"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 3-1-тармағына, "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 07 тамыздағы № 295 бұйрығына сәйкес, Ұйғыр аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ават, Ақтам, Бахар, Дардамты, Кетпен, Кіші Дихан, Қалжат, Қырғызсай, Сүмбе, Тасқарасу, Тиірмен, Үлкен Ақсу, Шарын, Шонжы ауылдық округтерінің (бұдан әрі – ауылдық округі) жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Ұйғыр аудандық мәслихатының "Ұйғыр ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттерін бекіту туралы" 2018 жылғы 31 мамырдағы №6-33-198 шешімнің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4748 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұйғыр аудандық мәслихат хатшысы | Н. Есжан |
Ұйғыр аудандық мәслихатының 2021 жылғы "23" қыркүйектегі № 7-12-59 шешіміне қосымша |
Ұйғыр ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті (бұдан әрі – Үлгі регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3- бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
3. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
Ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
Ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
Ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
Ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
Ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін Ұйғыр ауданы әкімінің ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
Ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.
4. Жиналысты ауылдық округ әкiмі дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, ауылдық округі әкіміне ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Ауылдық округ әкімі үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
5. Заңның 39-3 бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсілдермен хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.
6. Жиналысты шақыру алдында ауылдық округі әкімінің аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін ауылдық округі әкімі немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.
Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
7. Жиналысты шақыруды ауылдық округі әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
8. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округі әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, ауылдық округі әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
9. Жиналысты шақыруға олардың мәселелері онда қаралатын Ұйғыр аудандық мәслихатының депутаттары, Ұйғыр ауданының әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
10. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
11. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс беру құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;
4) жиналыстың төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.
Ауылдық округі әкімінің өкілеттілігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды, және бес жұмыс күн ішінде Ұйғыр ауданынының мәслихатының қарауына беріледі.
12. Жиналыста қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Ауылдық округ әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім Ұйғыр аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.
13. Ауылдық округі әкімінің аппараты ауылдық округі әкімінің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.
14. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округі әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
15. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округі әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.
4-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау
16. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.
17. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Ұйғыр ауданының әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.
Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Ұйғыр ауданының әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.