Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 30 желтоқсан N 16-ІІ

      Ташкентте 1998 жылғы 31 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы кеден
iстерiндегi ынтымақтастық туралы
Келісім

(2004 жылғы 8 желтоқсанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi,
      тату көршiлiк қарым-қатынасты, оның iшiнде кеден iсi саласындағы ынтымақтастық арқылы да дамытуды тiлей отырып,
      кеден қызметтерiнiң ынтымақтастығы жолымен Тараптар мемлекеттерi арасындағы жолаушылар және жүк қатынасын дамытуға және жеделдетуге ұмтыла отырып,
      кеден заңдарын сақтау және кедендiк құқық бұзушылықтарға қарсы күрес Тараптар мемлекеттерi кеден кызметтерiнiң ынтымақтастығы кезiнде неғұрлым табысты жүзеге асырылатындығын назарға ала отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн қолданылатын терминдер мыналарды бiлдiредi:
      "кеден заңдары" - Тараптар мемлекеттерiнiң тауарларды, жолаушылардың қол жүгi мен багаждарын, валюталық және басқа да құндылықтарды әкелудiң, әкетудiң және олардың транзитiнiң, халықаралық почта жөнелтiлiмдерiнiң, кеден баждарының, алымдар мен басқа да төлемдердiң, кеден төлемдерi бойынша жеңiлдiктер ұсынудың, тыйым салулар мен шектеулер белгiлеудiң, сондай-ақ Тараптар елдерiнiң кеден шекаралары арқылы тауарлар өткiзуге бақылау жасаудың тәртібiн реттейтiн құқықтық нормаларының жиынтығы;
      "кеден қызметi" - Тараптар мемлекеттерiнiң орталық кеден органдары;
      "кедендiк құқық бұзушылық" - кеден заңдарын бұзу немесе бұзуға әрекет жасау;
      "тұлға" - жеке және заңды тұлға;
      "есірткі құралдары" - БҰҰ кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу арқылы 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы Бiрыңғай конвенцияның тiзiмiне кiргiзген заттар;
      "психотропты заттар" - БҰҰ кейiннен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу арқылы 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның тiзiмiне кiргiзген заттар;
      "прекурсорлар" - халықаралық конвенцияларда есiрткi құралдары мен психотропты заттарды өндiру үшiн пайдаланылатын химиялық материалдар ретiнде жiктелетiн заттар мен олардың тұздары;
      "бақыланатын беру" - оған сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумақтары бойынша есiрткi құралдары мен психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысты тұлғаларды анықтау мақсатында құзыреттi органдардың рұқсатымен және бақылауымен заңсыз немесе заңсыз деп күдiк бiлдiрiлген есiрткi құралдарын, психотропты заттарды әкелуге, әкетуге немесе транзиттеуге жол берілетiн әдiс;
      "куәлiк" - тауарды кедендiк ресiмдеу жүргiзілген елдiң заңдарына сәйкес тауардың iс жүзiнде ресiмделуiн растайтын ресми құжат.

2-бап
Келiсiмнiң қолданылу аясы

      Тараптар осы Келiсiмнiң негiзiнде кеден қызметтерi арқылы олардың құзыретiнiң шеңберiнде Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарын сақтау үшiн:
      а) Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы жолаушылар және жүк қатынасына, сондай-ақ халықаралық почта жөнелтiлiмдерiне кедендiк бақылауды жетiлдiру;
      б) кеден баждарын, алымдары мен басқа да төлемдердi дұрыс алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ кедендiк жеңiлдiктердi қолдану;
      в) кедендiк құқық бұзушылықтарды болдырмау, тексеру және жолын кесу;
      г) екi мемлекеттiң арасындағы кедендiк ресiмдеу рәсiмдерiн оңайлату салаларында ынтымақтасатын болады.

3-бап
Кедендiк ресiмдеулердi оңайлату

      1. Кеден қызметтерi:
      а) өзара келiсiм бойынша кедендiк ресiмдеудi оңайлату жөнінде қажетті шаралар қабылдайды;
      б) бір-бірінің кедендік қамтамасыз етуін (пломбылар, мөрлердің, мөртаңбалардың таңбалары) және кеден құжаттарын таниды, ал қажет болған жағдайда өткiзiлетiн тауарларға өз кедендік қамтамасыз етуiн пайдаланады.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы кедендiк шекара арқылы өткiзiлетiн, оның iшiнде транзитпен, бара жатқан тауарлар мен көлiк құралдары, жолаушылардың багаждары және халықаралық почта жөнелтiлiмдерi оларды әкелу, әкету және транзиттеу Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес тыйым салынған не кедендiк құқық бұзушылық орын алған деп ұйғаруға негiздеме болған жағдайларды қоспағанда кедендiк тексеруден босатылады.

4-бап
Куәлiктер беру

      1. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне сұрау салу бойынша бiр Тараптың аумағына әкелiнген немесе одан әкетiлген тауарлардың екiншi тараптың аумағына заңды негiзде әкелiнгендiгiн немесе әкетiлгендiгiн растайтын куәлiк бередi. Куәлiктерде оған сәйкес тауарлар ресiмделетiн кедендiк рәсiмдердiң түрлерi мен нәтижелерi көрсетіледi.
      2. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне сұрау салу бойынша өздерiне бағынысты кеден органдары берген куәлiктер немесе басқа да құжаттар түп-нұсқа болып табылатындығы және барлық қажеттi деректердi қамтитындығы туралы мәлiмет бередi.

5-бап
Есiрткi құралдары мен психотропты заттардың заңсыз
айналымына қарсы күрес

      1. Кеден қызметтерi есiрткiлiк құралдардың, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымын болдырмау, тексеру және жолын кесу жөнiндегi iс-әрекеттердi жандандыру мақсатында алдын ала сұрау салмастан және мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде Тараптар мемлекеттерi заңдарының шегiнде бiр-бiрiне:
      а) олардың есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымымен шұғылданатындығы туралы мәлiм немесе осы туралы сезiк бiлдiрiлген адамдар туралы;
      б) контейнерлер мен халықаралық почта жөнелтілімдерін қоса алғанда олардың есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымы үшiн пайдаланылатындығы мәлiм көлiк құралдары туралы, сондай-ақ оларға бақылау жасаудың жаңа әдiстерi туралы бiр-бiрiне мәлiметтер хабарлайды.
      2. Кеден қызметтерi алдын ала сұрау салмастан бiр-бiрiне есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымының қолданылып жүрген тәсiлдерi туралы, сондай-ақ оларға бақылау жасаудың жаңа әдiстерi туралы хабарлайды.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес Тараптардың кез келгенiнен алынған мәлiмет, хабарлама және құжаттар құқық қорғау және нашақорлық пен есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын басқа да мемлекеттiк органдарға берiле алады.
      4. Кеден қызметтерi Тараптар мемлекеттерi заңдарының негiзiнде және өзара келiсiм бойынша қажет болған жағдайда олардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында есiрткi құралдарын, психотропты заттарды, олардың баламалары мен прекурсорларын бақыланатын беру әдiсiн қолданады.
      Бақыланатын беру әдiстерiн пайдалану туралы шешiмдi Тараптар жекелеме түрде әрбiр нақты жағдайда қолданады және қажет болған жағдайда Тараптардың қаржылық уағдаластықтарын ескередi.

6-бап
Мәлiметтер беру

      1. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне сұрау салу бойынша өздерiнiң билiктерiндегi:
      а) кеден баждарын, алымдарды және басқа да төлемдердi алуға, сондай-ақ кеден жеңiлдiктерiн пайдалануға байланысты жағдайлар туралы;
      б) сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң кеден заңына қайшы келетiн жасалған немесе дайындалып жатқан iс-әрекеттер туралы мәлiметтердi, оның iшiнде хабарламаларды, хаттамаларды және өзге де материалдарды немесе олардың расталған көшiрмелерiн жiберу жолымен бередi.
      2. Кеден қызметтерi мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде бiр-бiрiне, оның iшiнде алдын-ала сұрау салусыз оған қарсы күресте Тараптардың айрықша мүддесі бар мүмкін болатын кедендiк құқық бұзушылықтар туралы мәлiметтердi хабарлайды. Бұл бiрiншi кезекте:
      а) қоршаған орта мен халықтың денсаулығы үшiн қауiп төндiруi мүмкiн тауарларды;
      б) қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, жарылғыш және улы заттарды, жару құралдарын;
      в) айтарлықтай тарихи, көркем, мәдени және археологиялық құндылығы бар заттарды;
      г) айрықша маңызы бар және Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес жоғары кеден баждарын, акциздерiн және басқа да салықтар салуға жататын тауарларды;
      д) айрықша маңызы бар және тараптар мемлекеттерiнiң Заңдарына сәйкес экономикалық саясат шараларына қатысты тауарларды өткiзу кезiндегi кедендiк құқық бұзушылыққа қатысты.

7-бап
Құжаттарды беру

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң кеден қызметтерi кеден мәселелерi жөнiндегi қолданылып жүрген заң және өзге де нормативтiк актiлердің көшiрмелерiн өзара алмасады және бiр-бiрiне кеден заңдарына енгiзiлген барлық өзгерiстер мен толықтырулар туралы кешiктiрмей хабарлайды.
      2. Бiр Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi екiншi Тарап мемлекетi кеден қызметiнiң сұрау салуы бойынша өз мемлекетi әкiмшiлiк органдарының кеден заңдарын қолдану мәселесi жөнiндегi шешiмдерiнiң көшiрмесiн бередi.
      3. Құжаттарды беру туралы сұрау салуларды осы Келiсiмнiң 11-бабының 2-тармағының "д" тармақшасында көзделген талаптан басқа осы бапқа сәйкес iстiң мәнi жазылмауы мүмкiн.
      4. Құжаттарды алғандығын оны сұрау салған кеден қызметi алған күнiн көрсете отырып растайды.

8-бап
Тәжiрибе алмасу және көмектер көрсету

      1. Кеден қызметтерi:
      а) өзiнiң қызметi мен бақылауының техникалық құралдарын қолдану тәжiрибесi туралы;
      б) кедендiк құқық бұзушылықтарды жасаудың жаңа тәсiлдерi мен   құралдары туралы;
      в) екі тарап үшін өзара мүдделілікті білдіретін басқа да кедендiк мәселелер бойынша ақпараттар алмасады.
      2. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне:
      а) өзара мүдденi бiлдiретiн жағдайларда, сондай-ақ кеден қызметтерi пайдаланатын техникалық құралдармен танысу мақсатында қызметкерлер алмасуды;
      б) қызметкерлердi арнаулы машыққа үйретудi және оны жетiлдiрудi;
      в) кеден мәселелерi бойынша сарапшылар алмасуды;
      г) кеден мәселелерiне қатысты кәсiби, ғылыми және техникалық мәлiметтер алмасуды қоса алғанда, кеден iсi саласында көмек көрсетедi.

9-бап
Тексеру

      1. Бiр Тарап мемлекетi кеден қызметiнiң сұрауы бойынша екiншi Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi осы Келiсiмнiң 2-бабының "б" және "в" тармақтарында көзделген мәселелер бойынша тексерiс немесе тексеру жүргiзедi. Тексерiстiң немесе тексерулердiң нәтижелерi осы Келiсiмнiң 6-бабының 1-тармағында көзделген тәртiпке сәйкес сұрау салған кеден қызметiне хабарланады.
      2. Тексерiс немесе тексеру сұрау салған Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Сұрау салынған кеден қызметi өз атынан iс-әрекет ете отырып тексерiс немесе тексеру жүргiзедi.
      3. Сұрау салынған кеден қызметi сұрау салушы кеден қызметiнiң лауазымды тұлғаларына мұндай тексерiстер немесе тексерулер кезiнде қатысуға рұқсат ете алады.
      4. Бiр Тарап мемлекетiнiң лауазымды тұлғасының осы Келiсiмде көзделген жағдайларда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезеңде өзiнiң ресми өкiлеттiгiнiң құжаттық растауы болуы және нысанды киiм кимеуi және қаруы болмауы тиiс.

10-бап
Сарапшылар мен куәлар

      1. Егер бiр Тарап мемлекетiнiң сот немесе әкiмшілiк органдары қаралатын кедендiк құқық бұзушылықтарға байланысты тиiстi сұрау салған жағдайда екiншi Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi өзiнiң қызметкерлерiн мұндай сот немесе әкiмшілiк байыптауларда куәлар немесе сарапшылар ретінде қатысуға уәкілеттендіре алады. Бұл қызметкерлер өздерi қызметтiк мiндеттерiн атқарған уақытта анықталған фактiлер бойынша айғақ немесе қорытынды бередi. Сот немесе әкiмшiлiк байыптауға қатысу туралы сұрау салуда сұрау салынған кеден қызметiнiң қызметкерi қандай iс бойынша және кiм ретiнде қатысуы тиiс екендiгi көрсетiлуi қажет.
      2. Куәлар мен сарапшыларды шақырудың тәртiбi Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы 1997 жылғы 2 маусымдағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер жөнiнде құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы шартпен реттеледi.

11-бап
Сұрау салулардың нысаны мен мазмұны

      1. Осы Келiсiмнiң 9-бабының 1-тармағында көзделген сұрау салу жазбаша нысанда жолданады және сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң ресми тiлiнде, орыс тiлiнде не екiншi Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi үшiн қолданылатын өзге тiлде жазылады. Сұрау салуды орындау үшiн қажеттi құжаттар ресми расталған көшiрмеде немесе фотокөшiрмеде қоса берiлуi тиiс.
      2. Сұрау мынадай деректердi:
      а) мүддесi сұрау салудың негiзiне алынған кеден органының атауын;
      б) сұрау салудың мәнi мен себебiн;
      в) рәсiмнiң түрiн;
      г) тегi, мекен-жайы және рәсiмге қатысушылар туралы басқа да деректердi;
      д) iстiң мәнi мен оның заңдық бiлiктiлiгiнiң қысқаша сипаттамасын қамтуы тиiс.

12-бап
Сұрау салуларды орындау

      1. Кеден қызметкерлерi бiр-бiрiнен Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес және өздерiнiң құзыреттерiнiң шегiнде сұрау салуларды орындауда жәрдем көрсетедi.
      2. Сұрау салуды орындаудан, егер оны орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне залал келтiретiн болса, не халықаралық мiндеттемелерiне немесе заңдарына қайшы келетiн болса, бас тартылады.
      3. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тартудың себептері туралы сұрау салушы кеден қызметі жазбаша нысанда дереу хабарландырылады.

13-бап
Құжаттар

      1. Сұрау салу бойынша түпнұсқа құжаттарды беру ресми расталған көшiрмелер немесе фотокөшiрмелер жеткiлiксiз болған жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Түпнұсқа құжаттар сұрау салынған кеден қызметiне мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде қайтарылуы тиiс.
      3. Осы баптың ережелерi қолданылуы кезiнде сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң немесе осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келмеуi тиiс.

14-бап
Алынған мәлiметтер мен құжаттарды пайдалану

      1. Кеден қызметтерi тексерiстер немесе тексерулер жүргiзу кезiнде осы Келiсiмге сәйкес алынған мәлiметтер мен құжаттарды дәлелдер ретiнде өздерiнiң хаттамаларында, хабарламаларында немесе өзге де материалдарында, кедендiк құқық бұзушылықтарды қарауға байланысты сот немесе әкiмшiлiк байыптауларда пайдалана алады. Бұл мәлiметтердi сот немесе әкiмшiлiк байыптауларда бағалау сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң заңдарына сәйкес айқындалады.
      2. Сұрау салу бойынша берiлген мәлiметтер, хабарламалар және құжаттар тек осы Келiсімдi орындау мақсатында ғана пайдаланылады және оларды берген кеден қызметiнiң жазбаша келiсiмiнсiз кiмге де болмасын берiлуiне, өзге мақсаттар үшiн пайдаланыла және жария етiлiне алмайды.
      3. Осы баптың 2-тармағының ережесi есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың баламалары мен прекурсорлардың заңсыз пайдаланылуына байланысты жолсыздықтар туралы материалдарды қозғамайды. Мұндай ақпарат есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, олардың ұқсас нәрселерi мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен тiкелей айналысушы мемлекеттiк органдарға берiле алады.

15-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Сұрау салушы кеден қызметi сұрау салынатын кеден қызметiне сұрау салынатын кеден қызметiнде жұмыс iстемейтiн сарапшылар мен аудармашылардың еңбегiне ақы төлеуге байланысты осы Келiсiмдi орындау ретiмен орын алған шығыстарды өтейдi.
      2. Осы Келiсiмнiң 8-бабының ережелерiн орындауға байланысты шығыстарды өтеу Тараптар мемлекеттерi кеден қызметкерлерiнiң арасында бөлек уағдаластықтардың нысанасы болуы мүмкiн.

16-бап
Өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзудiң тәртiбi

      Тараптардың келiсуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Өзгерiстер мен толықтырулар бөлек хаттамалармен ресiмделедi, олар осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылады және осы Келiсiмнiң 20-бабында белгiленген тәртіппен күшiне енедi.

17-бап
Келiсiмдi орындау

      1. Осы Келiсiмде көзделген кез келген ынтымақтасты кеден қызметтерiнiң арасында тiкелей жүзеге асырылады.
      2. Кеден қызметтерi өз құзыретiнiң шеңберiнде осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi нормативтiк актiлер шығарады.
      3. Осы Келiсiмдi орындау үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң кеден қызметкерлерi екi жақты кеден қатынастарының мәселелерi бойынша бөлек келiсiмдер жасай алады.

18-бап
Даулы мәселелердi шешу

      Тараптардың арасында осы Келiсiмнiң ережелері орындауға және қолдануға байланысты туындайтын барлық даулы мәселелер келiссөздер мен консультациялар арқылы шешіледi.

19-бап
Жекелеген ережелер

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптардың екі Тараптың заңдарында көзделген қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бір Тараптың екінші Тараптан оның осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.
      Ташкент қаласында 1998 жылғы 31 қазанда қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды және де барлық мәтіннің күші теңдей болып табылады.

      Қазақстан Республикасының       Өзбекстан Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      Оқығандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Икебаева Ә.Ж.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады