Байланыс формасы

Стандарттау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 433 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2004.11.09. N 603 Заңымен

МАЗМҰНЫ

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2004.11.09 N 603 (қолданысқа енгізілу тәртібін 47-баптан қараңыз) Заңымен.

      Ескерту. Заңның бүкiл мәтiнi бойынша "уәкiлеттi мемлекеттiк орган", "уәкiлеттi мемлекеттiк органның", "уәкiлеттi мемлекеттiк органды", "уәкiлеттi мемлекеттiк органға" деген сөздер тиiсiнше "уәкiлеттi орган", "уәкiлеттi органның", "уәкiлеттi органды", "уәкiлеттi органға" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      Осы Заң стандарттау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң құқықтық негiздерiн және стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеу мен қолдану арқылы өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң сапасы мәселелерiнде мемлекет пен тұтынушылардың мүдделерiн қорғау шараларын белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) өзара алмасымдылық - бiр бұйымның, процестiң, көрсетiлетiн қызметтiң дәл сондай бiр талаптарды орындау мақсатында басқа бұйымның, процестiң, қызмет көрсетудiң орнына пайдалануға жарамдылығы;
      2) мемлекеттік стандарттау - бiр елдiң деңгейiнде жүргiзiлетiн стандарттау;
      3) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiшi - өнiмнің, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң техникалық- экономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктелген топтарының кодтары мен атауларының жүйелендiрiлген жиынтығын бiлдiретiн стандарттау жөнiндегi құжат;
      4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалау - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң мiндеттi талаптардың бұзылу фактілерiн анықтауға, олардың жолын кесуге, оларды жоюға бағытталған қызметi;
      5) Алынып тасталды
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттау жүйесi - өз құзыреттерi шегiнде стандарттау саласындағы, оның iшiнде өнiмдi каталогтау саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың, Қазақстан Республикасында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы;
      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарты - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен, тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттар қоры - Қазақстан Республикасының аумағында сақталуға мiндеттi стандарттардан, техникалық регламенттер мен құжаттардан тұратын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарына мамандандырылған қорларының жиынтығы;
      9) мемлекетаралық стандарттау - мемлекетаралық мүдденi білдiретiн объектiлердi стандарттау;
      10) мемлекетаралық стандарт - Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Мемлекетаралық Кеңес немесе Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң құрылысында Стандарттау және техникалық нормалау жөнiндегi мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссия қабылдаған, олар тiкелей қолданатын стандарт;
      11) стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым - әрбiр елдiң тиiстi стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi тиiстi мемлекеттiк органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөнiндегi ұйым;
      12) халықаралық стандарттау - барлық елдердiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау;
      13) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлігiнiң қолы жетiмдi стандарт;
      14) ұлттық стандарт - стандарттау жөнiндегi ұлттық орган қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
      15) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат - стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне және олардың нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн құжат;
      16) стандарттау саласы - стандарттаудың өзара байланысты объектiлерiнiң жиынтығы;
      17) мемлекеттiк басқару органы - өнiмнiң сипаттамаларын немесе онымен байланысты сақталуы мiндеттi болып табылатын өндiрiс процестерi (жұмыстары) мен әдiстерiн өз құзыретiнiң шегiнде белгiлейтiн орган;
      18) негiз қалаушы стандарт - кең салада қолдануға болатын немесе белгiлi бiр салаға арналған жалпы ережелердi қамтитын құжат;
      18-1) салалық стандарт - салалық маңызы бар өнiмдерге, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулерге қойылатын талаптары бар стандарт;
      19) стандарттау жөнiндегi аймақтық ұйым - тек бiр географиялық, саяси немесе экономикалық аймақтағы әрбiр елдiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi тиiстi мемлекеттiк органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөнiндегi ұйым;
      20) аймақтық стандарттау - әлемнiң тек бiр ғана географиялық, саяси немесе экономикалық аймағы елдерiнiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау;
      21) аймақтық стандарт - стандарттау жөнiндегi аймақтық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
      22) мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмi - стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы объектілердiң, жұмыстарға қатысушылар мен құжаттардың тiркелуiн есепке алу құжаты;
      23) стандарттау жүйесi - стандарттауға қатысушылардың, өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы;
      23-1) өнiмдi каталогтау жүйесi өндiрiлетiн өнiмнiң сипаттамалары мен дайындаушылары туралы белгiленген тәртiппен ақпарат жинауды және берудi қамтамасыз ететiн ұйымдастырушылық-техникалық жүйе;
      24) сыйысымдылық - өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң белгiленген талаптарды қойылған шарттарға орай бiрлесе орындау үшiн пайдалануда жағымсыз салдарларды тудырмайтын жарамдылығы;
      25) стандарт - мүдделi тараптардың келiсiмi негiзiнде әзiрленген және қызметтiң әр түрiне немесе олардың нәтижелерiне қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн ережелер, жалпы принциптер немесе сипаттамалар белгiленетiн құжат; <*>
      26) стандарттау - нақты бар немесе ықтимал мiндеттерге қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн белгiлi бiр салада ережелердi реттеудiң оңтайлы дәрежесiне қол жеткiзуге бағытталған қызмет;
      27) техникалық шарттар - нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын техникалық талаптарды белгiлейтiн стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат;
      28) стандарттау жөнiндегi техникалық комитет - экономиканың белгiлi бiр саласында мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу және салааралық деңгейде стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн мүдделi заңды тұлғалардың базасында құрылатын стандарттау жөнiндегi жұмыс органы;
      29) техникалық регламент - стандартқа немесе ережелерге тiкелей не оларға сiлтеме жасау арқылы, не осы құжаттардың мазмұнын енгiзу арқылы мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжат. Ол сондай-ақ терминологияға, белгілеулерге, буып-түюге, таңбалауға, олар өнiмге, процеске (жұмысқа), қызмет көрсетуге немесе өндiрiстiң әдiсiне қолданылатын дәрежеде талаптарды қамтуы немесе ерекше мазмұндауы мүмкiн;
      29-1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган - стандарттау, метрология, сертификаттау және тiркеу жөнiндегi жұмыстарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      30) фирмалық стандарт - өнiмнiң, процестiң (жұмыстың), қызмет көрсетулердiң нақты түрiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн, бiр заңды немесе жеке тұлға әзiрлеген және тек сол жеке немесе заңды тұлға ғана қолданатын құжат.
      31) стандарттау жөнiндегi сарапшы-аудитор - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен стандарттау саласында жұмыстар жүргiзу құқығына аттестатталған жеке тұлға.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi мемлекеттiк басқару органдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3-бап. Стандарттау туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Стандарттаудың мақсаттары мен принциптерi

      Стандарттаудың негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
      1) өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге нормалар, ережелер мен сипаттамалар (бұдан әрi - талаптар) белгiлеу;
      2) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), көрсетiлетiн қызметтердiң адамдар өмiрi, денсаулығы, мүлiктер үшiн қауiпсiздiгiн, қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету;
      3) саудада техникалық кедергiлердi жою, өнiмнiң iшкi және сыртқы рыноктардағы бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз ету;
      4) өнiмнiң техникалық және ақпараттық сыйысымдылығын, сондай-ақ өзара алмасымдылығын қамтамасыз ету;
      5) өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету;
      6) ресурстардың барлық түрiн сақтау және ұтымды пайдалану;
      7) елдiң қорғаныс қабiлетi мен жұмылдырушылық әзiрлiгiн қамтамасыз ету;
      8) табиғи және техногендi апаттар мен басқа да төтенше жағдайлардың туындау қаупiн ескере отырып, шаруашылық объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      9) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қауiпсiздiгi мен сапасы мәселелерiнде тұтынушылардың мүдделерiн қорғау.
      Стандарттаудың негiзгi принциптерi:
      1) келiсу;
      2) бүкпесiздiк;
      3) ерiктiлiк;
      4) отандық және шетелдiк өндiрушiлер мен өнiм берушiлер үшiн стандарттау саласындағы бiрдей талаптар;
      5) экономикалық қисындылық болып табылады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      5-бап. Стандарттау объектiлерi

      Көп мәрте ұдайы өндiрiлу және (немесе) пайдалану перспективасы өнiмдер, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер стандарттау объектiлерi болып табылады.

      6-бап. Стандарттау жөнiндегi жұмыстарды мемлекеттiк
             басқару

      1. Қазақстан Республикасында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды басқаруды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган:
      1) стандарттау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастырады және iске асырады; <*>
      2) мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың осы саладағы қызметiн үйлестiредi;
      3) мемлекетаралық, халықаралық, аймақтық стандарттау жөнiндегi жұмыстарға қатысады;
      4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуына мемлекеттiк қадағалау жүргiзудi ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      5) мемлекеттiк стандарттау жүйесiн құрады;
      6) стандарттау саласындағы кадрларды кәсiби даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      7) стандарттау бойынша халықаралық, аймақтық, ұлттық стандарттарды, ережелер мен ұсынымдарды қолданудың тәртiбiн белгiлейдi;
      8) жеке және заңды тұлғалармен, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттермен өзара iс-қимыл жасайды;
      9) мемлекеттiк стандарттарда, мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң ережелерi мен ұсынымдарында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпытехникалық ережелерiн, жеке және заңды тұлғалардың бiр-бiрiмен, мемлекеттiк басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасауының нысандары мен әдiстерiн белгiлейдi;
      10) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк тiлге және орыс тiлiне аударылуын және олардың расталуын қамтамасыз етедi; <*>
      11) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың стандарттар, халықаралық және аймақтық нормалар талаптарына сәйкестiгiне сараптаманы жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi. <*>
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдары стандарттау жөнiндегi жұмыстарға өздерiнiң құзыреттерi шегiнде қатысады.
      4. Жеке және заңды тұлғалар стандарттау жөнiндегi қызметiн осы Заңға, стандарттау саласындағы қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес өздерiнiң құзыреттері шегiнде ұйымдастырады және жүзеге асырады, осы жұмыстарды орындау үшiн стандарттау жөнiндегi тиiстi бөлiмшелер мен қызметтер, оның iшiнде стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер құра алады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      7-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган стандарттау, метрология, сертификаттау, сапаны басқару және аккредитациялау жөнiндегi халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз құзыретiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының өкiлi болады. <*>
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

2-тарау. Мемлекеттік стандарттау жүйесі

      8-бап. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң ұйымдық
             құрылымы

      Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң ұйымдық құрылымы:
      1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органнан, оның аумақтық бөлiмшелерiнен және ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындарынан; <*>
      2) стандарттау саласындағы құзыреттерiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдарынан;
      3) жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттерден, сарапшы-аудиторлардан;
      4) Қазақстан Республикасы стандарттарының мемлекеттiк қорынан тұрады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      9-бап. Стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттар және
             оларға қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттау жүйесiнде қолданылатын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттары - ҚР СТ (бұдан әрi - мемлекеттiк стандарттар);
      2) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерi - ТЭА МЖ (бұдан әрi - мемлекеттiк техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi);
      3) мемлекетаралық стандарттар - МЕМСТ (бұдан әрi - мемлекетаралық стандарттар), техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, ережелер мен ұсынымдар;
      4) белгiленген тәртiппен қолданылатын стандарттау жөнiндегi халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, техникалық шарттар, ережелер, нұсқаулықтар, қағидалар, нұсқаулар, әдiстемелiк нұсқаулар мен ұсынымдар;
      5) ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары;
      6) ұсынымдар;
      7) фирмалық стандарттар;
      8) техникалық шарттар;
      9) салалық стандарттар.
      2. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар белгiлейтiн талаптар ғылымның, техника мен технологияның жетiстiктерiне негiзделуге тиiс және өнiмдi пайдаланудың, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулердi орындаудың шарттарын, еңбек жағдайлары мен режимдерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасы заңдарының қолданылып жүрген техникалық регламенттерге, халықаралық және шет елдердiң аймақтық және ұлттық стандарттарының талаптарына, стандарттау жөнiндегi ережелер мен ұсынымдарға қайшы келмеуге тиiс.
      Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеу кезiнде олар адамдардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау талаптарына және Қазақстан Республикасында қабылданған техникалық нормаларға сәйкес келмейтiн жағдайларды қоспағанда, қолданылып жүрген халықаралық техникалық регламенттер мен стандарттар немесе аяқталу сатысындағы олардың жобалары қолданылады.
      Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат жобасын әзiрлеу кезеңiнде халықаралық стандарттар болмаған немесе әзiрленетiн мемлекеттiк стандарт халықаралық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда оған бұқаралық ақпарат құралдарында немесе стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның арнаулы басылымдарында мүдделi мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың талқылауы және ескертпелер мен ұсыныстар әзiрлеу үшiн аңдатпалар немесе хабарламалар жарияланады. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың жобаларын қарау тәртiбiн және ескертпелер мен ұсыныстар дайындау мерзiмiн мемлекеттiк стандарттау жүйесi белгілейдi.
      3. Мiндеттi сертификатталуға тиiстi өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетуге арналған стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда мiндеттi сертификаттау жүзеге асырылатын талаптар, осы талаптарға сәйкестiктi бақылау әдiстерi, өнiмдi таңбалау мен буып-түю тәртiбi, сертификаттау туралы ақпарат болуы тиiс.
      4. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар өндiрiсте және басқа мемлекеттермен саудада техникалық кедергi болмауға тиiс:
      Өнiмнiң нақты топтары мен түрлерiнiң мақсатты арналымы мен техникалық сыйысымдылығының көрсеткiштерi өнiмдi әзiрлеу мен оны өндiрiске қою кезiнде, егер оларды беруге арналған шартта (келiсiм-шартта) өзгеше көзделмесе, республиканың аумағында қабылданған нормалар мен талаптарға сәйкестiкте белгiленедi.
      5. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 5)-9) тармақшаларында көрсетiлген стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар, оларға өзгерiстер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер бекiтiлуге және тiркелуге жатады.
      Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды тiркеудiң, егер олардың нормалары мен талаптары республиканың аумағында қолданылмайтын болса, сондай-ақ халықаралық сауда ережелерi өзгерген кезде, белгiленген тәртiппен күшi жойылады.
      6. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, сондай-ақ мемлекеттiк басқару органдарының өздерiнiң құзыретiне сәйкес бекiткен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттары авторлық құқық объектiсi болып табылмайды.
      7. Стандарттау жөнiндегi мемлекетаралық нормативтiк құжаттар Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Мемлекетаралық Кеңес белгiлеген тәртiппен әзiрленедi, келiсiледi және қабылданады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      10-бап. Мемлекеттiк стандарттар, техникалық-экономикалық
              ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерi

      1. Мемлекеттiк стандарттар салааралық мәнi және көп мәрте ұдайы өндiру және (немесе) пайдалану перспективасы бар өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге, ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы нормалар мен талаптарға әзiрленедi және олар Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген халықаралық және мемлекетаралық стандарттардың талаптарына қайшы келмеуi тиiс.
      2. Стандарттау объектiлерiн, мемлекеттiк стандарттардың мазмұнына олардың таратылу саласына, олардың қолданылу аясына және енгiзу күнiне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Мемлекеттiк стандарттарда, негiзделген жағдайларда дәстүрлi технологиялар мүмкiндiгiнен басым түсетiн, отандық өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң перспективасын қамтамасыз ететiн алдын ала талаптар белгiленедi.
      3. Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаның, азаматтардың өмiрiн, денсаулығын және мүлкiн қорғау үшiн, техникалық және ақпараттық сыйысымдылықты, өнiмнiң өзара алмасымдылығын, оларды бақылау әдiстерiнiң бiрлiгiн және таңбалаудың бiрлiгiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк стандарттар белгiлейтiн талаптар, мемлекеттiк басқару органдарының, меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың сақтауы үшiн мiндеттi болып табылады.
      Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк стандарттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiлiгi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
      Өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге мемлекеттiк стандарттардың өзге талаптарын тапсырысшымен шартқа немесе өнiмдi дайындаушының (берушiнiң) процестi немесе қызмет көрсетудi атқарушының техникалық құжаттамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар мiндеттi түрде сақтауға тиiс.
      4. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық, ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерiн мемлекеттiк басқару органдары, уәкiлеттi заңды тұлғалар, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi орган белгiлеген тәртiппен әзiрлейдi.
      5. Ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы негiзге алынатын мемлекеттiк стандарттарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе оның тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасының басқа да уәкiлеттi мемлекеттiк басқару органдары мен заңды тұлғалары әзiрлейдi.
      6. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерiн әзiрлеуге өнiмдi әзiрлеушiлердiң, жасаушылардың, тұтынушылардың, ғылыми-техникалық және инженерлiк қоғамдардың, тұтынушылар қоғамдарының өкiлдерi, стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның бөлiмшелерiнiң мамандары, Қазақстан Республикасының ғалымдары тартылуы мүмкiн.
      7. Мемлекеттiк стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерiн әзiрлеудiң, қайта қараудың, келiсудiң, бекiтудiң, мемлекеттiк тiркеудiң, қолданысқа енгiзудiң, қолданудың, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      8. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi қолданылуға жатпайды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

       10-1-бап. Салалық стандарттар

      1. Салалық стандарттар салалық маңызы бар өнiмге, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулерге әзiрленедi және оларды мемлекеттiк басқару органдары өз құзыретi шегiнде бекiтедi.
      2. Салалық стандарттардың объектiлерi мен осы стандарттарды әзiрлеу, келiсу, тiркеу жөнiндегi жалпы ережелердi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Салалық стандарттардың түрлерiне, олардың объектiлерiне, әзiрлену және келiсiлу ерекшелiктерiне, бекiту тәртiбiне қойылатын  талаптарды өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк басқару органдары белгiлейдi.
      4. Салалық стандарттармен белгiленген нормалар және талаптар мемлекеттiк, мемлекетаралық, халықаралық стандарттармен белгiленгеннен төмен болмауға тиiс.
      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

        11-бап. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және
              басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары

      1. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары iргелi, қолданбалы зерттеулер мен әзiрлемелердiң бiлiмнiң түрлi салаларында алынған нәтижелерiн тарату мен пайдалану үшiн әзiрленедi және қолданылады.
      2. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттардың, техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
      3. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бекiтiледi және тiркеледi.

      12-бап. Ұсынымдар

      1. Ұсынымдар стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы қандай да бiр болмасын қызметтiң түрiн ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртiбiн және кеңестi немесе нұсқауды қамтитын ереженi белгiлейдi.
      2. Ұсынымдарды құруға, ресiмдеуге, мазмұнына, жазуға, оларды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекiтудiң, тiркеу мен қолданудың тәртiбiне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген ұсынымдар қолданылуға жатпайды.

      13-бап. Фирмалық стандарттар

      1. Фирмалық стандарттарды жеке және заңды тұлғалар осы Заңның 5-бабында белгiленген объектiлерге әзiрлеп, бекiте алады.
      2. Фирмалық стандарттарды әзiрлеушiлер дербес бекiтедi және тiркейдi.
      3. Фирмалық стандарттар Қазақстан Республикасында қабылданған стандарттар мен техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
      4. Белгiленген мiндеттi талаптардың сақталмауы үшiн оларды бекiткен жеке және заңды тұлғалар жауапты болады.
      5. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган фирмалық стандарттарды әзiрлеу, келiсу, бекiту және тiркеу жөнiндегi жалпы ережелердi белгiлейдi.
     Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

        14-бап. Техникалық шарттар

      1. Техникалық шарттар нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын талаптарды белгiлейдi.
      2. Техникалық шарттардың талаптары мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттарда белгiленетiн техникалық регламенттер мен мiндеттi талаптарға қайшы келмеуге тиiс.
      3. Техникалық шарттарды жеке және заңды тұлғалар әзiрлейдi және бекiтедi.
      4. Техникалық шарттар, оларға өзгерiстер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілеттi органның немесе оған ведомстволық бағыныстағы бөлiмшелердiң мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
      5. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлімiнде тiркелмеген техникалық шарттар мен оларға өзгерiстер жарамсыз болып табылады.
      6. Техникалық шарттарды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекiтудiң, тiркеудiң тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      15-бап. Нормативтiк құжаттарды қолдану

      1. Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды өнiмдi әзiрлеу, өндiрiске қою, өнiмдi жасау, өткiзу (жеткiзу, сату), пайдалану (пайдаға асыру), сақтау, тасымалдау мен кәдеге жарату сатысында, процестердi (жұмыстарды) атқару және қызметтер көрсету кезiнде мемлекеттiк басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар қолдануға тиiс.
      Ұсынымдық талаптары бар мемлекеттiк және мемлекетаралық стандартты қолдану, егер оған республикада қолданылатын техникалық сипаттағы талаптар, нормалар мен ережелер бар техникалық регламенттерге сiлтеме болса, мiндеттi болып табылады.
      Халықаралық стандарттау жүйесi ережелерiне сәйкес, техникалық регламенттерге осы Заңға сәйкес құзыретiне мiндеттi  талаптарды (құрылыс, санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық нормалар мен ережелер, фармакопеялық баптар, өртке қарсы қауiпсiздiк және төтенше жағдайлар, тау-кен қадағалау, атом, экологиялық және радиациялық қауiпсiздiк, жолдардағы және көлiктiң барлық түрiндегi қауiпсiздiк нормалары мен ережелерi және басқалар) белгiлеу кiретiн мемлекеттiк басқару органдары қабылдайтын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi және нормативтiк құжаттарды, мiндеттi талаптар бөлiгiнде мемлекетаралық және мемлекеттiк стандарттарды жатқызу керек. <*>
      Техникалық регламенттердi әзiрлеудiң, келiсудiң, бекiтудiң, қайта қараудың, күшiн жою мен қолданудың тәртiбiн оларды бекiткен орган белгiлейдi.
      2. Тапсырысшы мен дайындаушы (атқарушы) шартқа өнiмнің орындалатын процестер (жұмыстар) мен көрсетiлетiн қызметтердiң қолданылатын мемлекеттiк, мемлекетаралық стандарттардың және техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына сәйкестiгi туралы талап енгiзуге мiндеттi.
      Республика аумағынан әкету мақсатында оның аумағында өндiрiлетiн өнiмге, орындалатын процестерге (жұмыстарға), көрсетiлетiн қызметтерге қатысты стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды қолданудың қажеттiлiгi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, келiсiм-шартпен (шартпен) айқындалады.
      Стандарттау жөнiндегi мемлекетаралық нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасы мүшесi болып табылатын стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған ережелерге сәйкес қолданылады.
      Қазақстан Республикасында стандарттау жөніндегі мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қолданысқа енгiзудi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      3. Жеке және заңды тұлғаларға халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттер мен шет елдердiң стандарттау жөнiндегі басқа нормативтiк құжаттарын стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тiкелей қолдану құқығы берiледi.
      Шетел фирмаларының құжаттамасы шетел фирмалары келiсiм-шартының ережелерi бойынша Қазақстан Республикасына әкелiнетiн және өндiрiлетiн (жасалатын, атқарылатын) өнiм, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер мiндеттi талаптар, оның iшiнде халықтың өмiрi мен денсаулығының, азаматтардың мүлкiнiң қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғау талаптары жағынан осыған ұқсас өнiм, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер үшiн Қазақстан Республикасында қабылданған мiндеттi талаптардан төмен болмауға тиiс.
      Қазақстан Республикасына әкелiнетiн өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк, мемлекетаралық стандарттардың және техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына сәйкестiлiгiн растау Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      16-бап. Стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жоспарлау

      1. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган республикадағы стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жоспарлауға ұйымдастыру-әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады.
      2. Мемлекетаралық стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жоспарлаудың, тәртiбi мен нысандары стандарттарға және мемлекетаралық стандарттау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттiк стандарттау бағдарламалары мен жоспарлары Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарының, заңды тұлғаларының ұсыныстары негiзiнде әзiрленедi, оны стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілеттi орган бекiтедi және бақылайды.
      4. Стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жоспарлау Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының басым бағыттары ескерiле отырып жүзеге асырылады.

3-тарау. Нормативтік құжаттар туралы ақпарат

      17-бап. Нормативтiк құжаттар туралы ақпарат

      1. Әзiрленетiн және қабылданған мемлекеттiк, мемлекетаралық стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, техникалық регламенттер, ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары, мiндеттi нормалар мен талаптарды регламенттейтiн стандарттау жөнiндегi ережелер мен ұсынымдар туралы ресми ақпарат, сондай-ақ осы құжаттардың өзi пайдаланушылар үшiн, оның iшiнде шетелдiк пайдаланушылар үшiн олар мемлекеттiк құпияны және заңмен қорғалатын басқа да құпияны құрамайтын бөлiгiнде қол жетiмдi болуы тиiс.
      2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган:
      1) мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттар мен техникалық- экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, халықаралық, аймақтық стандарттар, стандарттау жөнiндегi ережелер мен ұсынымдар, басқа мемлекеттердiң ұлттық стандарттары туралы ресми ақпаратты, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы халықаралық шарттар және оларды қолданудың ережелерi, стандарттарды әзiрлеу жөнiндегi бағдарламалар мен жоспарлар туралы ақпаратты белгiленген тәртiппен жариялауды ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк стандарттар қорын ұйымдастырады және оның жұмысын үйлестiредi, мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, сондай-ақ халықаралық, аймақтық стандарттардың, техникалық регламенттердiң, стандарттау жөнiндегi ережелердiң, ұсынымдардың, шет елдердің ұлттық стандарттары деректерiнiң бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық базасын жүргiзедi;
      3) өнiмдi каталогтау жөнiндегi ақпаратты қалыптастыруды, жүргiзу мен берудi ұйымдастырады.
      3. Пайдаланушыларды нормативтiк құжаттармен, каталогтармен және көрсеткiштермен қамтамасыз ету мен оларды басып шығаруды шарттық негізде стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган, мемлекеттiк басқару органы, сондай-ақ олар уәкiлеттiк берген мемлекеттiк кәсiпорындар жүзеге асырады.
      4. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлетті органның жүйесiнде халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау және стандарттар мен сертификаттау рәсiмдерiне қатысты тиiстi хабарламаларды, құжаттама мен ақпаратты мүдделi адамдарға беру үшiн ақпараттық орталық құрылады.
      5. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды өз құзыретiнiң шегiнде қабылдаған мемлекеттiк басқару органдары, стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды бекiткен жеке және заңды тұлғалар осы құжаттардың ақпараттық қорын қалыптастырады және жүргiзедi, сондай-ақ пайдаланушыларды Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен олар туралы ақпаратпен және сол құжаттардың өзiмен қамтамасыз етедi.
      Бекiту туралы ресми ақпарат пен әрбiр құжаттың бiр данасы бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық деректер базасын қалыптастыру үшiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органға жолданады.
      6. Халықаралық, мемлекетаралық және шет елдердiң ұлттық стандарттарын, мемлекеттiк стандарттарды, ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттарын және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерін ресми жариялау құқығы тек стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органға тиесiлi.
      Стандарттау жөнiндегi қабылданған нормативтiк құжаттарды ресми жариялау мемлекеттiк стандарттау жүйесi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылуы тиiс.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

       17-1-бап. Өнiмдi каталогтау жүйесi

      1. Өнiмдi каталогтау жүйесi мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады, мемлекеттiң, дайындаушылардың және  тұтынушылардың мүдделерi үшiн жасалады.
      2. Каталогтауға Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн өнiм жатады.
      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

4-тарау. Стандарттау жөніндегі нормативтік
құжаттардың міндетті талаптарының
сақталуын мемлекеттік қадағалау

      18-бап. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың
              мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк
              қадағалау

      1. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
      10-баптың 3-тармағына сәйкес мiндеттi талаптарға жатқызылмаған өзге де талаптар тұтынушылар тарапынан шағымдар мен дау-дамай болған жағдайда тексерiледi.
      2. Нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалау Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке және заңды тұлғаларда, оның iшiнде шетел ұйымдарында, өнiмдi әзiрлеу, өндiрiске дайындау, оны жасау, өткiзу (беру, сату), өнiмдi пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау мен кәдеге жарату сатыларында, сондай-ақ, процестердi (жұмыстарды) орындау мен қызмет көрсетулер кезiнде жүзеге асырылады.
      3. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын әзiрлеушi кәсiпорындардың сақтауын оқтын-оқтын жоспарлы тексерудi кәсiпорындағы өнiмнiң, процестердiң және көрсетiлетiн қызметтердiң сапасының жай-күйiне байланысты, бiрақ жиi дегенде жылына бiр рет стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілеттi орган белгiлейдi.
      4. Тұтынушылар тарапынан өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қанағаттанғысыз сапасына шағымдар мен дау-дамайлар болған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың және техникалық құжаттардың әзiрлеушi (орындаушы) қолданатын көрсеткiштерi бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргiзiлуi мүмкiн.
      5. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асырудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      6. Осы Заңға енбеген мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асырған кезде лауазымды адамдардың құқықтары мен өкiлеттiгi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен. 

      19-бап. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың
              мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк
              қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

      1. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның басшысы;
      2) Бас мемлекеттiк инспектордың орынбасары - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган басшысының орынбасары;
      3) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және қалалардың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң басшысы;
      3-1) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және қалалардың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi бөлiмдерiнiң басшылары;
      4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi бөлiмдерiнiң басшылары, барлық дәрежедегi мамандары.
      2. Стандарттау бойынша нормативтiк құжаттардың сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асырушы лауазымды адамдар стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталуы тиiс.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

        20-бап. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын
              лауазымды адамдардың құзыретi

      1. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құзыретiне:
      1) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының бұзылу себептерiн анықтау және талдау;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттың мiндеттi талаптарына сәйкес келмейтiн өнiмдi өткiзудiң, процестердi (жұмыстарды) орындаудың, қызметтер көрсетудiң жолын кесу және оларға жол бермеу жөнiнде құқықтық ықпал ету шараларын қолдану;
      3) мемлекеттiк қадағалаудың нәтижелерi бойынша осы Заңның 23-бабына сәйкес ұйғарымдар беру;
      4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын сақтауға мемлекеттiк қадағалаудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру және республиканың мүдделi құрылымдарымен өзара iс-қимыл жасау мәселелерi жөнiнде шаралар әзiрлеу енедi.
      2. Мемлекеттiк қадағалау органдары ез қызметін кеден, санитария, ветеринария құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк басқару органдарымен өзара iс-қимылда жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк басқару органдары және олардың лауазымды адамдары мемлекеттiк қадағалау органдарына оларға жүктелген мiндеттердi шешуге жәрдемдесуге мiндеттi.

      21-бап. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын
              лауазымды адамдардың құқықтары

      Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
      1) осы Заңға сәйкес мемлекеттiк қадағалау үшiн белгiленген объектiлерге тексеруге тапсырманы (жолдаманы) және қызмет куәлiгiн көрсетiп кедергiсiз кiруге;
      2) жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттiк қадағалау жүргiзуге қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуға;
      3) техникалық құралдарды пайдалануға және бақыланатын өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң сапасын тексеру саласында, оның iшiнде тексерiлетiн объектiлерден мамандар мен сарапшыларды тексеруге тартуға;
      4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiгiн бақылау үшiн сынақ (талдау, өлшеу) өткiзуге өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеу iсiн жүргiзуге;
      5) өнiмдер мен тауарлар Қазақстан Республикасы Yкiметi белгілеген тәртiппен сату мен тұтынуға жарамсыз болып танылған жағдайда, оларды жою жөнiндегi комиссияларға қатысуға;
      6) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын және сертификаттау немесе өнiм өндiру, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсету ережелерiн бұзу фактiсi анықталған жағдайда белгiленген тәртiппен бекiтiлген стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжатсыз өнiмдi өткiзуге, тасымалдауға, сақтауға және пайдалануға, сондай-ақ қызметтер көрсетуге тыйым салуға;
      7) мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдi сәйкестiк сертификатынсыз(сәйкестiк сертификатының көшiрмелерiнсiз) және (немесе) сәйкестiк таңбаларынсыз немесе сәйкестiгi туралы декларацияларсыз (сәйкестiгi туралы декларациялар көшiрмелерiнсiз) өткiзуге тыйым салуға құқығы бар.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      22-бап. Мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын
              лауазымды адамдарды қорғау шаралары

      1. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда олардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен залалдың өтелуiне құқығы бар.
      2. Шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.

      23-бап. Мемлекеттiк қадағалау органдары беретiн
              ұйғарымдардың түрлерi

      1. Мемлекеттiк қадағалаудың нәтижелерi бойынша стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының анықталған бұзылуларына қарай, нақты құқықтық ықпал ету шараларын қолдану мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның бөлiмшелерiнiң лауазымды адамдары ұйғарымдардың мынадай түрлерiн бередi:
      1) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының анықталған бұзылуларын жою туралы;
      2) өнiмдер, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сай келмеген;
      белгiленген тәртiппен тiркелген стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттама болмаған;
      мiндеттi түрде сертификаттауға жататын өнiмге (қызмет көрсетуге) сәйкестiк сертификатының (сәйкестiк сертификатының көшiрмелерi) және (немесе) сәйкестiк таңбалары немесе сәйкестiгi туралы декларациялары (сәйкестiгi туралы декларациялар көшiрмелерi) болмаған; бұған құқығы болмастан өнiм сәйкестiк белгiсiмен таңбаланған жағдайларда тексерiлген өнiмдi өткiзуге (беруге, сатуға), пайдалануға (қолдануға), сондай-ақ процестердi (жұмыстарды) орындауға және қызметтер көрсетуге тыйым салу туралы;<*>
      3) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының бұзылу фактiсi анықталған кезде және өнiмдi тиiстi сапада өндiру үшiн қажеттi жағдайлар болмаған кезде өнiм өндiрудi, процестi (жұмысты), қызмет көрсетудi тоқтата тұру туралы.
      2. Ұйғарымдарға:
      1) осы баптың 1) және 2) тармақшаларында аталған, өнiмнiң, процестiң (жұмыстың), қызмет көрсетудiң жекелей тексерілген партияларына берiлетiн ұйғарымдарға қол қою құқығы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттiк инспекторларға тиесiлi;
      2) 2) тармақшадағы бiр атаудағы бүкiл өнiмге, процестер мен қызмет көрсетулерге берiлетiн ұйғарымдарға, сондай-ақ 3-тармақшадағы ұйғарымдарға қол қою құқығы бас мемлекеттiк инспекторларға тиесiлi.
      3. Ұйғарымдардың нысандарын және оларды беру тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгілейдi.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      24-бап. Мемлекеттік қадағалау органдарының лауазымды
              адамдары берген ұйғарымдарды орындаудың
              міндеттілігі

      Стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар берген және осы Заңның 23-бабында көзделген ұйғарымдар барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

5-тарау. Стандарттау туралы заңдарды бұзғаны
үшін жауаптылық

      25-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау туралы
              заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдарын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

6-тарау. Дауларды шешу

      26-бап. Осы Заңның ережелерінің бұзылуына қатысты
              дауларды шешу

      Осы Заңның ережелерінің бұзылуы бөлігіндегі даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      27-бап. Лауазымды адамдардың іс-әрекетіне шағым жасау

      Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекеттік орган мен оның ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
      Шағым жасау қабылданған ұйғарымдардың атқарылуын тоқтатпайды.

7-тарау. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі
жұмыстарды қаржыландыру

      28-бап. Мемлекеттiк стандарттау және мемлекеттiк
             қадағалау жөнiндегi жұмыстарды қаржыландыру

      1. Республикалық бюджет қаражаты есебiнен:
      1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiн ұстауға және  стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыруға арналған шығыстар;
      2) стандарттау, метрология және тiркеу саласындағы бағдарламалар;
      3) өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн сатып алу және олардың стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiгiн сынау (талдау, өлшеу);
      4) Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi халықаралық, аймақтық және мемлекетаралық ұйымдарға мүшелiк жарналар енгiзуi мен қатысуы қаржыландырылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлмеген стандарттау жөнiндегi жұмыстар шарт негiзiнде орындалады.
      Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы N 432 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады