"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-2-бабының 14-1) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына, сәйкес:
1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының Сот оқуы және біліктілік емтиханын ұйымдастыру бөлімі осы өкімді Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы өкім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы |
Д. Малахов |
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кенесі Төрағасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 1-8/64 өкіміне қосымша |
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-2-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Академия) профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылардың қашықтан өзара іс-әрекет етуі кезінде, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқытуды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Оқу процесін қашықтан оқыту форматында ұйымдастыру жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға (магистранттарға), судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарының тыңдаушыларына, заң консультанттары, адвокаттар және жоғары заң білімі бар адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар үшін біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушыларына қатысты қашықтықтан оқыту бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің жүйелі-ұйымдастырылған, өзара байланысты жиынтығы (бұдан әрі – білім беру порталы) арқылы жүзеге асырылады.
3. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда Академия барлық білім алушылар үшін қашықтан оқытуды енгізеді.
4. Қашықтан оқыту ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылады.
5. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру кезінде оқу жұмысының түрлері бойынша уақыт нормаларын Академия белгілейді.
2-тарау. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі
6. Білім беру бағдарламаларын немесе олардың бөліктерін қашықтан оқыту тұсында жүзеге асыру кезінде Академия:
1) білім алушылардың тұрған жеріне қарамастан, білім беру бағдарламаларын немесе олардың бөліктерін толық көлемде меңгеруін қамтамасыз ететін ақпараттық-білім беру ортасының жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды;
2) оқу процесін оқу-әдістемелік, оның ішінде ақпараттық жүйелер мен телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып қашықтан көрсетілетін жеке кеңестер нысанында сүйемелдеу тәртібін айқындайды;
3) профессорлық-оқытушылық құрамның білім алушылармен тікелей өзара іс-әрекет етуі арқылы өткізілетін сабақтар мен қашықтан оқытуды қолдана отырып өткізілетін сабақтар көлемінің арақатынасын айқындайды;
4) білім алушылардың барлық оқу, анықтамалық және әдістемелік материалдарға, тестілеу жүйесі орналасқан электрондық ресурстар мен көздерге, ақпараттық жүйеге қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
5) білім беру процесіне қатысушылардың әрекеттеріне байланысты емес мән-жайлар туындаған кезде басқарушылық шешімдер қабылдайды.
7. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін Академияда:
1) білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпаратты қамтитын парақтары бар білім беру порталының және (немесе) ақпараттық жүйенің;
2) Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін коммуникациялық байланыс арналарының;
3) цифрлық білім беру ресурстарының;
4) оқытуды басқарудың желілік жүйелерінің немесе бұлтты есептеулер арқылы қызметтің;
5) білім алушылар мен тыңдаушылардың жеке басын анықтау үшін сәйкестендіру жүйесінің болуы қамтамасыз етіледі.
8. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін жүзеге асыру үшін Академиялық бағдарламалар мен жобалар орталығы және Ақпараттық технологиялар қызметі:
1) профессорлық-оқытушылық құрам мен қашықтан оқытуды іске асыру қызметтерін оқыту, цифрлық білім беру ресурстары мен цифрлық контенттерді әзірлеу және жаңарту үшін жағдайлар жасайды;
2) қашықтан оқыту бойынша оқу процесіне қатысушылар арасындағы өзара әрекеттесуді (форум, чат, аудио- және бейнеконференциялар) қамтамасыз етеді;
3) білім алушылар мен тыңдаушылардың Академияның және әріптестердің электрондық ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
4) білім алушыларды оқытудың цифрлық ізінің (онлайн сабақтарға қатысу, кері байланыс) мониторингін жүзеге асырады.
9. Цифрлық білім беру ресурстарын дайындауды білім беру бағдарламасына сәйкес тиісті оқу пәндерін жүргізетін профессорлық-оқытушылық құрам жүзеге асырады.
10. Қашықтан оқыту оқу сабақтарын онлайн режимде және білім алушылардың өзіндік жұмысын офлайн режимде өткізу арқылы іске асырылады.
11. Онлайн режимдегі оқу сабақтары цифрлық технологияларды (вебинарлар, бейнеконференциялар, интернет желісі бойынша хабарламалар алмасу) қолдана отырып, нақты уақыт режимінде оқытудың өзара әрекеттесу процесін көздейді.
12. Офлайн режимде білім алушылардың өзіндік жұмысы оқытушының және білім алушының қарым-қатынасы асинхронды болатын (білім алушыға оқу материалын өзіне ыңғайлы кез келген уақытта меңгеру және байланыс құралдарын пайдалана отырып профессорлық-оқытушылық құраммен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін) оқу өзара іс-әрекет ест арқылы мүмкін болады.
13. Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және аралық аттестаттауды ұйымдастыруды Академия өз бетінше жүзеге асырады.
14. Қашықтан оқыту бойынша білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және аралық аттестаттауды жүргізу үшін Академия білім алушыны верификациялауға мүмкіндік беретін технологияларды қолдануды қамтамасыз етеді.