2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 1 сәуірде № 29-VII ҚРЗ.

      2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2018 жылғы 20 шілдеде Бакуде жасалған хаттама мынадай ескертпемен ратификациялансын: "2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың 1-бабы 5-тармағы алтыншы абзацының ережесі Қазақстан Республикасына қолданылмайды.".

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ


  Бейресми аударма

2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

  Ресми расталған мәтін

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы автокөлік құралдарына қылмыстық қолсұғушылықтарға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1. Кіріспенің алтыншы абзацында "автокөлік құралдарын жымқыруды болғызбау және оларды қайтаруды қамтамасыз ету үшін" деген сөздер "автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды камтамасыз етудегі" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. 1-баптың жетінші абзацында "жымқырылған автокөлік құралын қайтару туралы сұрау салуларды осы Келісімге сәйкес жіберуге және оларды қайтару туралы шешімдер қабылдауға" деген сөздер "автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күресті ұйымдастыру және оларды қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында, осы Келісімге сәйкес сұрау салуларды жіберуге, сондай-ақ автокөлік құралдарын қайтару туралы шешімдер қабылдауға немесе автоколік құралы иесінің оны қайтаруға мүдделі еместігі туралы хабардар етуге" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. 1-баптың сегізінші абзацы:

      "сәйкес" деген сөзден кейін "автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күресті," деген сөздермен толықтырылсын;

      "жүзеге асыруға" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ басқа Тараптардың ақпараттық дерекқорларындағы автокөлік құралдары туралы мәліметтерді алуға" деген сөздермен толықтырылсын.

      4. 3-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тараптардың әрқайсысы орталық құзыретті органды және осы Келісімнің ережелерін (шешілетін мәселелер шеңберін көрсете отырып) іске асыруға жауапты құзыретті органдарды айқындайды және ол туралы депозитарийді хабардар етеді.".

      5. 4-баптың 1-тармағында:

      бірінші абзацта "автокөлік құралдары туралы ақпараттық дерекқорды қолдауды қамтамасыз етеді, онда мынадай:" деген сөздер "автокөлік құралдары туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыруды және қолдауды қамтамасыз етеді, ол:" деген сөздермен, г) тармақшасындағы "туралы мәліметтер қамтылуға тиіс." деген сөздер "туралы;" деген сөзбен ауыстырылсын;

      "а" тармақшасы "туралы" деген сөздің алдынан ", олардың сәйкестендіру нөмірлері, тіркеу құжаттары және тіркеу белгілері" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы "д", "е", "ж", "з" тармақшаларымен толықтырылсын:

      "д) есептен шығарылған автокөлік құралдары туралы;

      е) мемлекеттік шекараны кесіп өтетін автокөлік құралдары туралы;

      ж) заңнамаға сәйкес мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде мәліметтері кеден органдарының ақпараттық дерекқорларына енгізілуі тиіс автокөлік құралдары туралы;

      з) жол-көлік оқиғасы, өрт, дүлей зілзала және өзге де жағдаяттар немесе үшінші тұлғалардың әрекеттері салдарынан зақымданған, оның ішінде конструкциялық жарамсыз болып қалған автокөлік құралдары туралы мәліметтер болған кезде, оларды қамтиды.".

      6. 4-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тараптардың әрқайсысы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, басқа Тараптардың құзыретті органдарының жоғарыда көрсетілген ақпараттық дерекқорлардағы мәліметтерді нақты уақыт режимінде алу, сондай-ақ басқа Тараптардың құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша және бастамашылық тәртіппен автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күресте қызығушылық танытатын өзге де ақпаратты жедел беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      Жоғарыда көрсетілген ақпараттық дерекқорлардан мәліметтер алу туралы сұрау салу мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:

      1) сұрау салушы құзыретті органның және оған сұрау салу жіберілетін, сұрау салынатын құзыретті органның атауы;

      2) Келісімнің тармағына сілтеме;

      3) істің мәнін қысқаша баяндау;

      4) ақпараттық дерекқорлардан сұрау салынатын мәліметтердің тізбесі.

      Сұрау салу жазбаша түрде ресімделеді және оған сұрау салушы құзыретті органның бастығы (басшысы) немесе оның орынбасары қол қояды.

      Сұрау салу оны алған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде орындалады. Осы мерзімді қысқарту қажет болған кезде сұрау салу мәтінінде себептері және сұрау салуды орындаудың қажетті мерзімі көрсетіле отырып, тиісті ескертпе жасалады.

      Егер:

      1) сұрау салу осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген нысанға сәйкес келмесе;

      2) сұрау салуды орындау егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін болса, Тараптың заңнамасына немесе Тараптардың халықаралық шарттарына қайшы келсе;

      3) сұрау салынатын құзыретті органға байланысты емес себептермен сұрау салудан орындауы объективті түрде мүмкін болмаса, сұрау салу бойынша ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкін.

      Сұрау салушы құзыретті орган сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тарту себептері туралы жазбаша нысанда дереу хабардар етіледі.".

      7. 4-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Жоғарыда көрсетілген ақпараттық дерекқорлардағы мәліметтерді алу және беру тәртібі жеке құжатпен айқындалады.".

      8. 7-баптың 1-тармағында:

      "жібере алады" деген сөздер "жібереді" деген сөзбен ауыстырылсын;

      "жібереді" деген сөзден кейін "не автокөлік құралы иесінің оны қайтаруға мүдделі еместігі туралы жазбаша хабардар етеді" деген сөздермен толықтырылсын.

      9. 8-баптың 2-тармағында "жиырма" деген сөз "отыз" деген сөзбен ауыстырылсын.

      10. 8-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қосымша ақпарат алғаннан кейін сұрау салынатын Тараптың орталық құзыретті органы отыз күн ішінде сұрау салушы Тараптың орталық құзыретті органына сұрау салуды қараудың нәтижелері туралы хабарлайды.".

      11. 9-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында көзделген хабарламаны алған сәттен бастап бір жыл өткен соң талап етілмеген автокөлік құралы, сол сияқты меншік иесінің оны қайтаруға мүдделі еместігі туралы хабарлама келіп түскен автокөлік құралы өз аумағында табылған және тұрған Тараптың заңнамасына сәйкес осы Тараптың кірісіне алынуы мүмкін.".

      12. 11-баптың 1-тармағында "б" және "в" тармақшалары алып тасталсын.

2-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап 60 күннен кейін уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Хаттамаға қол қою кезінде кез келген мемлекет оны осы баптың бірінші абзацында көзделгеннен өзге күннен бастап уақытша қолданатынын мәлімдеуге құқылы.

3-бап

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2018 жылғы 20 шілдеде Баку қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
      Түрікменстан Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 12 шілдедегі
№ 424 қаулысына қосымша

2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының ескертпесі

      "2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың 1-бабының 5-тармағы е) тармақшасының ережесі Қазақстан Республикасына қолданылмайды".

      -

2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨТІНІМІ

      Ресей Федерацияеы бүгін қол қойылатын Хаттамамен өзгеретін 2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімнің 4-бабына байланысты Хаттамамен өзгеретін Келісімнің 4-бабы 1-тармағының "е" тармақшасында көзделген мемлекеттік шекараны кесіп өтетін автокөлік құралдары туралы мәліметтерді ұсынбайтынын хабарлайды.

      Ресей Федерациясының
Ішкі істер министрі
В.Колокольцев

      Осы хатпен, қоса беріліп отырған мәтін үкіметаралық құжаттарға қол қоюға ұсынылған уәкілеттікке сәйкес 2018 жылғы 20 шілдеде Баку қаласында қол қойылған 2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталған Хаттаманың төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Атқарушы комитеті Төрағасының бірінші орынбасары -
ТМД-ның Атқарушы хатшысы
В.А.Гуминский

      Берілген мәтіннің орыс тілінен қазақ тіліне аудармасы түпнұсқамен бірдей екенін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
IIМ Криминалдық полиция
Департаментінің бастығы
Д.Таев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады