Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 21 қазандағы № 147-VII ҚРЗ.

      2012 жылғы 20 маусымда Рио-де-Жанейрода жасалған Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісім

      Осы Келісімнің тараптары,

      Экономикалық өсу мен экологиялық тұрақтылық интеграциясының адамзаттың болашағы үшін зор маңызы бар екенін тани отырып;

      Экономикалық өсудің жаңа моделі - бір уақытта экономикалық көрсеткіштерге және экологиялық тұрақтылыққа бағдарланған "жасыл өсуді" әзірлеу және тарату қажеттігін тани отырып, сайып келгенде жаһандық парадигманын орнықты экономикаға ауысуын қолдай отырып;

      Кедейлікті азайтуды, жұмыс орындарын құруды және экологиялық орнықты түрде әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ететін "жасыл өсудің" тиімді стратегиялары мен жоспарлары арқылы дамушы елдердің және экономикасы өтпелі елдердің, оның ішінде сол елдердегі және анағұрлым аз дамыған елдердегі ең кедей қоғамдастықтардың тұрақты дамуын қолдай отырып;

      Дамыған және дамушы елдер мен мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы диалог, ұжымдық оқыту және ынтымақтастық арқылы халықаралық қоғамдастықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып;

      Асқан кедейлік пен аштықты жою, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және дамыту мақсатында жаһандық әріптестік, қатынастарды дамыту сияқты Мыңжылдық Даму Мақсаттарын қоса алғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму және халықаралық деңгейде келісілген басқа да мақсаттарға қол жеткізу процесінің табысты болуына үлес қоса отырып;

      Жасыл өсуді ілгерілетумен айналысатын басқа да халықаралық ұйымдармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізе отырып;

      Жасыл өсуді әзірлеу мен ендіру дәйекті әрі ұзақ мерзімді тәсілді қажет ететінін түсіне отырып;

      Климаттың өзгеруі проблемаларын тиімді шешу және төмен көміртекті даму стратегияларын іске асыру үшін салааралық және көпжақты халықаралык ұйымдардың жаңа түрін құру қажет екенін ескере отырып; сондай-ақ

      Халықаралық ұйым ретінде Жаһандық жасыл өсу институтын құруды қалай отырып;

      Төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Құрылу

      1. Осы арқылы Жаһандық жасыл өсу институты халықаралық ұйым ретінде құрылады (бұдан әрі "Институт" деп аталады).

      2. Институттың штаб-пәтері Корея Республикасында, Сеулде орналасады.

2-бап

Мақсаттар

      Институт анағұрлым аз дамыған елдерді қоса алғанда, дамушы елдер мен экономикасы өтпелі елдердің тұрақты дамуына:

      a. экономикалық өсудің жаңа парадигмасы: экономикалық өсуге және экологиялық тұрақтылыққа теңгерімді қол жеткізу болып табылатын жасыл өсуді қолдау және тарату;

      b. экономикалық көрсеткіштер мен тұрақтылықтың негізгі аспектілеріне бағдарлау, кедейлікті азайту, жұмыс орындарын құру және әлеуметтік интеграциялау, сондай-ақ климаттың өзгеруі салдарын жеңілдету және бейімделу, биоәртүрлілікті қорғау және қымбат емес, экологиялық таза энергия көздеріне, таза су мен жерге қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету;

      c. дамыған және дамушы елдер, сондай-ақ мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы әріптестік қатынастар негізінде дамушы елдер мен экономикасы өтпелі елдердің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік жағдайларын жасау және жақсарту арқылы жәрдемдесетін болады.

3-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      a. демеуші мүше үш жыл ішінде 15 миллион АҚШ долларынан кем емес немесе алғашқы екі жыл ішінде 10 миллион АҚШ долларынан кем емес мөлшерде негізгі қаржыландырудың көпжылдық қаржылық жарнасын салған Институт мүшесі болып табылады. Демеуші мүше ретінде саралау үшін қажетті жарнаның деңгейі мен сипатын Ассамблея үнемі қайта қарап отырады және Ассамблея уақыт өте келе Институттың өсуін қолдау үшін консенсус негізінде оны түзетуі мүмкін;

      b. қатысушы мүше а тармағына сәйкес демеуші мүше болып табылмайтын Институт мүшесін білдіреді;

      c. қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын мүшелер дегеніміз қатысып отырған және "жақтап" немесе "қарсы" дауыс беретін мүшелерді білдіреді. Тиісті орган мүшелерінің қарапайым көпшілігі Ассамблеяның немесе Кеңестің кез келген шешімі үшін кворум болып табылады. Күмән келтірмеу үшін 5.3-бапқа сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттер мен өңірлік интеграция ұйымдары кворум мақсаттары үшін Ассамблеяның бірінші сессиясында ескеріледі; сондай-ақ

      d. Ұйым 2010 жылғы 16 маусымда Корея Республикасында коммерциялық емес қор ретінде құрылған Жаһандық жасыл өсу институты ретінде белгілі органды білдіреді.

4-бап

Қызмет түрлері

      Институт өз мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерімен:

      a. ұлттық, облыстық немесе жергілікті деңгейде кедейліктің азаюына, жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік интеграцияға жәрдемдесу үшін жасыл өсу жоспарларын әзірлеу және жүзеге асыру ісіндегі әлеуетін арттыру саласында экономикасы өтпелі елдер мен дамушы елдерге қолдау көрсетумен;

      b. жасыл өсу теориясы мен практикасын ілгерілету мақсатында, атап айтқанда, үкіметтер мен салалардың тәжірибесіне сүйене отырып, зерттеулер жүргізумен;

      c. ресурстарды тиімді пайдалану кезінде инвестициялау, инновациялар, өндіріс пен тұтыну, сондай-ақ озық тәжірибелерді тарату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік-жекешелік ынтымақтастыққа жәрдемдесумен;

      d. нақты деректерге негізделген білімді таратумен және жұртшылықтың "жасыл өсу" мен тұрақты даму туралы хабардарлығын арттырумен; сондай-ақ

      е. Институт мақсаттарына қатысы бар кез келген басқа қызметті жүзеге асырумен айналысуға тиіс.

5-бап

Мүшелік

      1. Мемлекеттік ұйым немесе өңірлік интеграция ұйымы1 осы Келісімге қол қоя отырып, Институт мүшесі болады. Институтқа мүшелік 2-бапқа сәйкес Институттың мақсаттарын қолдайтын Біріккен Ұлттар Ұйымының кез келген мүше мемлекеті немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін ашық.

      2. Бірде-бір мүше мәртебесіне немесе Институтқа қатысуына байланысты Институттың әрекеттері, қателіктері немесе міндеттемелері үшін жауап бермейді.

      3. Келісім күшіне енген кезде Бас директорға ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты ұсынбаған Келісімге қатысушы мемлекеттер және өңірлік интеграция ұйымдары Ассамблеяның бірінші сессиясында дауыс беру құқығын, сондай-ақ Кеңеске сайлану және оның мүшесі болу мүмкіндігін қоса алғанда, мүше ретінде бірдей құқықтық қабілетке ие. Күмән келтірмеу үшін осы тармақ Ассамблеяның кейінгі сессияларына қатысты қолданылмайды.

      4. Келісімнің тарапы болатын кез келген өңірлік интеграция ұйымы, оның мүше мемлекеттерінің біреуі осындай тарап болып табылмаса да, Келісім шеңберінде барлық міндеттемелермен байланысты болады. Мүше мемлекеттердің біреуі немесе бірнешеуі Келісімнің тарапы болып табылатын осындай ұйымдар жағдайында, ұйымдар мен оған мүше мемлекеттер осы Келісім шеңберінде міндеттемелерді орындау жөніндегі өздерінің тиісті міндеттері туралы шешім қабылдайды. Мүшелік шарттары туралы жекелеген келісім өңірлік интеграция ұйымдары мүшелікке кіргенге дейін талқылануға және содан кейін оны Ассамблея бекітуге тиіс.

      5. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе мүшелікке кіру туралы өздерінің құжаттарында өңірлік интеграция ұйымдары Келісімде реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің шектері туралы мәлімдейді. Бұл ұйымдар депозитарийге де хабарлайды, ол өз кезегінде тараптарға олардың құзыреті шегіндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы хабарлайды.

      1Өңірлік интеграция ұйымы - осы Келісіммен реттелетін мәселелерге қатысты оған мүше мемлекеттер құзыретін берген белгілі бір өңірдің егемен мемлекеттері құрған ұйым дегенді білдіреді.

6-бап

Органдар

      1. Институттың Ассамблеясы, Кеңесі, Консультативтік комитеті және Хатшылығы болады.

      2. Егер Ассамблея өзінің қызметін қолдау үшін қажеттігіне қарай тиісті шешім қабылдаса, Институттың филиалдары немесе басқа көмекші органдары құрылуы мүмкін.

7-бап

Ассамблея

      1. Ассамблея Институттың жоғары органы болып табылады және оның мүшелерінен тұрады.

      2. Ассамблея екі жылда бір рет кезекті сессияларда немесе Ассамблеяның басқа да шешіміне сәйкес жиналады. Ассамблеяның кезектен тыс сессиясы оның мүшелерінің үштен бірінің бастамасы бойынша шақырылады. Егер Ассамблея өзгеше шешім қабылдамаса, Ассамблея сессиялары Институттың штаб-пәтерінде өтеді.

      3. Ассамблея бірінші отырысында консенсус негізінде өзінің рәсім қағидаларын қабылдайды. Күмән келтірмеу үшін осы Келісім мен рәсім қағидалары арасындағы кез келген сәйкессіздікке қатысты осы Келісімнің артықшылықты күші болады.

      4. Ассамблея үкіметаралық ұйымдар, жеке компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары және үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) сияқты мемлекеттік емес ұйымдарға Ассамблея келіскен өлшемшарттар негізінде байқаушы мәртебесін бере алады. Байқаушы мәртебесі бар өкілдер Ассамблеяда талқылауларға қатыса алады, бірақ Ассамблеяның отырыстарында дауыс беру құқығы болмайды. Байқаушылардың Ассамблеяға қатысуына қатысты қосымша ережелер 3-тармақта айтылған рәсім қағидаларында көзделуі мүмкін.

      5. Ассамблеяның функциялары:

      а. 8.2-бапқа сәйкес Кеңес мүшелерін сайлауды және ротация қағидатын ескеруді;

      b. кандидатурасын Кеңес ұсынатын Бас директорды тағайындауды;

      c. 24-бапқа сәйкес осы Келісімге түзетулерді қарауды және қабылдауды;

      d. Институт жұмысының жалпы бағыты бойынша консультация беруді;

      е. Институт мақсаттарына қол жеткізу прогресін шолуды;

      f. Хатшылықтың стратегиялық, жедел және қаржылық мәселелер бойынша есептерін алуды; сондай-ақ

      g. 16-бапқа сәйкес басқа да халықаралық органдармен әріптестік қарым-қатынас және байланыс бөлігіндегі басшылыққа алынатын нұсқауларды қамтиды.

      6. Әр мүшенің бір дауысқа құқығы бар.

      7. Өңірлік интеграция ұйымдары болып табылатын мүшелер 5.4 және 5.5-баптарға сәйкес өздері жауап беретін мәселелерде өздерінің дауыс беру құқығын Келісімнің тараптары болып табылатын мүше мемлекеттердің санына тең дауыс санымен іске асырады. Мүшелік құқықтарын іске асыру шарттары 5.4-бапта айтылған, өңірлік интеграция ұйымдары мүшелікке кіргенге дейін келісілуі керек жекелеген келісімге енгізілуі тиіс.

      8. Ассамблея шешімдерді консенсус негізінде қабылдау үшін бар күш-жігерін салады. Егер консенсусқа қол жеткізу бойынша барлық күш-жігер сарқылса және консенсусқа қол жеткізілмесе, Төрағаның өтініші бойынша, ақырғы шара ретінде шешімдер осы Келісімде көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын мүшелердің қарапайым көпшілігімен қабылданады. Бұдан басқа, шешімдерді қабылдау үшін қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын демеуші мүшелердің көпшілігі, сондай-ақ қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын қатысушы мүшелердің көпшілігі талап етіледі. Күмән келтірмеу үшін шешімдер Ассамблея отырыстары арасында жазбаша рәсімде қабылдануы мүмкін.

      9. Ассамблея бір Төрағаны және Төрағаның екі орынбасарын екі жыл мерзімге сайлайды.

      10. Төраға Ассамблеяға Төраға орынбасарларының қолдауымен Төрағалық етеді және өзіне жүктелген міндеттерді орындайды.

      11. Төраға отырыс өтіп жатқан уақытта Ассамблеяның алдында жауап береді.

8-бап

Кеңес

      1. Кеңес Институттың атқарушы органы ретінде әрекет етеді және Ассамблеяның басшылығымен Институт қызметіне басшылық жасауға жауапты болады.

      2. Кеңес құрамына төменде көзделгендей он жетіден аспайтын мүше кіреді:

      a. Ассамблея сайлаған бес демеуші мүше;

      b. Ассамблея сайлаған бес қатысушы мүше;

      c. Кеңес тағайындаған, Институт мақсаттарына қол жеткізуге айтарлықтай үлес қоса алатын бес сарапшы немесе мемлекеттік емес субъект;

      d. Кеңесте тұрақты орынға ие қабылдаушы елдің өкілі; және

      е. дауыс беру құқығынсыз Бас директор.

      3. 2 а, b және с тармақтарында көрсетілген Кеңес мүшелері 4-тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, екі жыл бойы өз міндеттерін орындайды.

      4. Ассамблея Кеңестегі мүшеліктің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында 2 а, b және с тармақтарына сәйкес сайланған Кеңестің бастапқы мүшелерінің шамамен жартысы бастапқы бір жыл мерзімге сайлануын қамтамасыз етеді.

      5. Ассамблеяның басшылығымен Кеңестің функциялары мыналарды:

      a. Ассамблеяның тағайындауы үшін Бас директордың кандидатурасын ұсынуды;

      b. Институт стратегиясын мақұлдауды және оның нәтижелеріне, мониторингі құрылымына және бағалауға шолуды;

      c. жылдық жұмыс бағдарламасы мен бюджетті мақұлдауды;

      d. аудиттен өткен қаржылық есептілікті бекітуді;

      е. 9.2-бапқа сәйкес Консультативтік комитетке жаңа мүшелердің қабылдануын мақұлдауды;

      f. Институт міндеттеріне сәйкес келуге және бұдан өзге объективті өлшемшарттарға негізделуге тиіс елдік бағдарламаларды іріктеу өлшемшарттарын бекітуді;

      g. Кеңестің кіші комитеттерінің мүшелерін бекітуді; және

      һ. Ассамблея берген немесе осы Келісімнің басқа бөліктерінде көзделген басқа да функцияларды орындауды қамтиды.

      6. Бас директордан басқа, Кеңестің эрбір мүшесінің бір дауысқа құқығы бар.

      7. Кеңес консенсус негізінде шешім қабылдау үшін бар күш-жігерін салады. Егер консенсусқа қол жеткізуге бағытталған барлық күш-жігер сарқылса, ал консенсусқа қол жеткізілмесе, Төрағаның өтініші бойынша, ақырғы шара ретінде шешімдер осы Келісімде өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын мүшелердің қарапайым көпшілігімен қабылданады. Бұдан басқа, шешімдерді қабылдау үшін қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын демеуші мүшелердің көпшілігі, сондай-ақ қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын қатысушы мүшелердің көпшілігі талап етіледі. Күмән келтірмеу үшін шешімдер Кеңестің отырыстары арасында жазбаша рәсімде қабылдануы мүмкін.

      8. Кеңес бірінші отырысында консенсус негізінде өзінің рәсім қағидаларын қабылдайды.

      9. Кеңес Төрағаны және Төрағаның екі орынбасарын екі жыл мерзімге сайлайды.

      10. Төраға өз орынбасарларының қолдауымен Кеңеске төрағалық етеді және өзіне жүктелген міндеттерді орындайды.

      11. Төраға отырыс өтіп жатқан уақытта Кеңес алдында жауап береді.

      12. Тиімді үйлестіру және жұмыс істеу үшін Кеңес кіші комитеттер, оның ішінде, қажеттігіне қарай Жәрдемдесу жөніндегі кіші комитет, Адами ресурстар жөніндегі кіші комитет, Бағдарламалар жөніндегі кіші комитет және Аудит және қаржы жөніндегі кіші комитет құра алады. Аудит және қаржы жөніндегі кіші комитет демеуші мүшенің төрағалық етуімен жұмыс істейді.

9-бап

Консультативтік комитет

      1. Консультативтік комитет Институттың консультативтік және кеңесші органы ретінде:

      а. жасыл өсу саласында мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастық форумы ретінде қызмет етуде; және

      b. Институттың стратегиясы мен қызметі мәселелері бойынша, оның ішінде 16-баптың ережелеріне сәйкес іске асырылуы мүмкін Институт пен басқа да субъектілер арасындағы кез келген өзара пайдалы өзара іс-қимыл мен байланыстарға қатысты Кеңеске консультация беруді жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.

      2. Консультативтік комитет тиісті жетекші сарапшылардан және мемлекеттік емес субъектілерден тұрады. Консультативтік комитетке мүшелікке өтінімдер Бас директорға жазбаша нысанда беріледі және оларды 8.5 е-бапқа сәйкес Кеңес бекітеді.

      3. Консультативтік комитет кезекті отырысты, егер өзгеше шешім қабылданбаса, жылына бір рет өткізеді.

      4. Консультативтік комитет өзінің рәсім қағидаларын қабылдайды және Төраға мен Төрағаның орынбасарын сайлай алады.

10-бап

Хатшылық және Бас директор

      1. Хатшылық Кеңестің және Ассамблеяның басшылығымен Институттың негізгі жұмыс органы болып табылады және оны Бас директор басқарады.

      2. Бас директордың кандидатурасын Кеңес ұсынады және Ассамблея тағайындайды. Бас директор Кеңес пен Ассамблеяның отырыстарына қатыса алады, бірақ мұндай отырыстарда дауыс бермеуге тиіс.

      3. Бас директор төрт жыл мерзімге тағайындалады және келесі мерзімге қайта тағайындалуы мүмкін.

      4. Бас директорға осы Келісімнің басқа бөліктерінде немесе Кеңес немесе Ассамблея жүктеген кез келген функциялардан басқа, Бас директор кейде Кеңес пен Ассамблеяның басшылығымен:

      a. Институтқа стратегиялық басшылықты жүзеге асыруға;

      b. барлық қажетті жұмыс және қаржылық құжаттарды жасауға;

      c. Институт қызметінің іске асырылуы туралы есеп беруге және өз пікірінше, Институт мақсаттарына қол жеткізуге әсер етуі мүмкін кез келген мәселені Кеңестің назарына жеткізуге;

      d. Ассамблея мен Кеңестің нұсқауларын орындауға; сондай-ақ

      е. Институтқа сыртқы деңгейде өкілдік етуге және мүшелермен және басқада мүдделі тараптармен тығыз байланыс орнатуға тиіс.

      5. Хатшылық Бас директорға бағынады және бұдан өзге Бас директорға 4-тармақта санамаланған функцияларды және Институттың негізгі қызмет түрлерін орындауда қолдау көрсетеді.

      6. Өз міндеттерін орындау кезінде Бас директор және Хатшылық қызметкерлері қандай да бір мемлекеттен немесе Институттан тыс қандай да бір орғаннан нұсқаулар сұратпауы және алмауы тиіс. Олар халықаралық лауазымды адамдар ретінде өздерінің позицияларына теріс әсер ету мүмкін кез келген әрекеттен аулақ болуы тиіс.

      7. Бас директор Хатшылықтың қызметкерлерін Кеңес бекіткен персонал туралы ережелерге сәйкес тағайындайды. Персоналды гендерлік теңдік қағидаты ескеріле отырып жұмысқа қабылдауда және жалдауда тиімділігі, құзыреттілігі, сіңірген еңбегі және адалдығы назарға алынуы тиіс.

11-бап

Жұмыс тілі

      Институттың жұмыс тілі ағылшын тілі болып табылады.

12-бап

Қаржы

      1. Институт өзінің қаржылық ресурстарын:

      a. мүшелердің ерікті жарналары;

      b. үкіметтік емес көздерден ерікті жарналар арқылы;

      c. жарияланымдарды сату және өзге де кірістер есебінен;

      d. трасттардан пайыздық кіріс арқылы; сондай-ақ

      е. Ассамблея консенсус негізінде қабылдайтын қаржылық қағидаларға сәйкес кез келген басқа көздерден алады.

      2. Мүшелерге Институтты қолдау және негізгі қаржыландырудың ерікті жыл сайынғы жарнасы, оның қызметіне белсенді қатысу есебінен немесе басқа да тиісті құралдармен оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету ұсынылады.

      3. Қаржылық ашықтыққа жәрдемдесу үшін Кеңес тағайындайтын тәуелсіз сыртқы аудитор жыл сайынғы негізде Институт қызметіне қаржылық аудит жүргізеді және мұндай аудит халықаралық аудиторлық стандарттарға сәйкес жүргізіледі.

      Аудиттен өткен қаржылық есептер мүше елдерге әр қаржы жылы жабылғаннан кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ осы күннен кейін алты айдан кешіктірілмей ұсынылады және қажеттігіне қарай Кеңестің келесі отырысында оның бекітуі тұрғысынан қаралуы тиіс.

13-бап

Ақпаратты ашу

      1. Институт органдары Институт жұмысының ашықтығын, оның ішінде:

      a. Ассамблея қараған және қабылдаған талқылауларға, шешімдерге және құжаттарға;

      b. мемлекеттік емес субъектілерге байқаушы мәртебесін беруге негіз болған өлшемшарттарға;

      c. Кеңестегі талқылауларға, шешімдерге және тиісті құжаттарға;

      d. Кеңеске сарапшылар мен мемлекеттік емес субъектілерді сайлауға негіз болған өлшемшарттарға;

      е. елдік бағдарламаларды іріктеудің өлшемшарттары мен әдіснамасына;

      f. Консультативтік комитеттің мүшелерін бекітуге негіз болған өлшемшарттарға;

      g. Институттың аудиторлық тексеруден өткен жылдық қаржылық есептеріне қатысты ашықтығын қамтамасыз ететін ақпаратты ашудың кешенді саясатын әзірлеуге тиіс.

14-бап

Құқықтық субъектілік және құқық қабілеттілік

      Институт:

      a. келісімшарттар жасасу;

      b. жылжымайтын және жылжымалы мүлікті сатып алу және билік ету;

      c. сот талқылауы барысында бастама жасау және өзін қорғау құқықтық субъектілігіне және құқықтық қабілеттілігіне ие.

15-бап

Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Институт өзі тұрған мүше мемлекетте, әдетте, халықаралық ұйымның ұқсас типтеріне берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді тиісінше ескере отырып, мүше мемлекеттердің аумағында Институттың тиісінше жұмыс істеуі үшін қажет әрі оңтайлы болуы мүмкін артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана алады және басқа мүше елдерде осындай артықшылықтар мен иммунитеттерге қол жеткізе алады. Мұндай артықшылықтар мен иммунитеттер мүшелер арасында немесе Институт пен жекелеген мүше арасында жасалуы мүмкін жекелеген келісімде көрсетілуге тиіс.

16-бап

Өзара пайдалы ынтымақтастық

      1. Институт мақсаттарына қол жеткізу ниетімен Институт халықаралық, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, басқа ұйымдармен ынтымақтастық қатынастарды орната алады.

      2. Институт жасыл өсу саласында ұқсас мақсаттары бар ұйымдарға орта мерзімдік немесе ұзақ мерзімдік негізде өзара ынтымақтастық үшін стратегиялық әріптестік құруды да ұсына алады.

17-бап

Өтпелі ережелер

      1. Институт Хатшылығы құрылған кезге дейін Хатшылықтың функциясын Ұйым орындайтын болады. Ұйымның атқарушы директоры Ассамблея 7.5 b бабына сәйкес Бас директорды тағайындағанға дейін Институттың Бас директорының функциясын атқаратын болады.

      2. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Ұйымның құқықтары, міндеттері, міндеттемелері, жұмыс істеп тұрған филиалдары/өңірлік офистері2 және мүлкі осы органның кез келген қажетті процестеріне сәйкес Институтқа берілуге тиіс.

      3. Ұйымның қағидалары, ережелері, қаулылары, рәсімдері мен практикасы Ассамблея, Кеңес немесе Бас директор өзге шешім қабылдағанға дейін және олар осы Келісімге немесе Ассамблея немесе Кеңес қабылдаған кез келген қағидаларға, ережелерге, қаулыларға, рәсімдер мен практикаға қайшы келмейтіндей шамада ғана Институтқа қолданылады.

      4. Мемлекеттер мен өңірлік интеграция ұйымдарының жеткілікті саны осы Келісімнің қатысушысы болғанға дейін 8.2-баптың тиісті а-с тармақшаларында көрсетілген әрбір цифр Кеңес мүшелерінің санына қатысты талап ретінде Ассамблеяның шешіміне сәйкес икемді қолданылуы мүмкін.

      2Институттың өңірлік офистерін беру мәселесі бойынша Дания мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтерімен консультация қажет

18-бап

Депозитарий

      Хатшылықтың Бас директоры осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

19-бап

Қол қою

      Осы Келісім 2012 жылғы 20 маусымдағы жағдай бойынша Бразилиядағы Рио-де-Жанейрода қол қою үшін ашылады және он екі ай бойы қол қою үшін ашық болып қалуға тиіс.

20-бап

Ратификация, қабылдау және бекіту

      1. Осы Келісім оған қол қойған мемлекеттер мен өңірлік интеграция ұйымдарының ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.

      2. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.

21-бап

Қосылу

      1. Келісімге қол қоймаған кез келген мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымының кіруі үшін осы Келісім ашық.

      2. Қосылу туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады.

22-бап

Күшіне ену

      1. Осы Келісім ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы үшінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісімді күшіне енгеннен кейін ратификациялайтын, қабылдайтын, бекітетін немесе оған қосылатын әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін осы Келісім тиісті құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

23-бап

Ескертпелер

      Келісімге ешқандай ескертпелер жасауға жол берілмейді.

24-бап

Түзетулер

      1. Осы Келісімнің кез келген Тарапы Хатшылықтың Бас директорына осындай ұсыныс бере отырып, осы Келісімге түзету ұсына алады. Бас директор ұсынылып отырған түзетуді Ассамблея қарағанға дейін кемінде тоқсан күн бұрын Институттың барлық мүшелерінің назарына жеткізеді.

      2. Осы Келісімге түзету оны қабылдаған тараптар үшін, егер мұндай түзетуде өзгеше көрсетілмесе, Ассамблея қабылдағаннан кейін, осы Келісім тараптарының кемінде төрттен үші қабылдау туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді. Бұдан басқа, күшіне енуі үшін демеуші мүшелердің төрттен үшінің, сондай-ақ қатысушы мүшелердің төрттен үшінің қабылдау құралдары қажет болады.

25-бап

Келісімнен шығу

      Осы Келісімнен кез келген тарап өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы жазбаша хабардар ету арқылы шыға алады. Мұндай шығу Хатшылықтың Бас директоры хабарлама алған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.

26-бап

Түсіндіру

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде кез келген мүше мен Институт арасында немесе Институттың кез келген мүшесі арасында туындайтын кез келген мәселе Ассамблеяның шешім қабылдауы үшін Ассамблея Төрағасына шығарылады. Ассамблея консенсус негізінде шешім қабылдау үшін бар күш-жігерін салады. Егер консенсусқа қол жеткізу бойынша барлық күш-жігер сарқылса және консенсусқа қол жеткізілмесе, мұндай шешімдер ақырғы шара ретінде катысып отырған және дауыс беруге қатысатын мүшелердің төрттен үшімен қабылданады. Бұдан басқа, мұндай шешімдерді қабылдау үшін қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын демеуші мүшелердің төрттен үші, сондай-ақ қатысып отырған және дауыс беруге қатысатын қатысушы мүшелердің төрттен үші қажет. Жоғарыда аталған шешімдерді қоса алғанда, осы Келісім 1969 жылы қабылданған Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясын қоса алғандағы халықаралық жария құқықты түсіндірудің әдеттегі қағидаларына сәйкес түсіндіріледі.

27-бап

Консультациялар

      1. Институттың кез келген мүшесі осы Келісімді іске асырудың, қолданудың немесе оның әрекет етуінің кез келген мәселесі бойынша Институттың Бас директорымен немесе басқа мүше елдермен консультацияларды жазбаша нысанда сұрата алады.

      2. Мұндай консультациялардың тараптары осы мәселенің өзара келісілген шешіміне қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салады.

      3. Осы бапқа сәйкес консультациялар, егер өзгеше келісілмесе, қандай да бір басқа тарапқа ашыла алмайды және Ассамблеяда мүшенің мәселені көтеру құқығына нұқсан келтірмейді.

28-бап

Қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісімнің қолданысы Ассамблеяда консенсус негізінде барлық мүше елдердің шешім қабылдауы арқылы ғана тоқтатылуы мүмкін.

      2. 1-тармаққа сәйкес қабылданған кез келген шешім, егер Ассамблея консенсус негізінде өзге шешім қабылдамаса, он екі ай өткенге дейін күшіне енбейді.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату, егер Ассамблеяда қол жеткізілген консенсуспен өзге шешім қабылданбаса, осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын және осы Келісімді бұзу кезінде толық орындалмаған қандай да бір жобаны немесе бағдарламаны іске асыруға әсер етпейді.

      4. Қолданысы тоқтатылғаннан кейін Ассамблея консенсус негізінде, 2-бапта баяндалған мақсаттары Институтпен бірдей немесе шамамен бірдей болатын бір немесе бірнеше халықаралық органға Институттың мүлкі мен активтерін беруге келісе алады. Институттың мүлкі мен активтері Ассамблея келіскен кез келген рәсімге сәйкес мүшелер арасында өзгеше түрде қайта бөлінуі мүмкін.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті үкіметтер тиісінше уәкілеттік берген төмендегі өкілдер осы Келісімге қол қойды.

      Екі мың он екінші жылы жиырмасыншы маусымда Рио-де-Жанейрода ағылшын тілінде жасалды.

      Аустралия;

      Камбоджа Корольдігі;

      Коста-Рика Республикасы;

      Дания Корольдігі;

      Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасы;

      Гайана Республикасы;

      Кирибати Республикасы;

      Норвегия Корольдігі;

      Папуа және Жаңа Гвинея Тәуелсіз мемлекеті;

      Парагвай Республикасы;

      Қатар Мемлекеті;

      Корея Республикасы;

      Біріккен Араб Әмірліктері;

      Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі;

      Вьетнам Социалистік Республикасы;

      Индонезия Республикасы;

      Мексика Құрама Штаттары;

      Моңголия;

      Руанда Республикасы.

      Мен жоғарыда аталған құжат екі мың он екінші жылдың жиырмасыншы маусымында Рио-де-Жанейрода ағылшын тілінде қол қойылған Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімнің төлнұсқа және толық көшірмесі болып табылатынын растаймын.

      Осыны растай отырып, мен, Кристобаль Аграванте, Жаһандық жасыл өсу институтының заң кеңесшісі Сеулде екі мың жиырмасыншы жылдың ақпан айының жетінші күні өз атым мен Жаһандық жасыл өсу институтының ресми мөрін қойдым.

      Кристобаль Аграванте
Жаһандық жасыл өсу институтының
Заң кеңесшісі

      Осымен "Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" келісіміне қазақжәне орыс тілдеріндегі мәтіндері ағылшын тілінен тең түпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады