1. "Халықаралық отбасы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Z945000_ Заңның орындалуы мыналарға жүктелсiн:
а) жазаның орындалуын жүргiзетiн органдарға - бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарға қатысты;
б) анықтама және алдын ала тергеу жүргiзу органдарына қылмыстары туралы iстерi мен материалдарын осы органдар жүргiзiп жатқан адамдарға қатысты;
в) соттарға:
- қылмыстары туралы iстерi мен материалдары соттардың қарауында жатқан және Заң күшiне енгенге дейiн қаралмаған адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстары туралы iстер қаралған, бiрақ үкiмдер заңды күшiне енбеген адамдарға қатысты;
- Қазақ КСР Қылмыстық Кодексiнiң 40-бабына сәйкес шартты түрде сотталғандарға қатысты және үкiмдердiң орындалуы сол Кодекстiң 41-1-бабында көзделген тәртiппен кейiнге қалдырылған адамдарға қатысты;
- егер Заң күшiне енгенге дейiн айыппұл өндiрiлiп алынбаса, негiзгi жаза түрiнде айыппұл тағайындалған адамдарға қатысты (рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселенi үкiм шығарған сот шешедi);
- жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамдарға және Заң күшiне енгенге дейiн жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiлiрек жазамен ауыстырылған адамдарға қатысты (рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселенi шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiлiрек жазамен ауыстыру туралы ұйғарым шығарған сот шешедi).
Жазаны республика шегiнен тыс жерде өтеп жүрген адамдарға қатысты iшкi iстер органдарының ұсынысы бойынша рақымшылық жасау туралы мәселенi Қазақстан Республикасының үкiм шығарған соттары шешедi. Осы заңның орындалуы халықаралық шарттар мен келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылады;
г) iшкi iстер органдарына:
үкiмдерi заңды күшiне енген, бас бостандығынан айыруға сотталған, бiрақ қамауға алынбаған адамдарға қатысты;
жер аудару, жерiнен айдап жiберу және бас бостандығынан айырмай түзеу жұмыстары, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны өтеп жүрген адамдарға қатысты;
д) тәртiптiк батальондардың қолбасшылығына - тәртiптiк батальонда түзетуге сотталған әскери қызметшiлерге қатысты.
2. Заңды қолдану еңбекпен түзеу мекемесi бастығының жергiлiктi әкiмдер жанындағы қадағалау комиссиясымен келiсiлген және прокурор рұқсат еткен қаулысы бойынша жүргiзiледi. Аталған қаулыға: көтермелеу мен жазалау туралы анықтама, сотталған адамның жеке iсi және рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселенi шешу үшiн қажеттi басқа да құжаттар қоса тiркеледi.
Iшкi iстер органдарының, сондай-ақ анықтама және алдын ала тергеу органдарының рақымшылық жасауды қолдану туралы қаулысын прокурор бекiтедi.
Рақымшылық жасау туралы Заңды соттар қолданған кезде прокурордың қатысуы мiндеттi.
3. Мыналар түсiндiрiлсiн:
а) Заңның 1 - 3 баптарының күшi Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 40 және 41-1-баптары қолданыла отырып сотталған адамдарға да қолданылады;
б) 1-баптың күшi 1976 жылғы "19" 10 кейiн туған еркектер мен әйелдерге қолданылады;
в) 1-баптың "а" тармағының күшi сотталған, бiрақ еңбек пен түзеу колонияларында ұсталмаған кәмелетке толмағандарға қолданылады;
г) Заңның 1-бабының "б" тармағының күшi бұрын әрi кеткенде екi рет сотталған және еңбекпен тәрбиелеу колонияларында ұсталған кәмелетке толмағандарға қолданылады.
Бұл орайда мына адамдарды бұрын еңбекпен тәрбиелеу колонияларында ұсталғандар ретiнде қарауға болмайды:
бұрын бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларына сотталғандар;
Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 40-бабына сәйкес шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталғандар, не сол Кодекстiң 41-1-бабына сәйкес үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырылғандар;
үкiм заңды күшiне енгенге дейiн уақытша ұстау изоляторларында немесе тергеу изоляторларында болғандар;
д) 2-баптың "а" тармағының күшi ата-аналық құқығынан айырылмаған және 1978 жылғы 19.10 кейiн туған балалары, оның iшiнде асырап алған, не қамқорлыққа алған балалары бар, не жасына қарамастан I және II топтардағы мүгедек балалары бар әйелдерге; 1994 жылғы 19.10 жүктi әйелдерге қолданылады;
е) 2-баптың "б" тармағының күшi әскери немесе қызмет борышын атқару кезiнде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi әскери қызметшiлерiнiң, Iшкi iстер министрлiгi мен бұрынғы КСР Одағының тиiстi құрылымдарының қатардағы және басшы құрамы адамдарының басқа тiркелген некеге тұрмаған жесiрлерiне қолданылады;
ж) 2-баптың "б" тармағының күшi соғыс мүгедектерi мен соларға теңестiрiлген адамдардың әйелдерiне де қолданылады.
Соғыс мүгедектерi және соларға теңестiрiлген адамдар да мыналарды түсiну керек:
- Ұлы Отан соғысы кезеңiнде майданда, әскери қимылдар аймағында, темiр жолдардың майдан маңындағы учаскелерiнде, қорғаныс шептерi, әскери-теңiз базалары мен аэродромдар құрылыстарында жарақаттану, жарымжан болу, зақымдану немесе сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған Ұлы Отан соғысының майдандағы армиясының әскери қызметшiлерi, партизандары мен астыртын қимыл жасаушылары және зейнетақымен қамсыздандыру жөнiнен әскери қызметшiлерге теңестiрiлгендер қатарындағы адамдар;
- бұрынғы КСРО Қарулы Күштерiнiң 1945 жылы Жапониямен соғысу барысында жарақаттану, жарымжан болу, зақымдану немесе сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшiлерi мен ерiктi жалданушылары қатарындағы адамдар;
- бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, басқа кезеңдерде әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат, жарымжандық, зақым салдарынан немесе майданда болуға байланысты сырқаттану салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өтеген кезде мүгедек болып қалған әскери қызметшiлер қатарындағы адамдар;
- бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекет қауiпсiздiгi органдарының басшы және қатардағы құрамның қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жарақаттану, жарымжан болу, зақымдану салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған адамдар;
- басқа елдердегi майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсетушi және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жарақаттану, жарымжан болу, зақымдану не сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған тиiстi санаттардың жұмысшылары мен қызметшiлерi.
з) 3-баптың "а" тармағының күшi мыналарға қолданылады:
1. Ұлы Отан соғысына қатысушылар:
- Ұлы Отан соғысы кезеңiнде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау жөнiндегi басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армияның құрамына енген әскер бөлiмдерiнде, штабтарда және мекемелерде қызметiн өтеген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын қимыл жасаушылары;
- КСРО Қарулы Күштерi бөлiмдерi мен құрамаларының 1945 жылы Жапонияға қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшiлерi мен ерiктi жалданушылары;
- Ұлы Отан соғысы кезеңiнде қорғанысқа қатысқан мерзiмдi майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерiне белгiленген жеңiлдiк шарттар бойынша зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарға есептелетiн қалаларда қызметiн өтеген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекет қауiпсiздiгi органдарының басшы және қатардағы құрамның адамдары;
- Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекет қауiпсiздiгi органдарының ерiктi түрде жалданған құрамының Ұлы Отан соғысы кезеңiнде майдандағы армияның құрамына енген әскер бөлiмдерiнде, штабтар мен мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған, не осы кезеңдерде қорғанысқа қатысқан мерзiмдi майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерiне белгiленген жеңiлдiк шарттар бойынша зейнетақы тағайындау үшiн еңбек сiңiрген жылдарға есептелетiн қалаларда болған адамдар;
- Ұлы Отан соғысы кезеңiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына енген әскер бөлiмдерiнiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) мен юнгалар ретiнде болған адамдар;
- екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдары шет елдер аумағында партизан отрядтарының, астыртын қимыл жасаушы топтардың және басқа да антифашистiк құрмалардың құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы жауынгерлiк қимылдарға қатысқан адамдар.
2. Соғыс мүгедегi ұғымы осы қаулының "ж" тармағында берiлген.
3. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдар:
- бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмiне сәйкес басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекет қауiпсiздiгi комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басшы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса);
- оқу жиындарына шақырылған және ұрыс қимылдары кезеңiнде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер;
- ұрыс қимылдары кезеңiнде Ауғанстанға жүк жеткiзу үшiн сол елге жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
- бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшқыштар құрамының әскери қызметшiлерi;
- Ауғанстандағы кеңес әскерi контингентiне қызмет көрсеткен, жарақаттанған, жарымжан болған немесе зақымданған, не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
- Кеңес Одағының Батырлары және Даңқ орденiнiң үш дәрежесiмен марапатталған адамдар, Социалистiк Еңбек Ерлерi;
- Ұлы Отан соғысы кезеңiнде бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариаты арнайы құрамаларының кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен кәсiпшiлiк және көлiк кемелерi ұшу-көтеру құрамының және авиацияның ұшу-көтеру құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасы авиациясы ұшу-көтеру құрамының ұрысқа қатысушы майдандардың тылдағы шекаралары шегiндегi, флоттардың жедел қимылдар аймақтарында майдандағы армия мен флот мүдделерi үшiн әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының басында басқа мемлекеттер порттарындағы бейтараптанған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi;
- концлагерьлердiң, геттоның және екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер құрған басқа да ерiксiз қамауда ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерi (ерлерi), сондай-ақ қаза тапқан соғысқа қатысушылардың, партизандар мен астыртын қимыл жасаушылардың, Ленинград қаласындағы қоршау кезеңiнде қаланың кәсiпорындары мен ұйымдарында жұмыс iстеген, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған, жалпы ауыру, еңбек зақымы мен басқа да себептер (құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, басқа тiркелген некеге тұрмаған азаматтардың әйелдерi (ерлерi);
- Ленинград қаласындағы қоршау кезеңiнде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен марапатталған азаматтар мен "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған адамдар;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар;
- 1979 жылғы 1 желтоқсан мен 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
- бұрынғы КСР Одағы Мемлекет қауiпсiздiгi комитетiнiң Ауғанстан Республикасы аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулi контингентiнiң құрамына кiрмеген жұмысшылары мен қызметшiлерi;
Чернобыль АЭС-i апаты мен Семей ядролық полигоны жарылыстарының салдарынан зардап шеккен және мүгедек болған азаматтар.
"Ж" және "з" тармақтарына ескерту: жеңiлдiктерге берiлетiн құқықтарды растайтын құжаттар рақымшылық жасауды қолдануға негiз болып табылады.
и) Заңның 3-бабы "б" тармағының күшi 1934 жылғы 19.10 дейiн туған еркектерге және 1939 жылғы 19.10. дейiн туған (қоса есептегенде) әйелдерге қолданылады.
Заңның 3-бабының "б" тармағында көрсетiлген жасқа толған адамдардың туған күнi мен айын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, еркектердi 1935 жылғы 1 қаңтарға дейiн туған деп, әйелдердi 1940 жылғы 1 қаңтарға дейiн туған деп есептеу керек;
к) Заңның 3-бабы "в" тармағының күшi осы Заң қабылданғанға дейiн белгiленген тәртiппен бiрiншi және екiншi топтағы мүгедек деп танылған адамдарға (құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда) қолданылады;
л) Заңның 3-бабы "г" тармағының күшi ата-аналық құқықтан айырылмаған, I және II топтағы мүгедек балалары, соның iшiнде 1978 жылғы 19.10 дейiн туған, асырап алған не қамқорлыққа алған, ал анасының өлгенi немесе оны ата-аналық құқықтан айыру дерегi тиiстi құжаттармен куәландырылған балалары бар еркектерге қолданылады;
м) Заңның 4, 5, 8, 10-баптарында көзделген жаза мерзiмiнiң бөлiгiн өтеу рақымшылық жасау құжаты күшiне енгiзiлген күннен бастап есептеледi;
н) 8-баптың күшi абайсыздықтан жасаған қылмысымен қоса қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға қолданылмайды.
4. Рақымшылық қолданылатын адамдар негiзгi жазадан да, егер қосымша жаза заң күшiне енгiзiлген күнi орындалмаған болса, қосымша жазадан да босатылады.
5. Түзеу жұмыстары түрiндегi жазаны өтеу iшкi iстер органдары прокурор бекiткен рақымшылық жасау құжатын қолдану туралы қаулыны шығарған күннен бастап тоқтатылады.
6. Осы заңның күшi әкiмшiлiк жазаға тартылған, соның iшiнде Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 45, 45-3-баптарында көзделген тәртiппен қылмыстық жауаптан босатыла отырып, әкiмшiлiк жауапқа тартылған адамдарға қолданылмайды.
7. Заңның 8-11-баптарына сәйкес осы заң күшiне енгiзiлген күнi өтелмеген жаза мерзiмiнiң бөлiгi қысқартылуға жатады.
8. Заңның 13-бабының "а" тармағында көрсетiлген шектеу Қазақ КСР қылмыстық кодексiнiң 132, 133, 200-баптары бойынша сотталған, 1978 жылғы
19.10 кейiн туған адамдарға қолданылмайды.
9. Жаза мерзiмi кешiрiм беру немесе рақымшылық жасау тәртiбiмен қысқартылған адамдарға рақымшылық жасауды қолданған кезде осы құжаттармен белгiленген жаза мерзiмiн негiзге алу керек.
10. 13-баптың "а" тармағындағы Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 200-бабының екiншi бөлiгi 1993 жылғы 11 қарашадан кейiн сотталғандарға қатысты болады және осы Кодекстiң 200-бабының үшiншi бөлiгi бойынша бұрын сотталған адамдарға қолданылады.
Заңның 13-бабы "г" тармағының күшi 1985 жылғы 26 сәуiрден кейiнгi кезеңде мерзiмiнен бұрын кешiрiм жасау тәртiбiмен не рақымшылық жасаудың мынадай құжаттары негiзiнде бұрын жазадан босаған адамдарға (соттылығының өтелуiне немесе алып тасталуына қарамастан) қолданылады:
- "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқы Жеңiсiнiң 40 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 1985 жылғы 26 сәуiрдегi құжат;
- "Сотталған әйелдердiң кейбiр санаттарын бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы" 1986 жылғы 6 қарашадағы құжат;
- "Ұлы Қазан социалистiк революциясының 70 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 1987 жылғы 18 маусымдағы құжат, сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң "Ауғанстандағы кеңес әскерлерi контингентiнiң қылмыс жасаған бұрынғы әскери қызметшiлерiне рақымшылық жасау туралы" 1989 жылғы 29 қарашадағы Қаулысы;
- "Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгi туралы декларацияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" 1991 жылғы 16 ақпандағы құжат;
Кешiрiм беру тәртiбiмен немесе өздерiне жазалау мерзiмiнiң қысқартылуына байланысты жоғарыда аталған рақымшылық жасау құжаттары негiзiнде босатылған сотталғандар мен бас бостандығынан айыру мерзiмiнiң өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiлiрек жазамен ауыстырылған адамдар да жазадан мерзiмiнен бұрын босатылғандар деп есептелуi керек.
11. Белгiленген тәртiппен маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе соз ауруларынан емдеу тағайындалған Заңның күшi қолданылатын адамдардың материалдары Заңның орындалу кезеңiнде қаралады, ал оларды босату туралы шешiм тек емдеу кезеңi аяқталғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады.
Сотталған адамның соз ауруынан емделу кезеңi аяқталды деп тану үшiн медициналық қорытынды, ал маскүнемдiктен немесе нашақорлықтан ерiксiз емдеудi сот тағайындаған адамдар жөнiнде ерiксiз емдеудi тоқтату туралы соттың ұйғарымы негiз болады.
12. Кәнiгi тәртiптi бұзушылар қатарына мына адамдар жатады деп есептелсiн:
а) жазаны өтеу кезiнде белгiленген тәртiп пен реттiлiктi ұдайы бұзушылар.
Сотталған адамның жазаны өтеу кезiнде жасаған әрекеттерi үшiн кемiнде үш рет жазаға тартылуы тәртiп пен реттiлiктi ұдайы бұзушылық деп түсiндiрiледi. Бұл орайда, егер сотталған адам жазаға тартылған күннен бастап бiр жыл iшiнде жаңадан жаза алмаса немесе көтермелеу ретiнде жазасы алынып тасталса, ол жазасы жоқ адам деп танылады;
б) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеу, сондай-ақ жер аудару, жерiнен айдау кезiнде қасақана қылмыс жасаған адамдар;
в) еңбекпен түзеу колонияларының басқа түрлерiне жiберiлiп, қоныс-колонияларда ұсталатын сотталғандар, егер еңбекпен түзеу мекемесiне жiберу туралы ұйғарым шығарылғаннан кейiн олар рақымшылық жасауды қолдану туралы материалдар қаралатын күнге қарай қамауда алты ай аз уақыт болса. Мерзiм сотталған адам қамауға алынған күннен бастап есептеледi;
г) Қазақ КСР қылмыстық кодексiнiң 40-бабына сәйкес шартты түрде сотталғандар, егер олар сынақ мерзiмi кезеңiнде жаңадан қасақана қылмыс жасаса немесе Қылмыстық кодекстiң тап сол бабында көзделген негiздерде тағайындалған үкiм бойынша жазасын өтеуге жiберiлсе, егер сот үкiм немесе ұйғарым шығарған кезден бастап алты айдан кем уақыт өтсе;
д) Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 41-1-бабындағы тәртiппен үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырылғандар жөнiнде, егер олар үкiмдi кейiнге қалдыру кезеңiнде жаңадан қасақана қылмыс жасаса немесе Қылмыстық кодекстiң тап сол бабында көзделген негiздерде тағайындалған үкiм бойынша бас бостандығынан айыру мерзiмiн өтеу үшiн жiберiлсе, егер рақымшылық жасауды қолдану туралы материалдар қаралатын күнге қарай қамауда алты айдан кем болса;
е) бас бостандығынан айырмай түзеу жұмыстарына сотталғандар, егер олар жазасын толық өтегенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса немесе жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны үшiн олардың түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзiмiн сот бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен ауыстырса, егер олар рақымшылық жасауды қолдану туралы материалдар қаралатын күнге қарай қамауда алты айдан кем болса.
13. Рақымшылық жасау құжатын қолданған кезде заңда белгiленген тәртiппен абайсыздықтан жасаған қылмысы үшiн бұрын сотталғандардың алынып тасталған немесе өтелген соттылықтары, сондай-ақ Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнен алып тасталған қылмыстар үшiн соттылықтар ескерiлмейдi.
14. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеп жүрген соттарды, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының Қазақ КСР аумағында жасалған қылмыстар үшiн адамдарды соттаған әскери трибуналдарын Қазақстан Республикасының соттары деп есептеу керек.
15. Егер рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселе осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап алты ай мерзiм өткеннен кейiн туындайтын реттерде, ол осы қаулының 1-тармағында көзделген тәртiппен орындалады.
16. Облыстық, қалалық және аудандық әкiмшiлiктер:
а) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған адамдарды жұмысқа
орналастыруға; б) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған және паналата алатын туыстары мен жақындары жоқ мүгедектер мен қартайған адамдарды орналастыруға; в) осы Заңның негiзiнде жазадан босатылған кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруға, ал қажет болған жағдайда оларды балалар үйлерiне, интернат-үйлерге, кәсiптiк-техникалық училищелерге орналастыруға көмек көрсететiн болсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Төрағасы