Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы Келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1996 жылғы 2 шiлдедегi N 17-I

      1996 жылғы 16 қаңтарда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау жөнiндегi Келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды
ынталандыру және өзара қорғау туралы
Келісім

(1999 жылғы 3 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

Кіріспе

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі,
      екі Уағдаласушы Тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты
      нығайтуды және кеңейтуді көздей отырып;
      екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларының инвестициялары үшін қолайлы жағдайларды жасауға және қолдауға ниет білдіре отырып;
      екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы Уағдаласушы Тараптың бірінің инвесторларының инвестицияларын ынталандырудың және қорғаудың қажеттігін мойындай отырып;
      Төмендегілер жөнінде келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаты үшін:
      1. "Инвестиция" термині меншіктің немесе Уағдаласушы Тараптың бірінің инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестицияланған, төменде келтірілген активінің кез келген түрін білдіреді:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ меншікке қатысты құқықтар;
      б) акциялар немесе компанияларда қатысудың кез келген түрі, сондай-ақ соларға байланысты құқықтар;
      в) ақшаға немесе экономикалық құны бар кез келген іс-қимылдарға құқықтар;
      г) өнеркәсіптік және интеллектуалдық меншік құқықтары, патенттер, өнеркәсіптік дизайндар немесе үлгілер, сауда немесе қызмет көрсету белгілері, сауда атаулары, ноу-хау және "гудвил";
      д) заңға, контрактіге сәйкес немесе өкімет органының шешіміне байланысты табиғи ресурстарды барлау, өндіру және пайдалану заңдарына сәйкес құқықтар, сондай-ақ кәсіпорынның басқа да құқықтары;
      е) табыстарды реинвестициялау.
      2. "Инвестор" термині Уағдаласушы Тараптың кез келгеніне қатысты мынаны білдіреді:
      а) осы Уағдаласушы Тараптың заңына сәйкес оның азаматы болып саналатын жеке тұлға;
      б) осы Уағдаласушы Тараптың заңына сәйкес құрылған, осы Уағдаласушы Тараптың аумағында орналасқан жері бар және осында өзінің іс жүзіндегі қызметін жүзеге асырушы, екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялап жатқан заңды тұлғалар.
      3. "Табыстар" термині мынаны білдіреді: жүзеге асырылған инвестциялардың нәтижесінде немесе соларға байланысты ақшалай немесе заттай нысанда, табысты, дивидендтерді, кәсіпорынды басқару үшін сыйақыны, техникалық қызмет көрсетуді және кез келген заңды табыстарды қоса алғандағы қаражаттарды білдіреді.
      4. "Аумақ" термині екі Уағдаласушы Тарапқа қатысты мынаны білдіреді: Уағдаласушы Тараптардың заңды құқығы жүретін және олар өздерінің егемендік құқықтарын жүзеге асыратын аумақтар, сондай-ақ тиісінше олардың теңіз аумақтары кіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу

      1. Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы өзінің азаматтары үшін инвестиция мақсатында екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында қолайлы жағдайларды ынталандырады және жасайды.
      2. Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары үшін өзінің аумағындағы инвестиция мақсатында қолайлы жағдайларды ынтыландырады және жасайды.

3-бап
Инвестицияларға рұқсат ету

      1. Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы өз аумағында өзінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес екінші уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын қабылдайды.
      2. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап өз аумағында инвестицияларды қабылдайтын болса, онда ол осындай инвестициялауды тиісті жүзеге асыру үшін барлық қажетті рұқсаттарды береді.

4-бап
Инвестицияларды қорғау

      1. Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағының шектерінде осы соңғының заңдарына және нормативтік құжаттарына сәйкес жүзеге асырылған инвестициялары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында толық заңды қорғауды және осындай сәйкес жағдайда тұрған кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына жасалатын режимнен қолайлылығы кем болмайтын әділ режим алады.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі еркін сауда аймағын, кедендік одақты, ортақ рынокты немесе кез келген осыған ұқсас аймақтық ұйымды құру туралы келісімнің негізінде немесе қоса салық салуды болдырмау туралы келісімнің негізінде кез кезген үшінші мемлекеттің инвесторларына ерекше артықшылықтар жасайтын болса, онда ол мұндай артықшылықтарды екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына жасауға міндетті болмайды.

5-бап
Мейлінше қолайлы жағдайлар

      1. Осы Келісімде аталған жағдайларға қарамастан кез келген Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы тарап инвесторымен келісілген немесе келісуі мүмкін мейлінше қолайлы жағдайлары да қолданылады.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптың бірінің заңдарындағы немесе халықаралық заңдарға сәйкес Уағдаласушы Тараптардың арасында пайда болған қазір бар жағдайлардағы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының жүзеге асырған инвестицияларына қатысты жалпы түрде немесе егжей-тегжейлі қосымша реттеулерде осы Келісімде көзделгеннен мейлінше тиімдірек режим болса, онда мұндай реттеулер солардың мейлінше тиімдірек көлемінде осы Келісіммен салыстырғанда басымдыққа ие болады.

6-бап
Экспроприация және өтемақы

      1. Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларының инвестициялары экспроприацияланбайды, мемлекет меншігіне алынбайды немесе кемсітпеушілік негізде, заңды процедураларына сәйкес және дер кезінде тиімді және әділ өтемақы төленетін уақытқа дейінгі мемлекеттік мұқтаждықтарды қоспағанда, екінші Уағдаласушы Тараптың сипаты осыған ұқсас тікелей немесе жанама шаралары қолданылмайды.
      2. Инвестициялардың экспроприациясы үшін өтемақы экспроприация жүзеге асырылар немесе бұл туралы мәлім болардың алдындағы инвестициялардың бағасына сәйкес болуға тиіс.
      3. Өтемақыны төлеуді кідірткен жағдайда инвестор мен қабылдаушы Тарап келіссөздер жүргізеді және халықаралық практикаға сәйкес инвесторға өтемақы тағайындалған күннен төлем күніне дейін мерзімі өтіп кеткен кезең үшін қаржылық өтемақының көлемін келіседі.

7-бап
Шығындардың есесін толтыру

      Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе кез келген басқа қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың немесе көтерілістің жай-күйінен немесе осыған ұқсас оқиғалардың салдарынан Уағдаласушы Тараптың әрқайсысының инвесторларының шығын шеккен инвестицияларына меншікті инвесторларына немесе кез келген үшінші елдің инвесторларына өтемақыға, реституцияға, осындай шығындардың есесін толтыруға қатысты жасалатын режимнен қолайлылығы кем болмайтын режим жасалады.

8-бап
Репатриация және аудару

      1. Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы оның аумағында немесе оның шектерінен тыс жерлерде Уағдаласушы Тараптардың заңдарында белгіленген процедураларға сәйкес еркін және негізі жоқ кейінге қалдырусыз жасалуға тиіс инвестицияларға қатысты аударымдардың барлығын жүргізуге өз еркімен кепілдік береді. Мұндай аударымдарға мыналар кіреді:
      а) табыстар;
      б) қабылданған инвестициялардың қандай да бір бөлігін сатудан немесе жоюдан алынған пайда;
      в) 6 және 7-баптарға сәйкес өтемақы;
      г) кредит келісімдері бойынша төлемдер, сондай-ақ интеллектуалдық және өнеркәсіптік меншік құқықтарына байланысты есесін толтыру, басқаруға беру келісімдері жөнінде, техникалық және қызмет көрсету келісімдері жөніндегі төлемдер;
      д) Уағдаласушы Тараптардың бірінің екінші Уағдаласушы тарап аумағындағы инвестицияларға қатысты жұмыстарды жүргізуге арнайы рұқсат алған азаматтары алатын жалақы, табыс және сыйақының кез келген басқа түрлері;
      е) инвестицияға қатысты даулардан туындайтын төлемдер.
      2. Аударымдар дер кезінде еркін өтімді валютада және аударым күніне қарай күші бар ресми валюта бағамы бойынша жүргізілуге тиіс.

9-бап
Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторының инвестициялары осы Уағдаласушы Тараптың сақтандыру компаниясының заңдарында белгіленген жүйеге сәйкес коммерциялық емес талаптарға қарсы сақтандырылса, сақтандырушының сақтандыру келісім шарттарының нәтижесінде пайда болған кез келген суброгациясын екінші Уағдаласушы Тарап тануға тиіс.
      2. Мұндай сақтандырушының оған берілген құқықтардан басқа кез келгенін жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      3. Уағдаласушы Тараптардың бірінің және осындай сақтандырушымен арасындағы даулар осы Келісімнің 11-бабының ережелеріне сәйкес реттелуге тиіс.

10-бап
Міндеттемелерді сақтау

      Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы өзінің екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты қабылдаған міндеттемелерін сақтауға үнемі кепілдік беруге тиіс.

11-бап
Уағдаласушы Тараптардың бірінің
және инвестордың арасындағы даулар

      1. Уағдаласушы Тараптың және бір немесе одан көп инвесторларының арасында инвестицияларға қатысты кез келген даулар пайда болған жағдайда Уағдаласушы Тарап және инвестор(лар) алдымен осы мәселені консультациялар немес келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге тырысуға тиіс.
      2. Егер Уағдаласушы Тарап және аталған инвестор(лар) дау Тараптарының бірінің дауларды реттеу жөнінде келіссөздер жүргізу туралы жазбаша мәлімдеме жасаған күнінен соң 6 ай ішінде келісімге келе алмаса, онда дау кез келген Уағдаласушы Тараптың немесе инвесторлардың өтініші бойынша заңға және ережелерге сәйкес үш мүшеден тұратын Төрелік соттың қарауына берілуге тиіс. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы және инвестор(лар) бір-бір төрешіден тағайындайды және бұл екі төреші төрағаны тағайындауға тиіс.
      3. Төрелік процедураны жүргізуді бастаған кез келген Уағдаласушы Тарап немесе инвестор(лар) төрелікті өткізу жөнінде өзінің төрешісін тағайындайды. Егер Уағдаласушы Тарап немесе инвестор(лар) төрелік процедураны өткізу жөнінде өтініш алған сәттен бастап 30 күн ішінде өзінің төрешісін тағайындамаса, аталған төрешіні Уағдаласушы тараптың немесе инвестордың(лардың) өтініші бойынша мүмкін жолы ретінде тұрақты төрелік соттың Бас Хатшысы тағайындауға тиіс болады.
      4. Егер екі арбитр төрағаны сайлау жөніндегі екінші арбитр тағайындалған сәттен бастап 60 күннің ішінде келісімге келе алмаса, онда соңғысын (төрағаны) әрбір Уағдаласушы Тараптың немесе инвестордың (лардың) өтініші бойынша тұрақты төрелік соттың бас хатшысы тағайындауға тиісті.
      5. Төрелік соттың төрағасы өзінің тағайындалар сәтінде екі Уағдаласушы Тараппен де дипломатиялық қатынасы бар мемлекеттік өкілі болуға тиісті.
      6. Төрелік процедура Унситрал ережелерімен сәйкес жүргізілуге тиісті.
      7. Төрелік жүргізілетін орын - Париж.
      8. Сот шешімдері Уағдаласушы Тарап пен инвестор(лар) үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

12-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы
даулы мәселелерді шешу

      1. Уағдаласушы Тараптар арасында осы келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулы мәселелер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды алдымен консультациялар немесе келіссөздер өткізу жолымен шешуге тырысуы тиіс.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптар келіссөздер өткізу туралы дауласушы тараптардың біреуіне жазбаша мәлімдегеннен кейін 12 айдың ішінде келісімге келе алмаса, онда дау кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша оның заңдары мен ережелеріне сәйкес үш адамнан тұратын төрелік соттың қарауына берілуге тиісті. Әрбір Уағдаласушы Тарап бір арбитр тағайындайды және бұл екі арбитр өзінің тағайындалар сәтінде екі уағдаласушы Тараппен де дипломатиялық қатынасы бар үшінші мемлекеттік азаматы болуға тиісті төрағаны тағайындайды.
      3. Төрелік сот процедурасын бастаған Уағдаласушы тарап төрелік сот өткізуге берген тапсырысында өзінің арбитрін тағайындайды. Егер екінші Уағдаласушы Тарап төрелік сот процедурасын өткізу тапсырысын алған сәттен бастап 30 күннің ішінде өзінің арбитрін тағайындамаса, арбитр төрелік сот процедурасын бастаған Уағдаласушы Тараптың Халықаралық Сот Президентіне жасаған өтінішімен сәйкес тағайындалуға тиіс.
      4. Егер екі арбитр төрағаны сайлауға қатысты екінші арбитр тағайындалған сәттен бастап 60 күннің ішінде келісімге келе алмаса, онда бұл төрағаны кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша Халықаралық Соттың Президенті тағайындауға тиіс.
      5. Егер осы баптың 3 және 4-параларында көрсетілген жағдайда Халықаралық Сот Президентінің аталған міндетті атқаруға мүмкіндігі болмаса немесе ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылатын болса, онда тағайындауды Халықаралық Соттың Вице-Президенті жүзеге асыруға тиіс, ал егер Вице-Президенттің де аталған міндетті атқаруға жағдайы келмесе немесе ол да Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылатын болса, онда тағайындауды Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып тыбалмайтын Халықаралық Соттың ең жоғары лауазымды біреуі жүзеге асыруға тиісті.
      6. Сот екі Уағдаласушы Тараптың да мақұлдаған ережелерімен сәйкес өз процедурасы мен төрелік сот орынын белгілейді.
      7. Әрбір Уағдаласушы Тарап  өзінің Сот мүшесінің немесе оның төрелік сот тергеулеріндегі өкілдігі бойынша шығындарын өтейді;
      Төрағаның шығындарын және басқа да шығындарды екі Уағдаласушы Тарап теңдей бөліп көтереді. Алайда Сот өз шешімімен екі Уағдаласушы тараптың шығындардың әртүрлі үлесін төлейтін етіп тағайындай алады. Сот өз процедурасын өзі белгілейді.
      8. Сот шешімдері Уағдаласушы Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

13-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың біреуі екінші Уағдаласушы тараптың соңғы бекіту грамотасын алған күннен бастап күшіне енеді және міндетті болып табылады.

14-бап
Түзетулер

      Осы Келісімнің мәтініне түзетулер тек Уағдаласушы Тараптардың жазбаша келісімі алынғаннан кейін ғана енгізіле алады. Мұндай түзетулер осы Келісімнің 13-бабында көрсетілген барлық процедуралар аяқталған соң ғана күшіне енеді.

15-бап
Қолданылу мерзімі және оның тоқтатылуы

      1. Осы Келісім 10 жыл бойғы кезеңде күшінде қала береді және осы баптың 2-парасына сәйкес оның күші тоқтатылғанша күшінде қала беретін болады.
      2. Кез келген Уағдаласушы тарап бастапқы 10 жылдық кезеңінің аяғында немесе осы кезең аяқталғаннан кейін кез келген басқа уақытта екінші Уағдаласушы тарапқа осы Келісімнің қолданысын тоқтатқысы келетіні туралы бір жыл бұрын жазбаша мәлімдеме беруге құқылы.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған сәтке дейін жасалған немесе алынған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің барлық басқа баптарының ережелері осы Келісім қолданысы тоқтатылған сәттен бастап қосымша 10 жыл кезең ішінде күшін сақтауға тиіс.

      Осыны куәландыру ретінде өз үкіметтерінен ресми өкілеттік алған төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      _______________қаласында 199 ___жылғы "___"__________ қазақ, парсы және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндердің де сәйкестігі бірдей. Осы Келісімнің мәтіндерін түсіндіруде пікір алшақтығы туған жағдайда ағылшын мәтіні басым күшке ие болып табылады.

      Қазақстан Республикасының         Иран Ислам Республикасының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды
ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі
келісімге қол қою
Хаттамасы

      Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің ажырағысыз бөлігі болып саналатын мына төмендегі ережелерді қабылдауға келісті:
      Иран Ислам Республикасына қатысты 1-1 және 3-1, сондай-ақ осы Келісімнің қалған барлық Баптарында аталатын "инвестициялар" термині тек қана "Иранда Шетелдік инвестицияларды тарту және қорғау туралы заңға" және осы заңмен сәйкес қабылданған нормативтік актілерге немесе аталған заң негізінде қабылданған заңдар мен актілерге сәйкес Иран Ислам Республикасының аумағында қабылданатын және тіркелетін инвестицияларға ғана қолданылады.
      Қазақстан Республикасы инвесторларының инвестициясын(ларын) Иран Ислам Республикасының аумағында қабылдау және тіркеу осы инвестицияның (лардың) Иран Ислам Республикасының заңдары мен нормативтік актілеріне сәйкес мақұлданғанын көрсететін, Иранның Экономикалық байланыстар және қаржы министрлігі, Инвестициялар, экономикалық және техникалық көмек жөніндегі ұйымы немесе олардың құқығын иеленушілері беретін ерекше құжатпен - "Қабылдап алу туралы сертификатпен" куәландырылуға тиісті "Қабылдап алу туралы сертификатта" инвестициялау соған сәйкес жүргізілетін ерекше шарттар көрсетілуі мүмкін. Иран Ислам Республикасында "Қабылдап алу туралы сертификат" беретін құзыретті өкімет органы:
      Иранның Инвестициялар, экономикалық және техникалық көмек жөніндегі ұйымы болып табылады; оның мекен-жайы:
      Иран, Тегеран, Хордад Сквейр, 15.

      Алматыда 1996 жылғы 16 қаңтарда қазақ, парсы және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіннің де күші бірдей және сәйкестігі дәлме-дәл. Пікір алшақтығы болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтінге басымдық беріледі.

      Қазақстан Республикасының        Иран Ислам Республикасының
         Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

      Оқығандар:
      Қобдалиева Н.
      Нарбаев Е.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады