Байланыс формасы

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi N 28 Заңы.

     

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын әкiмшiлiк қадағалаудың мазмұнын айқындайды және оны қолдану кезiндегi заңдылықтың құқықтық кепiлдiктерiнiң жүйесiн баянды етедi.

      Ескерту. Заңның бүкіл мәтіні бойынша "еңбекпен түзеу мекемелерінің", "еңбекпен түзеу мекемесінен", "еңбекпен түзеу мекемесі", "еңбекпен түзеу мекемесінің" деген сөздер "түзеу мекемелерінің", "түзеу мекемесінен", "түзеу мекемесі", "түзеу мекемесінің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "түзеу мекемелерінің", "түзеу мекемесінен", "түзеу мекемесі", "түзеу мекемесінің" деген сөздер тиісінше "қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің", "қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен", "қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі", "қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "а" және "б" тармақшаларында аталған", "в" тармақшасында аталған" деген сөздер тиісінше "а) және б) тармақшаларында аталған", "в) тармақшасында аталған" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

I тарау
Жалпы ережелер

1-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың мазмұны, ұғымы және мақсаттары

      Әкiмшiлiк қадағалау кәнiгi қылмыстың алдын алу нысаны болып табылады, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерiн сақтау негiзiнде iске асырылады және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заңдармен белгiлi бiр шектеулер қойылған осындай адамдардың мiнез-құлқын байқау түрiндегi мәжбүр ету шарасы ретiнде судьяның қаулысы негiзiнде iшкi iстер органдары жүзеге асырады.

2-бап. Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамдар

      Әкімшілік қадағалау жазасын өтеген адамдарға:

      а) қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін;

      б) ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға және жаза мерзімі аяқталған кезде дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға;

      в) егер жазаны өтегеннен кейін ішкі істер органдарының ескертулеріне қарамастан қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін үнемі бұзса, өзге де құқық бұзушылықтар жасаса, ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға белгіленеді.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнатудың негiздемелерi

      Әкiмшiлiк қадағалау орнатуға:

      а) осы Заңның 2-бабының а) тармақшасында аталған адамдарға қатысты заң күшiне енген сот үкiмi;

      б) осы Заңның 2-бабының б) тармақшасында аталған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдары;

      в) осы Заңның 2-бабының в) тармақшасында аталған адамдарға қатысты iшкi iстер органдарының материалдары негiздемелер болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

II тарау
Әкiмшiлiк қадағалау орнату, оны жүзеге асыру және тоқтату тәртiбi

4-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнату мерзiмi мен орны

      Әкiмшiлiк қадағалау:

      а) осы Заңның 2-бабының а) және б) тармақшаларында аталған адамдарға - қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылған кезде;

      б) осы Заңның 2-бабының в) тармақшасында аталған адамдарға – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабына сәйкес соттылық мерзімі өтелгенге дейін тұрғылықты жерi бойынша белгіленеді.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Әкiмшiлiк қадағалау орнату тәртiбi

      Әкiмшiлiк қадағалауды:

      Заңның 2-бабының а) және б) тармақшаларында аталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бастығының дәлелді ұсынуы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі орналасқан жердегi аудандық (қалалық) соттың судьясы жеке өзi сот мәжiлiсiнде;

      осы Заңның 2-бабының в) тармақшасында аталған адамдарға – iшкi iстер органы бастығының уәжді ұсынуы бойынша, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның тұрғылықты жерiндегі аудандық (қалалық) соттың судьясы жеке өзi сот отырысында белгiлейдi.

      Ұсыныспен бiрге сотқа үкiмнiң көшiрмесi және тиiстi адамға әкiмшiлiк қадағалау орнату қажеттiгiн дәлелдейтiн материалдар жiберiледi.

      Сот мәжiлiсiне өзiне қатысты әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы ұсыныс енгiзiлген адам, ал өтiнiш бойынша - қорғаушы да, сондай-ақ бастығы ұсыныс енгiзген органның немесе мекеменің өкiлi шақырылады.

      Мәселенi қарау ұсыныстың және сонымен бiрге келiп түскен материалдардың мазмұны туралы баяндамадан басталады, содан соң сот мәжiлiсiне келген адамдардың түсiнiктемелерi тыңдалады.

      Iс қаралып болғаннан кейiн судья шешiм қабылдау үшiн кеңесу бөлмесiне шығады, содан соң мәжiлiс залына қайта оралып, қаулыны жария етедi.

      Cот қаулысы өзiне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрғылықты жерiндегі аудандық (қалалық) ішкі істер органының бастығына, ал осы Заңның 2-бабының а) және б) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің бастығына орындау үшiн жiберiледi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350, 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың қолданылу мерзiмi

      Әкімшілік қадағалау алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.

      Қадағалауға алынған адам әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын немесе өзiне жарияланған шектеулердi бұзған, сол сияқты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайларда, белгіленген әкімшілік қадағалау мерзiмi iшкi iстер органдарының уәжді ұсынуы бойынша судьяның қаулысымен – әрбір кезде алты айға ұзартылады, бiрақ ол екi жылдан аспауға тиiс, ал кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты әрбір кезде бір жылға ұзартылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға қатысты қолданылатын шектеулер

      Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамдарға қатысты өмір сүру салтына, отбасындағы және тұрғылықты жерiндегі мiнез-құлқына, қадағалауға алынған адамның жеке басын сипаттайтын басқа да мән-жайларға қарай мынадай:

      а) iшкi iстер органдары айқындаған уақытта тұрғынжайдан кетуге;

      б) iшкi iстер органдары айқындаған аудан (қала) жерлерінде болуға;

      в) қадағалауды жүзеге асыратын iшкi iстер органдарының рұқсатынсыз аудан (қала) шегiнен тыс жерлерге шығуға;

      г) кәмелетке толмағандардың ата-аналарының не заңды өкілдерінің келісімінсіз оларды іздестіруге, оларға баруға, олармен телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілмен қарым-қатынас жасауға;

      д) алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды қолдануға тыйым салу түріндегі шектеулер толық көлемде немесе жеке-жеке қолданылуы мүмкiн.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

8-бап. Қадағалауға алынған адамға белгiленген шектеулердi өзгерту

      Шектеулер тiзбесiн судья iшкi iстер органының дәлелді ұсынысы бойынша қадағалауға алынған адамның тұрмыс салты мен мiнез-құлқын ескере отырып, бiрақ осы Заңның 7-бабында көзделген шектеулер шегiнде қысқартуы немесе толықтыруы мүмкiн.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

9-бап. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесi әкiмшiлiгiнiң әкiмшiлiк қадағалау белгілеу туралы қаулыны жiберу тәртiбi

      Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатар алдында мекеме әкiмшiлiгi оның таңдаған тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органына сот қаулысын, оған мінездеме беретін материалдар мен оның келетiн уақыты туралы хабарлама жiбередi.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды белгілеу, мерзімін ұзарту немесе шектеулердi өзгерту туралы сот қаулысын қадағалауға алынған адамға жариялау

      Әкiмшiлiк қадағалауды белгілеу, оның мерзiмiн ұзарту немесе шектеулерiн өзгерту туралы сот қаулысын қадағалауға алынған адамға – қолын қойғыза отырып, iшкi iстер органының бастығы, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі адамға мекеме бастығы жариялайды. Бұл ретте қадағалауға алынған адамға – оның мiндеттерi, әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын бұзғаны үшiн жауаптылығы, ал әкімшілік қадағалау қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылар алдында белгіленген адамға таңдаған тұрғылықты жерiне белгілі бір мерзiмде келмегенi үшiн жауаптылығы түсiндiрiледi.

      Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адам таңдаған тұрғылықты жерiне келмеген жағдайда, ішкі істер органы оның орналасқан жерін және оның келмеу себептерін анықтау жөніндегі бастапқы іс-шараларды жүргізеді.

      Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамның тұратын жері анықталмаған жағдайда, ішкі істер органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастайды, оған бұлтартпау шарасын таңдай отырып, іздестіру жариялайды.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудағы адамдарды есепке алу

      Әкiмшiлiк қадағалаудағы адамдарды есепке алу Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

12-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары қызметкерлерінің мiндеттерi

      Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде:

      а) әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамды есепке алғаннан кейін оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін оның пробация қызметіне келуін қамтамасыз етуге және әкiмшiлiк қадағалау белгілеу туралы сот қаулысының көшірмесін пробация қызметінің атына жіберуге;

      б) әкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрғылықты жерi мен жұмыс орны бойынша оның мiнез-құлқын жүйелi түрде байқауға;

      в) әкімшілік қадағалау белгіленген адамның қоғамдық тәртiптi, адам және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуының алдын алуға және жолын кесуге;

      г) әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын бұзушылық туралы белгiленген тәртiппен хаттамалар жасауға және оларды қарау үшiн сотқа жiберуге міндетті.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асырушы iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң құқықтары

      Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң:

      а) қадағалауға алынған адамның жұмыс орны мен тұрғылықты жерi бойынша, меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдардың әкiмшiлiгiнен, сондай-ақ азаматтардан оның мiнез-құлқы туралы мәлiметтер сұратуға және алуға;

      б) қадағалауға алынған адамды iшкi iстер органына әңгiмелесуге шақыруға, әңгiмелесудi оның туған-туыстары келiсiм берген жағдайда солардың қатысуымен өткiзуге;

      в) әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша қадағалауға алынған адамнан ауызша және жазбаша түсiнiктемелер талап етуге;

      г) қадағалауға алынған адамның мiнез-құлқын және белгiленген шектеулердi сақтауын байқау мақсатында оның үй-жайына тәулiктiң кез келген уақытында баруға құқығы бар. Бұл ретте Заңмен белгiленген жағдайлар мен тәртiптен өзгеше тексеру, тiнту жүргiзуге жол берiлмейдi;

      д) тиісті әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру және әкімшілік қадағалау белгіленген адамның тұрған жері туралы ақпарат алу үшін, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқығы бар. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін және ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайды.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату негiздемелерi

      Әкiмшiлiк қадағалау:

      а) егер әкiмшiлiк қадағалау орнатылған мерзiмдi ұзарту үшiн негiздемелер болмаса, сол мерзiм өткен соң;

      б) егер қадағалауға алынған адамның түзелу жолына бет бұрғаны анықталса, тұрғылықты жерi немесе еңбек қызметi бойынша жақсы мiнездеме берiлсе, мерзiмiнен бұрын;

      в) қадағалауға алынған адамның соттылығы өтелген немесе алынып тасталған жағдайда;

      г) қадағалауға алынған адамның арнаулы емдеу-алдын алу мекемесiне ерiксiз емделуге жiберiлуiне байланысты;

      д) қадағалауға алынған адамның бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты;

      е) қадағалауға алынған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.07 № 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

15-бап. Әкімшілік қадағалауды тоқтату тәртібі

      Осы Заңның 14-бабының а), в), г), д) және е) тармақшаларында көзделген жағдайларда, iшкi iстер органының әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерi әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарады, оны iшкi iстер органының бастығы бекiтедi.

      Осы Заңның 14-бабының б) тармақшасында көзделген жағдайда, iшкi iстер органының бастығы сотқа әкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы уәжді ұсыну жiбередi, ол он күндік мерзiмде қаралуға жатады.

      Судьяның немесе iшкi iстер органының әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулысы қадағалауға алынған адамға қолын қойғыза отырып хабарланады.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.11.2015 № 388-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

III тарау
Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың мiндеттерi мен құқықтары және қадағалау ережелерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

16-бап. Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың мiндеттерi

      Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдар:

      а) өзiне қатысты белгiленген, осы Заңның 7-бабында көзделген шектеулердi сақтауға;

      б) шақыру бойынша iшкi iстер органдарына көрсетiлген мерзiмде келуге, әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;

      в) әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асырушы iшкi iстер органының қызметкерлерiн жұмыс орны мен тұрғылықты жерi өзгергенi туралы, сондай-ақ қызмет бабындағы және жеке iстерi бойынша аудан (қала) шегiнен тысқары кететiнi туралы бiр тәулiк iшiнде хабардар етуге;

      г) iшкi iстер органының рұқсатымен басқа елдi мекенге барып, онда бiр тәулiктен астам уақыт болған кезде өзiнiң мiнез-құлқын бақылауды жүзеге асыру үшiн жергiлiктi iшкi iстер органына тiркелуге;

      д) әкімшілік қадағалау мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеуге міндетті.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамдардың құқықтары

      Әкiмшiлiк қадағалауда жүрген адамның:

      а) сотта әкiмшiлiк қадағалау белгiленуi және шектеулер қолданылуы туралы iс материалдарымен танысуға;

      б) түсiнiктемелер беруге, дәлелдемелер табыс етуге;

      в) әкiмшiлiк қадағалауды мерзiмiнен бұрын тоқтату, өзiне қатысты белгiленген шектеулердi алып тастау, тұрғылықты тұратын жерiнен қысқа мерзiмге кететiнi туралы өтiнiш беруге;

      г) iшкi iстер органында әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы қаулымен танысуға құқығы бар.

18-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Әкiмшiлiк қадағалау орнатылған адам қадағалау ережелерiн немесе өзiне қатысты белгiленген шектеулердi бұзған жағдайда Қазақстан Республикасы заңымен белгiленген тәртiп бойынша жауапқа тартылады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

IV тарау
Заңдылықты қадағалау

19-бап. Әкiмшiлiк қадағалауды жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың қамтамасыз етiлуiн қадағалау

      Заңдылықтың қамтамасыз етiлуiн қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.

20-бап. Әкiмшiлiк қадағалаудың күшiн жою немесе оны өзгерту

      Судьяның әкiмшiлiк қадағалау орнату туралы қаулысын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен прокурордың наразылығы бойынша немесе тiкелей жоғары тұрған сот жоюы немесе өзгертуi мүмкiн.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.10.30 № 350 Заңымен.

Қазақстан Республикасының
Президентi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады