Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 25 наурыздағы № 67-VIII ҚРЗ.

      1997 жылғы 21 мамырда Нью-Йоркте жасалған Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СУ АҒЫНДАРЫН КЕМЕ ҚАТЫНАСЫНАН БАСҚАША ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ Біріккен Ұлттар Ұйымы 1997

      Осы Конвенцияның тараптары,

      халықаралық су ағындарының және оларды әлемнің көптеген өңірлерінде кеме қатынасынан басқаша пайдаланудың маңыздылығын түсіне отырып,

      Бас Ассамблеяның халықаралық құқықтың прогрессивті дамуын және оны кодификациялауды ынталандыру мақсатында зерттеулер ұйымдастыратыны және ұсынымдар жасайтыны көзделетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 13-бабының 1а тармағын ескере отырып,

      халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалануды реттейтін халықаралық құқық нормаларын табысты кодификациялау және прогрессивті дамыту Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 1 және 2-баптарында баяндалған мақсаттар мен қағидаттарды көтермелеуге және жүзеге асыруға ықпал ететін болады деп есептей отырып,

      басқалармен қатар, тұтыну мен ластану деңгейінің жоғарылауына байланысты көптеген халықаралық су ағындарына әсер ететін проблемаларды назарға ала отырып,

      негіздемелік конвенция халықаралық су ағындарын пайдалануды, игеруді, сақтауды, басқаруды және қорғауды қамтамасыз ететініне және оларды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін оңтайлы әрі тұрақты пайдалануға ықпал ететініне сенім білдіре отырып,

      осы саладағы халықаралық ынтымақтастық пен тату көршілік қатынастардың маңыздылығын растай отырып,

      дамушы елдердің ерекше жағдайы мен қажеттіліктерін ескере отырып,

      1992 жылы өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясында қабылданған және XXI ғасырға арналған Рио-де- Жанейро декларациясы мен Күн тәртібінде қамтылған қағидаттар мен ұсынымдарға сілтеме жасай отырып,

      сондай-ақ халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалануға қатысты қолданыстағы екіжақты және көпжақты келісімдерге сілтеме жасай отырып,

      үкіметтік, сондай-ақ үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың осы саладағы халықаралық құқықты кодификациялау мен прогрессивті дамытуға қосқан құнды үлесін ескере отырып,

      халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану тақырыбы бойынша Халықаралық құқық комиссиясының атқарған жұмысын жоғары бағалай келіп,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1994 жылғы 9 желтоқсандағы 49/52 қарарын назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

I БӨЛІМ. КІРІСПЕ

1-бап

Осы Конвенцияның қолданылу аясы

      1. Осы Конвенция халықаралық су ағындары мен олардың суларын кеме қатынасынан өзге мақсаттарда пайдалануға, осы су ағындары мен олардың суларын осындай пайдалану кезінде қорғау, сақтау мақсатында және басқару шараларына қолданылады.

      2. Халықаралық су ағындарын кеме қатынасы үшін пайдалану, басқа пайдалану түрлері кеме қатынасын қозғайтын немесе кеме қатынасы арқылы қозғалатын жағдайларды қоспағанда, осы Конвенцияның қолданылу аясына кірмейді.

2-бап

Терминдерді қолдану

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:

      a) "су ағыны" өзінің физикалық өзара байланысына қарай біртұтас болып табылатын және әдетте, ортақ сағасы бар жерүсті сулары мен ызасулар жүйесін білдіреді;

      b) "халықаралық су ағыны" бөліктері әртүрлі мемлекеттерде орналасқан су ағынын білдіреді;

      c) "су ағыны мемлекеті" аумағында халықаралық су ағынының бір бөлігі орналасқан осы Конвенцияға қатысушы мемлекетті немесе бір немесе одан да көп мүше мемлекеттердің аумағында халықаралық су ағынының бір бөлігі орналасқан өңірлік экономикалық интеграция ұйымы болып табылатын Тарапты білдіреді;

      d) "экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы" өзінің мүше мемлекеттері осы Конвенцияда реттелетін мәселелерге қатысты құзыретін берген және оның ішкі рәсімдеріне сәйкес Конвенцияға қол қоюға, оны ратификациялауға, қабылдауға, бекітуге немесе оған қосылуға тиісті түрде уәкілеттік берілген нақты өңірдің егемен мемлекеттері құратын ұйымды білдіреді.

3-бап

Су ағыны туралы келісімдер

      1. Өзге де келісім болмаған жағдайда, осы Конвенцияға қосылу күніне қатысушысы болып табылатын қолданыстағы келісімдерден туындайтын су ағыны мемлекетінің құқықтары мен міндеттемелерін осы Конвенцияда ештеңе де қозғамайды.

      2. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, 1-тармақта аталған келісімдерге қатысушылар, қажет болған жағдайда, осындай келісімдерді осы Конвенцияның негізгі қағидаттарымен келісу мүмкіндігін қарастыра алады.

      3. Су ағыны мемлекеттері төменде су ағыны туралы, осы Конвенцияның ережелерін осы халықаралық су ағынын немесе оның бір бөлігін пайдалану сипаттамалары мен түрлеріне қолдану және бейімдеу туралы келісімдер деп аталатын бір немесе бірнеше келісімдер жасаса алады.

      4. Егер су ағыны туралы келісім екі немесе бірнеше су ағыны мемлекеттерінің арасында жасалса, онда осы келісім қолданылатын сулар көрсетілуге тиіс. Бұл келісім осы су ағынының суларын бір немесе бірнеше су ағыны мемлекетінің тікелей келісімінсіз пайдалануына айтарлықтай дәрежеде қолайсыз әсер ететін жағдайларды қоспағанда, мұндай келісім барлық халықаралық су ағынына не оның қандай да бір бөлігіне немесе нақты жобасына, бағдарламасына немесе пайдалану түріне қатысты жасалуы мүмкін.

      5. Егер су ағыны мемлекеті осы халықаралық су ағынының сипаттамалары мен пайдалану түрлеріне байланысты осы Конвенцияның ережелерін бейімдеу және қолдану талап етіледі деп есептесе, су ағыны мемлекеттері су ағыны туралы келісім немесе келісімдер жасасу мақсатында ізгі ниетпен келіссөздер жүргізуді ескере отырып, консультациялар ұйымдастырады.

      6. Нақты халықаралық су ағынына қатысты су ағыны мемлекеттерінің бәрі емес, тек кейбіреуі ғана қандай да бір келісімнің қатысушысы болып табылса, осы келісімдегі ештеңе мұндай келісімге қатысушы болып табылмайтын осы су ағыны мемлекеттерінің Конвенциясы бойынша құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

4-бап

Су ағыны туралы келісімдердің тараптары

      1. Әрбір су ағыны мемлекетінің осы халықаралық су ағынына тұтастай қолданылатын су ағыны туралы кез келген келісімді жасасу туралы келіссөздерге қатысуға және оның тарапы болуға, сондай-ақ кез келген тиісті консультацияларға қатысуға құқығы бар.

      2. Су ағынының бір бөлігіне немесе белгілі бір жобаға, бағдарламаға немесе пайдалану түріне ғана қолданылатын су ағыны туралы болжамды келісімді жүзеге асыру арқылы халықаралық су ағынын пайдалануға айтарлықтай дәрежеде әсер етуі мүмкін су ағыны мемлекеті осындай келісімге қатысты консультацияларға және қажет болған кезде, осы мемлекеттің пайдалануына әсер ететін шамада оның тарапы болу мақсатында осындай келісімді жасасу туралы ізгі ниетпен өткізілетін келіссөздерге қатысуға құқығы бар.

II БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАР

5-бап

Әділ әрі ақылға қонымды пайдалану және қатысу

      1. Су ағыны мемлекеттері өздерінің тиісті аумақтары шегінде халықаралық су ағынын әділ және ақылға қонымды пайдаланады. Атап айтқанда, су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынын оны оңтайлы әрі орнықты пайдалануға қол жеткізу және осыған байланысты пайда алу мақсатында, тиісті су ағыны мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, су ағынын тиісінше қорғаған кезде пайдаланады және игереді.

      2. Су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынын әділ әрі ақылға қонымды пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысу су ағынын пайдалану құқығын да, осы Конвенцияда көзделгендей оны қорғау мен игеруде ынтымақтасу міндетін де қамтиды.

6-бап

Әділ әрі ақылға қонымды пайдалануға қатысты факторлар

      1. 5-баптың мағынасы бойынша халықаралық су ағынын әділ әрі ақылға қонымды пайдалану барлық тиісті факторлар мен мән-жайлардың ескерілуін талап етеді, соның ішінде:

      a) географиялық, гидрографиялық, гидрологиялық, климаттық, экологиялық және табиғи сипаттағы басқа да факторлар;

      b) тиісті су ағыны мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктері;

      c) халықтың әрбір су ағыны мемлекетіндегі су ағынына тәуелділігі;

      d) бір су ағыны мемлекетінде су ағынын пайдаланудың бір немесе бірнеше түрінің басқа су ағыны мемлекеттеріне әсері;

      e) су ағынын пайдаланудың қолданыстағы және әлеуетті түрлері;

      f) су ағынының су ресурстарын сақтау, қорғау, игеру және оны пайдаланудың үнемділігі және осы мақсаттарда шаралар қабылдауға жұмсалатын шығындар;

      g) салыстырмалы мәні бар осы жоспарланған немесе қолданыстағы пайдалану түріне баламалардың болуы қамтылады.

      2. 5-бапты немесе осы баптың 1-тармағын қолданған кезде тиісті су ағыны мемлекеттері қажеттілік туындаған жағдайда ынтымақтастық рухында консультациялар жүргізеді.

      3. Әрбір факторға берілуге тиісті мән оның басқа тиісті факторлармен салыстырғанда маңыздылығына байланысты анықталуы керек. Ақылға қонымды әрі әділ пайдалану деген не екенін анықтаған кезде барлық тиісті факторлар бірлесіп қарастырылуға тиіс және қорытынды барлық факторлар негізінде шығарылуға тиіс.

7-бап

Айтарлықтай залал келтірмеу міндеттемесі

      1. Су ағыны мемлекеттері өз аумағында халықаралық су ағынын пайдаланған кезде басқа су ағыны мемлекеттеріне айтарлықтай залал келтірудің алдын алу үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.

      2. Басқа су ағыны мемлекетіне қайткенмен де елеулі зиян келтірілген жағдайда, өзінің пайдалануы арқылы осындай залал келтіретін мемлекет мұндай пайдалану туралы келісім болмаған жағдайда, 5 және 6-баптардың ережелерін тиісті түрде ескере отырып, жәбірленуші мемлекетпен консультацияда осындай залалды жою немесе азайту және қажет болған кезде өтемақы туралы мәселені талқылау үшін тиісінше барлық шараларды қабылдайды.

8-бап

Ынтымақтастықтың ортақ міндеттемесі

      1. Су ағыны мемлекеттері егеменді теңдік, аумақтық тұтастық, өзара тиімділік және адалдық негізінде халықаралық су ағынын оңтайлы пайдалану мен тиісті түрде қорғауға қол жеткізу мақсатында ынтымақтастық жасайды.

      2. Осындай ынтымақтастық тәсілдерін айқындау кезінде су ағыны мемлекеттері әртүрлі өңірлерде бар бірлескен тетіктер мен комиссиялар шеңберінде жинақталған ынтымақтастық тәжірибесін назарға ала отырып, тиісті шаралар мен рәсімдерге қатысты ынтымақтастықты жеңілдету үшін, өздері нені қажет деп санайтынына байланысты, бірлескен тетіктер немесе, комиссиялар құру туралы мәселені қарауы мүмкін.

9-бап

Деректерді және ақпаратты тұрақты алмасу

      1. Су ағыны мемлекеттері 8-бапқа сәйкес, су ағынының жай-күйі туралы оңай қолжетімді деректер мен ақпаратты, атап айтқанда, гидрологиялық, метеорологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық сипаттағы деректер мен ақпаратты, судың сапасына қатысты деректер мен ақпаратты, сондай-ақ тиісті болжамдарды тұрақты негізде алмасады.

      2. Егер су ағыны мемлекетінен басқа су ағыны мемлекеті оңай қолжетімді емес деректерді немесе ақпаратты сұратса, онда ол мұндай өтінішті орындауға бар күш-жігерін салады, алайда оны сұрау салушы мемлекеттің осындай деректерді немесе ақпаратты жинауға және қажет болған кезде, өңдеуге байланысты ақылға қонымды шығындарды төлеуі арқылы орындау туралы шарт қоя алады.

      3. Су ағыны мемлекеттері деректер мен ақпаратты жинау және қажет болған кезде өңдеу үшін осы деректер мен ақпарат берілген басқа су ағыны мемлекеттерінің оларды пайдалануы жеңіл болатындай бар күш-жігерін салады.

10-бап

Әртүрлі пайдалану арасындағы өзара байланыс

      1. Өзге келісім немесе әдет-ғұрып болмаған жағдайда халықаралық су ағынын пайдаланудың ешбір түрі басқа пайдалану түрлеріне қарағанда ажырамас басымдыққа ие болмайды.

      2. Халықаралық су ағынын пайдалану түрлері арасында қайшылық туындаған жағдайда, ол адамның аса зәру қажеттіліктерін қанағаттандыру талаптарына ерекше назар аударып, 5-7-баптарды ескере отырып шешілуге тиіс.

III БӨЛІМ. ЖОСПАРЛАНАТЫН ШАРАЛАР

11-бап

Жоспарланатын шараларға қатысты ақпарат

      Су ағыны мемлекеттері ақпарат алмасады және бір-біріне консультация береді және қажет болған жағдайда, халықаралық су ағынының жай-күйі үшін жоспарланатын шаралардың ықтимал салдары туралы келіссөздер жүргізеді.

12-бап

Ықтимал қолайсыз салдарға алып келуі мүмкін жоспарланатын шараларға қатысты хабарлама

      Басқа су ағыны мемлекеттері үшін елеулі қолайсыз салдары болуы мүмкін жоспарланатын шараларды жүзеге асырмас бұрын немесе жүзеге асыруды санкцияламас бұрын су ағыны мемлекеті бұл туралы осы мемлекеттерге уақтылы хабарлама жібереді. Мұндай хабарлама хабардар етілетін мемлекеттер жоспарланатын шаралардың ықтимал салдарын бағалай алатындай етіп, кез келген экологиялық сараптаманың нәтижелерін қоса алғанда, қолда бар техникалық деректермен және ақпаратпен қоса беріледі.

13-бап Хабарламаға жауап беру мерзімі

      Егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе:

      a) 12-бапқа сәйкес хабарлама жіберетін су ағыны мемлекеті хабардар етілетін мемлекеттерге жоспарланатын шаралардың ықтимал салдарын зерделеу мен бағалау және оған өз тұжырымы туралы хабарлау үшін алты ай мерзім береді;

      b) жоспарланатын шараларды бағалау ерекше қиындықтар туғызатын хабардар етілетін мемлекеттің өтініші бойынша бұл мерзім алты айға ұзартылады.

14-бап

Хабардар етуші мемлекеттің жауапты ұсыну мерзімі ішіндегі міндеттемелері

      13-бапта көрсетілген мерзім ішінде хабардар етуші мемлекет:

      a) хабардар етілетін мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды, олардың өтініші бойынша қолда бар және дұрыс бағалау үшін қажетті кез келген қосымша деректер мен ақпаратты береді; және

      b) жоспарланатын шараларды жүзеге асырмайды және хабардар етілетін мемлекеттердің келісуінсіз оларды жүзеге асыруды санкцияламайды.

15-бап Хабарламаға жауап

      13-бапқа сәйкес белгіленген мерзім ішінде хабардар етілетін мемлекеттер өздерінің тұжырымы туралы мүмкіндігінше тезірек хабардар етуші мемлекетке хабарлайды. Егер хабардар етілетін мемлекет жоспарланатын шараларды жүзеге асыру 5 немесе 7-баптардың ережелеріне сәйкес келмейді деп есептесе, ол өзінің тұжырымына осындай тұжырымның негіздері баяндалатын құжатталған түсіндірмені қоса береді.

16-бап

Хабарламаға жауаптың болмауы

      1. Егер 13-бапқа сәйкес белгіленген мерзім ішінде хабардар етуші мемлекет 15-бапқа сәйкес хабар алмаса, ол 5 және 7-баптар бойынша өз міндеттемелерін сақтай отырып, осы хабарламаға және хабардар етілетін мемлекеттерге берілген кез келген басқа деректер мен ақпаратқа сәйкес жоспарланатын шараларды жүзеге асыруға кірісе алады.

      2. 13-бапқа сәйкес белгіленген мерзім ішінде жауап ұсынбаған, хабардар етілетін мемлекеттен келіп түсетін өтемақы туралы кез келген талаптың есебіне, егер хабардар етілетін мемлекет осы мерзім ішінде қарсылық білдірсе, қабылданбайтын жауап беру мерзімі өткеннен кейін қабылданған әрекеттерге байланысты хабардар етуші мемлекет шеккен шығыстар есептелуі мүмкін.

17-бап Жоспарланатын шараларға қатысты консультациялар мен келіссөздер

      1. Егер 15-бапқа сәйкес жоспарланатын шараларды жүзеге асыру 5 немесе 7-баптардың ережелеріне үйлеспейтіні туралы хабар келіп түссе, хабардар ететін мемлекет пен хабар жіберген мемлекет жағдайды әділ реттеуге қол жеткізу мақсатында консультациялар және қажет болған кезде келіссөздер жүргізеді.

      2. Консультациялар мен келіссөздер әрбір мемлекет басқа мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін адал және ақылға қонымды дәрежеде ескеруі тиіс деген негізде жүргізіледі.

      3. Консультациялар мен келіссөздер барысында хабардар етуші мемлекет, егер хабардар етілетін мемлекет алты ай мерзім ішінде оларға хабарлама жіберген кезде Бұл туралы сұраса, егер өзге уағдаластыққа қол жеткізілмесе, жоспарланатын шараларды жүзеге асырудан немесе жүзеге асыруды санкциялаудан тартынады.

18-бап

Хабарлама болмаған жағдайдағы рәсімдер

      1. Егер қандай да бір су ағыны мемлекетінің басқа су ағыны мемлекеті ол үшін айтарлықтай қолайсыз салдар болуы мүмкін шараларды жоспарлайды деп пайымдауға ақылға қонымды негіздері болса, онда бірінші мемлекет екінші мемлекеттен 12-баптың ережелерін қолдануды талап ете алады. Мұндай талап оның негіздері баяндалған құжатталған түсіндірмемен қоса беріледі.

      2. Егер осы шараларды жоспарлап отырған мемлекет, дегенмен өзін хабарламаны жіберуге міндетті емес деп есептесе, ол осындай тұжырым жасауы үшін негіздер баяндалатын күжатталған түсініктеме бере отырып, Бұл туралы басқа мемлекетке хабарлайды. Егер Бұл тұжырым басқа мемлекетті қанағаттандырмаса, бұл екі мемлекет осы басқа мемлекеттің өтініші бойынша 17-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тәртіппен дереу консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.

      3. Осы консультациялар мен келіссөздер барысында осы шараларды жоспарлайтын мемлекет, егер басқа мемлекет консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы өтініш жіберген кезде Бұл туралы сұраса, егер өзге уағдаластыққа қол жеткізілмесе, алты ай ішінде осы шараларды жүзеге асырудан немесе жүзеге асыруды санкциялаудан тартынады.

19-бап

Жоспарланатын шараларды кейінге қалдырмай жүзеге асыру

      1. Егер жоспарланатын шараларды жүзеге асыру халықтың денсаулығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздік себептері бойынша немесе басқа да маңызды мүдделер тең дәрежеде ескеріле отырып, аса шұғыл сипатта болған жағдайда, Бұл шараларды жоспарлайтын мемлекет 5 және 7-баптарды сақтаған жағдайда, 14-баптың және 17-баптың 3-тармағының ережелеріне қарамастан, осы шараларды жүзеге асыруға дереу кірісе алады.

      2. Мұндай жағдайда 12-бапта көрсетілген басқа су ағыны мемлекеттеріне тиісті деректермен және ақпаратпен бірге осы шаралардың шұғыл сипаты туралы ресми өтініш кідіртілмей жіберіледі.

      3. Осы шараларды жоспарлайтын мемлекет 2-тармақта көрсетілген кез келген мемлекеттің өтініші бойынша онымен 17-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тәртіппен жедел түрде консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.

IV БӨЛІМ. ҚОРҒАУ, САҚТАУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

20-бап

Экожүйелерді қорғау және сақтау

      Су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағындарының экожүйесін қорғауды және сақтауды жеке және қажет болған кезде бірлесіп қамтамасыз етеді.

21-бап

Ластануды болғызбау, азайту және бақылауда ұстау

      1. Осы баптың мақсаттары үшін "халықаралық су ағынының ластануы" халықаралық су ағынының суы құрамының немесе сапасының адам әрекетінің тікелей немесе жанама нәтижесі болып табылатын кез келген зиянды өзгерісін білдіреді.

      2. Су ағыны мемлекеттері жеке-дара және қажет болған кезде бірлесіп, халықтың денсаулығына немесе қауіпсіздігіне, суды қандай да бір пайдалы мақсаттарда пайдалануға немесе су ағынының тірі ресурстарына залалды қоса алғанда, басқа су ағыны мемлекеттеріне немесе олардың қоршаған ортасына елеулі залал келтіруі мүмкін халықаралық су ағынының ластануын болғызбайды, азайтады және бақылауда ұстайды. Су ағыны мемлекеттері осыған байланысты өз саясатын келісу бойынша қадамдар жасайды.

      3. Су ағыны мемлекеттері олардың кез келгенінің өтініші бойынша халықаралық су ағынының ластануын болғызбау, азайту және бақылауда ұстау үшін мынадай:

      a) су сапасының бірлескен нысаналы көрсеткіштері мен өлшемшарттарын белгілеу;

      b) нүктелі және нүктелі емес көздерден ластануға қарсы күрес құралдары мен тәсілдерін әзірлеу;

      c) халықаралық су ағынының суларына тасталуына тыйым салуға, шектеуге, тергеп-тексеруге немесе байқауға жататын заттардың тізбесін жасау сияқты өзара қолайлы шаралар мен әдістерді келісу мақсатында консультациялар өткізеді.

22-бап

Бөтен немесе жаңа организмдердің түрлерін енгізу

      Су ағыны мемлекеттері су ағынының экожүйесіне басқа су ағынының мемлекеттеріне айтарлықтай залал келтіретін зиянды ықпал етуі мүмкін организмдердің бөтен немесе жаңа түрлерін халықаралық су ағынына ағызуды болғызбау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдайды.

23-бап

Теңіз ортасын қорғау және сақтау

      Су ағыны мемлекеттері жеке және қажет болған кезде басқа да мемлекеттермен ынтымақтастықта халықаралық су ағынына қатысты эстуарийлерді қоса алғанда, теңіз ортасын қорғау және сақтау үшін қажетті барлық шараларды жалпыға бірдей танылған халықаралық нормалар мен стандарттарды ескере отырып қабылдайды.

24-бап

Басқару

      1. Су ағыны мемлекеттері олардың кез келгенінің өтініші бойынша бірлескен басқару тетігін құруды қамтуы мүмкін халықаралық су ағынын басқаруға қатысты консультациялар береді.

      2. Осы баптың мақсаттары үшін "басқару" мыналарды білдіреді:

      a) халықаралық су ағынын тұрақты игеруді жоспарлау және қабылданған кез келген жоспарлардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      b) су ағынын ұтымды және оңтайлы пайдалануға және қорғау мен бақылауға өзге де жәрдемдесу.

25-бап

Реттеу

      1. Тиісті жағдайларда су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынының су ағысын реттеу қажеттіліктеріне немесе мүмкіндіктеріне ден қою үшін ынтымақтасады.

      2. Егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, су ағыны мемлекеттері реттеу үшін өздері салуға немесе оларға жұмсалған шығыстарды өтеуге уағдаласуы мүмкін объектілерді салу және күтіп-ұстауға әділ негізде қатысады.

      3. Осы баптың мақсаттары үшін "реттеу" гидротехникалық объектілерді пайдалануды немесе халықаралық су ағынының су ағысын өзгерту, түрлендіру немесе халықаралық су ағынының су ағысын өзге де басқару жөніндегі кез келген басқа да ұзақ мерзімді іс-шараларды жүзеге асыруды білдіреді.

26-бап

Құрылысжайлар

      1. Су ағыны мемлекеттері өзінің тиісті аумағы шегінде халықаралық су ағынына жататын құрылысжайларды, қондырғыларды және басқа да объектілерді сақтау және қорғау үшін өздеріне байланысты барлық нәрсені жасайды.

      2. Су ағыны мемлекеттерінің елеулі қолайсыз салдарларға ұшырауы мүмкін деп санауға орынды негіздері бар кез келгенінің өтініші бойынша:

      a) халықаралық су ағынына жататын құрылысжайларды, қондырғыларды немесе басқа да объектілерді қауіпсіз пайдалануға және қауіпсіз күтіп-ұстауға;

      b) құрылысжайларды, қондырғыларды немесе басқа да объектілерді қасақана немесе абайсыз әрекеттерден не табиғат күшінен қорғауға қатысты консультациялар береді.

V БӨЛІМ. ЗИЯН КЕЛТІРЕТІН ҚҰБЫЛЫСТАР МЕН
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР

27-бап

Зиян келтіретін құбылыстарды болғызбау және жеңілдету

      Су ағыны мемлекеттері су тасқыны немесе мұздану жағдайы, су арқылы жұқтырылатын аурулар, лайлану, эрозия, тұзды судың басуы, құрғақшылық немесе шөлейттену сияқты табиғат күштерінің әсері немесе адам қызметі салдарынан болатын басқа су ағыны мемлекеттеріне зиян келтіруі мүмкін халықаралық су ағынымен байланысты құбылыстарды болғызбау немесе жеңілдету үшін барлық тиісті шараларды жеке және қажет болған кезде бірлесіп қабылдайды.

28-бап

Төтенше жағдайлар

      1. Осы баптың мақсаттары үшін "төтенше жағдай" су ағыны мемлекеттеріне немесе басқа да мемлекеттерге елеулі залал келтіретін немесе тікелей елеулі залал келтіру қаупін туғызатын және су тасқыны, мұздың жарылуы, көшкін немесе жер сілкінісі сияқты табиғат күштері әсерінен не, мысалы, өнеркәсіптік авариялар сияқты адам қызметінің күтпеген нәтижесі болып табылатын жағдайды білдіреді.

      2. Су ағынының мемлекеті кідіріссіз және қолда бар құралдардың ішіндегі ең шұғылымен басқа да қозғалуы ықтимал мемлекеттер мен құзыретті халықаралық ұйымдарды оның аумағында туындаған кез келген төтенше жағдай туралы хабардар етеді.

      3. Аумағында төтенше жағдай туындаған су ағыны мемлекеті қозғалуы ықтимал мемлекеттермен және қажет болған кезде құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта төтенше жағдайдың зиян келтіретін салдарын болғызбау, жеңілдету және жою мақсатында қажеттілігі мән-жайлардан туындайтын барлық жүзеге асырылатын шараларды дереу қабылдайды.

      4. Қажет болған кезде су ағыны мемлекеттері төтенше жағдайларға арналған төтенше шаралар жоспарын бірлесіп әзірлейді, бұл ретте қажеттілігіне қарай басқа да қозғалуы ықтимал мемлекеттермен және құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта әрекет етеді.

V БӨЛІМ. ӨЗГЕ ДЕ ЕРЕЖЕЛЕР

29-бап

Қарулы қақтығыс кезеңіндегі халықаралық су ағындары мен
құрылысжайлар

      Халықаралық су ағындары және оларға жататын құрылысжайлар, қондырғылар және басқа да объектілер халықаралық және халықаралық емес қарулы қақтығыстарда қолданылатын халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларына сәйкес берілетін қорғауды пайдаланады және ол осы қағидаттар мен нормаларды бұза отырып пайдаланылмайды.

30-бап

Жанама рәсімдер

      Су ағыны мемлекеттері арасында тікелей байланыстар үшін елеулі кедергілер болған жағдайларда, тиісті мемлекеттер өздері қабылдаған кез келген жанама рәсім арқылы деректер мен ақпарат алмасуды, хабарламалар, хабарлар беруді, консультациялар мен келіссөздерді қоса алғанда, осы Конвенцияда көзделген ынтымақтастық бойынша өз міндеттемелерін жүзеге асырады.

31-бап

Ұлттық қорғаныс немесе қауіпсіздік үшін өмірлік маңызы бар
деректер мен ақпарат

      Осы Конвенцияда ешнәрсе су ағыны мемлекетін өзінің ұлттық қорғанысы немесе қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызы бар деректерді немесе ақпаратты беруге міндеттемейді. Дегенмен, Бұл мемлекет басқа су ағыны мемлекеттеріне аталған жағдайларда мүмкіндігінше анағұрлым толық ақпарат беру мақсатында олармен адал ынтымақтастық жасайды.

32-бап Кемсітпеушілік

      Егер мүдделі су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынымен байланысты қызмет нәтижесінде елеулі трансшекаралық залал шеккен немесе осындай залалдың елеулі қатері төнген жеке немесе заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауға қатысты өзге уағдаластыққа қол жеткізбесе, су ағыны мемлекеті мұндай адамдарға өз құқықтық жүйесіне сәйкес сот немесе басқа да рәсімдерге қолжетімділік не оның аумағында жүзеге асырылатын осындай қызметпен келтірілген елеулі залал үшін өтемақы немесе өзге де өтеуді талап ету құқығы берілген кезде азаматтығы немесе тұрғылықты жері немесе осы залал келтірілген жер белгісі бойынша кемсітуге жол бермейді.

33-бап Дауларды реттеу

      1. Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты екі немесе одан да көп тараптар арасында дау туындаған жағдайда, тиісті тараптар, олардың арасында қолданылатын келісім болмаса, төменде жазылған ережелерге сәйкес дауды бейбіт құралдармен реттеуге тырысады.

      2. Егер тиісті тараптар олардың біреуінің бастамасы бойынша басталған келіссөздер арқылы келісімге қол жеткізе алмаса, олар бірлескен негізде үшінші тарапқа ізге қызметтер ұсыну немесе делдалдық немесе татуласуды қамтамасыз ету туралы өтініш жасай алады немесе мән-жайларға байланысты өздері құрған су ағынының кез келген бірлескен мекемелерін пайдалана алады немесе дауды төрелік органның немесе Халықаралық Соттың қарауына беруге келісе алады.

      3. 10-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер 2-тармақта айтылған келіссөздер туралы өтініш жасалған күннен бастап алты ай өткеннен соң тиісті тараптар дау тараптарының кез келгенінің өтініші бойынша келіссөздер немесе 2-тармақта айтылған кез келген басқа да құралдарды қолдану арқылы олардың арасындағы дауды реттеуді қамтамасыз ете алмаса, егер тараптар өзге туралы уағдаласпаса, дау 4 және 9-тармақтарға сәйкес фактілерді бейтарап анықтау нысанасына айналады.

      4. Фактілерді анықтау жөніндегі комиссия құрылады, оның құрамына әрбір тиісті тарап тағайындайтын бір мүше, сондай-ақ тиісті тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылмайтын және төрағаның функцияларын орындайтын тағайындалған мүшелер таңдайтын мүше кіреді.

      5. Егер тараптар тағайындаған мүшелер комиссия құру туралы өтініш жасалған күннен бастап үш ай ішінде төрағаның кандидатурасына қатысты келісімге келе алмаса, кез келген тиісті тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан төрағаны тағайындауды сұрай алады, ол дау тараптарының біреуінің немесе тиісті су ағынының қандай да бір жағалау манындағы мемлекетінің азаматы болмауға тиіс. Егер тараптардың біреуі 3-тармаққа сәйкес бастапқы өтініштен кейін үш ай ішінде мүшені тағайындамаса, кез келген басқа тиісті тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан дау тараптарының біреуінің немесе тиісті су ағынының қандай да бір жағалау манындағы мемлекетінің азаматы болып табылмайтын адамды тағайындауды сұрай алады. Осылайша тағайындалған адам бір мүшеден тұратын комиссияны білдіреді.

      6. Комиссия өзінің дербес рәсімін айқындайды.

      7. Тиісті тараптар комиссияға қажет болуы мүмкін ақпаратты беруге және оның өтініші бойынша комиссияның олардың тиісті аумағына кіруіне және тергеп-тексеру мақсатына қатысы бар кез келген объекті, қондырғылар, жабдық, құрылысжайлар немесе табиғи түзілімдер инспекциясын жүзеге асыруға рұқсат беруге міндетті.

      8. Комиссия өз баяндамасын, егер ол бір мүшеден тұрмаса, көпшілік дауыспен қабылдайды және бұл баяндаманы өзінің тұжырымдары мен олардың негіздемелерін, сондай-ақ дауды әділ реттеу үшін орынды деп санайтын ұсынымдарды көрсетіп, тиісті тараптарға ұсынады, тиісті тараптар мұндай ұсынымдарды адал ниетпен қарайды.

      9. Комиссияның шығыстары тиісті тараптар арасында тең бөлінеді.

      10. Осы Конвенцияны ратификациялау, қабылдау немесе (бекіту немесе оған қосылу кезінде, сондай-ақ кез келген кейінгі сатысында өңірлік экономикалық интеграция ұйымы болып табылмайтын тарап депозитарийге 2-тармақтың ережелеріне сәйкес реттелмеген кез келген дауға байланысты ол:

      a) дауды Халықаралық Сотқа беруді; және/немесе

      b) егер дау тараптары өзгеше уағдаласпаса, осы Конвенцияға қосымшада жазылған рәсімге сәйкес құрылған және жұмыс істейтін төрелік органның дауды төрелік талқылауын ipso facto міндетті шарасы ретінде және ұқсас міндеттемені қабылдайтын кез келген тарапқа қатысты арнайы келісімді қажет етпестен танитыны туралы жазбаша нысанда өтініш бере алады.

      Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы болып табылатын тарап b тармақшасына сәйкес төрелікке қатысты ұқсас салдарлармен мәлімдеме жасай алады.

VII БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

34-бап

Қол қою

      Осы Конвенция 1997 жылғы 21 мамырдан бастап 2000 жылғы 20 мамырға дейін Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде барлық мемлекеттер мен экономикалық интеграция өңірлік ұйымдарының қол қоюы үшін ашық.

35-бап

Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу

      1. Осы Конвенция мемлекеттер мен экономикалық интеграция өңірлік ұйымдарының ратификациялауына, қабылдауына, бекітуіне немесе қосылуына жатады. Ратификациялау грамоталары және қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

      2. Осы Конвенцияның Тарапы болатын кез келген экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы оған мүше мемлекеттердің бірде-біреуі Тарап болып табылмаған жағдайда Конвенция бойынша барлық міндеттемелерді өзіне қабылдайды. Бір немесе одан да көп мүше мемлекет осы Конвенцияның тарапы болып табылатын осындай ұйымдар болған жағдайда, бұл ұйым және оған мүше мемлекеттер Конвенция бойынша олардың міндеттемелерін орындауға қатысты өздерінің тиісті міндеттері туралы мәселені шешеді. Мұндай жағдайларда бұл ұйым және мүше мемлекеттер осы Конвенция бойынша құқықтарды бір мезгілде жүзеге асыруға құқылы емес.

      3. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары өздерінің ратификациялау грамоталарында, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттарында осы Конвенцияда реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Бұл ұйымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына олардың құзыретіндегі саладағы кез келген елеулі өзгерістер туралы да хабарлайды.

36-бап

Күшіне ену

      1. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына отыз бесінші ратификациялау грамотасы, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      2. Отыз бесінші ратификациялау грамотасын, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін Конвенцияны ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе оған қосылатын әрбір мемлекет немесе экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы үшін Конвенция осы мемлекет немесе өңірлік экономикалық интеграция Ұйымы өзінің ратификациялау грамотасын, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      3. 1 және 2-тармақтардың мақсаттары үшін экономикалық интеграцияның өңірлік Ұйымы сақтауға тапсырған кез келген құжат мемлекеттер сақтауға тапсырған құжаттар қатарына есептелмейді.

37-бап

Теңтүпнұсқалы мәтіндер

      Мәтіндері ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде бірдей теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Конвенцияның төлнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Конвенцияға қол қойды.

      Нью-Йоркте бір мың тоғыз жүз тоқсан жетінші жылғы жиырма бірінші мамырда ЖАСАЛДЫ.

  ҚОСЫМША

ТӨРЕЛІК

1-бап

      Егер дау тараптары өзгеше уағдаласпаса, Конвенцияның 33-бабына сәйкес төрелік талқылау осы қосымшаның 2-14-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

2-бап

      Талапкер-тарап жауапкер-тарапты Конвенцияның 33-бабына сәйкес дауды төрелік талқылауға беретіні туралы хабардар етеді. Хабарламада төрелік талқылау нысанасы мазмұндалады, атап айтқанда, түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған Конвенцияның баптары қамтылады. Егер Тараптар дау нысанасы туралы уағдаласпаса, онда нысанасын төрелік сот айқындайды.

3-бап

      1. Екі тарап арасындағы дау кезінде төрелік сот үш мүшеден тұрады. Дау тараптарының әрқайсысы бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші өзара келісім бойынша сот төрағасының функцияларын орындайтын үшінші төрешіні тағайындайды. Үшінші төреші дау тараптарының бірінің немесе тиісті су ағынының кез келген жағалау мемлекетінің азаматы болмауы, өзінің әдеттегі тұрғылықты жері осы Тараптардың біреуінің немесе су ағынының осындай жағалау мемлекетінің аумағы болмауы немесе осы іске қандай да бір өзге де дәрежеде қатысы болмауы тиіс.

      2. Екіден көп тарап арасындағы дау кезінде дауда ортақ мүддесі бар тараптар өзара келісім бойынша соттың бір мүшесін бірге тағайындайды.

      3. Кез келген бос жұмыс орны бастапқы тағайындау үшін көзделген рәсімге сәйкес толтырылады.

4-бап

      1. Егер екінші төреші тағайындалғаннан кейін екі ай өткен соң төрелік соттың төрағасы тағайындалмаса, онда тараптардың өтініші бойынша Халықаралық Соттың Төрағасы оны келесі екі ай ішінде тағайындайды.

      2. Егер дау тараптарының бірі өтінішті алғаннан кейін екі ай ішінде төрешіні тағайындамаса, екінші тарап Халықаралық Соттың Төрағасына бұл туралы хабарлауға құқылы, ол келесі екі ай ішінде тағайындауды жүргізеді.

5-бап

      Төрелік сот өз шешімдерін осы Конвенцияның ережелеріне және халықаралық құқық нормаларына сәйкес шығарады.

6-бап

      Егер дау тараптары өзгеше уағдаласпаса, төрелік сот өзінің рәсім қағидаларын белгілейді.

7-бап

      Төрелік сот тараптардың бірінің өтініші бойынша қажетті уақытша қорғау шараларын ұсына алады.

8-бап

      1. Дау тараптары төрелік соттың жұмысына жәрдемдеседі және, атап айтқанда, олардың өкіміндегі барлық мүмкіндіктерді пайдаланады:

      a) оған іске қатысты барлық құжаттарды, ақпарат пен материалдарды ұсынады;

      b) қажет болған жағдайда оған куәгерлерді немесе сарапшыларды шақыру және олардың айғақтарымен танысу мүмкіндігін береді.

      2. Тараптар мен төрешілер төрелік соттың талқылауы барысында құпия тәртіппен алатын кез келген ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.

9-бап

      Егер төрелік сот істің нақты мән-жайларын негізге ала отырып, өзге шешім қабылдамаса, сот шығасылары дау тараптары арасында тең бөлінеді. Сот өзінің барлық шығасын тіркейді және тараптарға осы шығасылар туралы қорытынды есеп береді.

10-бап

      Дау нысанасында іс бойынша шешіммен қозғалуы мүмкін құқықтық сипаттағы мүддесі бар кез келген Уағдаласушы Тараптың соттың келісімімен істі тыңдауға қатысуға құқығы бар.

11-бап

      Сот тікелей дау нысанасынан туындайтын қарсы талап қоюларды тыңдай отырып, олар бойынша шешімдер қабылдай алады.

12-бап

      Төрелік соттың рәсімдік мәселелер және мәселенің мәні жөніндегі шешімдері оның мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

13-бап

      Егер дау тараптарының бірі төрелік сотқа келмесе немесе өз ісі бойынша қорғаушы бола алмаса, екінші тарап соттан тыңдауды жалғастыруды және өзінің түпкілікті шешімін шығаруды сұрай алады. Бір тараптың болмауы немесе оның өз ісі бойынша қорғаушы бола алмауы талқылауға кедергі болып табылмайды. Төрелік сот өзінің түпкілікті шешімін шығарғанға дейін талап қоюдың іс жүзінде және заңды түрде негізделгеніне көз жеткізуі тиіс.

14-бап

      1. Егер сот бұл мерзімді бес айдан аспайтын мерзімге ұзарту қажет деп таппаса, ол өзі түпкілікті құрылған күнінен кейін бес ай ішінде түпкілікті шешім шығарады.

      2. Төрелік соттың түпкілікті шешімі даудың нысанасымен шектеледі және ол негізделетін уәждерін түсіндірумен қатар болады. Онда оны қабылдауға қатысқан мүшелердің аты-жөні және түпкілікті шешім қабылданған күн қамтылады. Соттың кез келген мүшесі ерекше пікір немесе түпкілікті шешімге қайшы келетін пікірді қоса тіркей алады.

      3. Қаулы дау тараптары үшін міндетті болып табылады. Егер дау тараптары шағымдану рәсімі туралы алдын ала уағдаласпаса, ол шағымдануға жатпайды.

      4. Соттың түпкілікті шешімін түсіндіруге немесе орындау тәртібіне қатысты дау тараптары арасында туындауы мүмкін кез келген келіспеушіліктерді кез келген Тарап осы шешімді шығарған төрелік соттың қарауына беруіне болады.

Осымен жоғарыда келтірілген мәтін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану құқығы туралы конвенцияның дәл көшірмесі болып табылатынын растаймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1997 жылы 21 мамырда қабылдады

Осымен жоғарыда келтірілген мәтін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану құқығы туралы конвенцияның дәл кешірмесі болып табылатынын растаймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1997 жылы 21 мамырда қабылдады

Бас хатшының атынан заң кеңесшісі
(Бас хатшының орынбасары)
құқықтық мәселелер бойынша

Бас хатшының атынан заң кеңесшісі
(Бас хатшының орынбасары)
құқықтық мәселелер бойынша

Ханс Коррелл

Біріккен Ұлттар Ұйымы,
Нью-Йорк, 28 мамыр 1997 жыл

Біріккен Ұлттар Ұйымы,
Нью-Йорк, 28 мамыр 1997 жыл

      Осы қоса беріліп отырған мәтін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану құқығы туралы конвенцияның мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрі
З. Сүлейменова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады