Ақпаратқа қол жеткізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 21-баптан қараңыз.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі әркімнің конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ақпарат – ақпарат иеленуші алған немесе жасаған, кез келген жеткізгішке түсірілген және оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер;
      2) ақпаратқа қол жеткізу – мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен әркімнің еркін алу және тарату құқығы;
      3) ақпарат пайдаланушы – ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
      4) ашық бюджеттердің интернет-порталы – бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін орналастыруды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар жобаларын және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептерді жария талқылауды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
      5) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға арналған, жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;
      6) ашық деректердің интернет-порталы – ашық деректер бойынша сипаттаушы және сілтемелік ақпараттың орталықтандырылған сақталуын қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
      7) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталы – заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыруды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
      8) қол жеткізу шектелген ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, сондай-ақ «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпарат;
      9) мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-платформасы – азаматтардың сұрау салуларды жіберу және мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан оларға жауаптар алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
      10) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы – мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа;
      11) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталы – мемлекеттік органдардың қызметін бағалау туралы ақпаратты, стратегиялық жоспарлардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсатты индикаторларына қол жеткізу туралы есептерді орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметін жария талқылауды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
      12) сұрау салу – ақпарат иеленушіге осы Заңда белгіленген тәртіппен айтылған немесе жіберілген, ауызша немесе жазбаша нысандағы, оның ішінде электрондық құжат түріндегі ақпарат беру туралы өтініш.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатпайтын ақпаратқа қол жеткізумен байланысты қоғамдық қатынастарда пайдаланылады.
      2. Осы Заңның күші қаралу тәртібі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестіказаматтық процестік заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қолданылмайды.
      3. Осы Заңның күші «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сұрау салуларды қарау тәртібіне қолданылмайды.
      4. Осы Заңның күші «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беру тәртібіне қолданылмайды.

      4-бап. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі
              қағидаттары

      Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) заңдылық;
      2) ақпарат иеленушілер қызметінің ашықтығы мен айқындығы;
      3) анықтығы мен толықтығы;
      4) өзектілігі мен уақтылығы;
      5) ақпаратқа тең қол жеткізу;
      6) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етпеу;
      7) жеке өмірге, жеке басының және отбасының құпиясына қол сұқпау;
      8) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау.

      5-бап. Ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектеу

      Ақпаратқа қол жеткізу құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана шектелуі мүмкін.

      6-бап. Қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат

      Мынадай:
      1) азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдарлары туралы, сондай-ақ дүлей зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдарлары туралы;
      2) денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы;
      3) терроризм актілерін жасау фактілері туралы;
      4) экологияның, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы;
      5) жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы;
      6) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы;
      7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервінің мөлшері туралы;
      8) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мәтінін, сондай-ақ олардың жобаларын қамтитын;
      9) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы;
      10) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражаттың жұмсалуын бақылау туралы;
      11) ақпарат иеленушілердің, олардың лауазымды адамдарының заңдылықты бұзу фактілері туралы;
      12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызылатын ақпаратты қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайды.

      7-бап. Ақпарат пайдаланушының құқықтары мен міндеттері

      1. Ақпарат пайдаланушының:
      1) заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға;
      2) ақпарат беру туралы сұрау салумен өтініш жасауға;
      3) алынатын ақпараттың нақтылығы мен толықтығын тексеруге;
      4) сұрау салуды кері қайтарып алуға;
      5) ақпарат алу қажеттілігін негіздемеуге;
      6) ақпаратқа қол жеткізу құқығының заңсыз шектелуіне, лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
      7) өзінің ақпаратқа қол жеткізуге құқығын бұзумен келтірілген материалдық залалдың және моральдық зиянның заңда белгіленген тәртіппен өтелуін талап етуге құқығы бар.
      2. Ақпарат пайдаланушы осы Заңның талаптарын сақтауға міндетті.

      8-бап. Ақпарат иеленуші

      Мыналар:
      1) мемлекеттік биліктің, жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының органдары мен мекемелері;
      2) мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер;
      3) квазимемлекеттік сектор субъектілері;
      4) мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты ақпарат бөлігінде – бюджет қаражатын алушылар болып табылатын заңды тұлғалар;
      5) өздері өндіретін (өткізетін) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларына қатысты ақпарат бөлігінде – үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар;
      6) экологиялық ақпаратқа, төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, олардың болжамдары мен салдарлары, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және азаматтардың денсаулығына, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы ақпарат бөлігінде – заңды тұлғалар ақпарат иеленушілер болып танылады.

      9-бап. Ақпарат иеленушінің құқықтары мен міндеттері

      1. Ақпарат иеленушінің:
      1) құзыретіне сұратылатын ақпаратты беру кіретін тиісті ақпарат иеленушіге сұрау салу жіберуге;
      2) сұрау салумен өтініш жасаған адамнан сұрау салудың мазмұнын нақтылауға;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқығы бар.
      2. Ақпарат иеленуші:
      1) ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
      2) ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкілеттіктері шегінде қамтамасыз етуге;
      3) анық және толық ақпарат беруге;
      4) берілетін ақпаратта лауазымды адам туралы мәліметтердің сәйкестендіру үшін жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз етуге;
      5) ақпарат берудің заңда белгіленген мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
      6) сұрау салулардың есебін, жинақтап қорытуды және талдауды жүргізуге;
      7) ақпарат беру кезінде мүгедектер үшін қажетті жағдайлар жасауға;
      8) ақпарат қамтылған интернет-ресурстардың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
      9) ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы лауазымды адамдар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге;
      10) ақпарат берудің сапасы мен уақтылығына ішкі бақылау жүргізуге;
      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасын сақтауға;
      12) қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмайтын ашық деректер интернет-порталында ашық деректер түріндегі ақпаратты тұрақты негізде орналастыруға;
      13) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген міндеттерге қосымша ретінде орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары, әкімдер және ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10-бап. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету тәсілдері

      Ақпаратқа қол жеткізу мынадай тәсілдермен қамтамасыз етіледі:
      1) сұрау салу бойынша ақпаратты беру;
      2) ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарда бөлініп берілген өзге де орындарда ақпаратты орналастыру;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 16.11.2015 № 401-V Заңымен.
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар алқаларының отырыстарына қол жеткізуді және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының ашық отырыстарын, оның ішінде бірлескен отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдарының ашық отырыстарын және мемлекеттік органдардың жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларын интернет-ресурстарда онлайн-трансляциялауды қамтамасыз ету;
      4) орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау және талқылау;
      5) ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;
      6) ақпаратты ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында орналастыру;
      7) ақпаратты «электрондық үкімет» веб-порталының тиісті құрамдастарында орналастыру;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11-бап. Сұрау салу бойынша ақпарат беру

      1. Сұрау салу бойынша ақпарат тегін беріледі.
      2. Қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау салу бойынша кез келген ақпарат беріледі.
      3. Сұрау салу құзыретіне сұратылатын ақпаратты беру кіретін ақпарат иеленушіге жіберілуге тиіс.
      Сұрау салу ауызша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін.
      4. Ақпарат пайдаланушы өзі келіп немесе телефон арқылы ауызша сұрау салып өтініш жасай алады.
      Ауызша сұрау салуға мынадай ақпарат бойынша жауап беріледі:
      1) ақпарат иеленушінің жұмыс кестесі;
      2) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошта мекенжайы, электрондық поштасының және (немесе) интернет-ресурстарының мекенжайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер;
      3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сұрау салуларын, арыздарын және шағымдарын қарау тәртібі;
      5) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі;
      6) сот істерін қарау кестелері;
      7) ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу күні мен орны туралы мәліметтер;
      8) жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;
      9) ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтер (болған жағдайда);
      10) бос лауазымдардың бар екендігі туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері.
      Ауызша сұрау салуға жауап берілген жағдайда, жауапты берген адамның есімі мен лауазымы көрсетіледі.
      5. Жазбаша сұрау салуда:
      1) ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі;
      2) заңды тұлға атынан өтініш жасалған кезде – заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, шығыс нөмірі және күні, сұрау салуға қол қойған адамның тегі, аты-жөні мен лауазымы көрсетілуге тиіс.
      Сұрау салуда пошта мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы, телефон немесе телефакс нөмірі, өзге де байланыс құралдары көрсетілуге тиіс.
      Жазбаша сұрау салуға жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюға тиіс. Электрондық құжат түріндегі сұрау салу электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиіс.
      Мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-платформасы арқылы жіберілген электрондық нысандағы сұрау салу жазбаша сұрау салуға теңестіріледі.
      Ақпарат пайдаланушының «электрондық үкіметтің» веб-порталында есепке алу жазбалары болған және оған ұялы байланыс операторы берген ақпарат пайдаланушының абоненттік нөмірі қосылған жағдайда, мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-платформасы арқылы жіберілетін сұрау салуға оның қол қоюы талап етілмейді.
      6. Ақпарат иеленушіге тікелей өтініш жасаған және жазбаша нысанда сұрау салу берген ақпарат пайдаланушыға күні мен уақыты, сұрау салуды қабылдаған адамның тегі және инициалдары көрсетілген талон беріледі.
      7. Анонимдік сұрау салуларды қоспағанда, осы Заңда белгіленген тәртіппен берілген жазбаша сұрау салулар міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
      8. Жазбаша сұрау салулар жеке немесе заңды тұлғаның өкілдері арқылы енгізілуі мүмкін. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      9. Көпшілікке қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сұрау салулар осы Заңда белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
      10. Жазбаша сұрау салуға жауап ақпарат иеленушіге сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі.
      Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге де ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушыға хабар беріледі.
      11. Құзыретіне сұратылатын ақпарат беру кірмейтін ақпарат иеленушіге келіп түскен жазбаша сұрау салу ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті ақпарат иеленушіге жіберіледі, бір мезгілде бұл туралы сұрау салуды жіберген ақпарат пайдаланушы хабардар етіледі.
      12. Жазбаша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз және (немесе) электрондық нысандарда беріледі.
      Ауызша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ауызша нысанда беріледі.
      13. Егер жазбаша сұрау салуға жауап көшірме жасауды немесе басып шығаруды көздейтін болса, онда ақпарат пайдаланушы ақпарат иеленушінің көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсаған нақты шығындарын өтеуге міндетті.
      Көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Көшірме жасауға немесе басып шығаруға арналған тарифтер және оларды төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында міндетті түрде жариялануға және ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.
      Халықтың әлеуметтік осал топтары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден босатылады.
      14. Жазбаша сұрау салуға жауапта ақпарат иеленушінің атауы, пошта мекенжайы, жауапқа қол қойған адамның лауазымы, сұрау салудың тіркелген күні және нөмірі көрсетіледі.
      15. Егер сұратылатын ақпарат осы Заңда белгіленген тәртіппен орналастырылса, онда ақпарат иеленуші ақпарат пайдаланушыға сұратылатын ақпаратқа қол жеткізу тәсілдері мен орны туралы мәліметтерді бір мезгілде жібере отырып, бұл туралы үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
      Қайталап өтініш жасалған кезде, ақпарат иеленуші сұратылатын ақпаратты осы бапта көзделген тәртіппен береді.
      16. Ақпаратқа қол жеткізуден:
      1) егер сұрау салу мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе;
      2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сәйкес келмесе;
      3) егер сұратылатын ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылса;
      4) егер сұрау салуда ақпарат иеленуші қабылдаған актілерді құқықтық бағалау, ақпарат иеленушінің не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе өзге де талдамалық жұмысты жүргізу аяқталғанға дейін ол туралы мәселе қойылса;
      5) мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде жүргізілетін тексерулер нәтижелері бойынша шешімдер қабылданғанға дейін;
      6) ведомствоаралық және ведомствоішілік хат-хабар алмасу негізінде немесе мемлекеттік органдардағы кеңестер негізінде тұжырымдалатын түпкілікті шешімдер қабылданғанға дейін;
      7) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданғанға дейін бас тартылады.
      17. Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәжді жауап сұрау салу тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушының назарына жеткізіледі.
      18. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушілердің басшылары жеке жауапты болады.

      12-бап. Ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда
               ақпаратты орналастыру

      1. Ақпарат иеленушілер өздері орналасқан үй-жайларда өз қызметі туралы ақпараты бар ақпараттық стенділерді және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырады.
      Ақпараттық стенділерді және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырған кезде ақпарат иеленушілер:
      тәулік бойы бұларға еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
      мүгедектердің оларға еркін қол жеткізуіне жағдайлар жасауға міндетті.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпарат:
      1) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін қоса алғанда, ақпарат иеленушінің жұмыс тәртібін;
      2) ақпарат алу шарттары мен тәртібін;
      3) өзге де мәліметтерді қамтиды.

      13-бап. Мемлекеттік органдардың алқалы органдары
               отырыстарына қол жеткізуді қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және орталық атқарушы органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстары, жабық отырыстарды қоспағанда, ашық болып табылады.
      Ақпарат пайдаланушылардың ашық отырыстарға қол жеткізуі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
      2. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттік органдар – жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларды интернет-ресурстарда онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.

      14-бап. Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің
               және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының
               есептері

      Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары, әкімдер және ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары жылына бір реттен сиретпей атқарылған жұмыс туралы халық алдында есеп береді.
      Есепті кездесулерді өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру

      Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      16-бап. Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру

      1. Ақпарат иеленушілер интернет-ресурстар құрады.
      2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер интернет-ресурстарды мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырады.
      3. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:
      1) ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты:
      ақпарат иеленушілердің ұйымдық құрылымын, олардың басшылары туралы мәліметтерді;
      ақпарат иеленушілердің қызметі туралы ресми жаңалықтарды (баспасөз релиздерін);
      ақпарат иеленушілердің қызметінде болатын алдағы оқиғалардың ресми күнтізбелерін;
      ақпарат иеленушілердің басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөйлеген сөздерінің және ресми мәлімдемелерінің мәтіндерін;
      мемлекеттік және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар, доктриналар, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен жоспарлары, стратегиялық жоспарлар, тиісті саланы дамытудың стратегиялары мен жоспарлары, нысаналы бағдарламалардың және тұжырымдамалардың жобалары туралы мәліметтерді;
      ақпарат иеленуші жұмыс органы болып табылатын консультативтік-кеңесші органдардың (кеңестердің, комиссиялардың) қызметі туралы ақпаратты;
      республикалық және жергілікті бюджеттер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпаратты;
      ақпарат иеленушінің нысаналы және өзге де бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы туралы ақпараттық хабарларды;
      мемлекеттік орган, оның аумақтық органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органы, ведомстволық бағынысты ұйымдар өз құзыреті шегінде жүргізген тексерулер нәтижелері туралы, сондай-ақ мемлекеттік органда, оның аумақтық органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органында, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жүргізілген тексерулер нәтижелері туралы ақпараттық хабарларды;
      атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамаларды;
      орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалау қорытындыларын;
      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық бағалау нәтижелерін;
      2) ақпарат иеленушінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары құрылымдық бөлімшелерінің тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
      3) ақпарат иеленушінің аумақтық органдарының тізбесін (олар болған жағдайда), олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
      4) ақпарат иеленушінің құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
      5) ақпарат иеленушінің норма шығармашылық қызметі туралы ақпаратты:
      ақпарат иеленуші қабылдаған нормативтік құқықтық актілер тізбесін;
      ақпарат иеленуші қабылдаған және қол қойылған телнұсқаларға толық сәйкестікте қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді;
      ақпарат иеленуші әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларының мәтіндерін, сондай-ақ түсіндірме жазбаларды, салыстырма кестелерді, ғылыми сараптамалардың қорытындыларын және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сараптама қорытындыларын;
      ақпарат иеленуші әзірлейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын, сондай-ақ олардың жария талқылануы аяқталғаны туралы есептерді;
      6) ақпараттық ресурстар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты:
      ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді (болған жағдайда);
      ақпарат иеленушінің қарамағындағы дерекқорды, тізілімдерді, тіркелімдерді, кадастрларды;
      көпшілікке қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін электрондық қызметтер тізбелерін;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді;
      7) статистикалық ақпаратты:
      ведомстволық статистикалық дерекқорды;
      ақпарат иеленушінің құзыретіне жататын бөліктегі саланың (аяның) жай-күйін және даму серпінін сипаттайтын ақпаратты;
      8) ақпарат иеленушінің қызметі туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;
      9) халықаралық ұйымдардың ақпарат иеленушілердің қызметі мәселелері бойынша қорытындыларын, сараптамалық бағаларын, ұсынымдарын және басқа да талдамалық материалдарын;
      10) ақпарат иеленушінің жұмыс тәртібі туралы ақпаратты:
      ақпарат иеленушінің рұқсат беру әрекеттерін (лицензиялау, аккредиттеу, тіркеу және басқалар) (мұндай өкілеттіктері болған жағдайда) жүзеге асыру тәртібін;
      Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ақпарат иеленуші қарау үшін қабылдайтын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілерін;
      11) конкурстар, тендерлер өткізу туралы ақпаратты:
      ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер), сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтерді және оларды өткізу шарттарын;
      бұларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;
      өткізілген ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) хаттамаларын;
      12) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін;
      13) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін;
      14) алқалы органдардың ашық отырыстарының стенограммаларын және (немесе) хаттамаларын;
      15) халыққа жүргізілген сауалнамалар туралы деректерді, ақпарат алуға арналған сұрау салуларды жинақтап қорытуды және талдауды;
      16) «Сұрақ-жауап» сервисінің болуын;
      17) азаматтарға жүргізілген интерактивті сауалнамаларды;
      18) жаңалықтар легін;
      19) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, анықтама қызметтерінің телефондарын;
      20) ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет (кезегімен келетін күнтізбелік үш ай ішінде екі және одан да көп рет) сұрататын ақпаратты;
      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында орналастырылуы міндетті деп белгіленген өзге де ақпаратты немесе ақпарат иеленуші орналастырылуы қажет деп санайтын ақпаратты орналастыруға міндетті.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарында:
      1) бюджет қаражаты саласындағы ақпаратты:
      республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын;
      бюджеттік есептілікті;
      шоғырландырылған қаржылық есептілікті;
      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін;
      2) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпаратты;
      3) кадрлық және қаржылық мәселелерді, ведомствоішілік жұмысты ұйымдастыру мәселелерін реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілерді;
      4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерін;
      5) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпаратты да орналастыруға тиіс.
      5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Архивтерді және құжаттаманы басқару жөніндегі орталық мемлекеттік орган өзінің интернет-ресурсында Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынтығын (каталогін) орналастырады.
      6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында:
      1) ашық қол жеткізуде орналастыруға жатпайтындарды қоспағанда, сот актілері;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, сот актілерін қарау кестелері де орналастырылуға тиіс.
      7. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында:
      1) кадрлық және қаржылық мәселелерді реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілер;
      2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері;
      3) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының есептері;
      4) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпарат;
      5) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпарат та орналастырылуға тиіс.
      8. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында:
      1) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздері туралы есеп;
      2) жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;
      3) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары, сондай-ақ оларда қабылданған шешімдер де орналастырылуға тиіс.
      9. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарында:
      1) жарияланған бос лауазымдар туралы мәліметтер;
      2) бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;
      3) бос лауазымдар туралы ақпарат алуға арналған телефон нөмірлері де орналастырылуға тиіс.
      10. Бюджет қаражатын алушылардың интернет-ресурстарында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмаған ақпарат орналастырылады.
      11. Үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің интернет-ресурстарында үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ олар өндіретін (өткізетін) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағалары орналастырылады.
      12. Өзінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ ақпарат иеленуші оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
      13. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында жаңалықтар легін жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге бөлімдерді жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
      14. Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін.
      15. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында қол жеткізу шектелген ақпарат орналастырылуға жатпайды.
      16. Интернет арқылы нормативтік құқықтық актілерге тегін қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы да қамтамасыз етіледі.

      17-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталында ақпарат
               орналастыру

      1. Ақпарат пайдаланушылар осы Заңға сәйкес «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдастарында орналастырылатын ақпаратты ала алады және пайдалана алады, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген жағдайда оны талқылауға қатыса алады.
      2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер ашық деректер интернет-порталында ашық деректерді орналастырады.
      Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган ақпарат иеленушілерден ашық деректер интернет-порталында орналастыру үшін Қазақстан Республикасы халқының ашық деректерге қажеттіліктері туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталында қоғамдық пікірлерді сұрау нәтижелері бойынша ашық деректерді сұратуға құқылы.
      Ақпарат иеленушілер өз бастамасы бойынша ашық деректер интернет-порталында ақпаратты орналастыруға да құқылы.
      Ашық деректер интернет-порталында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Ашық бюджеттер интернет-порталында осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін орналастырады, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептерге жария талқылау жүргізіледі.
      Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жібергенге дейін заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын оларға түсіндірме жазбаларымен және салыстырма кестелерімен бірге (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) жария талқылау үшін орналастырады. Жария талқылау нәтижелері бойынша есептер де ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырылады.
      Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 16.11.2015 № 401-V Заңымен.
      5. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталында осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қызметін бағалау туралы ақпаратты, стратегиялық жоспарлардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсатты индикаторларына қол жеткізу туралы есептерді орналастырады, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне жария талқылау жүргізіледі.
      Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталында ақпарат орналастыру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      18-бап. Ақпаратқа қол жеткізу құқығының заңсыз шектелуіне
               шағым жасау

      1. Ақпаратқа қол жеткізу құқығының заңсыз шектелуіне жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      2. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағым әрекет жасалғаны немесе тиісті лауазымды адамның немесе органның шешім қабылдағаны туралы азаматқа белгілі болған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға не сотқа беріледі. Шағым жасау үшін өтіп кеткен мерзім мемлекеттік орган немесе лауазымды адам не сот үшін шағымды қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту негіздерінің бірі болуы мүмкін.

      19-бап. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі
               комиссия

      Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қоғамдық мүдделерді ескеру және қорғау, сондай-ақ ақпарат пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті орган жанынан консультативтік-кеңесші орган – Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылады.
      Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі оның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық пен ашықтық негізінде жүзеге асырылады.
      Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      20-бап. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу
               туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 3) тармақшасын және 17-баптың 5-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады