Ескерту. Күші жойылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 22.10.2021 № 326 бұйрығымен.
"Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына, "Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы "21" шілдедегі №444 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1."Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 146 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ережесі бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмелерін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпараттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы |
Е. Қожағапанов |
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Комитет) өзіне жүктелген функцияларды іске асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде қатынасуына құқығы бар.
6. Комитет, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің келісімі арқылы Министрліктің Жауапты хатшысымен бекітіледі.
8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, № 15 кіреберіс.
9. Комитеттің толық атауы: "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысына шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2-бөлім. Комитеттің мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері
13. Мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту және қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ізеттілік қарым-қатынасты қалыптастыру;
3) Комитетке жүктелген өзге де мiндеттер.
14. Функциялары:
1) Комитет құзыреті шегінде тілдерді дамыту және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану салаларындағы құқықтық актілерді, келісімдерді, меморандумдарды және шарттарды әзірлеу және бекіту;
2) тілдерді дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қызметін ақпараттық, әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
3) орталық атқарушы органдарда және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
4) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасау, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзу;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін және геральдикаларды қолдану саласында мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
6) Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту және қолдану саласында мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
7) тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды үйлестіру;
8) Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жолымен Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіруді және мемлекеттік тілді халықаралық ақпараттық кеңістікке интеграциялауды қамтамасыз ету;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және басқа да тілдерінің беделін арттыруға бағытталған қазақ жазуларын жетілдіру және оқыту мәселелері бойынша республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, дөңгелек үстелдерді және әдістемелік семинарларды ұйымдастыру және өткізу;
10) тілдерді дамыту бойынша жергілікті басқармаларға үйлестіру-әдістемелік көмек көрсету;
11) Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссияларының, сондай-ақ Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
12) Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның жанындағы жұмыс топтарының (орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу) қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;
13) халыққа мемлекеттік тілді және үштілді білім беруді (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) оқыту жұмыстарын үйлестіру, сонымен қатар этнос өкілдеріне ана тілдерін үйренуіне жағдай жасауды қамтамасыз ету;
14) республика тұрғындарының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау жүйесінің жұмыстарын үйлестіру;
15) мемлекеттік тілді және Қазақстан этностарының тілдерін дамыту мәселелері бойынша әлеуметтік зертеулерді өткізу жұмыстарын үйлестіру;
16) Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасты жүзеге асыру;
17) тіл саясатын дамытуға және нығайтуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және жүзеге асыру;
18) Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
19) ономастикалық комиссиялардың қызметін қамтамасыз ету және ономастикалық атаулардың республикалық тізілімін қалыптастыру;
20) Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және әзірлеуге қатысу;
21) терминологиялық жұмыстарды үйлестіру, терминдерді біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру;
22) Комитет құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асыру;
23) Комитетке қарасты ұйымдарға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыру;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
15. Құқықтары мен міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте өз құзыреті шегінде құқықтық актілерді қабылдау;
2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;
4) Комитет жанынан консультативтік-кеңесші органдарды құру;
5) Комитеттің құзыреті шегінде конкурстарды, фестивальдарды, конференцияларды, семинарлар және басқа іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
6) тілдерді дамытуға еңбегін сіңірген тұлғаларды мемлекеттік наградаларға ұсынуға ұсыныс енгізу;
7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
3-бөлім. Комитет қызметін ұйымдастыру
16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитеттің төрағасы жүзеге асырады.
17. Комитет төрағасын Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
18. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрліктің Жауапты хатшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.
19. Комитет төрағасының өкілеттігі:
1) Министрліктің Жауапты хатшысына Комитеттің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді;
2) өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін (Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда) лауазымға тағайындайды және босатады;
4) Министрліктің Жауапты хатшысына Комитет төрағасының орынбасарларын тағайындау мен қызметтен босату туралы, сондай-ақ оларды ынталандыру және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдар енгізеді;
5) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ Комитет қызметкерлерін (төрағаның орынбасарларын қоспағанда) тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
6) Министрлікпен келісе отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағыныстағы ұйым басшысын тағайындайды;
7) өз құзіреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Комитет қызметкерлерінің орындауы міндетті нұсқаулар береді;
8) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;
9) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға дербес жауапты болады;
10) тілдерді дамытуға белсене қатысқан тұлғаларға құрмет грамоталарын және алғыс хаттарды беру жөніндегі мәселелерді шешеді;
11) өзінің құзіретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдайды.
Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Комитет төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.
4-бөлім. Комитеттің мүлкі
21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-бөлім. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
"Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы.