көрсетуші Тараптың әкетуіне жатады. Жарақтың жойылу немесе толық тұтынылу және қамтамасыз ету материалдарының зардап шеккен адамдар арасында бөліну фактісін сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы құжатпен растауға тиіс. Ерекше мән-жайларға байланысты жарақтарды әкету мүмкін болмаған кезде оларды сұрау салушы Тарапқа беру туралы мәселе әрбір нақты жағдайда Тараптардың келісуі бойынша шешіледі.

13-бап Ақпаратты қорғау

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісім шеңберінде қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған ақпарат, егер Тараптар өзгеше келіспесе, жалпыға қолжетімді болып табылады.

14-бап Көмек көрсету жөніндегі шығыстар

      1. Көмек Тараптардың келісуі бойынша өтеусіз немесе өтемақылы негізде көрсетілуі мүмкін.

      2. Сұрау салушы Тарап көмек көрсетуші Тарапты қабылданған шешім туралы дереу хабардар етіп, кез келген уақытта көмек көрсету туралы сұрау салудың күшін жоюы мүмкін. Егер көмек өтемақылы негізінде көрсетілетін болса, көмек көрсетуші Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды кері қайтарып алу кезіне дейін шеккен шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.

      3. Көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерін сақтандыруды көмек көрсетуші Тарап жүзеге асырады. Өтемақылы негізде көмек көрсетілген жағдайда сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылмайды және өтелуге жатпайды.

      4. Өтемақылы негізде көмек көрсетілген жағдайда көмек көрсетуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстар аяқталған күннен бастап бір апта мерзімде сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органына көрсетілген көмектің көлемі туралы мәліметтерді береді.

      5. Өтемақылы негізде көмек көрсетілген жағдайда сұрау салушы және көмек көрсетуші Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жұмыстар аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде төтенше жағдай себептері мен сипаттамалары туралы ақпаратты қамтитын, көмек көрсету жөніндегі шығыстар туралы екіжақты акт дайындайды. Шығыстарды өтеуді сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі шығыстар туралы екіжақты акт негізінде Тараптар келіскен мерзімде жүргізеді.

15-бап Көмек көрсету кезіндегі залалды өтеу

      1. Осы Келісімді орындауға байланысты міндеттерді орындау кезінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің сұрау салушы Тарап мемлекеті аумағындағы заңды немесе жеке тұлғаларға келтірген залалын сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес сұрау салушы Тарап өтейді.

      2. Егер көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында жеке немесе заңды тұлғаларға қасақана не өрескел абайсыздықта залал келтірген болса және оны сұрау салушы Тарап мемлекетінің тиісті органдары дәлелдесе, сұрау салушы және көмек көрсетуші Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары тиісті ақпарат алмасады және тиісті Тараптардың келісуі бойынша залалды өтеу жөнінде шаралар қолданады.

16-бап Басқа халықаралық шарттармен байланыс

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

17-бап Каспий теңізінің құқықтық мәртебесімен байланыс

      Осы Келісім ережелерінің ешқайсысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындайтын ереже ретінде түсіндірілмейді.

18-бап Дауларды реттеу

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты Тараптар арасындағы даулар Тараптардың қалауы бойынша консультациялар, келіссөздер немесе басқа бейбіт амалдармен шешіледі.

19-бап Өзгерістер мен толықтырулар

      1. Осы Келісімнің ережелері Тараптардың уағдаласуы бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      2. Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 21-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

20-бап Депозитарий

      Осы Келісімнің Депозитарийі Ресей Федерациясының Үкіметі болып табылады.

21-бап Күшіне ену

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Депозитарий алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

23-бап Келісімнен шығу

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығуы туралы Депозитарийді хабардар етіп, одан шыға алады. Бұл Тарап үшін осы Келісім осындай хабарламаны Депозитарий алған күннен бастап он екі ай өткенге дейін қолданылады.

      2014 жылғы 29 қыркүйекте Астрахан қаласында әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, фарси және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Төлнұсқа дана Депозитарийге сақтауға беріледі, ол осы Келісімнің расталған көшірмелерін Тараптарға жібереді.

Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін


Иран Ислам Республикасының Үкіметі үшін


Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін


Ресей Федерациясының Үкіметі үшін


Түрікменстан Үкіметі үшін



      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан, түрікмен, фарси және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады