1996 жылғы 5 шiлдеде Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шарт бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы
Шарт
(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 1, 12-құжат)
(1999 жылғы 10 ақпанда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 83 бет)
Бұдан әрі қарай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы
егемендікті құрметтеу, тең құқықтық пен өзара пайдалылық негізінде және екі мемлекет арасындағы қылмыскерлікпен күресу саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Ұстап беру міндеті
Уағдаласушы Тараптар осы Шарт ережелеріне сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін немесе заңды күшіне енген үкімді орындау үшін олардың аумақтарында орналасқан адамдарды өтініш бойынша бір-біріне ұстап беруге міндеттеме алады.
2-бап
Ұстап беруге әкелетін қылмыстар
1. Осы Шартта көрсетілген "ұстап беруге әкелетін қылмыстар" екі Уағдаласушы Тараптың да заңдарына сәйкес, оларды жасағаны үшін мыналар көзделетін қылмыстарды білдіреді:
1) бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе Қазақстан Республикасының заңдары бойынша бұдан ауыр басқа жаза;
2) бiр жылдан кем болмайтын мерзiмге түрмеге қамау немесе Қытай Халық Республикасының заңдары бойынша бұдан ауыр жаза.
2. Егер ұстап берiлуi талап етiлген адамға сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың соты ұстап беруге әкелетiн кез-келген қылмыс үшiн осы баптың 1 бөлiгiнде көрсетiлген жаза тағайындалса, үкiмдер орындау үшiн ұстап беру тек тағайындалған жаза мерзiмiнiң аяқталуына кемiнде 6 ай қалған кезде ғана орын алады.
3. Ұстап беру туралы мәселенi шешу және қандай да бiр iстiң Уағдаласушы екi Тараптың заңдары бойынша қылмыс болып табылатындығын не қылмыс болып табылмайтындығын анықтау кезiнде оның заңды бағалануы және терминологиялық белгiленуiнiң маңызы жоқ.
4. Адамды ұстап беру туралы өтiнiш Уағдаласушы екi Тараптың заңдарына сәйкес әрқайсысына қылмыстық жаза тағайындалатын, бiрақ кейбiреуi осы баптың 1 және 2 - бөлiктерiнде айтылған шарттарға сай келетiн бiрнеше жеке-жеке iстерге қатысты болса, аталған адам Ұстап беруге әкелетiн қылмыстың ең болмағанда бiреуi үшiн ұстап берiлгенде ғана сұрау салынған Уағдаласушы Тарап соңғы қылмыстарға да қатысты ұстап беруге рұқсат бере алады.
3-бап
Ұстап беруге жол бермейтiн жағдайлар
Мына жағдайлардың бiрiнде Ұстап беру орын алмауға тиiс:
1) Ұстап берiлуi туралы өтiнiш жiберiлген адам сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылса;
2) Сұрау салынған Уағдаласушы Тарап өз елiнiң заңдарына сәйкес ұстап берiлуi талап етiлген адамға баспана құқығын берсе;
3) Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың адамды ұстап беру туралы өтiнiшi оның нәсiлiне, дiнiне, азаматтығына, саяси көзқарастарына байланысты қылмыстық қудалау қозғау немесе жазаны орындау мақсатымен Ұсынылды деп болжауға сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың толық негiзi болса немесе егер сот процесi барысында оның мәртебесiне жоғарыда аталған себептерге байланысты нұқсан келтiрiлетiн болса;
4) Ұстап беру туралы өтiнiшке қатысты қылмыс сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың заңдары бойынша әскери қылмыс болып табылса;
5) Талап мерзiмiнiң аяқталуы себебiнен немесе басқа заңды негiз бойынша, Ұстап беру туралы өтiнiш алған сәтте сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес қылмыстық қудалау қозғала алмағанда және үкiм орындала алмағанда;
6) Сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың құзыреттi мекемесi ұстап берiлуiн сұраған адамға қатысты сол қылмыс үшiн ұстап беру туралы өтiнiш алғанға дейiн заңды күшiне енген үкiм шығарылған болса немесе ic бойынша ic жүргiзу тоқтатылса;
7) Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң заңдарына сәйкес, қылмыстық ic жәбiрленушiнiң жеке шағымы бойынша ғана қозғалғанда.
4-бап
Ұстап беруден ықтимал бас тартудың жағдайлары
Мына жағдайлардың бірінде ұстап беруден бас тарту орын алады:
1) Сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес ұстап берілуі сұралған адамға немесе ұстап беру туралы өтiнiшке байланысты қылмысқа қатысты оның юрисдикциясы болғанда. Бұндай жағдайда, егер сұрау салынған Уағдаласушы Тарап ұстап беруден бас тартса, ол ұстап берiлуi талап етілген адамға қарсы ic қозғауға тиiс;
2) Ерекше жағдайларда, қылмыстың ауырлығын және сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың мүдделерiн ескере отырып сұрау салынған Уағдаласушы Тарап ұстап берілуі сұралған адамның жеке бас жағдайлары себебiнен, ұстап беру адамгершiлiк принципіне сай келмейді деп есептегенде;
3) Сұрау салынған уағдаласушы Тарап ұстап берiлуi талап етілген адамға қатысты, дәл сол қылмыс үшiн қылмысты қудалауды жүзеге асырғанда;
5-бап
Өз азаматтарын ұстап бермеу салдарлары
Егер осы Шарттың 3 бабы 1 тармағына сәйкес ұстап беруге келісім берілмесе, онда осы Шарттың 2 және 3 баптарының ережелерiн қадағалай отырып сұрау салынған Уағдаласушы Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші негiзiнде, сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес оған қарсы қылмысты қудалауды қозғау үшiн адамды өзінің құзыретті органдарына беруге тиіс. Бұл мақсаттарда сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұрау салынған Уағдаласушы Тарапқа аталған іске байланысты құжаттар мен дәлелдерді беруге міндетті.
6-бап
Қатынас тәртiбi
Осы Шарт мақсаттары үшiн Уағдаласушы Тараптар бiр-бірімен қатынас жасайды:
Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi және Бас прокуратурасы арқылы;
Қытай Халық Республикасынан - тағайындалған органдар арқылы, бұл жағдайда аталған органдарды тағайындау жөнiнде дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.
Байланыс сондай-ақ дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.
7-бап
Тілдер
Осы Шартты орындау кезiнде Уағдаласушы екi Тарап та Уағдаласушы басқа Тараптың ресми тіліндегі немесе ағылшын не орыс тіліндегі аударманы қоса отырып, өзінің ресми тілін пайдалануға тиіс.
8-бап
Ұстап беру туралы өтініш және қажеттi құжаттар
1. Ұстап беру туралы өтініш жазбаша түрде берiлуге және онда мыналар болуға тиіс:
1) сұрау салушы мекеменiң атауы;
2) ұстап беру туралы берiлген өтiнiшке қатысты адамның тегі және аты, оның азаматтығы, тұратын жері немесе орналасқан жерi туралы мәлiметтер және оның жеке басы туралы басқа мәлiметтер, сондай-ақ мүмкіндігінше бұл адамның сыртқы түрін суреттеу, оның фотосуреті және саусақ бедері;
3) келтірілген материалдық зиянды қоса отырып, қылмыстың нақты жағдайларын, оның зардаптарын суреттеу;
4) аталған әрекетті қылмыс деп тануда негiзге алынған, сұрау салушы Уағдаласушы Тарап заңының мәтіні және аталған қылмыс үшін жаза көздейтiн заң мәтіні;
5) қылмысты жауапкершілікке тарту мерзіміне және жазаны орындауға қатысты заң мәтіні;
2. Ұстап берілуі талап етілген адамға қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшiн ұстап беру туралы өтiнiшке, осы баптың 1-бөлігінде көзделгендерден басқа, тұтқынға алу ордерiнiң көшірмесі немесе сұрау салушы Уағдаласушы тараптың құзыретті органы берген тұтқынға алу туралы қаулының көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Жазаны орындау үшін ұстап беру туралы өтінішке, осы баптың 1 бөлігінде аталғандарды қоспағанда, мыналар да қоса берілуге тиіс:
1) заңды күшіне енген үкімнің көшірмесі;
2) жаза мерзімінің өтелген бөлігі туралы анықтама.
4. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың осы Шарт ережелеріне сәйкес ұсынатын құжаттарына ресми түрде қол қойылуға және ол оны жолдаушы құзыретті органның мөрімен расталуға тиіс.
9-бап
Қосымша мәліметтер
Егер сұрау салынған Уағдаласушы Тарап ұстап беру туралы өтінішке қоса берілген құжаттарды, осы Шарт ережелеріне сәйкес толық емес деп есептесе, онда аталған Уағдаласушы Тарап 60 күннен аспайтын мерзім ішінде сұрау салушы Уағдаласушы Тараптан қосымша мағлұматтар ұсынуды талап ете алады. Алдын-ала хабарланатын дәлелді себептер болған кезде бұл мерзім 15 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Егер көрсетілген мерзім ішінде сұрау салушы Уағдаласушы Тарап қосымша мағлұматтарды бермесе, онда бұл оның өтініштен бас тартуы болып түсіндіріледі және адам тұтқыннан босатылады. Алайда аталған адамды ұстап беру туралы өтінішті қайтадан беруіне кедергі болмайды.
10-бап
Ұстап беру үшін тұтқынға алу
Осы Шарт ережелеріне сәйкес ұстап беруге жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, ұстап беру туралы өтініш алған кезде сұрау салынған Уағдаласушы Тарап ұстап берілуі талап етілген адамды тұтқынға алуға қажетті шараларды тез арада қабылдайды.
11-бап
Ұстап беру туралы өтініш алғанға дейін тұтқынға алу
1. Кейінге қалдыруға жатпайтын жағдайларда Уағдаласушы Тараптардың біреуі Уағдаласушы екінші Тараптан, осы Шарттың 8-бабында көрсетілген ұстап беру туралы өтініш алғанға дейін ұстап берілуі талап етілген адамды қамауға алу туралы өтіне алады. Аталған өтініш жазбаша түрде, осы Шарттың 6-бабында көзделген арналар бойынша немесе байланыстың кез келген құралын қолдану арқылы Уағдаласушы тараптар келіскен баса арналар бойынша беріледі.
2. Өтініште 8 баптың 1 бөлігінің 1, 2 және 3 тармақтарында, 2 және 3-бөліктерінде аталған мәліметтер, және ұстап беру туралы өтініштің тез арада жіберілетінін көрсету болуға тиіс.
3. Сұрау салынған Уағдаласушы Тарап сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа аталған өтінішті қарау нәтижелері туралы өз уақытында хабарлауға тиіс.
4. Егер тұтқынға алу туралы хабарды сұрау салушы Уағдаласушы Тарап алған күннен бастап 30 күн ішінде ұстап беру туралы ресми өтінішті және 8-бапта аталған тиісті құжаттарды сұрау салынған Уағдаласушы Тарап алмаса, онда ол тұтқынға алынған адамды босатуға тиіс. Бұл мерзімді ол өтініш бойынша, толық негіздер болған жағдайда 15 күнге соза алады.
5. Егер кейін сұрау салушы Уағдаласушы Тарап ұстап беру туралы өтінішті және осы шарттың 8 бабы көздеген тиісті құжаттарды берсе, онда осы баптың 4 бөлігіне сәйкес тұтқынға алынған адамды босату оны ұстап беруге кедергі болмайды.
12-бап
Ұстап берілуге тиіс адамды беру
1. Сұрау салынған Уағдаласушы Тарап сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа өзінің ұстап беру туралы өтінішке қатысты шешімі жөнінде тез арада хабарлайды. Ұстап беру туралы өтініш қанағаттандырылған жағдайда сұрау салынған және сұрау салушы Уағдаласушы Тараптар ұстап беріліп отырған адамды беру мәселелері, соның ішінде берудің күні мен жері жөнінде келіседі. Ұстап беру туралы өтініш қабылданбаған жағдайда сұрау салынған Уағдаласушы тарап бұндай шешімнің себебі туралы хабарлайды.
2. Егер сұрау салушы Уағдаласушы Тарап ұстап берілуге тиіс адамды белгіленген берілу күнінен кейін 15 күннің ішінде қабылдамаса, онда бұл оның ұстап беру туралы өтініштен бас тартуы ретінде қаралады. Сұрау салынған Уағдаласушы тарап аталған адамды тез арада босатады және дәл сол қылмысқа байланысты аталған адамды ұстап беру туралы екінші рет берілген өтінішін қабылдаудан бас тартады.
3. Егер Уағдаласушы Тараптардың біреуі оған бағынбайтын себептер бойынша белгіленген мерзім ішінде ұстап берілуге тиіс адамды бере алмаса немесе қабылдай алмаса, бұл Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы басқа Тарапқа бұл туралы өз уақытында хабарлайды.Уағдаласушы Тараптар бұл туралы өз уақытында хабарлайды. Уағдаласушы Тараптар ұстап берудің белгіленген күнінен бастап 15 күннен аспайтын мерзім ішінде ұстап берудің жаңа күні жөнінде қайта келіседі, бұл жағдайда осы баптың 2 бөлігінің ережесі қолданылады.
13-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру және белгілі уақытқа ұстап беру
1. Егер ұстап берілуі талап етілген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса немесе сұрау салынған Уағдаласушы тарап аумағындағы басқа қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан болса, онда сұрау салынған Уағдаласушы Тарап қылмыстық қудалау аяқталғанға, жаза өтелгенге немесе мерзімнен бұрын босатылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыра алады, бұл жөнінде сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа хабарланады.
2. Егер осы баптың 1 бөлігінде көзделген ұстап беруді кейінге қалдыру қылмыстық қудалаудың талап мерзімінің өтіп кетуіне әкелуі немесе қылмыстың тергелуін қиындатуы мүмкін болса, онда ұстап берілуі талап етілген адамды сұрау салынған Уағдаласушы Тарап өтініш бойынша белгілі уақытқа ұстап бере алады. Белгілі уақытқа ұстап берілген адамды сұрау салушы Шарт жасасушы Жақ алдын-ала келісілген мерзімде қайтаруға тиіс.
14-бап
Ұстап беру туралы өтініштердің бірнеше мемлекеттен берілуі
Бір адамды ұстап беру туралы өтініш бірнеше мемлекет атынан, соның ішінде Уағдаласушы басқа Тараптан да түскенде Уағдаласушы Тараптардың біреуі аталған адамды осы мемлекеттердің қайсысына ұстап беру қажеттігін өз бетінше анықтауға құқылы.
15-бап
Арнайы ережелер
1. Ұстап беру туралы өтініштерге қатысты қылмыстан басқа, ұстап берілген адамды сұрау салушы Уағдаласушы Тарап ұстап беруге дейін жасаған қылмысы үшін қылмыстық жазаға тарта алмайды немесе жазалай алмайды және сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың келісімінсіз үшінші бір мемлекетке бере алмайды.
2. Мына жағдайларда сұрау салынған Уағдаласушы тараптың келісімі талап етілмейді:
1) ұстап берілген адам сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кетіп, ерікті түрде оның аумағына қайта келгенде;
2) ұстап берілген адамға сұрау салушы Уағдаласушы тараптың аумағынан кету бостандығы берілген күннен соң 15 күн ішінде ол оның аумағынан кетпегенде. Ұстап берілген адамның оған бағынбайтын жағдайлар бойынша сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыты бұл мерзімге қосылмайды.
16-бап
Қылмысқа байланысты заттарды беру
1. Сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша оған ұстап берілген адам жасаған қылмыстың құралы болған заттарды, сондай-ақ қылмыстық ізі бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттарды береді. Адамды ұстап беру оның өлуіне, қашып кетуіне байланысты басқа себептер бойынша жүзеге асырыла алмайтын жағдайларда да бұл заттар берілуге тиіс.
2. Үкім шығарылмаған басқа қылмыстық істерді қарау мақсатында сұрау салынған Уағдаласушы Тарап жоғарыда аталған заттарды беруді іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін кейінге қалдыра алады.
3. Кез келген үшінші бір адамдардың жоғарыда аталған заттарға деген заңды құқықтары мен мүдделері өз күшінде қалады. Іс бойынша іс жүргізу аяқталған соң сұрау салушы Уағдаласушы Тарап оларды иелеріне беру үшін, аталған заттарды, сұрау салынған Уағдаласушы тарапқа мүмкіндігінше тез арада қайтаруға тиіс.
Жекелеген жағдайларда, егер бұл тергеу үшін зиян келтірмейтін болса, бұл заттар олардың иелеріне іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін де қайтарыла алады. Егер заттарға деген құқықтары бар адамдар сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында болса, бұл Уағдаласушы Тарап сұрау салынған Шарт жасасушы Жақтың келісуімен оларды осы адамдарға тікелей қайтаруға құқылы.
17-бап
Транзиттік тасымалдау
1. Уағдаласушы Тараптың біріне үшінші мемлекеттен Уағдаласушы басқа тараптың аумағы арқылы адам ұстап берілуге тиіс болғанда, онда мүдделі Уағдаласушы тарап Уағдаласушы басқа тараптан оның аумағы арқылы аталған адамды транзиттік тасымалдауға рұқсат сұрайды.
2. Уағдаласушы басқа Тараптың аумағына қонуы жоспарланбайтын әуе көлігін қолданған жағдайда осы баптың 1 бөлігінің ережесі қолданылмайды.
3. Уағдаласушы Тараптар осы Шарт бойынша ұстап беріле алмайтын адамдарды транзиттік тасымалдаудан бас тарта алады.
18-бап
Нәтижелер туралы хабарлау
Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұрау салынған тарапқа ұсталып берілген адамға қатысты қылмыстық қудалау және үкімді орындау нәтижелері туралы, сондай-ақ оны үшінші мемлекетке ұстап беру туралы өз уақытында хабарлайды. Сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша оған соңғы шешімнің көшірмесі беріледі.
19-бап
Ұстап беруге байланысты шығындар
Ұстап беруге байланысты шығындарды аумағында ұстап беру жасалған Уағдаласушы Тарап көтереді. Уағдаласушы Тараптың біреуінің үшінші мемлекеттен Уағдаласушы басқа тараптың аумағында, ұстап берілген адамды транзиттік тасымалдауынан туындаған шығынды транзит туралы өтініш білдірген Уағдаласушы Тарап көтереді.
20-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатынас
Осы Шарт, олар сәйкес қатысушылары болып табылатын Уағдаласушы Тараптардың, басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап
Таластарды шешу
Осы шартты түсіндіруге және орындауға байланысты пайда болған кез-келген даулар Уағдаласушы Тарап арасындағы кеңестер және келіссөздер жолымен шешіледі.
22-бап
Өзгертулер мен толықтырулар
Осы Шартқа өзгертулер мен толықтырулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы өзара келісім бойынша енгізіледі және Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңдарына сәйкес заң процедураларын орындаған соң күшіне енеді.
23-бап
Бекітілу және күшіне ену
Осы Шарт бекітуге жатады, бекіту грамоталарымен алмасу Пекин қаласында өтеді. Осы Шарт бекіту грамоталарымен алмасқан күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
24-бап
Қолданылуын тоқтату
Уағдаласушы Тараптың кез-келгені дипломатиялық арналар бойынша Шарттың қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде хабарлаған күннен бастап алты ай өткен соң осы шарт өзінің қолданылуын тоқтатады, бұлай болмаған жағдайда ол белгіленбеген мерзім бойы қолданылады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін ұстап берілуі басталған адамдарды ұстап беруді аяқтауға осы шарттың қолданылуын тоқтату кедергі болмауға тиіс.
Алматы қаласында 1996 жылғы 5 шілдеде екі данада, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндердің де күші бірдей.
Осы Шарт ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы пайда болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін негізге алынады.
Қазақстан Республикасы Қытай Халық Республикасы
үшін үшін
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Омарбекова А.