Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 10 қарашадағы № 39-VIII ҚРЗ

      Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы 2023 жылғы 23 мамырда Женевада жасалған келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының
Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымы
арасындағы КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Қазақстан тарапы)

      мен

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі - Ұйым)

      Еуропалық өңірлік комитет өзінің жетпіс екінші сессиясында қабылдаған Ұйымның Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын (бұдан әрі - сессия) 2023 жылғы 24-26 қазан аралығында Астанада (Қазақстан Республикасы) өткізу туралы қарарға сәйкес Қазақстан тарапының шақыруын пайдалануға ниеттене отырып;

      осы тұрғыда Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК) жөніндегі Астана декларациясының бес жылдығына және МСАК жөніндегі Алматы декларациясының қырық бес жылдығына арналған арнайы іс-шара (бұдан әрі - арнайы іс-шара) өткізуге ниеттене отырып; және

      Еуропалық өңірлік комитеттің жетпіс үшінші сессиясының өткізілуіне байланысты Ұйымға ұсынылатын материалдық-техникалық ресурстарды, көрсетілетін қызметтерді және құқықтық мәртебені айқындау мақсатында келісім (бұдан әрі - Келісім) жасасуға ниеттене отырып,

      ОСЫ КЕЛІСІМДІ ЖАСАДЫ:

1-бап. Қазақстан тарапының және Ұйымның міндеттемелері

      1. Ұйым сессияны қамтамасыз етуге қатысты барлық аспектілерді қоса алғанда, оны ұйымдастыруға, өткізуге және оған әкімшілік етуге жауапты болады.

      2. Қазақстан тарапы жергілікті материалдық-техникалық ресурстарды ұсынады және егер сессия Ұйымның Копенгагендегі (Дания) Еуропалық өңірлік бюросында өткізілетін болса, әдеттегі тәртіппен Ұйым төлейтін шығыстарды қоспағанда, келесі баптарда және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада көрсетілгендей сессияның Астанада өткізілуіне тікелей байланысты шығыстарды өзіне алады.

2-бап. Материалдық-техникалық ресурстар, көрсетілетін қызметтер,

үй-жайлар мен жабдықтар

      1. Бүкіл сессия барысында Ұйым талап ететін және осы Келісімге қосымшада тізбеленген қажетті персоналды, мәжіліс залдарын, офис үй-жайларын, мүкәммалды, жиһазды, жабдықтарды, материалдарды және құралдарды Қазақстан тарапы Ұйымға өтеусіз ұсынады. Сессия үй-жайлар ұсынылатын уақыт аралығында өткізілетін ілеспе жалпы және қатарлас сессияларды (осы Келісімге қосымшаға сәйкес қатарлас іс-шараларды, Еуропалық өңірлік комитеттің Тұрақты комитетінің кеңестерін, мүше мемлекеттермен және өңірдің мүше мемлекеттерінің арасындағы брифингтерді, баспасөз конференцияларын қоса алғанда) қамтиды деп есептеу керек.

      2. Қазақстан тарапы сессияның тиімді өткізілуін қамтамасыз ету үшін сессия ашылғанға дейін де, ол жабылғаннан кейін де Астанада болуы Ұйымға қажетті Ұйымның лауазымды тұлғалары үшін тиісінше жабдықталған офистерді де өтеусіз ұсынады.

      3. Қазақстан тарапы Денсаулық сақтау министрінің атынан қарсы алу қабылдауын өткізу, сессияның және Еуропалық өңірлік комитет жұмысының негізгі бағдарламасы шеңберінен тыс ресми іс-шаралардың ашылу салтанатында әртістердің өнер көрсетуі немесе мәдени бағдарлама ұйымдастыру үшін шаралар қабылдайды.

      4. Қазақстан тарапы қатысушылар үшін жаднама жасауға қажетті ақпаратты сессияға дейін мүмкіндігінше ерте және 2023 жылғы маусымның соңынан кешіктірмей береді.

3-бап. Тұру

      1. Қазақстан тарапы осы Келісімнің 9-бабының 1-тармағына сәйкес қатысушылар үшін қонақүй нөмірлерін брондау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Ұйым Қазақстан тарапын қонақүй нөмірлеріне қатысты талаптар туралы алдын ала хабардар етеді. Қатысушылардың брондауын растау үшін түпкілікті мерзім Ұйым мен Қазақстан тарапы арасында келісіледі.

4-бап. Жол жүру және көлік

      1. Қазақстан тарапы Астана халықаралық әуежайында қатысушыларды қарсы алу үшін арнайы таған ұйымдастыруды, оларды қонақүйлерге және сессия аяқталғаннан кейін қонақүйлерден кері жеткізуді ұйымдастыруды қоса алғанда, осы Келісімнің 9-бабының 1-тармағына сәйкес барлық қатысушылардың Қазақстанға кіруіне және Қазақстаннан шығуына жәрдемдесу үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Қазақстан тарапы Ұйыммен кеңесе отырып, Ұйымның Еуропалық өңірлік офисінің бас директорының, өңірлік директорының (бұдан әрі - Ұйымның өңірлік директоры) және сессияға қатысатын кез келген басқа да жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың келуі мен кетуі үшін арнайы хаттамаларды қамтамасыз етеді.

      3. Қазақстан тарапы сессияға қажетті жабдықтардың, материалдар мен құжаттардың жергілікті тасымалы үшін көлік құралдарын Ұйымға өтеусіз ұсынады, Өңірлік комитеттің таңдаулы лауазымды тұлғалары, Ұйымның бас директоры мен өңірлік директоры үшін жүргізушілері бар ресми автокөлікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ осындай көлікпен байланысты барлық шығыстарға, сондай-ақ оларға уақтылы жанармай құюға, техникалық қызмет көрсетуге және сақтандыруға жауапты болады.

      4. Қазақстан тарапы сессияның ресми өткізілетін орны мен өңірдегі мүше мемлекеттердің өкілдері, өкілдерінің орынбасарлары, кеңесшілері және Ұйым Хатшылығының қызметкерлері тұратын қонақүйлер арасында жүретін арнайы көлікті де Ұйымға өтеусіз ұсынады. Осы мақсаттарға бөлінген көлік құралдарының жүру графигі Ұйыммен консультация барысында айқындалатын болады.

5-бап. Коммуникация

      Қазақстан тарапы сессияны тиімді өткізу үшін талап етілетін телефон байланысының жұмыс істеуіне, интернетке және WiFi-ға қосылуға қажетті барлық жабдықты қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды, Ұйымға жіберілетін сессияға қатысты және жариялауға немесе трансляциялауға арналған материалдарды қамтитын хабарламаларды қоса алғанда, оның қызметкерлерінің ресми телефонмен сөйлесуінің және коммуникацияның басқа да түрлерінің құнын төлейді.

6-бап. Құқықтық мәртебе

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Қазақстан тарапы өзінің енді тиісті міндеттемелермен байланысы болмайтындай шамада 1947 жылғы 21 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы мақұлдаған және 1948 жылғы 17 шілдеде бірінші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы қабылдаған Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) және осы Конвенцияның VII қосымшасының ережелерін, сондай-ақ осы Келісімнің келесі баптарында баяндалған ережелерді қолданады.

7-бап. Ұйымның билік етуіне ұсынылатын үй-жайларға қол сұқпау және оларды қорғау

      1. Сессияның өткізілуіне байланысты Ұйымның билік етуіне ұсынылатын үй-жайларды Ұйым пайдаланатын бүкіл кезең бойы олар Ұйымның үй-жайлары ретінде қаралады, демек Конвенцияның III бабының 5-бөлімінде айтылған қолсұғылмаушылық артықшылықтарын пайдаланады.

      2. Ұйымның үй-жайлары Ұйымның бақылауы мен жауапкершілігіне беріледі, оның осы үй-жайларға кез келген тұлғаның кіруіне рұқсат беруге немесе тыйым салуға айрықша құқығы бар және кез келген тұлғаны олардан шығарып жіберу үшін де шаралар қабылдай алады.

      3. Қазақстан тарапы бұған рұқсаты жоқ адамдардың немесе адамдар тобының кіруі, тәртіпсіздіктер немесе жақын маңдағы кез келген артық шу Ұйымның үй-жайларындағы жұмысқа кедергі келтірмеуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды. Осы мақсат үшін Қазақстан тарапы қажет болса, Ұйымның үй-жайларынан тыс құқық қорғау органдарының қызметкерлерін орналастырады және қабылдаушы елдің қолданылатын заңнамасына сәйкес өз қалауы бойынша қажетті болып табылатын кез келген басқа шараларды қабылдайды.

      4. Ұйымның өңірлік директорының сұратуы бойынша Қазақстан тарапы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, егер қажеттілік туындаған жағдайда, Ұйымның үй-жайларындағы тәртіпті сақтауға, сондай-ақ Ұйымға кедергі келтіруі мүмкін кез келген тұлғаны шығарып жіберуге және осы үй-жайларда қабылдаушы елдің қолданылатын заңнамасына сәйкес жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек көрсете алуы үшін қажетті санын ұсынады.

8-бап. Ұйымның архивтері

      Конвенцияның III бабының 6-бөліміне сәйкес Ұйымның архивтеріне және жалпы Ұйымға тиесілі немесе ол сақтайтын барлық құжаттарға қол сұғылмайды.

9-бап. Сессияға қатысушылардың Қазақстан Республикасына келу, онда болу құқығы және олардың құқықтық мәртебесі

      1. Қазақстан тарапы Ұйым сессияға шақырған мына тұлғалардың Қазақстан Республикасына келуіне, онда болуына және одан шығуына мүмкіндік беретін визаларды уақтылы және талап етілген кезде ресімдейді:

      (a) сессия уақытында Конвенцияның V бабында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын өңірдегі мүше мемлекеттердің өкілдері, өкілдерінің орынбасарлары және кеңесшілері, сондай-ақ Ұйымға мүше басқа мемлекеттердің байқаушылары;

      (b) сессияға байланысты өздерінің ресми міндеттерін орындау уақытында Конвенцияның VI бабында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын Ұйымның лауазымды тұлғалары;

      (c) сессияға байланысты өздерінің ресми міндеттемелерін орындау уақытында Конвенцияның VII қосымшасының 2-тармағында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын, Ұйымның тапсырмаларын орындайтын сарапшылар (лауазымды тұлғалар қатарына жатпайтын);

      (d) Біріккен Ұлттар Ұйымының, мамандандырылған мекемелердің және халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес Ұйымдардың Ұйым Жарғысының 69-71-баптарына сәйкес Ұйым ресми өзара қарым-қатынасты қолдайтын, сессияға қатысатын және лауазымды тұлғалар ретінде өздері айтқан немесе жазған сөздері және өздері жасаған барлық әрекеті үшін сотпен қудаланбайтын өкілдері. Бұл ереже тиісті халықаралық келісімдерге сәйкес жоғарыда көрсетілген Біріккен Ұлттар Ұйымының, мамандандырылған мекемелердің және халықаралық үкіметтік ұйымдардың өкілдеріне Қазақстан Республикасы ұсынуға тиіс артықшылықтар мен иммунитеттерді шектемейді;

      (e) Ұйым сессияға қатысу үшін ресми дәрежеде шақырған, лауазымды тұлғалар ретінде өздері айтқан немесе жазған сөздері үшін және өздері жасаған барлық әрекеті үшін сотпен қудаланбайтын кез келген басқа да тұлғалар;

      (f) осы баптың (а) - (е) тармақшаларында көрсетілген тұлғалармен еріп жүретін тұлғалар.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар тектерінің, сондай-ақ олар өкілі болып отырған мемлекеттер мен ұйымдар атауларының толық тізбесін Ұйым Қазақстан тарапына сессия басталғанға дейін жібереді.

      3. Конвенцияның V және VI баптарында және Конвенцияның VII қосымшасының 2-тармағында, осы баптың 1-тармағының (d) - (е) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар өздері пайдалана алатын арнайы иммунитеттерге нұқсан келтірмей Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп-тұру үшін талап етілетін уақытты қоса алғанда, өз функцияларын немесе миссияларын орындау кезеңінде осы функцияларды немесе миссияларды орындауға байланысты әрекеттері мен мінез-құлқы үшін қамауға алынбайды немесе елден шығарып жіберілмейді.

10-бап. Медициналық жәрдем пункттері

      1. Қазақстан тарапы сессия өтетін жерде шұғыл алғашқы жәрдем ұсыну үшін жеткілікті медициналық жәрдем пункттері мен көрсетілетін қызметтерін қамтамасыз етеді.

      2. Ауыр төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Қазақстан тарапы қатысушыларды дереу тасымалдауды және ауруханаға жатқызуды қамтамасыз етеді.

      3. Қазақстан тарапы да, Ұйым да ауруханада қандай да бір емдеумен байланысты шығыстарды өзіне алмайды.

11-бап. Валюталық құралдармен операциялар

      Конвенцияның III бабының 7-бөлімінің ережелеріне нұқсан келтірмей Ұйым сессияны өткізу мақсаттары үшін Ұйымның Қазақстан Республикасындағы шығыстарын жабу үшін қажетті мөлшердегі ақша қаражатын Қазақстан Республикасына Ұйымның атындағы банктік шот арқылы аудара алады, ал сессия аяқталғаннан кейін Қазақстанда ашылған осындай банктік шоттан немесе шоттардан сессия барысында пайдаланылмаған Ұйым қаражатының кез келген қалдығын кері аудара алады.

12-бап. Жауапкершілік

      Қазақстан тарапы Ұйымды және оның лауазымды тұлғаларын жауаптылыққа тартпайды және мұндай әрекеттер, талап қоюлар немесе талаптар Ұйымның лауазымды тұлғаларының өрескел немқұрайлығынан немесе қасақана бұрыс мінез-құлқынан туындайтын жағдайларды қоспағанда, Ұйымға және оның лауазымды тұлғаларына қатысты кез келген әрекеттерге, талап қоюларға немесе басқа да талаптарға байланысты, осы Келісімде қамтылатын қызметке байланысты мәселелерді шешу үшін тиісті шараларды қабылдайды.

13-бап. Зияткерлік меншік құқықтары мен деректерді қорғау

      1. Сессия мақсаттары үшін дайындалған жазбалар, хаттамалар, есептер және құжаттар сияқты кез келген материалдар Ұйымның заңды меншігі болып табылады. Қазақстан тарапы фотосуреттерді, аудио- және бейнежазбаларды және құжаттарды қоса алғанда, сессияны өткізу мақсатында өзі жасаған кез келген материалдарға барлық авторлық құқықтарды Ұйымға береді, жасалатын келісімшарттарға тиісті ереже енгізу жолымен осы ережеге сәйкес өзінің міндеттемелерін орындау мақсатында өзі жалдаған кез келген үшінші тараптардың авторлық құқықтарды оған беруін қамтамасыз етеді.

      2. Қазақстан тарапы осы Келісімнің 9-бабының 1-тармағына сәйкес сессияның өткізілуіне байланысты ұсынылған және алынған қатысушылардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етеді, бұл деректерге қолжетімділіктің тек уәкілетті тұлғаларға және сессияны ұйымдастыру мақсаттары үшін ғана берілуін қамтамасыз етеді, өзі жалдаған кез келген үшінші тараптың осы кепілдіктер мен шектеулерді сақтауын қамтамасыз етеді.

14-бап. Дауларды реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты барлық даулар Қазақстан тарапы мен Ұйым арасындағы келіссөздер арқылы бейбіт жолмен реттеледі.

15-бап. Форс-мажор мән-жайлары

      1. Қабылдаушы елдегі ахуалда сессияның қауіпсіздігіне, тиісті түрде өткізілуіне немесе сессияға қатысатын Ұйым қызметкерлерін қоса алғанда, қандай да бір тұлғалардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін кез келген айтарлықтай жағымсыз өзгерістер туындаған жағдайда Ұйымның өңірлік директоры Қазақстан тарапымен және Өңірлік комитеттің лауазымды тұлғаларымен ықтимал қадамдарға қатысты мүмкіндігіне қарай консультация жүргізеді. Мұндай консультациядан кейін Ұйымның өңірлік директоры сессияны тоқтата тұру, неғұрлым кештеу мерзімге ауыстыру, келісіліп қойған өткізу орнын өзгерту немесе өткізбеу туралы шешім қабылдайды және өзінің шешімі туралы өте қысқа мерзімде Қазақстан тарапына, сондай-ақ өңірдің басқа да мүше мемлекеттеріне хабарлайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған оқиғалар басқасымен қатар қабылдаушы елде немесе қабылдаушы елдегі қауіпсіздікке теріс әсерін тигізсе немесе теріс әсерін тигізуі етуі әбден мүмкін болса, қабылдаушы елден тыс жерлерде болып жатқан табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды да қамтиды. Бұл ереже БҰҰ Күзет және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі департаментінің (бұдан әрі - БҰҰ КҚД) немесе Ұйымның қауіпсіздік қызметтерінің сессия өткізілетін жерді және/немесе уақытты айқындаған кезде жасалған бағалауы бойынша қабылдаушы елдің қауіпсіздік мәртебесіндегі қандай да бір өзгерістерге қарамастан қолданылады. Сонымен бірге БҰҰ КҚД немесе Ұйымның қауіпсіздік қызметтерінің бағалауы бойынша қабылдаушы елдің қауіпсіздік рейтингінің төмендеуі Ұйым алдыңғы тармаққа сәйкес шешім қабылдаған кезде назарға алынуға тиіс.

      3. Егер өңірлік директор осы баптың 1-тармағында көзделген құқықты пайдаланған жағдайда, Ұйым осы Келісімнен туындайтын кез келген және барлық міндеттемелерден босатылады және Қазақстан тарапы пен Ұйым осындай шешімге байланысты ақылға қонымды шығыстарды шектеу және тең бөлу мақсатында дереу консультация өткізеді. Егер өңірлік директор сессияны өткізуді тоқтата тұру, неғұрлым кештеу мерзімге ауыстыру, келісіліп қойған өткізу орнын өзгерту немесе өткізбеу туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Қазақстан тарапы пен Ұйымның есептеуінше қажетті және ақылға қонымды болып табылатын шараларға байланысты Ұйым шеккен кез келген қосымша шығыстарды Қазақстан тарапы жабады.

16-бап. Уәкілетті органдар

      Осы Келісімді іске асыру мақсаттары үшін: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі Қазақстан тарапынан уәкілетті органдар болып табылады.

17-бап. Қорытынды ережелер

      1. Қосымшасын қоса алғанда, осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы Қазақстан тарапының жазбаша хабарламасын Ұйым дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі сессия аяқталғаннан кейін 90 күн өткен соң аяқталады, бұған осы уақыт аралығында дау немесе даулар туындаған жағдайлар кірмейді және мұндай жағдайда осы Келісім дауды немесе дауларды шешу мақсаттары үшін және сол мерзім бойы қолданылады.

      2. Қол қойылған күнінен бастап және күшіне енгенге дейін осы Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша негізде қолданылады.

      3. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша қосымшасын қоса алғанда, осы Келісімге кез келген уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      Осы Келісім арнайы іс-шараға тиісті түрде қолданылуға тиіс.

      2023жылғы "23" мамырда Женева қаласында ағылшын тілінде екі төлнұсқа данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үшін

Қосымша.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің сессиясын
Копенгагеннен тыс жерде өткізуге қойылатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау
Ұйымының талаптары
Шолу

      Өңірлік комитет Копенгагенде өткізілген кезде әдетте Бюро төлемейтін шығыстар үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұйымға төлейтін сома:

Атауы

Сомасы

Ауызша аудармашыларды, уақытша консультанттарды қоса алғанда, Хатшылық қызметкерлерінің жол шығыстары және басқа да шығыстар (барып-қайту үшін авиабилеттің орташа құны, тәуліктік және күтпеген шығыстар)

385 000 АҚШ долл.

Ұйым қызметкерлерінің дайындық сапарлары

30 000 АКДІ долл.

Көлік және сақтандыру шығыстары: құжаттама, жабдық, кеңсе тауарлары және басқа

15 000 АҚШ долл.

Қазақстанның Үкіметі Ұйымға төлеуге жататын жалпы сома

430 000 АҚШ долл.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұйым арасындағы келісімге сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұйым шотына 430 000 АҚШ доллары мөлшерінде соманы енгізу ұсынылады:

      Account name: World Health Organization Geneva

      Bank name and address: UBS AG, 1211 Geneva 2, Switzerland

      SWIFT / BIC code: UBSWCHZH80A

      USD IB AN No: CH3100240240C01699203

      Бұл сома екі траншпен аударылады: Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Келісімге қол қойғаннан кейін 50 % (215 000 АҚШ долл.) және қалған сома Еуропалық өңірлік комитеттің 73-ші сессиясы басталғанға дейін (2023 жылғы 24-26 қазан).

      Бұл сома Ұйым Хатшылығының жол жүру және тәуліктік шығыстарының (Еуропалық өңірдің әр астанасы үшін тиісті тәуліктік шығыстарды және Копенгаген мен әр астана арасындағы авиабилеттердің құнын ескеру жолымен есептеледі), сондай-ақ өңірлік комитетті Копенгагеннен тыс жерде өткізуге байланысты басқа да шығыстардың болжамды орташа құнын білдіреді.

      Егер 2023 жылғы қарашада тәуліктік шығыстарды және авиатарифтерді қайта есептеу 430 000 АҚШ долларынан жоғары немесе төмен соманы көрсетсе, Қазақстан Республикасының Үкіметі қосымша шығыстарды төлейді не Ұйым кез келген артық соманы Қазақстан Республикасының Үкіметіне өтейді немесе оған Қазақстан Республикасы Үкіметінің нұсқауы бойынша иелік етеді.

      Жарна осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген мақсаттар үшін ғана пайдаланылады және Ұйымның қаржылық ережелері мен қаржылық қағидаларына, сондай-ақ қаржылық және әкімшілік қағидалары мен практикаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Сессияның Қазақстан Республикасы ұсынуға тиіс үй-жайларының, жабдықтары мен көрсетілетін қызметтерінің қысқаша сипаттамасы

      350-450 орындық конференц-зал.

      Сыйымдылығы 100 қатысушыға дейін қатарлас сессияларға арналған 2 қосымша конференц-зал.

      Көрме алаңы үшін қосымша орын.

      Делегациялар арасындағы екіжақты кездесулерге арналған шағын залдар (ЕО үйлестіруін қоса алғанда).

      Хатшылық офистері кеңестер басталғанға дейін кемінде екі күн қалғанда қолжетімді болуға тиіс.

      Интернетті, Wi Fi-ды қоса алғанда, сессиядан виртуалды хабар тарату үшін аудиовизуалды жабдық пен құралдар.

      2-5 тілге аудару үшін қажетті жабдық, оның ішінде микрофондар, құлаққаптар, дыбыс операторы.

      Сессияның көп тілдегі жазбасын жүргізуге арналған жазба жабдықтары.

      Көшіру аппараттары (күшейтілген және стандартты), дербес компьютерлер, ноутбуктер, лазерлік принтерлер, мультимедиалық жабдықтар, барлық офистер мен келіссөз бөлмелеріне арналған жиһаз және ұйымдастыру техникасы.

      Сессияның президентінің, атқарушы президентінің, атқарушы президентінің орынбасарының, бас директордың, өңірлік директордың және Ұйым Хатшылығының пайдалануы үшін жүргізушілері бар алты қызметтік автомобиль.

      Сессияға байланысты қажет етілетін жабдықтар, материалдар мен құжаттар үшін көлік.

      Әуежайға, сессия өткізілетін жерге және қабылдауға және басқа да осындай орындарға барып-қайту үшін қатысушыларға көлік.

      Сессияның ашылу рәсімін және Денсаулық сақтау министрінің атынан қабылдау ұйымдастыру.

      Өңірлік директорды қабылдау орны (тамақтану шығыстарын Өңірлік бюро жабады).

      Қонақүйлерді брондауды және т.б. қоса алғанда, жергілікті іс-шараларды ұйымдастыру үшін конференцияны ұйымдастырушы немесе әріптес көрсететін қызметтер.

      Сессия өтетін жердегі қауіпсіздік қызметі мен қызметкерлері.

      Жергілікті уақытша персонал және қызмет көрсететін персонал.

      Байланыс шығыстары (мысалы, телефон, интернет, Wi-Fi).

      Күнделікті кофе-брейктер (біреуі таңертең, біреуі күндіз) және конференц-залға шөлмектегі су.

      Таңертеңгі кездесулерге арналған таңертеңгілік ас түрлері.

      Түскі астар.

      Өңірлік комитеттің логотипі бар фондар, баннерлер және маңдайшалар.

      Конференция өтетін жерде көрме кеңістігін ұйымдастыруға арналған жабдық (кабинкалар, экрандар, постер панельдері).

      Жоғарыда көрсетілген тізімдегі атауларды егжей-тегжейлі және жан-жақты нақтылау отызыншы шақырылған Еуропалық өңірлік комитеті Тұрақты комитетінің шешімі бойынша сессия бағдарламасының жобасына сәйкес Ұйымның Еуропалық өңірлік бюросы және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасында келісілетін болады.

Қазақстан Республикасы ұсынатын жергілікті персоналдың тізімі

Протокол қызметкері

Ұйыммен қажеттілігіне қарай ашылу, инагурация және жабылу рәсімдеріне, сөз сөйлеулерге, қабылдауларға және әртүрлі ресми сапарларға дайындықты үйлестіру .

Сессия әкімшісі

Ұйыммен келісу бойынша конференцияның жалпы өту жағдайын және сессия кезінде тиісті қызмет көрсетуді қадағалауды жүзеге асыру

Жұртшылықпен байланыс/баспасөз қызметінің қызметкерлері

Ұйымның әріптесі ретінде әрекет етуге және БАҚ-та кеңінен жария етуді қамтамасыз етуге тиісті біліктілігі бар Қазақстан Республикасынан лауазымды тұлға

Көлік бойынша қызметкер және көмекшілер

Ұйыммен келісу бойынша барлық көліктік іс-шараларды және қызметтік автомобильдердің жүргізушілерін бақылау

Техникалық қолдау

Конференция өткізілетін сағаттарда теңшеудің барлық аспектілеріне (компьютерлерді, желілерді, принтерлерді, интернетті, жарықтандыруды, аудио/бейне және т.б. қоса алғанда) көмектесетін, мүмкіндігінше желіні ұйымдастыру және үстел үстіндегі жүйелерді басқару (networking and desktop management) тәжірибесі бар екі IT маманы
Теңшеудің барлық аспектілері бойынша (жоғарыда көрсетілгендей) көмектесетін, тәулігіне 24 сағат қоңырау бойынша 30 минут бойы қолжетімді болатын бір IT маман
Мультимедиалық жабдыққа, құжаттарды көрсетуге және т. б. көмектесетін үш техник.
Қажеттілігіне қарай конференц-іс-шараларды жария ету жөніндегі мамандар.
Конференция құжаттары апта бойы тұрақты негізде көрсетіліп тұрады.

Аударманың техникалық мамандары

Ұйымның техникалық маманының үйлестіруімен жабдықты пайдалану үшін қажет болу шамасына қарай дыбыс және ауызша аударма жөніндегі техникалық мамандар

Анықтама бюросы

Делегаттардың сұраныстарын, мысалы, көліктік сұранысын тиісінше қолдауды қамтамасыз ететін персонал

Еріп жүретін адамдар

Астана халықаралық әуежайында Өңірлік комитетгің тіркеу тағанына, сондай-ақ бағдарламаның бір бөлігі болуы мүмкін экскурсиялар мен мәдени бағдарлама үшін қажеттілігіне қарай

Фотографтар мен бейнеоператорлар

Сессия кезінде қолжетімді кәсіпқой фотографтар мен бейнеоператорлар командасы, фото мен бейнеге қойылатын талаптар Өңірлік офиспен келісілуге тиіс. (Ескертпе: ЕӨК 72-де әртүрлі қатарлас сессияларды бір уақытта түсіру үшін 4 фотограф болды)

Қауіпсіздік қызметінің офицері

Біріккен Ұлттар Ұйымының конференцияларына қолданылатын қауіпсіздіктің басты қағидаттарына сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қадағалау бойынша Ұйыммен үйлестіре отырып шаралар қабылдайтын ресми әріптес

Медицина персоналы

Еуропалық өңірлік комитетті өткізу аумағында төтенше жағдайлар туындаған кезде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған медицина персоналы

Қабылдаушы ел үкіметі әдетте ұсынатын, бірақ міндетті болып табылмайтын тармақтар

      Қатысушыларға арналған "Walk The Talk" спорттық іс-шарасы.

      Сессия жабылғаннан кейін келесі күні ұсынылатын бір күндік экскурсия.

      Еріп жүретін адамдарға арналған мәдени бағдарлама.

      Еріп жүретін адамдарға арналған бір күндік экскурсия және мәдени бағдарлама кез келген іс-шараларды олар түпкілікті ресімделгенге дейін мақұлдайтын Ұйымның келісуі бойынша ұйымдастырылуға тиіс.

      Астана қаласында (Қазақстан) ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы арасындағы келісімінің қазақша мәтіні ағылшын тіліне сәйкес келеді

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Әкімшіліқ департаменті
Мемлекеттік тілді дамыту
басқармасының басшысы______________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады